ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕСЕК

ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕСЕК

ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕСЕК
ашық дереккөзі

Қазақстан мал шаруашылығы жағынан КСРО iшiндегi жетекшi республика болып, бүкiл әлемге танылған едi. Қой санын 50 млн.-ға жеткiземiз деп Қазақстан халқын жұмылдыра бiлу оңайға түскен жоқ. Осы мәселе туралы қаулыға байланысты жастарды ынталандыру оларға қамқорлық жасау мақсатында екi жыл комсомол-жастар бригадасында қой баққан жастарды олар қалаған жоғары оқу орнына емтихансыз алу туралы үкiметтiң қаулысы шығарылған болатын.

Сол кездегі 36 млн. қойдан тәуелсіз 20 жыл ішінде 18 млн. бас қалыпты. Тіпті барлық малдың басы (құстарды қоспағанда) қазір оған жетпейді (25507 мың бас). Қой-ешкі 1990 жылғы көрсеткіштің жартысына ғана жеткен. Қазақстан мал шаруашылығының серпіні көрсетіп отырғандай, қазіргі барлық малдардың саны 1990 ж. деңгейінің жартысынан сәл-ақ асады. Жеріміз, жайылымдықтар азайған жоқ, халқымыздың саны, әсіресе жергілікті тұрғындар (мал бағудың кәсіби шеберлері) көбеймесе азайған жоқ. Сонда оған не себеп?

Соңғы жылдары Қазақстанның мал ша­руа­шылығы саласын дамыту барысында да бірқатар оң және теріс үрдістер байқалады. Соңғы он жылда ет өндіру 1,5 есеге өскен: 622,6 мың тоннадан 937 мың тоннаға дейін. Оған мал басының өсуі негіз болып отыр (реформаға дейінгі деңгейіне жете қоймаса да). Ірі қара, қой-ешкілер мен құс бастарының өсуінде қарқындылық бар. Сойылған малдың орташа салмағы да 1990 жыл деңгейіне жа­қындап келеді. Еттің барлық түрлерін өн­діруден соңғы жылдарда оң өзгеріс қалыптасып отыр (1-кесте).

Халықтың жан басына шаққандағы өндірілген ет – 42 кг-нан 57 кг-ға дейін (1,3 есе) көбейген.

Бірақ осы тұста теріс үрдістер де орын алған. Ет өндірудегі өсім халықтың табиғи майда шаруашылықтарындағы мал басының өсуі есебінен жүріп отыр. Союға сатылған малдардың өнімділігі төмендеген, құс етінің жетіспеушілігі сақталуда. Сондықтан да ет тұтынудағы импорттың үлесі 18,2%-ға дейін жоғарылаған.

Етті мал шаруашылығын дамыту бас­палдағы ретінде 1990 жылды мысалға алсақ, мынадай өзгерістердің болғанына куә боламыз: ет өндіру 40% пайызға төмендеген, экспорт күрт азайған – 341,7 мың тоннадан 2,5 мың тоннаға (1%-ға да жетпейді) дейін, ал ет импорты 15 есеге өскен. Жан басына шаққандағы халықтың ет тұтынуы 73 кг-нан 53 кг-ға дейін төмендеген.

Республиканың табиғи-экономикалық әлеу­етін мал шаруашылығын дамытуға жеткіліксіз пайдалануды бірқатар себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, ішкі және сыртқы рынок сыйымдылығының қысқаруымен, ет және ет өнімдеріне тұтыну сұранысы деңгейінің республика халқының төлем қабілетінің құлдырауы салдарынан төмендеуімен (27,4%-ға), сондай-ақ тұтыну бағаларының күрт өсіп кетуімен. Сыртқы рыноктағы сұраныс іс жүзінде нөлге тең (136 есе азайған), оның себебі посткеңестік кеңістіктегі елдермен мемлекет аралық байланыстардың бұзылуында жатыр. Екіншіден, шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылық кәсіпорындарында ет өндірісінің көлем жағынан аздығы және төмен қарқындылығы. Олардың ет өндірудегі үлесі, тиісінше, 10 және 14%. Дегенмен шаруашылық жүргізудің осы формаларының айдалатын жерлер мен мал жаюға пайдаланылатын жерлер жағынан әлеуеттері жоғары. Бір шартты бас ірі қараға 20 және 31 га (тиісінше) табиғи жайылымдар келеді, бірақ олар тиімсіз пайдаланылады. 100 га ауылшаруашылық пайдаланатын жерге өндірілетін ет 4,4 ц-ден аспайды (тірі салмақпен).

Ендігі бір күрделі проблема – етті мал шаруашылығының табыстылығы төмен. Ол ұлғаймалы ұдайы өндіріс жүргізуге кедергі жасауда, ішкі және сыртқы рыноктарға ет ұсыныстарын өсіруді тежеп отыр (2-кесте).

Ұлғаймалы ұдайы өндіріс жүргізу үшін рентабельділік деңгейі 42-45%-дан жоғары болуы керек. Ал біздің Қазақстан ет рыногында теріс заңдылық (тіпті қауіпті заңдылық десек те болады), отандық өндірісті тұрақсыздандыратын көрініс орын алған: ет сатудың орташа бағасы шаруа қожалықтарының жыл сайын өсіп келе жатқан шығындарын қайтаруды ғана қамтамасыз етеді, оларды ұлғаймалы ұдайы өндіріс жүргізуге және тауарлы өндірісті өсіруге ынталандырмайды, себебі қазіргі рынок бағасы өндіріс рентабельділігінің төмен деңгейін ғана қамтамасыз етеді (2-кесте). Ол баға 2010 ж. сиыр еті бойынша 28 пайыз, қой еті – 13 пайыз, шошқа еті – 8 пайыздан төмен рентабельділікті ғана қамтамасыз ете алды.

Оның үстіне, біздің зерттеулеріміз көрсетіп отырғандай, отандық сиыр еті мен шошқа етінің орташа сату бағасы республикада шеттен әкелінетін мұздатылған ет бағасынан жоғары. Сондықтан еттің бұл түрлері бағасы бойынша, бәсекеге қабілетті емес.

Жоғарыда айтылғандардан, ет бағы­тын­дағы мал шаруашылығының тиімді жұмыс жүр­гізуі үшін қажетті жағдай қамтамасыз ету­ керек және ол үшін төмендегідей кешенді ша­ралар қабылдау қажет: малдардың өнім­ділігін арттыру, өнім өндіру шығындарын тө­мендету және айналым шығындарын қыс­қарту.

Қазақстан өзінің ет өнімдерінің экспорт­тық әлеуетін қайта қалпына келтіруді ойлас­тырып отыр. Басқасын айтпағанда, республика 1990 ж. өзінде 341,7 мың тонна ет және ет өнімдерін сыртқа шығарса, ал 2010 ж. небәрі 1,8 мың тонна ғана сатқан. Оның есесіне етті сырттан әкелу 15 есеге артқан (жоғарыдағы 1-кестені қараңыз).

Сондықтан республикада етті мал шаруа­шылығын дамыту үшін аса маңызды, болашағы зор жобаны іске асыру басталды. Жоба шеңберінде жақын арадағы он жылда 150 мың орындық 60 бордақылау алаңдары, 72 мың бас малға 54 репродуктор – шаруашылықтар құру көзделген, 2,5 мың мал шаруашылық фермерлік қожалықтар ұйымдастырылады. Жобаны қаржыландыруға, шамамен 1 млрд. АҚШ доллары қажет болады. Оған қосымша ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға 440 млн.АҚШ долл. төңірегінде бюджеттік жәрдем қаражат қарастырылады, олар 5 жыл барысында бөлінетін болады.

Көрсетілген деңгейлерге қол жеткізу үшін мына төмендегі түйткілдерді шешу керек:

1. Қазақ ақбасты, әулиекөл етті тұқымдарының асыл тұқымды мал басын қалпына келтіру. Олар республиканың континенталды климатына жақсы бейімделген. Ең негізгісі, ұрықтандыруды тегін жүргізу керек, ал оның шығындарын мемлекет өз мойнына алғаны дұрыс. Осындай жағдайда халықтың қолдауына арқа сүйеуге (сенуге) болады және ет бағытындағы тұқымды мал басын арттыру ісі де ұзаққа созылмайды;

2. Мал азығы егістігін егістік ауданының төрттен бір бөлігіне дейін жеткізу керек, қазіргі кезде ол 12 пайыз ғана;

3. Жайылымдық жерлерде түпкілікті жақсарту жүргізу және сумен қамтамасыз ету керек. Қазақстан қазіргі кезде жайылымдық кеңістігінің мал басына қатынасы жағынан әлемде 1-орында (ал жайылым мөлшері жағынан 5-орын). Бірақ сол жайылымдық жерлер азып-тозып барады, мал суаратын орындардың 70 пайызы істен шыққан;

Есептеулерге қарағанда, ішкі рынокты етпен молықтыру және оның экспорттық әлеуетін қайта қалпына келтіру үшін пайдаланылатын жайылымдар ауданын 140 млн. гектарға жеткізу қажет. Жайылымдық аумақтарды түпкілікті жақсарту жұмыстарын жүргізу барысында бұл ауданды 100 млн. гектарға дейін қысқартуға болады;

4. Құрама жем-шөп өнеркәсібін қайта қалпына келтіру. Қазіргі кезде 385 мың тонна ғана дайын жем-шөп өндіріледі, яғни 1990 жылмен салыстырғанда 11 есе аз;

5. Шалғайдағы мал шаруашылығын қайта жаңарту, соның арқасында ауылдың әлеуметтік проблемаларын шешу;

6. Бордақылауға мал басын өсіретін репродуктор-шаруашылықтар тізбегін құру. Бордақылау алаңына тұқымдық аналық бас­пен қамтамасыз етілген қуатты репродуктор берілуі тиіс. Осының бәрі толыққанды мал азығы базасы негізінде құрылуы керек;

7. Қолда бар малды сауықтыру мәсе­ле­лерін шешу керек. Болмаса сырттан әке­лінген ірі қарадан ауру жұқтырып, оны емдеуге миллиардтаған мемлекет қаржысын жоғалтуымыз мүмкін.

Осы проблемаларды шешкеннен соң ғана етті мал бордақылау бойынша ірі тауарлы шаруашылықтар ұйымдастыру, мал басын көбейту және ет экспортының көлемін арттыруға кірісу керек. Осыған байланысты өнімдердің негізгі түрлерін экспорттау варианттарына болжам жасау мүмкіндіктері пайда болады.

Осы тұста республика ауыл шаруа­шылығын дамыту бағыттарын анықтап алу керек – бидай өндірісін дамытуға басымдық беру керек пе немесе ет экспортын қайта қалпына келтіру керек пе? Мүмкін салаларды оңтайлы үйлестіру тиімді болар?

Есеп бойынша, еттің экспорттық көлемін ұлғайту және осы өніммен өз рыногымызды қамтамасыз ету үшін 28,6 млн. шартты ірі қара малын ұстау керек. Осы мал басын құрама жеммен қамтамасыз етуге шамамен 20 млн. га дәнді дақылдар егуіміз қажет. Орташа өнімділік 10 ц/га болғанда 20 млн.т. дән аламыз. Демек дәнді экспорттауға мүмкіндік болмайды деген сөз. Оған қосымша айналымда 160 млн.га жайылым және 30 млн. га айдалатын жер болуы тиіс.

Ғ.КАЛИЕВ,

ҚР Ауылшаруашылығы ғылымдары Академиясының Президенті, ҚР ҰҒА академигі

Ж.ШАРАҚЫМБАЙҰЛЫ,

Ауылшаруашылығы ғылымдарының

кандидаты, профессор