ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАНЫҢ ХАЛІ МҮШКІЛ

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАНЫҢ ХАЛІ МҮШКІЛ

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАНЫҢ ХАЛІ МҮШКІЛ
ашық дереккөзі
282

Әлемдiк экономиканың халi мүшкiл тартып барады. Кәрi құрлықты қыспаққа алған қарыздық дағдарыс дамушы елдерге де кесiрiн тигiзуде. Халықаралық қаржы қоры дүниежүзiлiк экономиканың өсу қарқынына арналған болжамын неге төмендеттi? Еуропадағы банктер банкротқа ұшырай ма? АҚШ-тан кейiн тұрған қытайлардың экономикасы неге бәсеңдедi? Дағдарыстың жаңа толқынынан Қазақстан қалай қорғанады?

Жыл сайын екі рет жарияланатын Халықаралық қаржы қорының «World Economic Outlook» («Әлемдік экономиканың даму келешегі») тақырыбындағы баяндамада Халықаралық қаржы қорының сарапшылары әлемдік экономиканы қалпына келтірудің жолдары әлі күнге анықталмағанын, еуроаймақтағы тұрақсыздық ахуалы әлі біраз сақталатынын мәлімдеді. Оның себебі еуропалық көсемдер тарапынан жүзеге асырылуы тиіс жедел шаралардың кешеуілдеуі әрі құлшыныстың бәсеңдігінен. Осылайша ХҚҚ үстіміздегі жылдың сәуіріндегі 2013 жылға арналған болжамын 4,1 пайыз­дан 3,9 пайызға дейін қайта төмендетті. Экономикалық өсім деңгейі анағұрлым бәсең елдер қатарында Ұлыбритания тұр – 1,4 пайыз. Алайда әлемдегі өнеркәсіптік өндіріс болжамы сәуірдегі меже – 3,5 пайыз­дан өзгермепті. Күн тәртібіне шыққан мәселелер қатарында саяси жігерді талап ететін шешімдердің (экономикаға тікелей қатысы бар) қабылданбауы немесе кешігуі бар. Батыстық мемлекеттер басшылары дербес қарыздық дағдарыстың қарқынын төмендетіп, нарықтардың тығырыққа тірелуіне жол берілмегенде ғана еуроаймақтардағы жағдай тұрақталмақ. Баяндамада «ең негізгі басымдық – еуро аймақтағы дағдарысты шешу» деп ашық айтылған. Жуырда Жапонияның премьер-министрі Есихико Нода еуроаймақтағы қарыздық проблемалар жапониялық экономикаға кері әсер еткенін, әсіресе иен бағамы жоғарылап кеткенін айтып, мұң шаққан: «Нарық еуроаймақтағы қиындықтардың кесірінен шатқаяқтап тұр. Иен бағамының біржақты өсуі Жапонияның экономикалық көрсеткіштерімен сәйкес келмейді. Бұл экономикаға аса үлкен көлемде шығын келтіруде».

Сарапшылар жасаған болжам бойынша үстіміздегі жылы 17 мемлекеттің басын қосатын еуроаймақ экономикасы 0,3 пайызға төмендесе, келесі жылы 0,7 пайызға өсуі тиіс. Жуырда Халықаралық қаржы қоры Еуропалық орталық банкпен және Еуропалық Одақпен біріге отырып, әлемдік экономикаға қауіп төндірген Грекия, Испания, Португалия үкіметтерінен экономикалық шаралар мен талаптарды барынша күшейтуді бұйырды. Оның қарымтасы ретінде аталған мемлекеттерге қаржылық қолдау көрсетілуде.

Дүние жүзін тығырыққа тіреген дағдарыстың кесірінен миллиондаған адам жұмыссыз қалды, милллиондағаны ай сайын алатын түрлі жәрдемақыдан қағылды. Материалдық жағдайы нашарлаған салымшылардың банктерге салған қаражаттарына жиі қол салуы еуроаймақтағы банктік дағдарысқа әкеп соға жаздады. Банк саласы әупіріммен аман қалған Еуропаға бүгінде валюталық интеграция, банктік және қаржылық ортақ одақ қажеттігін ХҚҚ Еуроодаққа тағы ескертті. Бірігуге мүдделі еуроаймақтық елдер басшылары өткенде банкрот қаупі төнген испандық банктерге қаржылай көмек беріп, салықтық және банктік жүйені бірегейлендіру туралы бас­тама көтерген. Бұл ұсыныстың келешегі қандай болары әзір белгісіз.

Халықаралық қаржы қорының мамандары АҚШ-тағы үстіміздегі жылдың соңында жүзеге асырылуы тиіс түрлі салықтық жеңілдіктердің күшін жоюына да алаңдаулы. Өйткені әлеуметтік ахуалы анағұрлым жоғары америкалықтар үшін салықтық төлемдердің кей түрін сақтамаса, жығылған үстіне жұдырық болмақ: «Егер саясаткерлер сан алуан салықтық жеңілдіктер түрін жою мен шығындарды барынша қысқартуға қатысты мәселеде ортақ шешімге келе алмаса, АҚШ-тың құрылымдық қаржы тапшылығы 2013 жылы ЖІӨ-нің 4 тармақтан да төмен деңгейіне түсіп кетуі ықтимал».

Ресми мәліметтерге сүйенсек, эконо­микалық қарқын тіпті Қытайда да бәсеңдеген. ХҚҚ есебінде «АҚШ экономикасы өсуін тоқтатса, бүкіл әлемге қатер төнеді» деп ескертілген. Ал америкалық экономиканың өсу деңгейі биыл 2 пайыз делінсе, дамыған елдердегі бұл көрсеткіш – 1,4 пайыз, ал келесі жылы 1,9 пайыз болатын көрінеді. Есесіне, дамушы елдердегі өсу төмендемек: «2012 жылдың қорытындысы бойынша өсім деңгейі – 5,6 пайызға дейін, 2013 жылы 5,9 дейін төмендейді». Әсіресе, әлемдік экономиканы алға сүйреуші күш санаған елдер – Бразилия, Қытай мен Үндістан көрсеткіштері тым нашар. Инвесторлардың тәуекелге бел бууға дайын болмауы да жағдайды одан сайын ушықтыра түскен. Дамушы елдер экономикасына салған қаржыларын жаппай алып кете бастауы аталған мемлекеттердің қор нарығын тығырыққа тіреген. Мұндайда дамушы елдер үкіметтерінің дағдарысқа қарсы түзген бірқатар бағдарламалары тұрақтылықты барынша сақтауға сеп. Үкіметтік құжаттар экономикалық өсімді қамтамасыз ете отырып, мұнай бағасының төмендеуін ұтымды пайдалануға бағытталған. Мұнай демекші, ХҚҚ сарапшылары дайындаған есепте әлемдік нарықтағы кейбір өнімнің, әсіресе, «қара алтын» құнының төмендеуі әлемдік инфляция деңгейінің төмендеуіне себеп болатыны айтылған.

Халықаралық сарапшылардың көпшілігі қытайлық экономиканың әлсіреуі аспан­асты елінен гөрі көмірсутегілерді экспорттайтын елдерге әлдеқайда қиынға соғады дейді. Алайда дағдарысты ауыздықтауға сеп болатын шараларды жүзеге асыруға Пекин асығар емес. Жуырда қытайлық билік өкілдері экономикалық өсім төмендесе де, азаматтардың табысы жоғарылап, инфляция ауыздықталатынын мәлімдеген. Бұл халықаралық сарапшылар қауымының алаңдаушылығын тудырды. Өйткені коммунистік режимге тән кемшілік: жауырды жаба тоқып, төнген қатерге аса мән бермеушілік. Соңғы кездері үздіксіз төмендеумен келе жатқан Қытай экономикасы әлеуеті жағынан алғанда, Жер шары бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. ХҚҚ сарапшыларының пікірінше, аспан­асты елінің құлдыраудан көз ашпауына еуроаймақ пен АҚШ-тағы дағдарыс кінәлі. Бірақ түрлі бағдарламалардың арқасында ішкі сұранысты көтеруге қол жеткізген қытайлар ақша қорын молынан жинап алды. ХҚҚ мамандары егер қытайлық экономика құлдырауын тоқтатпаса, оның кесірі шикізат экспорттаушы елдер – Ресей, Бразилия, Оңтүстік Африка, Астралия, Индонезияға тиетінін айтады. Себебі былтыр аспанасты елінің тұтынған мұнайы тәулігіне 9,9 млн. баррель болған.

Халықаралық қаржы қорының басшысы Кристиан Лагард Токиода өткен экономикалық симпозиумда Еуропалық Одақтың қарыздық дағдарысты еңсеруде бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып жатқанына көңілі толатындығын жеткізген. Бірақ жақын келешекке жаңа жоспарлар жасап, реформаларды жүзеге асыру қажеттігін жасырмады: «Бұл түрлі елдердің үкіметтері біріге отырып, мемлекеттік қарызға деген сенімділікті арттыру, қаржылық саланы реформалау және тұрақты дамуға ықпал етуде аса маңызды». Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі қарыздық дағдарыспен күреске қатысты жоспарларды жүзеге асыру еуроаймақтағы бай елдердің қаржылық құрбандыққа баруы тиістігін ескертті. Брюссельде өткен Еуропалық Одақтың саммитінде 13 сағат бойы қызылкеңірдек болып айтысқан қатысушылар еуроаймақтық банктерге ортақ еуропалық тұрақтандыру қорынан қаражат бөлуге келісті. Тиімділігі сол, көмек ретінде бөлінген ақша елдердің мемлекеттік қарызына қосылмайды. Тағы бір маңызды жайт, еуроаймақтағы банктер қызметін енді арнайы қадағалаушы орган жүзеге асыратын болады. Бұған дейін Еуроодаққа мүше елдердің көсемдері экономикаға серпін беру үшін 120 млрд. еуро тұратын шараларды бекіткен еді. Алайда Испания мен Италия қарсы шықты. Өйткені олар өздеріне тиесілі мемлекеттік облигациялар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуді көздеген. Мұндай талапқа үзілді-кесілді қарсылық танытқан немістердің канцлері Ангела Меркельді француздар президенті Франсуа Олланд икемге көндірді.

Әлемдік экономиканың мүшкіл тартқан халі Қазақстанға да кері әсер етері анық. Өткен айда Үкімет мүшелері, отандық шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерімен кездесу өткізген ҚР Президенті Н.Назарбаев әлемдік дағ­дарыстың кезекті толқынын 2013 жылы кәсіпкерлерге арналған жаңа салықтармен, жаңа заңмен, жаңа жеңілдіктермен қарсы алатынын жеткізді. Егер заңнамалық құжаттарды кәсіпкерлер мақұлдамаса, олар бекітілмейді. Есесіне, бизнесмендер қауымы салықтарды дер кезінде төлеп отыруы керек. Келесі жылдан бастап жерге салынатын салық көлемі де өсіріледі. «Біз жақындап келе жатқан дағдарыстың орасан зор толқыны қаржылық салада емес, экономиканың нақты саласына әсер етуі мүмкін деген жайтты ескеруіміз қажет. Қай жақтан келетінін, не істеу керектігін қарастырып, дайындалудамыз. Егер Еуропадағы жағдай осылай ушыға берсе, жан-жақтан өндірістік қарқын бәсеңдеуін тоқтатпаса, біз сататын көмірсутегілерді тұтыну деңгейін төмендетеді», – деп мәлімдеген Елбасы бүгінде қарыздық дағдарыстан зиян шеккен Еуропалық Одақтағы ахуалдың кері ықпалына да­йын болуға шақырды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары