БИСМИЛЛА – БЕРЕКЕЛI IСТIҢ БАСТАУЫ

БИСМИЛЛА – БЕРЕКЕЛI IСТIҢ БАСТАУЫ

БИСМИЛЛА – БЕРЕКЕЛI IСТIҢ БАСТАУЫ
ашық дереккөзі
1001

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим!

«Дүниеге көңiлдi байлама. Мен Жән­нетке көңiл қойған едiм, одан шы­ғарыл­дым»; «Әр iстiң ақыры неге алып келетiнiн ойлан, мен ойланбадым…»; «Әйелдiң сөзiне ерме, мен әйелдiң сөзiне ергеннен Жәннеттен шықтым»; «Бiр iстi жүрегiң қаламаса бастама. Тыйым салған ағашқа таянғанды жүрегiм қаламайтын»; «Әр iстi ақылмен кеңесiп iсте. Егер мен перiштелерден сұрасам, онда мұндай халге түспеген болар едiм» – деген бес өсиетiн айтқан Адам (ғ.с.) «Осы iстерге бекем бол және ұлдарыңа өсиет ет», – деп шегелеген. Ал сол Адам (ғ.с.) Пайғамбарымыздан бергi адамзат баласының сансыз толқынына жетерлiктей дүниелiк өсиеттер қазынасы қаншама. Ол бiр керуен дүние, ал оның асты-үстiн орап, басы мен аяғын құрайтын үлкен iлiм бар. Ол Алланың қасиеттi кiтабы – Құран. Бiрде: «Менiң қырықты қамтыған балам жолынан жетi тиын тауып алып, оған өзi «Жерден жетi қоян тапқандай» қуанды. Жетi саны қасиеттi, бiрақ сол қасиеттiң шегiне жете алмай қойдым», – деген ақсақал кiсiнiң сөзiнен «Нелiктен адам санасы жетiге келiп тiреледi?» деген ой туды. Ойынның оймағында сүрiнiп, қара жерге ақ тiземiз жырылғанда, атамыз «Жерден жетiге келгенше таяқ жейсiң» деп, жұбататын. Қасиеттi жұмаларда анамыздың үлпiлдек шелпегiн жетi үйге ала жүгiрсек, кеш бата «Жетi қараңғыда бейуақ жүрме», – деп үйге қуып тығатын. Жердi жетi рет шарласаң, ондай сұлу табылмас немесе сонау бiр Бәдiгөй ханның қызын жетi елге айттырған әжемiздiң бағзы заман ертегiсi ұйқымызды тәттi ететiн. Ал жердегi жетi қоян қазақтың даналығына қайдан енген? Бәлкiм, Жаратқанның жетi қат көгi мен жетi қабат жерiнiң арасына иелiк еткен адамзат сол «Жетiнi» сезетiн болар. Жетi қат көкке яғни Миғражға көтерiлген тек қана бiр адам, ол – ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз. Алайда, нелiктен Жаратқанның Өзi жаратылысын құпия жетеумен құрған. Әрине, бұл Алланың жұмбағы десек те, жетi санының қасиетi неде? Дiнiмiзде нақты бұған шарғи мәселеде дәлел болмаса да, жүрекке қонымды, ниетке байламды сандық жүйелер бар. Олар – исламдағы қырық парыз, дiнiмiздегi бес тiрек, имандағы жетi шарт және т.б. Дiнiмiздiң Әбу Ләйiс ас – Самарқанди фиһк ғалымы «Мұсылман баласы жетi кәлима сөзден өмiрдiң жақсылығына жетедi әрi дүниеден өтерiнде қиналмауына көп себеп болады», – деген. Ол ақиқи шындық. Бұл жетiсiз мұсылман жетi күнiн өткiзбеуi тиiс. Ал сол жетiнiң көшбасшысы – «Бисмилла». Мағынасы «Алланың атымен!». Алла тағала әлемнiң тағдырын жазбас бұрын қаламды жаратады және оған «Жаз!» деп бұйырады. Қалам: «Не жазам?» – деп сұрайды. Алла тағала: «Осы күннен ту қияметке дейiн болатын iстердi» – дейдi. «Қай сөзден бастайын?» – дегенде: «Бисмилладан баста!» – дептi. Сонда қалам «Бисмилла» сөзiн жетi жүз жыл жазып бiтiрген екен. Бұдан Аллаға ниетi таза, шынайы ықыластағы қандай да бiр мұсылман Бисмилланы үзбей айтса, жетi жүз жыл нәпiл құлшылықтың сауабын алады екен. Құранның барша шарапаты «Фатиха» сүресiне, ал «Фатиха» сүресiнiң барша шарапаты «Бисмиллаға» ноқталанған. Бiрде бiреуi тоя семiрген, ал екiншiсi арып – азған екi шайтан кездесiптi. Азған шайтан: «Мен Аллаға иман келтiрген салиқалы адамды азғыруға бекiндiм. Бiрақ, ол адам барлық iсiн тек Бисмилламен жасайды. Одан мен азып-тоздым», – дептi. Сонда екiншiсi: «Ал, мен семiрдiм. Себебi, маған байланған адам шексiз надан әрi пасық. Аяғын басса да, тамақ жесе де асығып, ашкөздiктен Бисмилланы айтуға ұмытып кетедi. Одан мен семiрдiм» деген екен. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың: «Кiмде – кiм сол қолымен Бисмилласыз тамақ жесе, ол адаммен бiрге шайтан тамақтанады» дегенi осыған дәлел болады. Бiр жiгiт салиқалы, тақуа әйелге үйленедi. Әйелi болса, қай iсте болсын Бисмилласын үнемi үзбейтiн жан екен. Сөйтiп, күйеуi әйелiнiң Бисмилласын сынағысы келдi ме, қолындағы жүзiгiн шешедi де «Мынаны жасырып қоя сал, кейiнiрек аламын», – дейдi. Әйелi болса, күйеуiнiң жүзiгiн Бисмилла деп алады, Бисмилла деп сандыққа салады. Әрi қарай жұмысына Алланың атымен кiрiгiп кетедi. Бұл кезде күйеуi сандықтан жүзiктi алып, құдыққа лақтырып жiбередi. Әйелi Бисмилла деп, құдыққа шелегiн тастағанда, шелектегi сумен бiрге жүзiк шығады. Әйелi ол жүзiктi қайтадан Бисмилла деп, сандыққа салып қояды. Кешке таман күйеуi әйелiне «Жүзiгiмдi алып келшi» дейдi. Әйелi Бисмилла деп, сандығын ашып, күйеуiне осы сөзбен жүзiгiн әкеп бередi. Бұл жағдайға таң қалған әлгi әйелдiң күйеуi Бисмилланың құдiретiне табынып сол күннен берi аузынан үзбептi… Бисмилланың о дүниеде берерi зор. Осы өмiрiнде Бисмиллаға әдеттенген адам о дүниелiк қабiрге түсiп, Мүнкәр мен Нәкiр перiштелерi жауап алғанда үйреншiктi әдетiмен Бисмилласын айтып тұрады. Сонда Перiштелер де сұрақты жеңiл алады. Бисмилла айту сүннет амалы болса да, әрбiр адам оны әдетке айналдырса, Жаратқан Алланың жақсылығы шексiз болмақ. Әсiресе, Бисмилланы балаға үйретсе өте жақсы. Бұл сөзге бала тiлi сынған кезде, Алла тағала перiштелерге: «Үш топты азаптан құтқарыңдар. Үйренген бала, оның ата – анасы, үйреткен адамдарды» – деп, бұйырады. Сондығынан, Бисмилла – әрбiр iстiң басты нәрi. Алдыға ас келсе, Бисмилламен дәмiн сiңiрген тиiмдi. Онсыз қазан асып, нан үзбек керек емес. Себебi, құнарсыз тағам бойға қуат бермес. Кейде өмiрдiң күйбең тiрлiгi бәрiн ұмыттырады. Ал оған қарсы тұра алатын құдiреттi Бисмилла. «Бисмилласыз басталған әрбiр iстiң соңы келте» деген хадис те бар. Ұлтымыздың саңлақ ұлы Ыбырай Алтынсарин келешек жастарымызға «Бiр Алланың атымен, кел, балалар, оқылық» деп, Бисмиллаға тартқан. Екiншi кәлима «Әлхәмдулиллях». Мағынасы «Аллаға шүкiр» дегендi бiлдiредi. Бұл адамзат баласының бiр күнiндегi жақсылығына қанағат, ал жамандығына қайырым беретiн сөз – Аллаға бiлдiрген белгiдей болмақ. Сондықтан, әр күнiмiздiң әрбiр iсiне үтiр мен нүкте болатын әлхәмдулилляхқа яғни шүкiрлек етуге әдеттенген жөн. Бүгiнде «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледiнiң» кебiн киюшiлер қатары азайып, керiсiнде тiкен тiлi мен қайтпас жағына сүйенгендердiң күнi артқан. Өйткенi сөз салмағын жеңiлдеткен бiр басқа, оның құдiретi мен қадiрiне көңiл бөлмегендiк мықты болып тұр. Құдай берген тiлiн еркiне қоя бергендердiң қызыл тiлдерi қызу еңбек үстiнде «Он күнәнiң тоғызы тiлден» дегендi ұмытып жатыр. Мiнсiз адам болмаса, шырынсыз сөз кiмнiң көңiлiн жамамақ? Ал мұсылман адамның ғайбат айтуы – ауыр күнә. Жай адамды, жамағатты жамандап, күңшiлдiктегi осындай жортқыш тiлден шошынғанда не болмаса үрейленгенде дереу «Астағфируллаһ» айтқан дұрыс. Бұл Жаратқанның кешiрiмiн беретiн жетi кәлиманың бiрi. Мағынасы жағынан «Аллам, кешiре гөр!». Ал тiл кәлимаға келген соң, сабырлықпен күнә сөзге тыйым салу – сауап. Үнсiз қалу шайтанға жолықтырады. Хасан Басридiң алдына Жаратқаннан бала сұрап, жауын тiлеп, байлықты қажет еткен үш адамның бақыттары осы Астағфируллада болды. Одан бiрi ұлды, ендi бiрi жауынмен берекелi, үшiншiсiне дүние тұрып, байыды. Негiзi, Астағфирулланы көбiрек айтқан адам Жаратқан алдында күнәсiнен арылады. Ал күнәсiз адамның дұға – тiлегi әрдайым қабыл! Әлбетте, жүректегi иманымыз Астағфирулланы қалғытпаса екен. «Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләәһил ға­лиил ғазим». «Жоғары да үстем Ұлы Алладан басқа ешқандай күш те, қуат та жоқ» дегендi бiлдiретiн бұл сөз жетi кәлима iшiндегi қуаттысы. Көптi көрген көз қартаймайды. Алайда, «Дiнiмiзде ананы да, мынаны да болмайды. Сонда мына өмiрдi қайтiп сүру керек» дегендер жамандықтан арыла алмай жүргендер. Олар исламның өзегiне мойын бұрмай, дiндi қиындатып жатса, нәпсiсiн қорғаған мен рухани табансыздар ара-тұра қашып жатады. Жаратқан Алла адамға таза әрi тура жол көрсетедi. Ал, сол жолдан бұрылып, жамандықтың iзiн салатын адамның өзi. Одан кейiн тағдырға кейiп, кемтiгiн Алладан көрудiң қажетi жоқ. Әрине, жамандықсыз жақсылықтың қадiрiне жетпеймiз. Алланың құдiреттi қалауымен мына әлем адамзатқа аманатпен берiлген. Алла ең күштi де мықты! Есте сақтайтынымыз, әжемiз айтқандай, жердi жетi рет орасаң да, Алланың құдiретiнен артық қуат табылмас! Мұса (ғ.с.) Пайғамбарымызға Таурат кiтабы берiлгенде, ол өте үлкен болатын. Оны нар түйенiң өзi де әзер көтерген. Мұса (ғ.с.) сол Таураттың бiр бетiн ашу үшiн, осы дұғаны әрдайым айтатын едi. Кейiнгi кезде ел арасында келер күндегi iсiне Иншаалла сөзiн қосқан адамға сескене қарап: «Қойшы соны, Иншаалла, Иншалла деп құдайға берiлiп кетiптi», – деп мысқылдаушылар бар. Ол «Құдай қаласа, Алла бұйыртып жатса» деген мағынаны бiлдiретiн жетi кәлиманың бiрi. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз алдына сұрақ қоя келген адамдарға «Ертең келiңiз, жауап беремiн» деп айтқанда, Жебiрейiл перiште он бес күннен кейiн келiп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Иншаалла» сөзiн айтпағаны үшiн осыншама уақытқа кешiккендiгiн хабарлаған оқиғасы қасиеттi Құранның «Кахф» сүресiнде баяндалады. Бұдан «Иншаалла» сөзiнiң мағынасы өте зор екендiгiн аңғарамыз. Бұл жетi кәлиманың бесiншiсi. Қаланың студент жастарымен дiни тағлымды сұхбат жүргiзуде «Жүректiң ең жақын жанашыры не?» деген сұраққа ақылдарын қайраған жастар жауап бере алмады. Сонда бiр ибалы қыз «Үмiтсiз – шайтан демекшi, мен жүрегiмдi намазымда тыңдаймын, келесi намаздың нәсiп болуын Алладан тiлеймiн. Сондықтан, жүректiң жанашыры – үмiт деп ойлаймын. Өз басым, Иншаалла сөзiмен үмiтiмдi үзбеймiн» дегенде, барлығы үнсiз жүректерiн тыңдаған. Мiне, мың адамның жүрегiн жықтырған Алланың құдiретiне бас ие «Ертеңiмiзге «Иншалла» деген бiр түйiр сөзбен үмiтiмiздi қалайықшы» дегенмiн. Әйтсе де, Иншаалла сөзiнiң құдiретi мен мәнiсiн түсiнбесе де әйтеуiр аузынан тастамай жүргендер бар. Бұған шүкiрлiк. Өмiрiмiздiң келешекте атқаратын әрбiр iсiне Құдай қаласа, Алла бұйырса яғни Иншалла деу үлкен жақсылық. Дiнге бет бұрған халықтың сұрақ – сауалдары көп. Дегенмен, ниеттерi мен пейiлдерiне, Жаратқанына деген талпынысы мен жақсылықты көздеген талабына жүрекпен сүйсiне қуанамын. Сол сияқты, «Ата – бабамның жатқан жерiне зиярат етушi ем, барғанда көзге жас алғаннан не пайда, құран бағыштаймын, бiрақ сол жерге барғанда Аллаға ұнайтын сөз бар ма» деп, келгендерге және суыт хабар естiгенде «Иннә лиллахи уә иннә илайхи ражиғун» — дегендi үйретемiн. Бұл жетi кәлиманың алтыншысы. «Бiз Алланыкiмiз және Аллаға қайтушымыз» деген мағына. Кейбiр ерiн жоқтаған жесiр әйел, баласын жоғалтқан ана, әкесiнен айрылған қыз қайғысын ерекшелеп жатады. Жер жарылатындай дауысқа салу, ат үстi зарлау, шашын жұлу, әр адамға асылу, жұбатқанға тоқтамау – Аллаға күпiрлiк. Құдiретi күшiмен бәрiмiздi жаратып, бәрiмiздi уысына жинап алушы тек қана Алла. Сондықтан, бұл кәлиманы күн арайлап көтерiлгенде еске алып, бұл кәлимамен мерейлi кешiмiздi жұбатқан жақсы. Жаратқанның «Ләухульмахфуз» кiтабына жазылған тағдырға мойынсұну осы кәлимадан тұратын иманның жетi парызы. Ал ендi кәлиманың жетiншiсi «Лә иллахә илаллаһ, Мухамадур Расулаллаһ». Мағынасы «Алладан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед Оның Елшiсi». Бұл мұсылманның анты! Бұған тiлдi әбден жаттықтыру өте қажет. Себебi, жетi кәлиманың соңы болғанмен, Алла алдына бiрiншi айтылатын кәлимамыз. Адамзаттың жетi қауiп-қатерi жайында айтылған имам Ғазалидiң тұжырымы бар. Бiрiншi, өлiм қаупi. Яғни адам мұсылман немесе кәпiр болып өледi. Екiншi, қабiр қаупi. Яғни адамның амалына қарай қабiрде зұлымдық немесе нұр болады. Үшiншi, сұрақ қаупi. Перiштелер сұрақ қойғанда, жауап бере алады немесе бере алмайды. Төртiншi, хашир қаупi. Яғни жүзi қара немесе ақ болып тiрiледi. Бесiншi, есеп қаупi. Есеп күнi қиын немесе оңай болады. Алтыншысы, мизан қаупi. Алла алдындағы адамның сауабы немесе күнәсi ауыр болады. Жетiншi ақырет қаупi. Соңында жұмаққа немесе тозаққа барады. «Құл кiшiпейiлдiлiк еткен кезде, Алла тағала оны жетi қабат аспанға жоғарылатады» деген хадис бар. Ұлы бiр Пайғамбар Алладан жеке өзiне мiнәжат ететiн кәлима сұрайды. Оған лә илләхә илаллаһ үйретiледi. Сонда ол пайғамбар бұл кәлиманы алымсынбаған кезде, бүкiл әлем яғни тау, тас, адам, жын баршасы таразының бiр бетiне тұрып, екiншi беткейiнде осы кәлима тұрса, осы сөз таразыны басып, ауыр тарта алатындығы айтылады. Имам Бұхаридан риуаят етiлетiн Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисiнде «Кiмде – кiмнiң дүниедегi ең соңғы сөзi «Лә илләхә илаллаһ» болса, сөзсiз Жәннетке барады» дегенiмен аяқтай келе, осы жетi сөзбен шексiз жақсылықтың есiгiн ашып, жамандықты тосып, жетi қат көкке шыққандай болармыз…

Нұрлан Байжiгiтұлы АСАНОВ,

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Өскемен аймақтық өкiл имамы

Серіктес жаңалықтары