МИГРАНТТАРДЫ АУЫР СЫНАҚ КҮТІП ТҰР

МИГРАНТТАРДЫ АУЫР СЫНАҚ КҮТІП ТҰР

МИГРАНТТАРДЫ АУЫР СЫНАҚ КҮТІП ТҰР
ашық дереккөзі

Жақында Ресей миграциялық саясатқа қатысты біраздан бері талқыға түсіп келген концепцияны бекітті. 2025 жылға дейін бағытталған бағдарламаның жүзеге асуына жауапты Федералды миграциялық кеңестің басшысы Константин Ромодановский лек-легімен ағылып жатқан миграция көшін тәртіпке салатындығына сенімділік білдірген.

Ресми мәліметке сенсек, бүгінгі таңда Ресейде жыл сайын 3 млн.нан 5 млн.-ға дейін шетелдік еңбек күші заңсыз жұмыс істейтін көрінеді. Ал былтырғы жылға арналған квота 1,7 млн. адамға. Одан бөлек мигранттардың ортаға бейімделуі (орыс тілін үйрену мен Ресей тарихы мен мәдениетін оқыту курстарына) жөніндегі бағдарламаға 14 млрд. рубль бөлу көзделіп отыр.

Еңбек мигранттарының орыс тілін үйренуі жіті қадағаланатындығын бұған дейін де жазған болатынбыз. Әсіресе, Ресей президенті В.Путин өзінің сайлауалды бағдарламасын негізінен мигранттар мәселесіне арнап, оларға орыс тілін білуді міндеттеу керектігін баса айтқалы бері күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. Соның нәтижесінде аталмыш стратегиялық құжаттың қабылдануына түрткі жасалған секілді.

Жақында ғана Ресей премьері Д.Мед­ведев елге тек кәсіби білікті және қажетті жұмысшыларды тарту керектігін жеткізді. Оның айтуынша, қазір Ресей аумағында шамамен 10 млн. мигрант бар. «Бізге өркениетті еңбек нарығын қалыптастырып, экономикамызды сауатты еңбек күшімен қамтамасыз ету керек. Бір өкініштісі, Ресейден жоғары білімі мен білігі бар мамандар кетіп жатса, есесіне бізге біздің заңды, тілді, мәдениетті білмейтін әр түрлі жұмысшылар келуде», – дейді премьер.

Ал Федералды миграциялық кеңестің басшысы К. Ромодановский 2025 жылға қарай миграциялық ағынды азайтатын болса, әуелі Ресей демографиялық мәселені шешу қажет екендігін айтады. «Жұмыс күшіне деген тапшылық экономиканың өсу қарқынын төмендетіп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін түсіруі мүмкін. Ресейді ТМД мемлекеттерінен келетін мигранттарсыз елес­тетсек, 2011 жылы тұрғындардың саны 7 млн. адамға кемитін еді. Концепцияның мақсаты – 2016 жылға қарай жыл сайынғы миграциялық өсім 300 мың адамнан аспау керек», – дейді К.Ромодановский.

Демек, көрші мемлекет еңбек мигранттарын келесі жылдан бастап арнайы сынақтан өткізіп, қабылдайтын болады. Егер орыс тілі мен Ресей тарихын мүлдем білмесе немесе үйренуге талпынбаса, өз Отанына қайтарылуы мүмкін. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарға жұқпалы ауру түрлерін жұқтырмауы үшін медициналық тексеруден өтуі қажет. Федералды миграциялық қызметтің мәліметінше, жыл сайын Ресей аумағына кіріп-шығатын 13-14 млн. адамның көпшілігінің денсаулығы да сын көтере бермейді. Құзырлы орган еңбек мигранттарын үнемі тіркеуге алып, қадағалап тұрмаса, елде қылмыстық оқиғалардың да шамадан тыс көбейіп кететіндігін де алға тартады.

ӨЗБЕК АЗАМАТЫ ШЕРТКЕН СЫР

Мәскеу сияқты үлкен мегаполисте жұмыс істеп, нан тапқысы келетін еңбек күші талапқа сай болу керек. Тәртіпке бағынбайтындарды елден аластату оңай шаруа. Мұны мигранттардың өзі де жақсы біледі. Өзбекстаннан Мәскеуге барып, нәпақасын айырып жүрген Сейдалы атты азаматпен тілдескенімде, ол орысша сөйлесуге ыңғай танытты. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, мәжбүрліктен бе, міндеттеуден бе, әйтеуір орыс тілін бір кісідей меңгеріп алған. Оның алып шаһарда еңбек етіп жүргеніне бес жылдай уақыт болыпты. Тапқан ақшасы пәтерақы мен отбасына жіберіп тұруға жетеді екен. «Әуелгіде қатты жүрексіндім. Бірақ Өзбекстанда жұмыс жоқ. Қазақстанға барайын десем, онда онсыз да өзбек пен қарақалпақтан аяқ сүрінеді. Сөйттім де, тәуекелге бел буып, Мәскеуге тартып тұрдым. Мұндағылар бізге үрке қарайды. Сыртымыздан «Азиаттықтар ғой» деп жатады. Ондайлардан мейлінше аулақ жүруге тырысамыз. Бірдеңе десең, суық қару кезенуден тартынбайды. Кешкісін көшеге шығуға қорқасың. Әлгі «скинхед» деп аталып кеткен топтың мүшелерінің сырттан келген қаншама еңбек мигрантын мерт қылғанын естиміз. Өзбекстанда жұмыс болса, айдалада қаңғып неміз бар?!», – деп сыры мен шерін ақтарып салды. Ал орыс тілін қалай үйреніп алғанын сұрағанымызда, өзбекстандық азамат Ресейдің миграциялық саясатына әбден қанық екендігін білдірді. «Бізге барған кезде-ақ жұмыс барысында орыс тілінде қарым-қатынас жасау міндеттелді. Жұмыс беруші қожайынымыз да бірауыз орысша білмейтін өзбектерді дұрыс болсын, бұрыс болсын орыс тілінде сөйлестіріп қоятын. Уақыт өте келе өзіміз де тіліміздің қалай орысшаға бейімделіп кеткендігін аңғармай қалдық. Білуімше, қазір орыс тілін үйрететін арнайы тіл орталықтары ашылуда. Бірақ біздің жұмыстан оңайлықпен қолымыз босай қоймайды. Оның үстіне біздің «мәскеулік мигрант» атанғанымызға біраз жыл. Бұл қатаң талап кейінгі келген еңбек күшіне қойылып отыр», – деді орысша сөйлегенін мақтан тұтып.

Соған қарамастан, Сейдалы Мәскеудің қаржы орталығы екенін, онда қара жұмыс істеген адамға да ақша табылатындығын қайта-қайта айтумен болды. Туған жерін сағынып, екі-үш күнге келген өзбек азаматы өзін «мәскеулікпін» деп есептейді екен. «Мен сияқты қаншама отағасы сыртта жүр. Ең бастысы, отбасыма тапқан-таянғанымды жіберіп тұрамын. Тіпті, отбасым бұған үйреніп те алды», – деп ағынан жарылды ол.

Иә, дәл осындай еңбек мигранттары Қазақстанда да баршылық. Бірақ оларға біздің тарапымыздан қойылатын қатаң талап жоқтың қасы. Керісінше, арнайы мәртебе беру жағы қарастырылып, барлық медициналық көмек ұсынылып келеді. Сондықтан да әу баста бір үзім нан үшін келген мигранттар біржола тұрақтанып қалуға ұмтылуда. Осылай бірталай отбасы түтінін түтетіп, баласын асырап та жүр. Ал біздің осы салаға жауапты мамандарымыз ірі қалаларды ауылдан қалаға үдере көшкен ішкі миграция басып алды десе де, бұған сырттан ағылған еңбек күшінің де едәуір үлесі барын жасыруға болмайды.

Орыс тілін өршелене қорғаған Ресей енді мигранттардан сынақ алмақшы. Мұның астарында қандай саясат жатыр? Қолда бар деректерге жүгінсек, бүгінде Ресей экономика саласын көтеретін білікті мамандарға зәру. Сондықтан да бұдан былай елге ағылған еңбек күшінің де сауаттылығы, кәсіби біліктілігі ескерілмек. Ал есесіне еңбек мигранттары ел аумағын бұрынғыдай ерсілі-қарсылы кесіп өтпейтін болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ