ҚЫЗЫЛОРДА — ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ АЛАҢЫ

ҚЫЗЫЛОРДА — ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ АЛАҢЫ

ҚЫЗЫЛОРДА — ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ АЛАҢЫ
ашық дереккөзі
767

Сыр өңірінің инфрақұрылымын, білім және денсаулық салаларын, тұрғындарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту 2013 жылдың іс-қимыл жоспарында қамтылды. Соңғы үш айда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақты тегіс аралап, өңірдегі елді мекендерді дамытудың тиісті «жол картасын» бекітті.

СЫР БОЙЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев соңғы 3 айдың ішінде аймақ­тағы 277 елді мекенді аралап үлгерген. Жыл­дық жоспарда басымдылық берілген сала­лардың бірі – ауыз су. Облыс халқы сапалы ауыз сумен толық қамтылмаған. Елімізде алабы ірі Сырдарияның бойында орналасқан облыс неше жылдан бері ауыз су тапшылығын тартып келеді. Бұл жерде ашық және жер асты су көздері жоқтың қасы. «Біз ХХІ ғасырда өмір сүреміз. Бірақ көптеген ауылдар суды сырттан тасиды немесе қолдан қазылған құдықтардан ішеді. Қызылжарма қайнары сияқты ауыз судың мол қоры болса да, облыс орталығы Сырдарияның суын тұтынады. Бізге Сырдариямен келетін су Орталық Азия елдерінің күріш алқаптарын суарған суы, ішуге жарамсыз. Біз бұл мәселені түбегейлі шешеміз», – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. Бұл мақсатта облыста бюджеттік инвестициялық жобалар тізіміне 13 жоба енгізіліп отыр. Оның ішінде Қызылорда облысы Арал ауданының Шижаға, Қамыстыбас, Аманөткел, Аралқұм, Бөген елдімекендерін, Қазалы, Жаңақорған аудандарының сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жобалары қолға алынады. Сондай-ақ Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу арқылы Қазалы ауданының Әйтеке би ауылындағы қосымша су резервуарының құрылысы салынады. Бұл су қоймасы жергілікті жерде тұрғындардың ауыз су мәселесін біржақты шешуі тиіс. Сондай-ақ Жаңақорған ауданына құбыр жүргізу кезек күттірмейтін іс. Осы ауданда «Талап-Сырдария» топтық су құбыры тартылатын болады. Бұл құбырға Шиелі ауданының 8 елді мекені қосылуы тиіс.

Бүгінге дейін Қызылорда қаласына ыстық су жүйесі орнатылмаған. Сондықтан Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді бастау және биылғы жылы жобалы жұмыстар жүргізіледі. Облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 252 тұрғын үйге, оның ішінде Қызылорда қаласында – 200, Арал қаласында – 20, Қазалы қаласында – 5, Жосалы кентінде – 8, Жалағаш кентінде – 3, Тереңөзек кентінде – 3, Шиеліде – 11, ал Жаңақорғанда – 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал облыс аудандарында және Қызылорда қаласында 4 ипотекалық (200 пәтер) және 19 жалға берілетін (240 пәтер) тұрғын үйлер пайдалануға берілмекші.

Инфрақұрылымды дамыту үшін әуелі газ жүргізуден бастау қажет. Бірақ газ облыстағы ұсақ ауылдарды былай қойғанда аудан орталықтарына да толық жүргізілмеген. «Бізде газ бар. Алайда бүгін газ тарту жүйесі толық жүзеге аспай отыр. Біз «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесе отырып Қызылорда қаласына газ тартуды көздеп отырмыз», – деді облыс басшысы. Одан өзге Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларын газдандыру үшін кентішілік газ құбырларын салуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Облыстың басқа да елді мекендерін газдандыру бойынша техника-экономикалық негіздемелер жасалуда.

Облыстың үстінен бірнеше көлік магистральдары өтеді. Сондықтан газ құбыр желісін жаңартып, жөндеу жүргізу өте маңызды. Қызылорда қаласында екінші автоматтандырылған газ бөлу стансасын орната отырып, «Бейнеу-Шымкент» газ құбырынан облыс орталығына дейін магистральді құбырды қосу көзделіп отыр. «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп Арысқұм кен орнында газды дайындайтын құрылғы орнату да жоспарға енгізілген.

Қызылорда облысының әкімі Көшербаев мырзаның қатаң талап етуімен жол құрылысына тартылған компаниялардың жұмысшылар алдындағы қарыздары өтелді. Автомобиль жолдары комитеті Қызылорда облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Жүнісовтің мәліметінше, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізін салып жатқан құрылыс компаниялар мен мердігер кәсіпорындар жұмысшылардың жалақы қарызының негізгі бөлігін өтеп болды. Мәселен, осы жол құрылысында жүрген «Қазсевавтодор» серіктестігі жұмысшылар алдындағы 37 миллион теңге берешегін толық жапса, «ДМСУ-22» кәсіпорны 18 миллион теңге көлеміндегі еңбекақы қарызын қайтарған. Жұмысшылар алдында 28 миллион теңге берешегі бар «Жылыойстройсервис» серіктесігі қордаланған қарыздың 14 миллион теңгесін жуырда төледі.

КҮРІШ КЛАСТЕРІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Сыр өңірі республикада күріш өндіретін бірден-бір аймақ. Облыста «Күріш кластерін дамыту» жобасы қолға алынды. Жуырда «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Жалағаш ауданындағы «Жалағаш элеваторы» ЖШС-не қарасты өндірістік нысанды сатып алды.

Бұл қуаты 80 мың тонналық өндіріс жеке меншік кәсіпкерлер арасында қолдан-қолға өтіп, ешқашан толық қуатпен жұмыс істемеген. Мұнда бас-аяғы 9 қойма бар, оның әрқайсысы 1700 тонна күрішті сақтауға мүмкіндік береді. Осынау кешен соңғы жылдары шамамен 7 мың тоннадай күрішті ақтап келген. Енді «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өндірісті жеке кәсіпкерден сатып алып, оны басқаруды «Агро Холдинг «Байқоңыр» серіктестігіне тапсырды.

Бұрындары жергілікті диқандар егінін арзан бағамен делдалдарға өткізе салатын. Ендігәрі олар күріштерін осы жерде өңдеп, одан кейін қымбат бағаға өткізе алады. Күріш өңдейтін кешенге облыс әкімі Қ.Көшербаев та бас сұқты. Шаруа қожалықтарының жұмысы бір орталықтан басқарылатын болады, сөйтіп олар тиімді ұсыныстар ала алады. Болашақта элеваторда күрішті ақтап қана қоймай, одан крахмал өндіру ісі де қолға алынбақ. Сонымен бірге бұл өндірісте бидай тартып, нан өнімдерін шығару да жоспарда бар.

Облыс бюджетінің көлемі 160 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2012 жылдың қорытындысынан 18 миллиард теңгеге артық. Бюджеттен бөлінетін қаражат артқан сайын әлеуметтік мәселелер біржақты шешіліп келеді. Мәселен, биыл 27 мектеп, 19 сауықтыру нысандарының құрылысы аяқталуы тиіс. Сонымен қатар аудан орталықтары мен ауылдарда спорт, мәдениет орталықтары ашылады.

Қыркүйек айында Қызылорда қаласында «Шығармашылық үйі» пайдалануға беріледі. «Бұл – республикада баламасы жоқ орталық болғалы тұр. «Шығармашылық үйінде» екі облыстық газет, оларды біріктіріп отырған «Сыр медиа» ЖШС-нің әкімшілігі, барлық республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері, Жазушылар, Журналистер, Суретшілер одағының осындағы бөлімшелері орналаспақ. Сонымен қатар заманауи техникамен жабдықталған бас­пахана, баспасөз орталығын ашамыз. Бұл жергілікті басылымдардың сапасын арттырады деген зор сенім бар», – деді Көшербаев мырза.

БАЙҚОҢЫР. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КӨКЖИЕК

Сәрсенбіде елордадағы Тәуелсіздік сарайында VI Астана экономикалық форумы барысында Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға арналған «Байқоңыр. Жаңа инвестициялық көкжиектер» атты баспасөз мәслихаты өтті. Онда аймақтың экономикалық өрлеу орталығы ретінде жаңа даму сатысына бет алып, өңір экономикасына кедергісіз инвестиция ағыны үшін барлық жағдайлар жасалғандығы туралы баяндалды.

Байқоңыр ғарыш айлағынан жыл сайын жиырмадан астам тікұшақ ұшырылады. Бұл Канаверал мүйісіндегі ұшырылымдардан екі есеге көп. Бұл құбылысты жергілікті халық пен туристер қауымы қызықтағысы келеді. АҚШ-та ұшыру сәтін қарапайым халыққа қызықтауға рұқсат етілген. Жер атмосферасынан ғарыш кеңістігіне ұшып шығатын көріністі тамашалау мүмкіндігі туризмді дамытады. Осы мақсатта облыс әкімдігі халықаралық туристік компания­лармен ынтымақтастық жасау бойынша жұмыс істеуде.

2013 жылдың қазан айында Астана қаласында «Байқоңыр» Инвестициялық форумы жоспарланып отыр. Ол шарада жаңа инвестициялық келешек, жаңа өндірістер мен бизнесті кеңейтуге, өзара тиімді әріптестікті дамыту қарастыратын ашық алаң ұйымдастырылмақшы. Баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды, сөйтіп қаражат көздерін тарту үшін перспективті бағыттар ұсынылды. Олар – жаңа мұнай және газ кен орындарын пайдалану үшін барлау жұмыстарын жүргізу, металлургиялық секторды және жаңартылмалы электрэнергия көздерін дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және терең өңдеу, туризмді дамыту.

Қызылорда облысының «2020 жылға дейінгі даму стратегиясы» жобасын әзірлеу үшін ресейлік ғалымдар шақырылды. Қызылорда облысында Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясының кафедра меңгерушісі, Ресей ҒА академигі Абел Аганбегян облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың арнайы шақыртуымен келді. Экономист бастаған ресейлік ғалымдар тобы аймақ басшысының тапсырысымен үстіміздегі жылғы ақпан айынан бері «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы» жобасын жасауға кіріскен болатын. Сәуір айының басында аймақта болған ғалымдар облыстағы табиғи ресурстарды, өндіріс, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік салалар бойынша дамытуды қажет ететін бағыттарды анықтады. А.Аганбегян облыс әкімімен кездесуінде ғалымдардың осы мәселелерге байланысты республика Үкіметінде, тиісті министрліктер мен ведомстволарда атқарған жұмыстарының қорытындыларына байланысты құжатқа енгізілетін толықтырулар мен өзгертулер жайын баяндап берді. Сонымен бірге тараптар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тың бастамаларды ортаға салды. Ресейлік ғалымдар стратегия жобасының толық нұсқасын тамыз айында ұсынады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары