СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Жер шарындағы халық санының өсуі, көпсалалы өнеркәсіп орындарының көбеюі, тіршілік иелеріне қажеттілігі ауамен бірдей тұщы суға деген сұранысты ұлғайтып, әлемде оның тапшылығы сезіле бастады. Сонымен бірге, тұщы су тапшылығына жер бетіндегі өзен, көлдердің ластануы салдарынан табиғи қордың азаюы тікелей әсерін тигізуде.

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, бүгінде 3 миллиардқа жуық адам сапасыз ауыз суды пайдаланады, дамушы мемлекеттердегі аурудың 80 пайызы таза ауыз судың жеткіліксіздігінен.

Таза ауыз су мәселесін әрбір мемлекет өздерінше шешуге тырысады. Мұнайға бай Сауд Арабиясына таза су ұшақпен Жаңа Зеландиядан әкелінсе, Голландия мен Жапон еліне су Норвегиядан жеткізіледі. Гонконг құбыр арқылы суды Қытайдан тасымалдаса, Африкадағы кейбір тайпаларда әйелдер күні бойы құмды елеп, небәрі 1-2 литр лай суды жинауға мәжбүр.

Тұщы су қорының азаюына жер шарын қоршаған ауа кеңістігіндегі қызудың күшеюі де теріс ықпал етуде. Ғалымдардың жорамалдарынша, ауа қызуының көтерілуі, алдағы уақытта да жалғаса береді. Оның салдарын Арктикадағы мұз қабаттарының күйзеліске түсуінен айқын байқауға болады. Ондағы жаз айларындағы мұздың еру мерзімі ғасырлар бойы қалыптасқан бір айдан, қазір үш айға ұзарды. Нәтижесінде, мұхит осы мерзімнің әрбір тәулігінде тұщы судың көзі 100 мың шаршы шақырым мұз қабаттарын жоғалтуда.

Арктиканы былай қойғанда, ауа қызуынан Әмудария өзеніне су беріп тұрған Памир тауындағы мәңгілік мұздардың еру жылдамдығы үдеп, біздің көптеген өзендеріміз бастау алатын Іле Алатауындағы мұз шыңдары 2030 жылға қарай жер бетінен мәңгілікке жоғалуы мүмкін. Ауа қызуының жаппай көтерілуінен басқа, жергілікті жердегі тұщы су қорының азаюының өзіндік себептері бар! Қазақстанда, тұщы су қорының табиғи өсімінен, оны тұтынудың көлемі әлдеқайда басым. Еліміз үшін қатерлі құбылыс – мемлекетаралық өзендер арқылы жерімізге келетін судың азаюы, өндіріс, тұрмыс қалдықтарымен ластануы, тау-кен жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі қазба-байлықтар, оның ішінде мұнай, газ, уран, мыс, алтын және құрылыс материалдарын өндіретін аймақ­тарда, жерастында миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан су жүйелері күйреп, істен шық­қан. Мысалға, шахта әдісімен кен игеру, жерасты су жүйесінің 75 пайызын істен шығар­са, ашық карьер әдісі оны 100 пайызға жойып жіберетіні белгілі.

Жер қойнауын пайдалануға және қорғауға деген көне көзқарасты түбегейлі өзгертіп, тереңде жүргізілетін кен өндірудің залалды әсерлерін барынша шектейтін, қазба-байлықтарды ғылыми жаналықтарға негізделген жаңа әдіспен игеру технологиясын ғалымдарымыздың ұсынғандарына жиырма шақты жылдың жүзі болды. Әдіс бойынша, ұңғылар жүйесі арқылы, ешқандай жарылғыш зат, зиянды сұйықтар қолданбастан, тек қажетті қазба-байлықтар ғана таза сумен алынады. Олардан босап қалған қуыстар, қасиеттері тереңдегі тау жыныстармен сәйкес келетін заттармен толтырылады. Сонда жер асты су жүйесі толығымен сақталады деуге болады.

Осынша уақытта, тың әдіске жер қойнауын қорғауға жауапты құзырлы ұйымдардан ешқандай қолдау жоқ. Ұлы Абай айтқандай, «баяғы жартас, бір жартас».

Еліміздегі тұщы су тапшылығының тұрақты оң шешімі табылмайынша, экономикалық даму бағдарламасы туралы сөз қозғаудың өзі артық болғанымен, бұл мәселеде, әзірге жалаң ұран, жалған ақпарат, үстірт көзқарас басым, кәсіби тұрғыда мемлекет мүддесін, халықтың келешегін көздейтін шешімдер шамалы.

Айталық, өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін жерасты су көздерін барлау мақсатында жүргізілген геологиялық ізденістердің нәтижесінде анықталып, бүгінде ресми мәліметтерде көрсетіліп жүрген су қорларының көлемі шындыққа сай келмейді. Қазақстанның көптеген аймақтарындағы су беретін ұңғыларды тереңдегі бейнекөрініс арқылы зерттеудің бұлтартпас дәлелі – ұңғының техникалық құжатында көрсетілген, есепке енген, жер бетіне жақын орналасқан су қабаттары суалған, тереңдегілері жұқарған.

Ал жерасты су қорларының қазіргі мүмкіндіктерін, деңгейін, судың мөлшерін, сапасын, ондағы ұңғылардың нақты жағдайын бейнекөрініс арқылы көзбен көрмей тұрып, ешқандай әлеуметтік бағдарламаны тиянақты іске асыру мүмкін емес. Дәлел – кешегі Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, жүктелген міндетті орындай алмаған «Таза су» бағдарламасы. Бағдарлама құжатында 7232 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету көзделгенімен, мәлімет бойынша таза су 3417 елді мекенге жеткізілді деп көрсетілген.

Алайда, бұл күмәнді сан. Себебі көптеген ауылдарда, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында, құбырлар жүйесі тартылып, есеп берілгенімен, одан таза су пайда болған жоқ. Себебі біреу – ескі ұңғыларда су атымен жоқ, немесе аз, дәрігерлік қалыпқа сай келмейді. Тұрғындар бұрынғыша каналдағы, арықтағы лас суды пайдаланып отыр. Ешкім жауапты емес. Ендігі жерде «Таза судың» ізін басқан, мақсаты – 2011-2020 жылдар аралығында елді мекендерді таза, өмірге қауіпсіз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, жауапкершілік күшейтілмесе, оның алдыңғы сәтсіз аяқталған бағдарламаның аяғын құшатыны даусыз.

Өйткені, бұл бағдарламаларды іске асырудың тәсілі, салыстырмалы түрде айтқанда, үй тұрғызу құрылысын шатырдан бастап жүргізгенмен бірдей. Алдымен ауаға шатырды орнату, содан кейін қабырғасын көтеру, ең соңында үйдің негізін қалау.

Ескеретін жағдай, бейнекөрініс зерттеулері көрсеткеніндей, қазіргі уақытта елді мекендерге, өндіріс орындарына су беріп тұрған, ұдайы бақылауда отырған ұңғылардың 90 пайыздан астамы апатты жағдайда. Олардың көпшілігін күрделі жөндеуден өткізгенше, жаңа ұңғылар бұрғылау әлдеқайда тиімді.

Осы орайда, даладағы ескерусіз жатқан, бірақ есепте бар ондаған мың ұңғылар туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Олар тек қағазда, есептерде ғана бар, шындығында ұңғы ретінде жоқ.

Жерасты суын пайдалануда және бір ескерілмей отырған нәрсе, жер қойнауында әртүрлі тереңдікке орналасқан судың бірнеше қабаттары бар. Олар көбінесе ортақ су жүйесін құрайды. Сонда сапалы суды жүйенің сақталуына залал келтірмейтін қай қабаттан алу керек екенін тек бейнекөрініс арқылы дәл анықтауға болады.

Жерасты су көздерін тиімді пайдалануға бағытталған тағы бір ұсыныс – ірі елді мекендерге су жүйесін жүргізу үшін, бұрынғыдай ескі тәсілмен қыруар қаржы жұмсап, жер қойнауын, қыртысын бүлдіріп, көптеген ұңғы бұрғылаудың қажеті жоқ.

Әлдеқайда аз қаржымен, екі-үш тік ұңғы бұрғылап, олардың бүйірінен су қабаттарын бойлай, көлбеу жүргізетін оқпандар арқылы әрбір ұңғының су беру мүмкіншілігін бірнеше есе арттыруға болады. Сонда ауыз судың сапасы жақсарады, ұңғыларға орнатылатын аспап, қондырғыларды жабдықтау, жөндеу жұмыстары азаяды, бақылау мүмкіндігі күшейеді.

Жеріміздегі су қорын дәл анықтау үшін, жерасты су кен орындарының нақты жағдайын ондағы ұңғылар арқылы үздіксіз бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін, мәліметтерді ғарыштағы жер серіктері арқылы жинақтайтын электронды жүйені өмірге енгізу өте қажет. Бұндай жүйенің алғашқы отандық үлгісі жасалынған, өндірісте тексерілген, көптеп шығарып, жаппай қолданысқа енгізуіміз керек.

Жерасты су көздері жер бетіндегі өзен, көлдермен табиғи байланыста. Еліміздің тұщы суға деген сұранысын өтеуде, жерімізге сырттан келетін мемлекетаралық өзендердің үлес салмағы басым. Ірі су қоймалары – Кас­пий, Арал, Балқаш көлдеріне құятын өзендер түгелдей дерлік көршілерімізден бастау алады. Ежелгі қағида – бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол.

Тұщы су тапшылығына байланысты, алдағы уақытта ортақ өзендегі суды бөліске салу шешілуі қиын түйінге айналуы мүмкін. Бізбен көршілес елдерде суға талас жиі көрініс бере бастады.

Орта Азияның күре тамыры іспеттес, екі үлкен өзен, Әмудария мен Сырдарияның басында отырған Тәжікстан, Қырғызстан біржақты шешім қабылдап, суды табыс көздеріне айналдыруға бет бұрды.

Қабылдаған бағдарламалары сәйкес, Тәжікстан Ресейдің көмегімен Әмударияға құятын Пянджа өзеніне 14 су электр стансаларын салып, өндірілген өзіндік құны өте арзан электр қуатын Иран, Пәкістан және Индияға сатпақшы. Бұған қоса, Тәжікстан ішкі сұранысқа қажетті электр қуатын Өзбекстаннан сатып алуды 2015 жылға қарай тоқтатпақшы. Аталған мемлекеттерден басқа, Қытай бұл жобаға үлкен қызығушылық білдіріп отыр.

Өзен суынан электр қуатын өндіріп, сыртқа сатуға Қырғызстанда өте ынталы. Ресейдің көмегіне, қолдауына сүйеніп, қырғыздар Сырдарияның бастауына Қамбарата-1 және 2 атты су электр стансаларын салмақшы. Жұмыссыздықтан халықтары босқын болып жүрген бұл елдердің көп жұмыс орнын беретін бұл жобалардан бас тартуы өте қиын. Олар үшін тиімді жобаларда өзендердің төменгі ағысында отырған Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстанның суға деген қажеттілігі мүлде ескерілмейді.

Қамбарата-1, 2 су электр стансаларының салыну салдарынан Сырдария өзені қазақ жеріне жетпей қалуы мүмкін. Арнасына тос­па қойылып, электр стансалары орнатылған өзен суының 30 пайызына дейін жоғалтатыны әлемдік тәжірибе. Қырғыз жерінен басталып, одан Өзбекстаннан Тәжікстанға өтіп, қайтадан өзбек жеріне оралатын суы азайған өзенді, өз кезегінде өзбектер суға зәру болып отырған солтүстік аудандарына жүргізілетін құбырлармен Әмударияның босап қалған арнасына аудара салуы аса қиын шаруа емес. Біз үшін өте ауыр шешім, Сырдария өзенінсіз Оңтүстік Қазақстан облысының біраз елді мекендерін, Қызылорда облысын түгелдей дерлік көзге елестетудің өзі қиын.

Әрине, мемлекетаралық өзендерді сақтау шараларын көздеп, Ресей, Қырғыз, Қытай, Өзбек елдерімен күрделі келіссөздер жүргізуге тура келеді.

Сырдариядан кейінгі, Қырғыз жерінен бізге келетін Шу өзенінің, Қытайдан келетін Ертіс, Іле өзендерінің жыл өткен сайын суы азайып, ластану мөлшері жоғарылап келе жатқаны белгілі. Әсіресе, Балқаш көліне барып құятын Іле өзенін сақтап қалу шешілуі қиын сұрақ болуы мүмкін. Тарихқа үңілсек, Қытай мен Үндінің ортақ өзен Брахмандраның суын бөлісе алмай отырғанына жарты ғасырдан асты. Қытай жерінен басталатын өзенді, шығыстағы көршіміз елдің солтүстігіне жіберу жұмыстарын жүргізе отырып, өзеннің төменгі сағасында отырған үнділерді судың азаймайтынына сендіруге тырысқанымен, нақты жағдай үнділердің күдігін қоюлата түсуде. Іле өзеніне байланысты осыған ұқсас жағдай орын алу әбден мүмкін. Ал Іленің суынсыз Балқаш көлінің сақталуы неғайбыл.

Өткен жазда өзен суының күрт азаюынан Қапшағай су қоймасының деңгейі 1,5 метрге төмендеп, қаланы, оған жалғаса жатқан ауылдарды сусыз қалдыруға шақ қалды.

Мемлекетаралық өзендерден басқа жеріміздегі жерасты су көздерінің, өзен, көлдердің сақталуы, тау биігіндегі мұз қабаттарына, негізгі су қоймалары Каспий, Арал, Балқаш көлдерінен судың буға айналып, қайтадан жер бетіне ылғал ретінде түсуіне байланысты. Жоғарыда айтылған жәйттерді ескерсек, соңғы екеуінің тағдыры бұлыңғыр.

Каспийге келсек, көлдің әрбір шаршы метрінен жылына 459 литр судың буға айналуы, қазақ жерінің біраз аймағына ылғал беріп тұр. Егер келешекте, қайраңдағы Қашаған, Ақтоты, Қайран кен орындарынан мұнай өндірудің көлемінің артуынан су бетінде қалыңдығы 0,1 мм болатын мұнай қабығы пайда болса, булану мөлшері тежеледі, жерімізге түсетін ылғалдың көлемі біршама азайады. Есесіне, көлдің деңгейі көтеріліп, Ақтау қаласын және жағадағы елді мекендерді су басу каупі күшейеді.

Болашаққа ғылыми пайымдауларға сүйеніп тереңірек үңілсек, онда суға деген талас тек жер бетінде ғана емес, ауада, жер қойнауында жалғасын табуы мүмкін. Себебі – суды ешбір зат алмастыра алмайды, онсыз өмір жоқ.

Сондықтан, жеделдетіп жерімізге сырттан ылғал әкелетін ауа ағындарының пайда болу заңдылықтарын, қозғаушы күштері мен қозғалыс бағыттарын, оларды әуе кеңістігімізде тежеуге, бағытын өзгертуге мүмкіндік беретін шараларды анықтап, зерттейтін негізді ғылыми жұмыстарды қолға алуымыз керек.

Сонымен бірге, мемлекетаралық өзендермен байланыстағы, шекаралас елдермен ортақ жерасты су қоймаларының бар екені мәлім. Олардың табиғи жаратылысы, жер қойнауындағы орналасу жағдайы, жер бетіндегі өзен, көлдермен байланысы терең зерттеулерді қажет етеді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер көршілеріміз өзендерді бөгеп, бізді тығырыққа тірейтін болса, амал жоқ, жерасты суларын өзімізге қарай аударуға тура келеді. Оны технологиялық тәсілдер арқылы іске асыруға болады. Тіпті, көршінің жер бетіндегі өзен суларын, ғылыми шешімдер арқылы жер қойнауына жіберіп, одан кейін жоғары қысымды жерасты өзен ағысын өз жерімізге бұру онша қиын шаруа емес.

Тұщы суға байланысты айтылған ұсыныстардың қорытындысы, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің сара жолы – суға деген жаппай жауапкершілікті жоғарылату, кәсіби көзқарасты қалыптастыру, жеріміздің, табиғатымыздың ішкі мүмкіншіліктерін ғылыми негізде ұтымды пайдалану, жер қойнауын қорғау, жерасты суларын сақтау тәртібіне заң жүзінде түбегейлі өзгерістер енгізу, оларды ұлттық қауіпсіздік дәрежесіне жеткізу.

Кезек күттірмейтін мәселе, ертең кеш болады.

Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ

Back to top button