ӘП, БӘРЕКЕЛДІ!

Жақсылықтың көкесі – адамды жақсы көру.

(Люк де Вовенарг)

«Сүйер ұлың болса, сен сүй…». Иә, екі күн бойына Алатау баурайына жиылған қара халықты елпінтіп-желпінтіп, арқыратып-жарқыратып түрлі күй кешірген сөз додасы дәл осылай аталады. Қаймана қазақтың қыстығып айта алмай жүрген бар арзу-арманы мен күйініш-сүйінішін қопара айтқан айтыскерлер сахнаның сәні мен сөздің мәнін келтірудей-ақ келтірді! Қазақ топырағының үш абызы саналатын Төле, Қазыбек пен Әйтеке билердің құрметіне ұйымдастырылған бұл кеште қаншама ғақлиялы сөз, қаншама тосын теңеулер айтылды десеңізші! Қазақтың төл өнері дегенімізбен, соңғы кездері шетқақпай көріп, эфирлерден мүлде көрінбей кеткен айтыстың Республика сарайы емес, Студенттер сарайында өтуінің өзі де біраз жайды аңғартса керек. Қалай дегенмен де, ел ішінде азаматтар бар ғой. Бұл жолы да сол біраздан бері айтыстың басы-қасында қамқорлық танытып жүрген азаматтардың аты аталды. Солардың бірі – осы айтыстың бас демеушісі болып отырған «Алтын Қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов екен. Исламбектің аты айтылғанда елең ететінім, біріншіден, оны біраз жұртқа қарағанда жақсы білетінім болса, екіншіден, ол осының бәріне қалай үлгереді деп таң-тамаша боламын. Осыдан біраз уақыт бұрын жазылып, тартпамда жатып қалған мына бір дүние — соның айғағы. «Сүйер ұлың болса, сен сүй,

Сүйінерге жарар ол» — дейтініміз рас болса, жақсылардың жақсылығына бірге қуанып, бірге тілекші болып отырғанға не жетсін?!

Исламбек орындыққа отырар-отырмас­тан:

– Сіздерге сәлем беруге келдім, аға, апа. Уақытым тығыз. Бір мәжіліске қатысамын, – деді.

Ерлі-зайыпты екеуміздің даусымыз қабаттасып шықты.

– Бұ қалай болды?

– Мәжілістен кейін?

– Қалта телефоны қоңыраулап, «алло» деді де, бізге қарап оң қолының алақанын қозғады. Түсіндік. «Рахмет, асығыспын» дегені. Телефонын қалтасына сала бергенде тағы да қоңырау. Тағы да…

Біреулер уақыт өткізе алмай аласұрады, біреулер тіршіліктеріне уақыт жеткізе алмай аласұрады. Қайсысының ақыр түбі – абырой, қайсысының ақыр түбі – әп, бәрекелді? Исламбекті бұл аласұрудың қайсысына жатқызамыз?

Исламбек Салжанов – кәсіпкер. «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры. Сол «Алтын қыран», ұмытпасам, 2011-жылы жыл сайын берілетін «Алтын жүрек» Ұлттық Қоғамдық Сыйлығының «Жыл компаниясы» номинациясының жеңімпазы атанды. Исламбектің өзі «Алтын жүрек» сыйлығының иегері.

«Алтын қыран»? «Алтын жүрек»? «Жыл ұйымы»? Әп, бәрекелді!

«Әп, бәрекелдіге» тілдері келмейтіндер, бәлкім «жоғарыда бір дөкейі бар ғой» деп соғар. Қайдағы!

Жайбарақаттық жаратылысына жат, алға қойған мақсаттарына жету үшін кездескен кедергілерді аяғымен теуіп, маңдайымен бұзып-жарып жететін, қара басының қамы емес, баршаның бақыты үшін, мазмұнды, мағыналы өмір сүру үшін аласұратын адамның дөкейі кім деп ойлаймыз? Мінез. Қайсар мінез. Ақ тер-көк тер Еңбек! Поэзия тілімен айтсақ, бұл жолдардың жиынтығы:

… Ел сүю. Адам сүю. Алға шығу.

Зорығу. Артта қалу.

Ал, осыны

Жіберсек жайып-жазып:

Өмір сүру –

Баршаның бақыты үшін аласұру!

Өмір ме?

Өмір сүру?

Түсінгенге ол:

Қанатты ғажап жандар ұшып жүрген!

Мәселе өлуде емес,

Ерлік үшін.

Мәселе ерлікті ұстап түсу жерге!

Исламбек Төлеубайұлымен таныс­ты­ғымыз соңғы үш-төрт жылдың айналасы. Таныстығымызға бір жақсы кездесу себеп болды. Содан бері аға мен іні, әке мен бала арасындағыдай жылы сезім ағысы, яғни «тонның ішкі бауындай», бір әдемі қарым-қатынас басталды. Алматыға жолы түскен сайын сәлемінен жаңылмайды. Ел ішінде ме, шет елде ме — қайда жүрсе де хабарын үзбейді. Мереке-мейрамдарда, туған күндерде — телефон қоңыраулатуды ұмытпайды. Тәрбиеден бе, тегінен бе, әйтеуір бір сүйкімді, ескерімді, басы артық сөзі жоқ өте ұстамды, мәдениетті азамат. Сол пиғыл-ниетінен бе, кәсіп-бизнесі де жақсы жүріп жатыр.

Ат-есімі, кейбір ой-пікірлері, қайырым­ды­лық қызметі оқта-текте көзімізге түсе­тін. Соңғы бір сұхбатта /Назира Егеухан/: «Әдемілік-түрінен, қайырымдылық-ісінен», – депті. Тағы бір журналист Шәріпхан Қайсардың сауал-сұрағына: «Қайырымдылықтың ең үлкені – айтпай істеген жақсылық» деп жауап беріпті. Әп, бәрекелді! «Анаған өйттім, мынаған бүйттім» деп, өзін өзі жарнамаламайды. Дұрыс. Онсыз да «Ел құлағы елу». Онсыз да бұқаралық ақпарат құралдары әр қадамын қалт жіберіп жатқан жоқ.

Тәрбие мен тек-тектілік ауызға алынса «адамның сапасы тәрбиеге қарай ма?» – дейтіндер бар. Исламбекке бір қаратпа сөзім осы төңіректе болды.

– Исламбек, ата-тек, әулетің жайынан не айтасың?

– Әкеміз өмір бойы машина айдаған. Алты ағайындымыз. Әкеміз де, анамыз да өмірден өтті. Олардың қазасы бізді тез есейткен сияқты.

– Орысша оқып, орыстілділердің ортасында көп жүрсең де ауызекі қазақшаңа сүйсініп-ақ отырмын…

– Байқаған екенсіз ғой, иә, рас орыс мектебінде оқуға мәжбүр болдым. Туған жерім – Ақтөбе облысы Исатай ауданындағы Красноярск деп аталатын совхоздың Брусиловка деген елді мекені. Ол жерде негі­зінен орыстар тұратын еді. Қазақ мектебі болмағандықтан ата-анамыз орыс мектебіне беруге мәжбүр болғанға ұқсайды. Үй-ішімізде өз ана тілімізде сөйлейміз де, сыртқа шықсақ, қазақтар күліп-күлмей айтатын шүлдір-шүлдірге басатынбыз.

– Бәлен-түген деуден аулақпын, Исламбек. Сондай заман болды ғой.

Исламбекті түсінуге болады. Мектебін, бала кездегі ортасын айттық – орыс тілі басым болған. Одан әрі медицина университеті. Онда да орысша. Алматыдағы Қазақ басқару академиясы жанындағы Нарық институтында оқыды. Мәскеудің Халық шаруашылық академиясының дипломын алды. Бәрі орысша. «Түсінуге болады» деуіміздің мәнісі сол. Есейе келе жаңа уақыт талабы, ұлттық намыс Исламбекті қатты ойлантты. Қазақ тілін үйрететін үйірмелерді жағалады. Қазақтілді орталарда көбірек болуға тырысты. Соның нәтижесінде, «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры аузын айға білеген «Уолт Дисней» компаниясының дүрілдеп тұрған екі-үш мультфильмін қомақты қаржы шығарып, елімізде тұңғыш рет ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аудартып, қарадомалақ балалар көрсе, көз ала алмай қалатындай дубляж жасатты. Бұл аз десеңіз, «Викибілім» қоғамдық ұйымымен біріге отырып зағип жандарға арналған аудиокітап шығарып, ғаламтордағы қазақ тілінің контентін байытуға бір адамдай атсалысты. Бұл қызметі ескерусіз қалған жоқ әлбетте. «Бейбітшілік және келісім» сарайын­да Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен жиында бір топ замандастары қатарында Исламбек Салжанов та «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталды. Астанадағы «Қазақстан» концерт залында патриоттық әндер концертін өткізді дегенді де көзіміз шалып қалды газеттерден. Байқаймын, ұлттық жобалармен айналысатын замандастарына да айтарлықтай қолдау көрсетіп жүр.

– Өздеріңнің кішкентайларың қай тілде сөйлейді?

– Бір қызым, екі ұлым бар. Екі кішкентайымыз қазақ балабақшасына барады.

– Тілден шықпай қойдық па? Оқасы жоқ. Тағы бір білгім келгені, ағылшын тілінде де әжептәуір сөйлейді деп естідік. Қат-қабат тіршіліктің арасында соның бәрін қалай үлгеріп жүрсің, Исламбек?

– Тіл үйренуге мәжбүрліктен мойын бұрдым, аға. Бизнесіміз шетелмен байланысты. Ағылшын тілінсіз аяқ басу жоқ қой. Өкінішке орай, бізде уақыт аз. Соған қарамастан, елде екі-үш ай жедел тіл курс­тарына қатысып, кейін үш айдай Оксфордта оқыдым. Әрине, тіл үйрену үшін бұл өте аз мерзім. Десе де, қазір ағылшын тілінде ауызекі сөйлесуге жарап қалдым.

– Енді бір білгім келгені, дәрігерлік мамандығың бар. Ол мамандықтың оқуына ғой, құдай біледі: «мен дәрігер боламын», «мен адам жанының арашашысы боламын» деп армандап бардың. Нағып…

– Түсіндім. Ондай сезім болды. Анамның қазасынан кейін ойым қайда кетпеді. «Әттең-ай, ертерек есейіп, дәрігерлік мамандық алып, анашымның қасында болғанымда… кім біледі» деп талай аласұрдым. Дәрігерлік оқуды сондай сезіммен қалағаным рас. «Нағып» деген сөзіңіз менің жанды жерім, аға. Дәрігерлік дипломға қолым жетуін жеткенімен, уақыт ағымы, нарық бүткіл ой-қиялымды басқа арнаға бұрып жіберді. Сырттан тауар тасып, оны болмашы артық бағаға өткізумен айналыстым. Бұл тіршілігіме көңілім толмай, бизнеске қатысты экономикалық әдебиеттерді ақтара бастадым. Сол бас көтермей оқу, сол сүрініп-қабыну күндердің күнінде мені басқа бір дүниеге жетектей бастады.

– Әп, бәрекелде!

Кәсіп-тіршіліктің бір аты – қыбыр-қыбыр немесе күйбең тірлік дейді ғой. Исламбек айтып отырса, кәсібі тұсаулы аттай сол қыбыр-қыбырдан, сол күйбеңнен әрі аспай, оны күндіз күлкіден, түн ұйқыдан айырады. Оған керегі кәсібінің тыпыр-тыпыры емес, гүрілдеуі, дүрілдеуі. Ақыры бір себептермен қыбыр-қыбырдың доңғалағы жылдам айналып, Исламбектің өзі айтпақшы, тіршілігі басқа бір дүниеге қарай бұрыла бастайды. Адамның күні адаммен: енді әлгі «бір себептерді» осы тұста таратып айтсақ, Исламбектің шаруасына бір үлкен себепкер Германияның Гамбург қаласының тұрғыны, үлкен компанияның президенті, Туре фон Валь деген неміс азаматы. Ол Исламбекпен ақылдаса, кеңесе келе, екі жаққа да тиімді үлкен жобаны қолға алады. Исламбектің компаниясына қомақты қаржы құяды. Соның нәтижесі: Ақтөбеде жанар-жағар май станциясы төбе көрсетеді. Станция іске қосылмас бұрын Исламбек Төлеубайұлы Европа елдеріндегі жұмыс істеп тұрған станцияларды өз көзімен аралап көріп, ішкі ой-жоспарларын дамыта түседі.

Іскерлік ақыл-ой қозғалмай бір орында тұрып қалса, іс-тірлікті орнынан кім итеріп жылжытады. Қол жеткен азды-көпті табыстарын місе тұтпай, Исламбек содан жаңа ой-идеялар жетегімен біресе Мәскеуден, біресе Гамбург қаласынан шығады. Әп, бәрекелді! Онсыз «жүрген аяққа жөргем іліге ме»? Бір «жөргем» шет елден әкелінген жасыл шөптер тұқымы. Станцияның айнала-төңірегіндегі көгал, жасыл шыршаларды қызықтағандар қайран қалып, бастарын шайқайды. Жасыл шөп немесе көгал бірте-бірте жекелеген мекемелер мен үйлердің ауласына шейін «кіре» бастайды. Бұл жаңалық қала аумағынан ұзап, кейіннен Атырау, Орал жағына да жетіп жатты. Әп, бәрекелді!

Араға көп уақыт салмай «Ақжол» бүкіл Батыс Қазақстан аймақтары бойынша мұнай өнімдерін сататын ірі компанияға айналады. Жас шамасы отыздың о жақ-бұ жағындағы қазақ жігіті Исламбек Салжановтың бұл іс-қимылдары, біздіңше, нағыз ерлік!

Ерлік айтылып болған жоқ. Ерлікті толықтыратын қайырымдылық, гуманизм дегендер тағы бар ғой.

Гуманистер, Атымтай жомарттар қайда жоқ. Делма Кинни деген американдық «Супер миллион» лотореясынан миллион-миллионнан екі миллион доллар ұтып алады. Бірінші ұтысынан мәлімет жоқ. Екінші ұтысының жартысын үш баласының оқу-тоқуына, жартысын қайрымдылық шараларына арнайды. «Құдай дегенге құдай береді» деген бар ғой, құдайдан тілеген адам шығар. Әйтпесе, шашау шығармай банкке апарып атып ұрмай ма?

Жақсы адамдар біреуге жасаған жақсылығын айтпайды. Исламбек те солай істейді. Делма Киннидің қайырымдылық шарасы айдай әлемге тарап кетті. Делма оны өз аузымен айтты ма, айтпады ма, обалына қала алмаймыз. Оның орнында біздің Исламбек болса, ол да тіс жармаған болар еді.

Ғылым адам тәрбиесін үшке бөледі. Олар: интеллектуалдық, адамгершілік, эстетикалық. Исламбектің бойынан үшеуі де табылады. Сонда да адамгершілік сапасы, біздің байқауымызша ана екеуінен де басым. Олай дейтін себебіміз, адамгершіліктің анықтамасы: Отан сүю, адам сүю, адамды жақсы көру ғой. Өз аузымен айтпағанмен, «ел құлағы – елу», Исламбектің қаншама қайырымдылық шаралары шартарапқа тарап жатыр. Ілгеріде бірсыпырасын айттық. Тағы да кішкене қайырыла кетейік.

«Білімдіге дүние жарық,

Білімсіздің күні ғаріп» – демекші, газет-журналдарға сенсек, білім беру саласына қатысты әртүрлі бағдарламаларға бір өзі 500 млн. теңгенің үстінде көмек көрсеткен «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры қазіргі таңда Ақтөбе облысының Қобда ауданында 150 орындық балабақша салып жатқан көрінеді. Ана бір жылы бір кезде өзі білім алған Ақтөбе медицина университетіне барып, студенттер мен оқытушылардың шет елде білім алуына деп қомақты қаржы бөлді дегенді де естігенбіз. Түркітілдес елдердегі журналдардың редакторлары бас қосқан Астанадағы форумға демеушілік… Кете береді. Және бұл біздің есімізге түсіп, көзімізге шалынған тірлігінің бір парасы ғана.

Абырой! Абырой!

… – Исламбек, жаттандылау болса да өзіңе тағы бір сұрақ: бақыт дегенді қалай түсінесің? Өзіңді бақыттымын деп есептейсің бе?

– Ойланайын.

Ойлансаң ойлана тұр. Бақытқа байланыс­ты бір ағаларыма қаратып жазған ұзақтау өлеңім бар еді, содан үзінді оқиын.

…Бақыт сонда не болды, ағалар-ау?

Көрінеді бақыт боп маған алау.

Бақытсыздық меніңше, асып-тасу,

Бақытсыздық – бақытты бағаламау.

Бақыт, жалпы, қонады қандай басқа?

Біздіңше, онда ақыл-ес, маңдай басқа.

Бақытсыз ба?

Бақытсыз түске шейін

Ұйықтап жатқан әне, анау жардай қасқа!

Не түсіндің?

Ел-халықтың «әп, бәрекелдісін» естіген сайын сенің мерейің үстем. Мерейі үстем, абыройлы адам – ең бақытты адам. Тыным көрме, аман бол, айналайын!

Үмбетбай УАЙДИН

Back to top button