«БІР КЕМ ДҮНИЕ...»

«БІР КЕМ ДҮНИЕ...»

«БІР КЕМ ДҮНИЕ...»
ашық дереккөзі
элегия
Белгілі жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы ұлттық сыйлықтың лауреаты Серік БАЙХОНОВ биыл алпыс жасқа толады. Осы мерейтойға орай біз жазушының өз ұстазы жазушы-академик Зейнолла Қабдолов жайлы жазған элегиясын назарларыңызға ұсынып отырмыз. «Бірі кем дүние…» Өзіміз бала күннен естіп өскен осынау сөзді әдеби айналымға түсірген Шерхан Мұртаза екенін білеміз. Ал Шерағаң болса «Бір кем дүние…» деп айтады, үзілді-кесілді кесіп айтады. Неге олай? Ойланып қарасаңыз, көкейіңізде «дүниенің бірі кем бе?», әлде, «бірдің дүниесі кем бе?» деген сұрақ көлденеңдей берер. Ендеше, мәселе «бір» мен «дүниенің» арасындағы қарама-қайшылыққа тіреліп тұрса да өзі білсін… Мұның түпкі мағынасын төбесі тесік қазақтың «тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деген сөзінен іздеуге мәжбүр еткен жағдай туралы айтсам деп едім… 1 Жоғары оқу орнына енді ғана табан іліндіріп, мұғалім атаулыға үркексоқтай қарап жүргенбіз. Сол жылдары еліміздегі атағы дардай жалғыз университет дегенмен, өзіміз оқитын оқу орнының да «бірі кем дүниенің» бір бөлшегі екенін ішкі түйсікпен сезіп қалған кезіміз. Оның үстіне барлық адам-пенделер секілді мұғалімдер де сорт-сортқа бөлінеді емес пе? Жетпіс бірінші жылы «Әдебиет теориясы» пәнінен Зекеңнің (58) өзі лекция оқыды. Осыдан бір жыл бұрын университетке қабылдау емтиханы кезінде өзім әулие тұтатын Қабдоловтың аузынан «жақсы» деген сөзді естіп, есім шығып кете жаздаған, ал нәтижесінде… аман-сау ауылға қайтқаным есімде, аты елге таныла бастаған ағамыздың әр сөзіне «сын көзімен» қараймын. «Сылдырап өңкей келісім, сылдырап өңкей жарасым…» деген сәттерде мына әсем сөздер үлкен кісінің көкірек түкпірінен күңгірлеп шығатын қоңырқай дауыспен келісім тапса да, жарасым таппай тұрғандай сезіледі. Шыны осы… Емтихан тапсыратын күн де келіп жеткен. Ағамыздың «Ұшқын», «Жалын» деп аталар романдары түгілі, газет бетінде жарыққа шыққан мақалаларына дейін оқығанмын, сол жылдары студенттердің аузынан түспей жүрген «Әдебиет теориясын» қайта бір қарап шыққанмын, көңіл орнында, ұстаздың алдына еркінси кірдім. Сиырдың тіліндей қағазға басылған сұрақтарды қарап жіберсем… алғашқы екі сұрақтың жауабын білетін секілдімін, ал үшіншісі – «Жоқтау». Қайдағы жоқтау?.. Өзіміз күнде естіп жүрген жоқтау да әдеби жанрға жататын болғаны ғой… «Басқа түскен – баспақшыл» «Жоқтау… жоқтау…» деп күбірлеп қойып, жазып жатырмын. Ақын өлді… Жер мұңлы, дала мұңлы, Бойына жиып алған нала-мұңды. Жатырмысың тарта алмай жалғыз жебе, Қалып қойған кермейық садағыңды. Орысшалап жоқтады Олжас сені, Қазақшалап жоқтады Қадыр сені. Сұм ажалға бір дауа болмас, тегі, Кетер еді-ау әйтпесе қабір кеңіп. Жадымның жұқара қоймаған кезі, ұстаздың алдына барып отырған соң, жаңа ғана қағазға түсірген шумақтарды жатқа оқып бердім. – «Орысшалап жоқтаған» дейсің бе?.. Қызық екен… Өзің жаздың ба?.. Байқаймын, сиясы кеппеген өлең… Осы өлеңді жоқтаудың қай түріне жатқызар едің?.. – Жоқтаудың түрлері болатынын білсем де, әдеби жанрға жататынын білмейді екенмін, аға, – деп күмілжимін.– Меніңше, зарлай жоқтау секілді… Иә, иә, зарлай жоқтау… Ай маңдайы жарқыраған ағамыз аудиторияны басына көтере саңқылдай күліп алды да: – Зарлай жоқтау дедің бе, бала?.. Болса болар… Өзің де бір зарылдап қалған бала екенсің…– деп, сынақ кітапшасын қолыма ұстата берді. Зекеңнің күлкісінің сырына қанықпын, алды-артыма қарамай зытып тұрыппын… Зачеткамды ашып қалсам, мен ұстазымның алдында бір сатыға көтерілген екенмін. Жетпісінші жылы Зекеңнің алдында дәл осылай зырылдап тұрсам, бір жыл бойы Қаратау мен дарияның ортасында зырылдап жүрмес едім-ау… … Бәріміздің туған әкеміздей болған сол Зекең де өмірден өтті. Білетінім, соңынан жоқтауға бергісіз талай-талай жақсы сөздер айтылды. Ал Олжекең мен Қадыр ақынның, одан қалды жалпы қазақтың асыл ағаларын қалай жоқтағаны, басқа, келелі әңгіменің желісі бола жатар… Меніңше, Зекең портретіне «ай маңдай» деген теңеу жарасады. Зекең «өзінің Әуезові» секілді ай маңдайлы адам еді ғой. Ай маңдай демекші, сол «ай маңдайға» қатысты бір оқиға ойға оралады. …Сексенінші жылдардың соңы. Қазақ теледидарында басшысымақтар қатарына қосылып, «болып-толып» жүрген кезім еді. Бірінші басшымыз Сағат Әшімбаевтың жеке тапсырмасы бойынша қоғам қайраткері Ілияс Омаров ағамыз туралы арнайы хабар дайындайтын болдық. Хабардың тақырыбы айқайлап-ақ тұр. Ұмытпасам, «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп аталатын. Ілекеңнің кезінде футболшы болған, бүгінде спорт комментаторы болып жұмыс істейтін ұлы Диаспен бұрыннан аралас-құраласымыз бар. Ілекеңнің мұрагері ретінде берілетін құжаттың бір данасын қолыма ұстатты. Қолымдағы құжаттың бір артықшылығы бар еді. Енді басқалар секілді мұрағат қызметкеріне тапсырыс беріп қойып, жоғарыда сарылып отырмаймын. Сол күні Орталық мұрағаттың жертөлесінен бір-ақ шықтым. Жертөленің ішінен салқын сыз еседі. Салқын болса да сарғайып кеткен қағаздардан бас алмаймын. Күнделіктер… Қойын кітапшалар… Ілекеңнің өз қолымен жазылған өлеңдер… Иә, өлеңдер. Сосын… хаттар… хаттар… Ішінде Ілекеңнің өз хаттары да, дос-жарандарының хаттары да бар. Тіптен Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының бұған дейін ғылыми айналысқа түспеген хаттары да жүр. Хат болғанда, көпшілігі өлеңмен жазылған хаттар. Ілекеңнің Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызбен бірге Аралға барған сапарынан жазылған жолжазбасынан толқынның тоғыз түрі болатынын оқып, бір олжалы болып қалдым. Қолыма Ілекеңнің Шығыс Қазақстан облысында басшылық қызметте жүріп, Орталық партия комитетіне жазған хаты түсті. «Орысы мол» өңірде қазақ тілінің жартыкеш тірлік кешіп жатқанын ашына жазыпты. Неткен батылдық! Елуінші жылдары мұндай хат жазған кісінің сол күні басшылық қызметте отыру түгілі, қызметтен шыққан соң өз үйін таба алмай қалуы мүмкін екенін ойлап қоямын. Бізге керегі де осы. Бірақ, менің тілімнің мүкісі бар, эфирге шыға алмаймын. Тек осы әңгімені теледидардан майын тамызып айтып беретін өзі келбетті, «аузының дуасы бар» адам табылса ғой, шіркін… Кенет хаттардың ішінен Зекеңнің өзіме таныс сұлу қолтаңбасын жазбай таныдым. Менің студенттік кітапшамдағы оң жаққа қарай сәл қисайта, маржандай тізілдіріп жазылған мына қолтаңбаға мақтана да, сүйсіне қарағаным есімде ғой. Бас алмай оқып жатырмын. «…Менің сізге деген құрметім ерекше екенін білсеңіз ғой, Ілеке… Сізді тұңғыш рет көрген сәтім есімнен кетпейді. Ай маңдайыңыз шам жарығына шағылысып, театр президиумында отырдыңыз. Орталық мінберге көтерілген сәтіңізде, құйылып түскен прожектор жарығы сіздің ай маңдайыңызға шағылысып… маған түк көрсетпей жіберді…» Міне, солай. Аз да емес, көп те емес, прожектор жарығымен шағылысқан ай маңдай… Кәдімгі, егжей-тегжейін қалдырмай, түбегейлі қопарып жазатын Зекеңнің қолтаңбасы, майын тамызып айтатын Зекеңнің стилі. Сол сәтте жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымды көрсеңіз. «Аузының дуасы бар» адам Зекеңдей-ақ болсын. Зекеңнің теледидардан сөйлеуінің өзі хабардың деңгейін бір биікке көтеріп тастайды. Хат мәтінін асығыс көшіріп алдым да, үйге қайттым. Көп ұзамай қазақ тілінің тағдыры жайлы баяндайтын сценарий басшылардың алдында жатты. Енді теледидардан сөйлеуге Зекеңнің келісімін алсам жетіп жатыр. Бірнеше күн іздеп ағамызды Жазушылар одағынан таптым. Жалма-жан ұстазыма Ілекеңнің қиын-қыстау кезеңде батырлық танытып Орталық комитетке жазған хатының көшірмесін көрсетіп, үлкен кісінің шын мәніндегі ел жанашыры, тіл жанашыры болғанын айтып жатырмын. – Сіздің адам танығыштық қасиетіңізге тәнтімін, аға… Ендігісі… Ел арасында беделіңіз бар ғой, осы әңгімелерді сіздің аузыңызбен айтқызсақ, қатып кетер еді…– деймін ғой баяғы. – Ілияс Омаров деймісің?.. О-о-о, ол кісі біртуар қайраткер адам ғой… Басқа – басқа, Ілекеңнің жөні бөлек қой біз үшін… Бірақ ол кісі Орталық комитетте жоғары қызметте жүргенде менен гөрі Нұрпейісовпен жақын болған… Сол ағаңа қолқа салып көрсең қайтеді?.. Әбдіжәміл ағамыздың теледидар түгілі, радиодан сөйлеуден ат-тонын ала қашатынын білемін. Оның үстіне Зейнолла ұстазымның «Орталық комитет» деген сөзді ауыз толтырып айтқанына қитығып қалдым. Бұл сексенінші жылдардың соңы. Цензураның да, партия шешімдерінің де күші қайтып, коммунистік партияның соңына жаппай шам алып түскен кезіміз еді. – Сол жылдардағы Орталық комитет пен бүгінгі қазақ тілінің қандай байланысы бар, аға?..– деппін сасқанымнан. – Мәселе Орталық комитетте де, партияда да емес. Уақытым жоқ, бала… Ана ағаңа бар… Әбдіжәміл мен Ілекең екеуі тонның ішкі бауындай болатын… Амал жоқ, сценарийді ашып жіберіп, ішіндегі аспирант Қабдоловтың Орталық Комитеттің хатшысы Ілияс Омаровқа жазған өз хатын өзіне оқып жатырмын. «Театр мінбесінде прожектор жарығымен шағылысқан ай маңдай, сол ай маңдайдан көзі шағылысып түк көрмей қалған аспирант…» Мынаны күтпесе керек, Зекең: – Бәрре-келді… Дәл осылай деп жазыппын ба, бала?.. Өзім де жазғышпын, ә…– деп күледі. Енді бүгін ойлап отырсам, бұл да «бірі кем дүние» екен-ау… Бірі кем дүние… «Иә, бірі кем дүние» деп жазыппын. Бәлкім, Шерағаң айтпақшы, «бір кем дүние» шығар… 2 Бүгінде кеңес дәуірі кезінде жазылған өндіріс тақырыбындағы шығармалардан ат-тонымызды ала қашып жүрген жайымыз бар. Менің түсінігім бойынша бала жігіт кезінде жазған «Ұшқынын» былай қойғанда, Зекеңнің басты кітабы саналатын «Жалын» романы да осы өндіріс тақырыбындағы шығармалардың үздік үлгісі болуы керек еді?.. Ал кеп іздейін. Ең қиыны, ертеректе оқыған романның бірнеше варианты барын білем ғой. Үйдегі көп кітаптың арасынан сексен үшінші жылы, яғни кеңестік дәуірде жарыққа шыққан екі томдықтың қолыма түскені. Таңдамалы деп аталады. Сырты жылтыр, қолдан қолға өте түсі өңіп кеткен сарғыш кітапты қайтадан парақтап отырмын. «…Осы ғасырдың Коммунистік Манифест атанған Партиямыздың жаңа Программасында жаңа Адамның – Коммунизм Адамының күллі болмыс-бітімі, жарқын бейнесі жайнап тұр… Коммунизм құрылысшыларының моральдік кодексіндегі адамгершілік принциптер мөлдір махаббаттан басталады; еңбекке деген, адамға деген, Отанға деген сүйіспеншілік. Бұл тегін емес. Өмір көркі – махаббат! Отанды сүю елдікке әкелсе, еңбекті сүю ерлікке апарады, ал адамды сүю бірлікке жеткізеді…» Оқимын, оқимын да екіұшты ой кешемін. Бәрі дұрыс, бәрі рас. Бала күннен санамыздың тереңінде тұнып, тұнып емес-ау сіңіп қалған ақиқат. Біздің ұрпақтың ақиқаты. «…Бізде қазір жаңа қоғам ғана жасалып жатқан жоқ, жаңа Адам да жасалып жатыр. Жаңа Адам! Коммунизм адамы!..» Міне, осылай. Көп жыл редактор болып істеген адамның қолжазба көрсе, түзетіп жібергісі келіп қолы қышитын әдеті бар. Оның үстіне классик ағаларымыздың біразы кеңестік дәуірде социалистік реализм тәсілімен жазылған шығармаларын түзеп те, күзеп жатыр ғой. Тәуекел! Алдымен «Коммунистік Манифест атанған Партиямыздың жаңа Программасында жаңа Адамның – Коммунизм Адамының…» деген сөздердің орнына «Тәуелсіздік Манифесі атанған Партиямыздың (Нұр Отанның, әрине) жаңа Бағдарламасында жаңа Адамның – Тәуелсіз Қазақстан Адамының…» деп түзетемін. Ал «Коммунизм Адамының орнына «Жаңа заман Адамын…» қойсақ, жетіп жатыр. Астапыралла! Қазақ әдебиетінің классигі деңгейіне көтерілген адамның қолжазбасына қол тигізетіндей мен кіммін! Бір қол тигізсе, Зекеңнің өзі қол тигізер еді. Ал Зекең, болса – болмаса, арамызда жоқ. Жастау күнінде жазған, «Социалистік Қазақстан» газетінің бәйгесінде бірінші сыйлық алған осы шығармасын ағамыз өзінің таңдамалы шығармалар жинағына кіргізген екен. Бұл мың тоғыз жүз сексен үшінші жыл. Егер ғайыптан тайып осы таңдамалы екі томдық үш жылдан кейін, яғни сексен алтыншы жылдың желтоқсанынан кейін жарыққа шығатын болса ше?.. Біздің Зекең осыдан кейін он үш жыл ғұмыр кешті. Ел тәуелсіздігін өз көзімен көрді, көріп қана қойған жоқ, ел іргесін бекітуге бір адамдай атсалысты. Кеңестік империяның күйреуіне қандай көзқараста болғанын кім білсін, ағамыздың айы оңынан, күні солынан туған кез – тәуелсіздік жылдары болғаны анық… Менің Сәрсенбек деген ақын ағамның: «Армансыз адам елімде, Лениндей болар тегінде… Оның да кетті ішінде, аспандай арман кемінде…» деген өлеңі болушы еді. Ал Зекеңнің арманшыл адам болғанын бәріміз білеміз. Сол ағамыздың да ішінде аспандай арман кетпегеніне кепілдік бере алмаймын… Бірі кем дүние дейтініміз осы!.. Алдымдағы сарғыш кітапты одан ары ақтарамын. Мынау – «Ұшқын» романы. Мынау – «Жалын» романы. Екеуі де өзім ойлағандай кеңестік реализм әдісінде жазылған. Болашақ жарқын заманға қарай асыққан қайсар да қатал мінезді арманшыл жандар. Бәрі орынды, бәрі орнында. Мен білетін көненің көзі Сардар бұрғышы да, «жан-жақты дамып келе жатқан жаңа заманның жасампаз өкілі» Қабден де өз орнында. Түптің түбінде Қабденнің, Қабден секілді арманшыл жастардың жеңіске жететінін Зекең біледі, Зекең білмесе, Зекеңнің таланты біледі. Кенет, өз-өзімнен аңырап қалыппын. Сұмдық қой мынау, сұмдық қой! Басынан бастап қайта оқимын. «Сұмдық» деп отырған мен емес, Зекеңнің өзі екен… « … Сұмдық-ау, бұл не ғаламат! Жем мен Жайық арасындағы жалпақ дала: астаң-кестең: аңырап-жамыраған мал мен жан беталды құладүз ығып барады. Ессіз жөңкілген жұрт өз ұяларынан өздері безіп, артынып-тартынып жолға шыққан. От сөнген, ошақ сынған – атамекен әдірә қалған… … Жер түрі неткен сұрықсыз, жұтаң! Елбең етер ебелек жоқ, бәрі қурап күйіп кеткен. Ағаш атаулы жап-жалаңаш. Әр жерде сарғайған жапырақтар қаудырлақ қағаз тәрізді; соларды саудырата ұшырып, оқта-текте жел ұйтқиды, құйын ойнақ салады. Лап беріп шалқып қалған алау лебіндей бір ып-ыссы жалын шарпып өтеді. Жанар жан ұшырып, босқан елдің бір шетінде жүріп келеді. Жөңкілген жұрт арасынан әкесін іздейді. Таппайды. Түнерген, түсі қашқан кәрі-жас; бәрі бірдей бұған оқты көзін қадап, бір түрлі кінәлай қарайды. Жанардың үрейі ұшты, тірі жанға тіл қатуға батылы барар емес. Ойпырмай, сүрініп-қабынып жүріп, көп ішінен бір танысын тапты әйтеуір: қонақүйдегі семіз сары қатын әлденені ызамен сілеп, тарғылдана шығатын дөрекілеу еркек даусымен дүңк-дүңк етіп сөйлеп жүр. Жанар оған төніп: – Апай-ау, бұ не керемет мынау? Қайда барамыз шұбап? – деді. – Не деп тұр – деп таңданды анау. – Білмеуші ме едің? Су іздеп барамыз, су!» «Лап беріп шалқып қалған алау лебіндей бір ып-ыссы жалын шарпып өтеді» деп жазады ағамыз. Айтпақшы, романның аты да «Жалын» емес пе? Романның соңы алапат өртпен аяқталмаушы ма еді? Ендеше мына «жалын» басқа жалын болғаны ғой… Шығарма желісіне мүлдем үйлеспей тұрған жолдарды ары қарай оқимын. «…– Не дейді жаным-ау! Семіз сары қатын оған енді жауап қатпады, самайынан бұғағына сорғалаған терін саусағымен сыпырып, тас төбеде шақырайған күнге қарады: – Осы маңның изені мен итсигенін түгел жиып, аспанның әнебір жеріне жиып, өртеп жатқан болар шұнақ құдай! Мынау күн емес, өрт қой ойбай, өрт қой! Жанар аңырып тұр. Сары апай тағы зарлады: – Құдай-ау, құдай, қу құдай! Аспанын қарашы, аспанын… Көгерген де безерген! Бір тамшы шық тамызар түрі жоқ. Жанар бұл жылауық қатынның қасынан тайқып, жұрт арасынан сытылып шықты да, әлгібір келген ізімен кері жүгірді. Қалай, қайда, неге жүгіріп келе жатқанын өзі де шала түсінеді. Әйтеуір, Мұнайлының маңы… Міне, шаһар шетін сілкілеп жатқан алып өндіріс. Міне, қаланы қақ айырып аққан… өзен: теп-терең, мөп-мөлдір. Ал әлгілер су іздейді. Бұл не ғажап, шырақ-ау!.. … Сары апай аһ ұрып, екі шекесін қысты: – Қарақасқа қыз-ау, саған не болған? Білмеуші ме едің? Су ма сол, у емес пе, ойбай, әдіре қалғыр у ғой ол. Удай ащы тұзды сорды өзен дегені несі бейшараның. Ой, құрып кетсін, құрып кеткір: сулы сортаң екен ғой. Мұнайлының ортасымен бұрала ағатын ащы су бар. Судың асты қабат-қабат көк тұз. Қаланы тұңғыш көрген тосын адам сордың суы терең, айдынды болған соң, су үстінде екі жерден көпір тұрғандықтан оны кәдімгідей өзен деп ойлайтын. Ащы су көлденең кісінің көзін алдап, шынында да шалқар өзендей шалқып жатады Ал, Жанардікі не? Алжасқаны ма? Жанар тағы да жүгіре жөнелді. Бұл жолы Мұнайлының бір қиырындағы аэропортқа беттеп келеді. Асыққан, сасқан адамда ес болмайды екен-ау: қолына шелек алыпты, ең болмаса әлгілерге бір шелек тұщы су ала бармақшы…» Міне осылай. Өмір бақи азаптан айрылмаған ойсылқара жарықтық. Күн са­йын босап, қаңырап қалып жатқан үй. Атам заманнан қазақтың маңдайына жазылып қойған соры – тұщы су. Су… Су… Сол су үшін зар илеген ағайын-туғанға бір шелек су апарғысы келіп зыр жүгірген балапан қыз. Сосын… мұнай. «Аспанда – құдай, жерде – мұнай». Басында дабыра-дақпырты зор болған, ақыр соңында қара халықтың маңдайына сор болған мұнай ғой ол. Жарты әлемді әлекке салып қойған сол мұнайдың әлегі осымен бітсе жақсы… Бұл осыдан қырық жыл бұрын жазылған жолдар екеніне бәс тігуге бармын. Ал бүгін ше? Тәуелсіздіктің жиырма екінші жылында да су дауы бітпей тұрғаны несі? «Қазақстанның алпыс пайыз жұрты ащы суға жарымай отыр…» «Мемлекеттік тұщы су» бағдарламасының қыруар қаржысы қолды болды…» «Су бағасы орта есеппен төрт есеге дейін көтерілмекші…» «Бүгінгі қазақ ауылдарынан мысал келтіре аламын. Онда шаруашылық қажеттіліктері үшін жаңбыр суын жинайды, өздері ерітілген мұз бен қар суын ішеді…» «Қазақстанның сіңірі шыққан зейнеткерлері дене тазалығынан суды үнемдейміз деп сасып кетті…» «Суды үнемдеу үшін арамызда дәрет суын унитазға емес, далаға апарып төгіп жүрген зейнеткерлер бар…» «Германияда суға алдымен ыдыс-аяқты, сосын сол сумен еденді жуады, суға алдымен балаларды шомылдырып, артынан ересектер шомылады…» Су… Су… Су туралы көп жазғандардың бірі өзіммін. Гербицит төгілген каналдың қашыртқы суын ішуден іші жидіп кеткен ауылдың баласымын. Біздің бала күнімізде қыстай ауладағы ұраға мұз жинап, үстін малдың қиымен бастырып қоюшы еді. Жаздай ішетін суы сол. Бүгінде санитарлық норма бойынша еліміздің әрбір тұрғынына күн сайын 125 литр су белгіленген екен. Ал күн сайын су таситын машинамен жеткізілетін екі фляг сумен тіршілік кешіп жатқан он балалы отбасылар туралы не айтасыз? Ештеңе де айта алмайсыз. Ал кеңестік кезеңде мұндай сөзіңіз үшін ішіңіз өтіп қана қоймай, басыңыз да кетер еді-ау… Ал Зекең… айтыпты. Оқып отырмын, оқып емес-ау, көріп отырмын. Оқып отырғаным – қорқынышты оқиғаларға құрылған шетелдік триллердің сценарийі секілді. Көріп отырғаным – Жаңаөзеннің көшесінде түсірілген кадр­лерден аусай-шы. Бәлкім, Каспий деп аталар тұйық судың бойын мекендеген елдің болашағын меңзеген фантастикалық шығарма желісі ме екен?.. Өзіміз өндірістік тақырыпта жазды деп жазғырып жүрген Зекеңнің қаламынан бұдан отыз жыл бұрын туған туынды. Иә, туынды!.. Онсыз да үш жүз алпыс әулиесі бар Маңғыстау түбегі мен Үстірттен түлеп ұшқан Зекемнің бойынан әулиелік іздеп қайтеміз… Қош! Басқа – басқа, мұндай ұшқары теңеу бүкіл ғұмырында ғылыми дәлелдемелер мен дәйектемелерге сүйеніп өткен «менің Қабдоловыма», (Зекеңнің Әуезові болғанда, менің Қабдоловым неге болмасын?) жараспас. Жас күнінде «Коммунизм адамы», «Қайнар» атты көлемді эсселер жазған, Атырау мен Алтайдың арасында коммунизмнің салтанат құратынына имандай сенген Зекең ғой ол. Бұған не айтарсың? Бәлкім, «бірі кем дүние» деп жүргеніміз осы шығар? 4 Қош!.. Зекеңнің кімнен, қайдан үйренгенін кім білсін, біздің Зекеңнен үйренгеніміз аз емес. Жалғыз біз ғана емес, жұмыр жер деп жүргені сопақ жер екенін біліп қалған біздің замандастар сол азды-көпті білімін экология ғылымы деп атап, өздері мыж-тыжын шығарған бейшара құрылық үшін шырылдап жүрген жайы бар. Экология тақырыбынан диссертация қорғап, абыройға бөленіп жүрген ағайынды, («Табиғат» атты қоғамдық ұйым құру арқылы қалың қазаққа ел басы (әлде, Елбасы) болып кете жаздаған Мэлс Елеусізов те бар, өзіміз де осы экология атты өтімді тақырыпты қозғау арқылы анда-санда болса да нәпақа айырып жүрген пенделердің біріміз. Мен де осыдан отыз жыл бұрын «Табиғатым – тағдырым» атты шығармамда: «… Бұл жерде мәселенің бір ұшы біліп жазу мен білмей жазуға келіп тірелетін секілді. Өйткені, жалпы дүрмектің жетегіне еріп желпілдегендерді – бір тал сіріңке шырпысына қарап, сонау Сібір ормандарының тағдыры жайлы толғанғандарды да оқыдық. Менің бір жазушы досымның махаббат жайлы жазылған жап-жақсы әңгімесі болды. Бір қызығы, сол әңгімесінен жазушы досым экологиялық астар іздеуші еді. «Мен өзімнің тұңғыш махаббатымды іздеп ауылға келемін. Келсем, баяғы кішкентай қыз да, сол қыз екеуміз суға түсетін кішкентай арық та жоқ. Міне, экология дегенің қайда жатыр» деп мәз болатын. Егер сол досым табиғаттың түбіне жеткен сол бір қажетті-қажетсіз қазыла берген мың-мың кішкентай арықтар екенін білсе ғой…» деп жазыппын. Мына жолдарды қайта оқып отырып, сол бір жастау кезімде де өз ұстазыма еліктегенімді сеземін. Еліктегенде, анау-мынау емес, академик ағамызға еліктегенім анық. Ал Зекең болса… «…Осы өндіріс ел кәдесіне асқалы елу жыл екен. Былай қарағанда бәрі ретше: Мұнайлы халық игілігіне аз қызмет еткен жоқ. Басқасы өз алдына, кешегі соғыс жылдарында аспаннан ажал боп төнген қызыл қырғилар тек қана осы қаланың жанар майымен ұшты. Биікке, ұзаққа самғар әуе қырандары әлі күнге дейін тек осы қаланың мұнайын пайдаланады. Өйткені, мұның сапасы – жер бетінде жоқ сапа…» деп толғатады. Иә, қазақтың мұнайының сапасы «жер бетінде жоқ сапа» екеніне Зекең ғана емес, мен де сенемін. Ал Зекеңнің мен секілді шәкірттерінің бірі Ермұрат Бапи жанашырлық танытатын басылым былай деп толғатады. «… Ресейде мұнайды шетке шығарудан түсетін салық 418 долларды құрайды, Белоруссияда – 403. Қазақстанда – 40 доллар, жақында 20 долларға өседі…» Зекең мен Ермұрат толғатқан соң, мен де толғатам. Неге?.. Неге олай?.. Ел несібесін өз бағасынан он есе арзанға беретіндей бізге не көрінді?.. Бәлкім, біздің мұнай мен Ресейдің мұнайының арасында айырмашылық бар шығар?.. Мен, әрине, мұнай сарапшысы емеспін. Мәселе, сол мұнайдың сапасында жатуы әбден мүмкін-ау… Зекеңнің кітабына үңілемін. Солай. Зекеңнің мұнайы әлемдегі ең сапалы мұнай, Зекеңе сенсем, Сардар мен Қабденнің табанынан тауысылып іздеп жүрген мұнайы да, жерден жеті қоян тапқандай алақайлап қуанған мұнайы әлемдегі ең сапалы мұнай секілді еді. Жер де тозар, адам да тозар. Бірақ сол жер астындағы дүниенің де тозатын болғаны ма?.. Осылай ойласам, жүйкем қозып, мыйым тозып кете ме деп қорқамын. Қолы ашық, кеңқолтық қазақтың қонақжайлылығы ұстаса, жалғыз лағын сойып беретінін білеміз, біліп қана қоймай мұны ұлттық брендтердің (құндылық десек те болар) қатарына қосатындардың бірі өзіммін. Ендеше… «Былтыр біз 68,139 миллион тонна шикі мұнай мен газконденсатын шетке шығару арқылы 56,442 миллиард доллар таптық. Егер шетке шығаратын осы тауарға Ресей бағасын қойсақ, қосымша 17 миллиард табар едік. Осы соманың бар болғаны 6 пайызы жүкті әйелдердің декреттік ақшасын қысқартып тастамауға мүмкіндік берер еді…» Алты пайыз! Он жеті миллиард доллар! Он жеті миллиард доллар дегенің еліміздегі халықтың жиырма бір жыл бойы жинаған (жинақтаған) қаржысы емес пе? Біздегі зейнеткерлік қордың не себепті жинау емес, жинақтау деп аталатынын әлі күнге түсіне алмай жүрген біз секілді шалдарға жүкті әйелдерге қатысты алты пайыз ақшаның мәселесін түсіндіре алар ма екенсіз… Жақсы болсын, жаман болсын, біз коммунизм болмаса да социализмнің қызығы мен шыжығын бір адамдай көрген ұрпақпыз. Қазақ әдебиеті алыптарының бірі Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз цензураның күйіп тұрған кезінде жазылған шығармаларын қайта түзетіп жатыр деп естиміз. Әбіш Кекілбайдан «Үркер» мен «Елең-алаңды» қайта жазуын өтініп жүрген Жүсіпбек Қорғасбектің де бір білгені бар шығар. Ендеше, бәріміз де сол «Бір кем дүниеде» тіршілік жасап жатқан болып шықпаймыз ба? Иә, бір кем дүниеде!
Серік БАЙХОНОВ