ЖУРНАЛИСТІК ЭТИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТЫ

ЖУРНАЛИСТІК ЭТИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТЫ

ЖУРНАЛИСТІК ЭТИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТЫ
ашық дереккөзі

Күзде Парламентке жолданатын жаңа құжат – Журналистiк этика кодексiнде қандай мәселелер қамтылуы тиiс? «Ұртоқпаққа» онсыз да кенде емес БАҚ өкiлдерiне жаңа заң оң ықпал ете ме? Бiрқатар маңызды мәселенi қаузаған дөңгелек үстелде әрiптестер өздерiн толғандырған сауалдарға жауап iздедi.

Қыркүйекте Парламент талқысына ұсынылатын Журналистік этика кодексі бүгінде дайындалып жатыр. ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Дархан Мыңбай құжатты әзірлеуге қоғам түгел жұмылдырылғанын мәлімдеген. Өткен аптада Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Бас редакторлар клубының Қазақстан Журналис­тер одағымен бірлесе отырып өткізген дөңгелек үстелде «ҚР Журналистік этика кодексінің» жобасы талқыға салынды. Елімізге танымал журналистер, астаналық және республикалық басылымдардың басшылары, сондай-ақ ғаламтордағы БАҚ өкілдері қатысқан бұл шараның тізгіні Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевта болды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар кездесу барысында «заң жобасы құқықтық акт емес, тек этикалық және кәсіби нормалардан тұратын құжат болуы тиіс» деген талап қойылғандықтан, көп өзгерістер енгізіліп, көлемі жағынан азайтылуы қажет екендігін көлденең тартты.

Кездесуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қальянбеков пікірталасқа атсалысқан әріптестерін аталған құжат «цензура тетігіне» немесе журналистердің қызметіне қолбайлау болатын «қосымша реттеуші орган» болмайды деп сендірді. Өз кезегінде «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының төрайымы Тамара Калеева бастапқыда өзінің заң жобасын министрліктің «этикалық тоқпағы болады» деген күдіктенгенін, бірақ қазір ол ойын өзгерткенін жеткізді: «Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы алғашқы кодекс болған соң, әуел баста бұл құжатқа қатысты күдігім болғаны рас. Бұл жоба аса этикалық құжат екендігі туралы қорытынды ережелер менің күдігімді сейілтті. Біз алдағы уақытта осы уақытқа дейін шектеліп келген құқықтық нормалардың құжатқа енуін қадағалайтын боламыз. Кеше Болат Қальянбековпен әңгімелескенде мен Сіздер этикалық тоқпақты ұстап отырғыларыңыз келеді деп айтқан едім. Алайда олай болмайтын сияқты».

Кездесуде қатысушылардың көп­шілігі отандық журналистерге арналған этикалық талаптарды үйрететін семинарлар, әсіресе орталықтардан шектері жатқан аймақтарда кәсіби біліктілікті жетілдіретін шараларды көптеп ұйымдастыру қажеттігін көлденең тартты.

Күзге салым Парламент тал­қысына ұсынылуы тиіс Жур­налистік этика кодексіне әзірге кәсіби парыз, сөз бостандығы, әлеуметтік жауапкершілік, адалдық, шындық, құпиялылық пен адам өміріне деген құрметтен тұратын 8 тармақ енгізілген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ