ЕЛБАСЫНЫ КҮТКЕН ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ

ЕЛБАСЫНЫ КҮТКЕН ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ

ЕЛБАСЫНЫ КҮТКЕН ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ
ашық дереккөзі

Айыр қалпақты қырғыз елi Қазақстанның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанға iс-сапармен келуiне үлкен мән берiп, ыстық ықылас танытуда. Халықаралық дипломатиялық ұстаным бойынша, қазақ пен қырғыз терезесi тең ел екендiгiнде дау жоқ. Дегенмен Қырғызстанның Президентi Алмазбек Атамбаевтың осы жылдың мамыр айында Астана қаласына барған сапарындағы мемлекет басшыларының өзара сұхбаттасуынан “Ағасы бардың жағасы, iнiсi бардың тынысы бары” айқын сезiлдi. Алмазбек Шаршенұлы iнiлiк iзетпен “тамыз кездесуiнде” қырғыз халқы күткен бiрқатар мәселелердiң оң шешiлерiне үмiт артатынын бiлдiрген.

Сол сәт те келіп қалды. 21 тамызда Елбасының Қырғызстанға мемлекеттік сапары басталады. 22 тамызда Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет басшылары деңгейіндегі Мемлекетаралық Жоғарғы Кеңестің жиыны, ертеңіне Түркi тiлдес мемлекеттердiң ынтымақтастық кеңесiнің 2 саммиті өтеді.

Осындай маңызды оқиғалардың қарсаңында 14 тамызда баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев қазақ-қырғыз мемлекетаралық Жоғарғы Кеңесінің жиынында талқыланатын мәселелер, негізінен, үш топтан тұратынын мәлімдеді.

Біріншісі – экономикалық, атап айтқанда сауда-экономика, су-энергетика және ауыл шаруашылық саласындағы қарым-қатынастарды бекемдеу. Қазақстан Қырғызстанның «Қамбар Ата-1» және «Қамбар Ата-2» су электр станцияларының құрылысына қатысуға, Кемін – Алматы электр желісін тартуға қызығушылығын білдіріп отыр.

Президент Н. Назарбаевтың сапары кезінде радио жиілікті пайдалану және жарғылық капиталы 100 миллион долларлық Қазақ-қырғыз инвестициялық қоры бойынша келісімдерге қол қойылмақшы. Елшінің айтуынша, қазіргі күнде қор үшін 30 миллион доллар алғашқы транш бөлінген. «Бұл қаражат Қырғызстанның бюджетінің жыртығын жамауға емес, тек қана бизнес-жобаларға беріледі. Біз осылайша Қырғызстанның ұлттық экономикасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға қолқабыс жасаймыз», – деді Бейбіт Исабаев баспасөз мәслихатында. Елші Қазақстан Қырғызстан үшін ірі инвесторлардың бірі екендігіне тоқталып, соңғы он жылда өлкеге 1,5 миллиард доллар инвес­тиция салынғанын да, атап өтті. Екі елдің арасындағы сауда-саттық айналымы өткен жылы 750 миллион долларды құрапты, оның көлемі 1 миллиард долларға жететін күн де алыс емес сияқты. Бірінші блок бойынша Қырғызстанның Кеден одағына кіруі жөнінде пікір алмасып халықаралық ұйымдарда «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекеттену де қаралмақшы.

Екіншісі – аймақтық қауіпсіздік проблемалары. 2014 жылы Ауғанстаннан АҚШ үйлестірген коалициялық күштер шығарылады. Бұған байланысты Қырғызстанның оңтүстік өңіріне, жалпы алғанда Орталық Азияға сырттан лаңкестік және діни-экстремистік қатер төнуі мүмкін. Жиында олардың алдын алу шаралары талқыланады.

Үшіншісі – мәдени байланыстарды нығайту. Осы шара аясында 15 тамызда Қазақстанның Қырғызстандағы мәдениет күндерінің айлығы басталып та кетті. Айлық «Қазақстан киносының күндері» бағдарламасының аясында Бішкектегі «Манас» кинотеатрында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағын бейнелеген «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін көрсетумен ашылды. 15 қыркүйекке дейін созылатын мәдениет күндерінің салтанатты гала-концерті Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен 22 тамызда өтетін болды.

Мемлекет басшыларының мамыр кездесуінде келісілгендей, Бішкекте Шоқан Уәлихановтың ескерткішін тұрғызу, оның атында көше ашу, ал енді Астанада қырғыз батыры Манастың ескерткішін тұрғызу бауырлас елдерді рухани жақтан жақындатудағы елеулі қадам болмақшы.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі