920
АСТАРЛЫ АҚИҚАТ
АСТАРЛЫ АҚИҚАТ
70-ші жылдардың төрінде әдебиетке үркердей болып бір шоғыр жас таланттар келді. Бұл соның алдындағы 60-шы жылдардың «жылымығымен» дүр ете түскен арынды топтың ізін басқан дарынды буын өкілдері еді. Сол жас та, қайсар таланттардың ішінде марқұм Баққожа Мұқай да бар болатын.
Жазушы дәуір лебімен, уақыт тезімен шыңдалып, табиғи талантын білім биігімен ұштастырып, көркем прозаның, драматургияның дамуы мен кемелденуі жолында жемісті еңбек етті. Оның шығармашылығында «Қош бол, менің ертегім», «Иірім», «Тоят түні», «Заманақыр», «Тойы көп үй», «Өмірзая», «Тәлкек тағдыр» сияқты пьесалар көптеген елдердің театрларында сахналанып, көрермендердің көзайымына айналды. Қаламгердің «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек» іспетті әңгімелер мен повестері жинағы да қолдан қолға өтіп, ұлттың рухани қажеттілігін өтеді. Ал «Жалғыз жаяу» мен «Өмірзая» романдары оқиғаларының қоюлығымен, ақиқатты ашып көрсетумен ерекшеленеді. Талантты халық таниды. Драматургқа 1982 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 2000 жылы Мемлекет сыйлығының лауреаты атанды. Иә, расында драматургтың қай пьесасын оқысақ та, үнемі шындыққа ұмтылғанын көреміз. Адам әділдігі мен заманның, яғни өмірдің ащы шындығын іздеген, іздей отыра соны қағаз бетіне түсірген Баққожа Мұқайдың пьесаларының бірі «Тәлкек тағдыр». Пьеса театрларда сахналанған жоқ. Алайда оның қойылмауының да бір себебі бар іспетті. Дәл осы жерде «Неге пьеса үлкен театрларда сахналанбайды?» деген сұрақ туындайды. Драматург пьесаны не себепті жазды? Қандай мақсат ұстанды? Әрбір жазушы пьеса жазу барысында осы сұрақты өз-өзіне қоюы керек. «Тәлкек тағдыр» пьесасында Баққожа Мұқай сан түрлі өткір мәселелерді көтеріп, келісті ойларды меңзейді. Алайда пьесаның көкейкесті мақсатын бір-екі ауыз сөзбен жеткізуге бола ма? Елдің айнасы оның мәдениеті деп айтсақ еш қателеспейміз. Ал мәдениет деген алып мұхиттың бір саласы – өнер. Автор да өзінің шығармасында театр өмірін, сахна актерлерінің басындағы қиыншылықтары мен әділетсіздіктерін тілге тиек етеді. Және де драматургтың оқырмандарға жеткізбек ойы, өнер адамдарының, оның ішінде театр актерлерінің тағдыры мен тәуелділігі. Бәлкім «Актер кімге тәуелді?» деген сұрақ туындайтын да шығар. Пьесадағы Керім мен Айсұлудың қызы Данияның «Жоқ, әке, мен актриса болмаймын, тіпті өнер адамы да болмаймын, себебі қанша талантты болсаң да, біреуге тәуелдісің…» деген сөзі көп жайтты аңғартады. Жас бүлдіршіннің аузынан шыққан сөз арқылы күллі пьесаның идеясын ашып беруі, қаламгердің үлкен шеберлігі. Басты идеядан басқа драматург көптеген қосалқы мәселелерді де қозғап кеткен. Солардың бірі пьесаның экспозициясынан байқалады: «Айсұлу: Кең дүне төсіңді аш, біз келеміз. А-а-а!!! Біз Керім екеуіміз келеміз. Әлдекім: Әй, түннің тыныштығын алмаңдар, кетіңдер бұл арадан! Керім: Бұл біздің түніміз, біздікі… Біз ертеңге, болашаққа кетіп барамыз, бізбен жүріңіз, аға… Әлдекім: Болашақтан бірдеңе тапсаң бара бер, бар. Кешегіге зар болып, зарлап отырсақ болашақ дейді ғой маған, болашағың баяғыда біткен. Ендігі барар жер тамұқ, естимісің тамұқ…» Шындығында қазіргі уақытта бәрі заңды, халық тоқ, жемқорлық жоқ деп айтуға мүлдем келмейді. Аяқ бассаң заң бұзу, жемқорлық, пара алу. Басқа, басқа, тіпті көптеген оқу орындары мен мектеп мекемелеріне дейін жемқорлық пен пара алу үйреншікті іске айналды. Ал заң адамдары мен кейбір билік басындағылар осындай лас әрекетке барса, онда қарапайым халық не істеуі керек. Амалы қалмаған қалың жұрт бір-бірін алдап, ұрлық-қарлыққа барып, біреудің ала жібін аттау арқылы нан табуға кіріседі. Міне, осы сұраққа жауап іздеген қаламгер «Болашақ біткен, ендігі барар жер тамұқ» деген сөздері арқылы реніш білдіреді. Пьесадағы басты тартыс актерлер мен режиссер арасында болатынын айта кеткен жөн. Өнер адамдарының атақ-даңққа құмарлықтарынан, бірінің аты шығып биіктесе, енді біреуінің оны көре алмауынан туады. Пьесада басты тартыс қос актриса Айсұлу мен Гүлзидің бас кейіпкер рөліне таласуынан туады. Ал осы керіске себепші, от салушы режиссер Құлан Сардарович. Біреуі арын мансап үшін сатса, енді біреуі намысым аяқ асты болды деп қылмысқа барады. Керімнің намысы жерге тапталып, арсыз режиссер Құланды ұрып, соғуы намыс пен арсыздық арасындағы психологиялық тартысты бейнелейді. Пьесаның шарықтау шегі – Айсұлудың режиссермен бірге моншаға барғанын Керімнің білуі. Ыза үстінде режиссер Құлан Сардаровичке қол жұмсап, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы. Бұл оқиғаның шиеленіскен сәті. Айсұлудың қақтығыс үстінде құлап, мүгедек болып, Керімнің түрмеге түсіп, Данияның жезөкшелікпен айналысуы туындының финалы болып табылады. Айсұлу – өмір бақи басты кейіпкердің рөлін ойнауды аңсаған, армандаған жан. Өмірін өнерге арнаған адал жандардың бірі. Ол өз дегеніне жету үшін қаншама жыл шыдап бақты. Оның шыдамдылығын біз пьесадағы «Осы күнді күткелі он екі жыл болды. Он екі жыл…» деген сөзінен аңғарамыз. Ол осынша уақыт күткеніне кім кінәлі? Театр сахнасының сыртында қандай құбылыстар жүріп жатыр? Он екі жыл бас кейіпкер болуға асыққан Айсұлу актриса талантсыз ба, жоқ, олай емес. Мәселен, рөлді, әсіресе басты рөлді бөлісу кезінде әділетсіздік пен сыбайластық бел алады. Атақтылар жастарға орын бермейді. Өз мүддесін ойлап, қайткенде де мансапқа ие болуға, көрінуге ұмтылады. Бұл тірлік күннен күнге күшейе түсуде. Төзімі таусылған, талантты болса да қадамы ұзармаған Айсұлу бас режиссердің тілін табу үшін моншаға бірге барады. Неге? Ол өнер үшін арын құрбандыққа шалды. Уыздай ұйып отырған жанұясын тас-талқан етті. Бұл не деген арсыздық? Көрерменге үлгі көрсетер мәдени ортаның жайы осы ма? Жоқ, бұл автор Баққожа Мұқайдың қалың орман халқына, оның ішінде театр өнерінің майталмандарына қойған сауалы, ойлауға жетектейтін күн тәртібіндегі толғауы тоқсан мәселе. Ендігі осыған ұқсас, осындай астамшылықтың құрбаны болған тағы бір бейне – Гүлзи. Алайда автор кейіпкерді Айсұлуға қарама-қарсы мінездегі бейне ретінде қарастырады. Ол атақ десе, даңқ десе арын, жанын сататындар сапында. Оның бойынан көре алмаушылық, надандық, опасыздық сияқты адам басындағы жаман қасиеттерді көреміз. Гүлзи тағдырдың тәлкегімен күресуге шамасы жетпей, өмір қиыншылықтарына төтеп бере алмай, жеңілген адам. Әңгіме актрисалар жайлы болғандықтан, осы жөнінде біраз сөз қозғасақ. Спектакль кейіпкерлері әр түрлі мінезді болатыны және бір-біріне ұқсамайтыны да баршамызға белгілі. Мысалға Еңлік пен Қаракөзді салыстыралық. Еңлік жас бойжеткен қыз, еркекшоралау, мінезі жеңілдеу, ал Қаракөз ақыл тоқтатқан, саналы бойжеткен, салмақты, сыпайы болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда біздің театрымыздағы бір ғана актрисалардың ылғи да басты кейіпкердің рөлін ойнауы тіпті ақылға сыйымсыз. Пьесадағы астарлы мәселенің бірі де осы. «Кәмилә апай: – Міністрдің аты кім еді? Ойбу, зығыр құдай-ай. Сендерге сеніп жүрген мен де де ес жоқ. Жалғыз міністрдің атын білмейсіңдер!.. Білік: – Қайдан білейін, бірі келіп, бірі кетіп жатыр ғой. Театрға келмесе міністрдің кім екенін қайда білеміз. Құдай-ау, қазіргі міністрлер шетінен коммерсант болып кеткен бе, немене?.. Халықтың қадіріне жетпеген міністр, оның өнерін қайтсін?» Расында, өнер мәдениеттің елеулі бір саласы болғандықтан, оның орны да бөлек. Театр ерекше әлем. Халықтың ой-санасын, ақыл-есін оятатын, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге түрткі болатын да театр. Біздің жағдайымызда, мәдениет министрлерінің біразы театрға мүлдем келмейтін, тіпті көңіл аудармайтынына куәміз. Және де осы келеңсіздікті халық әртістері арқылы жеткізбек болған драматургтың ойы орынды . Пьеса сахналануға лайық па? Әрине, лайық, себебі туындының тәрбиелік мәні бар, халыққа жеткізбек ойы ащы шындыққа толы және ең бастысы шығарма сөздері әрекетті керек етеді. Алайда туындының сахналанбайтыны өкінішті-ақ.
Бердікей ҚАЖЫМҰҚАНҰЛЫ,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 2-курс студенті