МАЙТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ

МАЙТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ

МАЙТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
ашық дереккөзі
445

Қызыл империяның күші әлсіреп, тоталитарлық жүйенің тоңы жібіп, демокра­тиялық жаңа кезеңнің таңы ата бастаған алғашқы кезден-ақ шетелдерде шашырап жүрген қандастарымыз, соның ішінде Моңғолиядағы қазақтар алғашқы боп көш басын атамекенге бұрған еді. Сол ұлы көшке тікелей басшылық жасап, осы көшке байланысты Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ресми кездесулер мен келіссөздерді ұйымдастыру шараларын Сағат Заханқызымен бірге атқарған Аятхан Тұрысбекұлы болатын.

«Ұрпақ алдындағы осы міндетімізді аброймен атқаруды арман етіп, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы ұстап, батыл қадам жасауға бел байладық», – дейді Аятхан ақсақал.

Аятхан Тұрысбекұлы Сайт Заханұлы­мен Қазақ ССР-ның 70 жылдық торқалы тойына келіп, шетелден жиналған қазақ ағайындары бас қосқан жоғары деңгейдегі қабылдауда Моңғолияда тұратын қазақ­тардың өздерінің тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келгісі келетінін алғаш рет ресми мәлімдеген еді. Сонымен бірге Талдықорған облысының Кербұлақ ауданының әкімшілік төрағасы Тілеужан Садықұлымен кездесіп, осы ауданның малшы, құрылысшыларға жұмыс беруге мүмкіндігі бар екендігін біліп, ауызша келісіп қайтқан болатын.

Сонымен, 1991 жылы мамыр айының ортасында дүрбелеңі мол салтанатты көш басталды. Сол кездегі Моңғолия мен Кеңес Одағының арасында визасыз қатынас үрдісі бойынша моңғол қазақтарының қолына 5 жыл уақытымен шетелге шығатын паспорт тиді. Және бұлар еңбек шартының уақыты біткен соң Қазақстанда қалу немесе қалмауды өздері шешетін болды. Жекеменшік дүние-мүлкін, киіз үйін өзімен бірге алып кетуге және оларды кеден салығынсыз алып шығуға мүмкіндік туғызды. Осы 1992 жылы негізінен Баян-Өлгий (қазақша Бай бесік) мен Қобда аймағындағы қазақтар қопарыла көшті.

1992 жылы көш қарсаңында күн сайын атамекенге асыққан қазақтарға толы 10 ұшақ Баян-Өлгий топырағынан көтеріліп, Семей-Өскемен-Алматы бағытындағы көкке самғап жатты. Олардың үй-мүліктері Таулы Алтай аймағы арқылы 2000-дай тіркемелі «КАМАЗ» автомашиналарымен және 300-дей автобустармен тасымалданып, елге шашаусыз жеткізілді.

Бұл көшке Қазақстан үкіметі ерекше көңіл аударды. 1991 жылы Еңбек келісімшартында көрсетілгендей әр отбасыға 10 қой, 1 жылқы, 1 сауын сиыр, 1000 сом ақша берілді. Көптеген шаруашылық орындары тоңазытқыш, газ плитасы, телевизор т.б. тұрмыс-тіршілікке аса қажетті заттармен қамтамасыз етті. Өздерін жұмысқа қабылдады.

Оралмандардың 90 пайызы келген бетте тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

1992 жылдан бастап көші-қонның жол қаражатын Қазақстан төледі. Оның үстіне әр жанұяның басшысына 10 мың, ал қалған мүшелерінің әрқайсысына 2,5 мың сомнан ақшалай жәрдемақы төленді.

Әрине, көші-қон мәселесінде әртүрлі қиыншылықтар аз болған жоқ. Шаруашылық басқарған кейбір мансапқор әкімдер, шолақ белсенділер қоластындағы жұмысшыларға басыбайлы құлы сияқты қараған кездері де аз емес. Моңғол елінде жүргенде өздері басшыларды құрметтеп, басшылары бұларды құрметтеп әдеттенген жандар мұндағы кейбір басшылардың келеңсіз әрекеттеріне шыдай алмады. Міне, осындай жағдайлардан кейін кейбір ағайындар қайта Моңғолияға көшіп кетті.

Атажұртқа көшкен көш әлемдік мәні бар – Ұлы көш. Ал қайтқан көш болса аздаған адамдардың жеке басының ғана мәселесі.

«1992 жыл қыркүйек. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Журналистер түркиялық Дәлелхан Жаналтай ақсақалды ортаға алып: «Аға, енді елге қашан көшіп келесіздер?» – деп сұраған еді.

Сонда ақсақал: «Бауырларым-ау, әуелі бір-бірімізді ыстық құшаққа алып, шұрқырасып көрісіп, мауқымызды басып алайықшы…», – деп жылап жібереді.

Өміріне ез болып еңіреп, ел-жұртына көз жасын көрсетпеген азамат емес пе? Оның сонда «бауырларым-ау, кел, шұрқырасып бір көрісейікші» деуінде де талай сыр жатыр… Олардың гоминдандық Қытайдағы от басынан үдере көшіп ығысуы 1933 жылы басталыпты. Содан ел ағалары бастаған қаралы көші лек-легімен бірде ішкі Қытайға, бірде Лобнор,Такла-Макан шөлдерін, одан Тибет пен Гималай тауларын асып, ақыры жер түбіндегі Пәкістан мен Үндістанға жетіпті. Ал көш соңында қытайлық әскерлер мен тибеттіктердің адам айтқысыз азаптары жатты… Оның үстіне жолдағы шыжыған шөл мен ызғарлы мұзарттарды қосыңыз… Сол ызғарлы мұзарттарда, сол шыжыған шөлді далада мыңдаған бейкүнә қазақ баласы жабусыз, көмусіз қалыпты. Білетіндер «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі ең бір қатерлі, ең бір қайғылы, қасіретті көш осы болар дейді». («Ұрпақтар тоғысы». Астана – 2001, «Елорда», 88-бет. Сағат Заханқызы).

Бүгінде Аятхан қария былай дейді:

«Елім-ай деп Моңғолиядан елге – Атажұртқа оралған бұл Көштің өз қуанышы, өз ырзығы, өз жемісі бар… Сондықтан бұл көшті ата-бабаларымыздың әруағы үшін «Майтабан шұбырынды» деп атағанымыз орынды болар!»

Бұған қосып-аларымыз жоқ!

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ,

еңбек ардагері

Серіктес жаңалықтары