АСТАНА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ...

АСТАНА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ...

АСТАНА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ...
ашық дереккөзі
634

Өткен аптаның соңғы күндерi барша қазақ жұрты Астана күнiн тойлады. Елорда Сарыарқаның төсiне қоныстанып, Астана атанғанына да он төрт жыл болыпты. Күнi кеше ғана Алматыдан Ақмолаға жапырыла көшкен жұрт ендi зәулiм сарайлары бар, өзгеше сипаттағы жаңа Астананың келбетiне тамсана қарайды. Алғашқы кездегi жапырайған үйлер, мидай жазық дала бүгiнде адам танымастай өзгерген.

Жыл сайын, тіпті ай сайын Астана түрленіп келеді десек те артық емес. Оған уақыт өткен сайын қала көшіне ілескен жаңа ғимараттар мен сауда орталықтарын, жаңа магистральдарды айтсақ та болады. Астананың тұп-тура жанына отырғызылған қалың орман да желмен жарыса жайқалып, көгеріп, көктеп келеді. Күні өтпей-ақ, қалың ну орманға айналатынын білдіргендей тал шыбықтар да желмен бірге ән сала тербетіледі. Астана! Бұл әлемдегі теңдессіз астана­лар­дың қатарындағы ерекше қалаға айналмақ. Айналдырған он төрт жылдың ішінде түркі әлемінің астанасына айналған Астана қаласының күні ертең-ақ түркі дүниесінің рухани орталығына шындап айналары сөзсіз. Қазақ жұртының пешенесіне зұлматты жылдарды, ашаршылық пен жоқшылықты жазып қана қойған жоқ. Сан зұлматты кезеңдерді бастан кешірген қазақ халқының ел болып, еңсе көтеруінің дәлелі ретінде жаңа астанасының бой көтеруі де ізгіліктің нышаны. Бойына жақсылық нұрын шашқан Астана әлі де көркейе береді. Жас қала үшін он төрт жыл деген тым аз уақыт, мыңжылдық тарихы бар астаналармен бой таластыратын қазақ елінің Астанасы үшін әлден-ақ мақтануға құқылымыз. Қазақ жұртының өз мемлекеті, өз құрылымы болғанын армандаған болар барша Алаш баласы. Сол алаш баласының армандаған азаттық идеясы Астана арқылы көрініс тауып, әлемге өзін танытып жатқаны да барша қазақстандықтардың мерейін асыруда. АСТАНА КҮНІНЕ ЖАСАЛҒАН ТАРТУ Астана күні қарсаңында қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов қаланың орталық магистральдарының бірі – Орынбор көшесіндегі жаңа учаскеде автокөлік қозғалысын ашқан еді. Жаңа магистральдың іске қосылуы астаналықтар үшін үлкен мереке болды. Ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі: «Астана – мемлекетіміздің бас қаласы. Сондықтан да осы қаланың тұрмыс-тіршілігі, көшелер мен нысандардың құрылысы Елбасының ерекше назарында. Әрине, қала өсіп-өркендеу үшін сапалы жолдар керек. Осы орайда бүгін Астана күнінде қала үшін маңызды даңғыл жол пайдалануға тапсырылып жатыр. Яғни заман талабына сай көше пайда болды», – деген еді. Орынбор көшесінде ашылған жаңа магис­траль сол жағалаудағы әкімшілік орталықтан Астана Халықаралық әуежайына дейін жол алып жатыр. Жаңа магистраль Астанаға келетін қонақтар мен шетелдік делегацияны алып жүретін негізгі жолға айналатын болады. Мереке қарсаңында Елбасы Астана қаласының жол-көлік инфрақұрылымдарын аралап көрген еді. Соның ішінде, Орынбор көшесіндегі жаңа магистральді де тамашалап көрді мемлекет басшысы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа магистральдың сапасына да баға берді. Қала әкімі магистральды ашу кезінде сөйлеген сөзінде ел басшысының Астана дамуына, соның ішінде оның көлік стратегиясы мен жол құрылысына ерекше назар аударып отырғанын да тілге тиек етті. «Елорданың көлік стратегиясы кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерде тек екі жобаны ғана айта кетуге болады ­– жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын Шағын көлік айналымының құрылысы және бүгін бірінші кезегі пайдалануға берілген ұзындығы 16 шақырым болатын батыс жартылай сақинасы», – деді Иманғали Тасмағамбетов өз сөзінде. Жаңадан салынып жатқан шағын көлік айналымы тәулігіне 90 мыңнан аса автокөлік өткізу мүмкіндігіне ие. Көлік айналымы құрылысы 2014 жылы аяқталмақ. Бұл көлік айналымы іске қосылатын болса, қала орталығына кем дегенде тәулігіне 20 мың көлік жөнелтуге мүмкіндік береді екен. Ұзындығы 16 шақырым болатын Батыс жартылай сақинасы, Қорғалжын тас жолы мен Тұран даңғылындағы көлік қатынасын жеңілдетуі тиіс. Қазіргі таңда бұл жерден тәулігіне 60 мың автокөлік өтеді, норматив бойынша 15 мыңнан аспауы керек. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы қаланың орталық бөлігіндегі жолдың сапасына тікелей әсер етеді. Көлік ағынын қайта бөлу орталық көшелердегі жол төсеміне түсетін күшті едәуір азайтады. Сондықтан қала үшін олар басымдыққа ие болады. «САРЫАРҚАҒА» ТЕРБЕЛЕТІН АСТАНА Өткен аптадағы Астана күні қарсаңында орын алған айтулы оқиғалардың бірі – Сарыарқаның төрінде ұлы күйші Құрманғазы ескерткішінің ашылуы болды. Ұлы күйшінің ескерткішін Елбасы өзі келіп, ашқан еді. Елбасы ескерткіштің ашылу салтанатында: «Бабаларымыздың құрметіне ескерткіштердің ашылуы – біздің ұрпақтың оларға деген шынайы ризашылығы мен зор құрметінің көрінісі. Қазіргі кезде Астанада Жәнібек пен Керейге, Абылай мен Кенесарыға, Абайға, Жамбылға және Бауыржан Момышұлына ескерткіштер орнатылған. Енді олардың қатарына Құрманғазы ескерткіші қосылып отыр. Ол – халықтың сенімін қасиетті аспап арқылы жарқын және бейнелі түрде жеткізе білген ұлы композитор. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Қайран шешем», «Кішкентай» атты күйлерін әрбір қазақ біледі, сүйсініп тыңдайды. Ал «Сарыарқа» күйі күллі әлемге таралып, қазақ музыкасын танытты», – деп атап өтті. Халықтың музыка өнері тарихында Құрманғазының орны бөлек. Ұлттың музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан күйшінің соңында қымбат қазынасы, шығармалары мұра болып қалды. «Құрманғазы – аңызға айналған тұлға. Ол өз шығармаларына қазақ халқының тарихы мен мәдениетін арқау етті. Біз күйшінің жерленген жері Астрахань облысындағы ескерткішін жаңалап, сол жерден арнайы мұражай салдық. Біздің елімізде көптеген көше, мәдениет мекемелері оның есімімен аталады. Халқымыз Құрманғазының күйлерін есте сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Мен барша тұрғындарды Елорда күні мерекесі қарсаңында осы маңызы зор оқиғамен құттықтаймын. Астана қонақтары мен тұрғындары үшін әр жексенбі күні сағат 12-де Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалатын болады», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен әрбір жексенбі күні астана жұртшылығы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен тербелетін болады. Сарыарқаның төрінде, «Сарыарқа» орындалатын болса, қазақтың рухының асқақтағаны. Әрбір жас жеткіншектің санасының ұлттық рухпен оянуына да «Сарыарқаның» септігі тиетін болады. Әрі қазақтың музыка өнерінің тарихында «Сарыарқаның» орны бөлек. Құрманғазының күйінде ұлттың рухы жатыр. Ол күйдің өн-бойынан қазақты тануға, табуға болады. Әрі сырттан келетін қонақтарға қазақтың кім екендігін таныту үшін «Сарыарқаны» тыңдатудың да орны бөлек. Олар күй арқылы қазақты білетін болады. Күй арқылы қазақ дейтін халықтың болмысын танитын болады. Мұның бәрі Астана жұртшылығы үшін жасалып жатқан игілікті шара емес, бұл барша қазақстандықтар үшін жасалып отырған ізгілікті дүние. Құрманғазы ескерткішінің авторы мүсін­ші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Асан Молдабаев. Автор: «Осы жобаға мен шын мәнінде байқау өткізілу кезінде ғана емес, өмір бойы дайындалдым. Мен де домбыра шертемін. Құрманғазының рухы маған жақын. Мен үшін осы жобаның авторы болу үлкен мақтаныш», – дейді ағынан жарылып. Құрманғазы ескерткіші Тұран даңғылы бойында «Думан» қонақүйі ғимаратының алдында орналасқан. Мүсін 5,5 м биіктіктегі тұғырға орнатылған, ескерткіш қоладан құйылған. Оның жалпы биіктігі 10 метр. АСТАНА КҮНІНДЕ ҚИЫЛҒАН НЕКЕ Соңғы жылдары дәстүрге айналған шаралардың бірі – Астана күнінде некеге отыру. Соңғы бес жылдың ішінде Астанада берілген 500-ден астам неке туралы куәліктердің «Тіркелген күні» деген бағанында «6 шілде» деп көрсетілген. 1000-нан аса тұрғындарға Елорда күні өмірлеріндегі басты күннің бірі болып саналады. Өйткені олар осы күні некесін қиып, жаңа жұптық өмірге қадам басты. Биылғы жылы да Астана күнінде 40 жұп жаңа отбасын құрды. Неке қию рәсіміне мыңдаған адамдар куә болды. Куәгерлердің бәрі де жаңадан некесін қиған жас жұбайларға өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп жатты. Неке қию рәсіміне бұрынғы некесін қиған жұбайлар да қатысып, тамашалады. Солардың арасында Бибігүл мен Нұрлан Қазақпаевтар да бар. «Біз Астананы өте жақсы көреміз. Осыдан бес жыл бұрын елорданың 10 жылдығында неке құрғанбыз. Бүгінде біздің екі кішкентай бүлдіршініміз бар. Біздің отбасы Астанамен бірге өсіп, өркендеп келеді, бүгінгі жас жұбайлар біз секілді бақытты болсын дегіміз келеді», – дейді осыдан бес жыл бұрын «Атамекен» этномемориалды кешенінде некелерін қиған Бибігүл мен Нұрлан Қазақпаевтар. Некесін қиған жас жұбайларды Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Мәлика Бектұрова құттықтап, ақ батасын берді. «Астана күні жүздеген елордалықтар үшін некесі қиылған күн болды, бұл олардың өз болашағын Астанамен байланыстыратынын көрсетеді. Бұл патриотизмнің, Отанға деген махаббаттың көрінісі, олар үшін Астана сезімдері оянған орын, мәңгілікке бірге болып, болашақ балаларын тәрбиелеу жөнінде шешім қабылдаған жер және әрине, той салтанаты өтетін орын. Оның мемлекетіміздің бас туы желбіреген «Атамекен» алаңында өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Осы жерде жас жұбайлардың бір-біріне берген уәделері ерекше мәнге ие болады, себебі әр қоғамның өзегі – отбасы екені белгілі», – деді Мәлике Бектұрова ханым. Сол күні некесін қиған әрбір жұп ұйымдастырушылар атынан бағалы естелік сыйлықтарға да ие болды. Сонымен бірге, сол күні барлық жас жұбайлар теледидар, Бурабайға той саяхаты және бас жүлде – Түркияға той саяхатын ұтып алу үшін сыйлықтар ойынына қатысты. Түркияға баратын той саяхаты Марал және Гүлдана Қалжановтарға бұйырды. Салтанатты шарадан соң, некесін қиған жас жұбайлар аспанға бейбітшілік символдары – ақ көгершіндерді ұшырды. ҚАСИЕТТІ ЖҰМАДА АШЫЛҒАН «ХАЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ Қасиетті жұмада Астаналықтар үшін ерекше оқиға болды. Сол күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хазірет Сұлтан» мешітінің ашылу рәсіміне қатысты. Орталық Азиядағы үлкен мешіттердің бірі болып саналатын «Хазірет Сұлтан» мешіті ­– 5 мың адамға арналып салынған. Ал мұсылман мерекесі кезінде оған 10 мыңға дейін адам сияды екен. Жаңадан тұсауы кесілген бұл мешіт ­– қазақ халқының рухани байлығы мен ұлылығын айшықтайды және елорданың әдемі сәулеткерлік ғимараттарының бірі болып саналады. Мешіттің ашылу салтанатында Елбасы: – Қасиетті жұмаға орайлас келген Астана күні бүгін айрықша оқиғамен басталып, елордада еңселі мешіт ашылуда. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде түрлі конфессия өкілі – барша қазақстандықтар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Елімізде мешіттер мен православ шіркеулері, костелдер мен синагогалар қатарлас орналасқан. Бұл біздің дінаралық келісім мен толеранттылықтың нәтижесі. Сондықтан «Хазірет Сұлтан» мешітінің ашылуы ­– еліміздегі ең үлкен әрі ұлы оқиға, барша қазақстандықтардың мерекесі. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Иассауидің құрметіне аталған жаңа мәдениет ғимараты біздің халқымыздың рухани дәстүрінің сабақтастығының көрнекті символы болып саналады. Біз бұл жерді мешіт салу үшін кездейсоқ таңдап алған жоқпыз. Мешіт еліміздің бас алаңында, елорданың өзге сәулетті ғимараттарымен, Бейбітшілік пен келісім сарайымен қатарлас орналасқан. Жаңа «Хазірет Сұлтан» мешіті Қазақстан мұсылмандарының көп салалы рухани және мәдени-ағарту орталығына айналады. Әр діннің негізінде бейбітшілік пен мейірім жатады. Ислам діні басқа әлемдік діндер сияқты ізгілік пен бейбітшілікке үндейді. Мерекемен құттықтай отырып, «Хазірет Сұлтан» мешіті халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін, – деген еді. Мешіт классикалық Ислам үлгісі мен дәстүрлі қазақ орнаменті және декоративті элементтер қосындысы ретінде құрастырылған. «Хазірет Сұлтан» мешіті үш қабаттан тұрады. Мешіттің бірінші қабатында неке қию рәсімдері өтеді. Ал екінші қабатында ер азаматтарға арналған 4 мың адамдық намаз залы орналасқан. Ал үшінші қабаты әйелдерге арналған. Оған да бір мың адамдай сияды. Мешіт ғимаратының жалпы ауданы – 17 мың шаршы метрді құрайды. Мешіттің төрт мұнарасының биіктігі – 77 метр. Бас күмбездің биіктігі – 51 метр, ал диаметрі – 28 метр. Жаңадан ашылған мешіттің айналасында келешекте 5 субұрқақ орнатылатын болады. Одан бөлек, мешіттің қабырғаларын декоративті жарықтандыру жағы да қарастырылған. Әрі мешіттің маңында 745 көлікке арналған ашық автотұрақ болады. Жаңадан тұсауы кесілген «Хазірет Сұлтан» мешіті Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументтерімен жарысып, Астана қаласының көркін арттырып тұр. ­25 БАЛАҒА ҮМІТ СЫЙЛАДЫ Астана күнін барша қазақ баласы тойлады. Қазақстанның әрбір облыстары елорданың күніне өзіндік үлес қосты. Түрлі концерттік шаралар, көрмелер ұйымдастырып, Астана күніне өзгеше сый-сияпатпен келгендері де бар. Ал Астана күнінен кейін, астаналықтар тағы бір игілікті шараны жүзеге асырды. Бұл жолы қалалық әкімшілік Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың билеттерінен түскен қаражаттан әртүрлі дертке шалдыққан 25 баланың еміне сертификаттар табыстады. «Жыл сайын бұл қаражат көлемі артып келеді. Егер 2008 жылы ол 7 млн. теңге болған болса, биыл 20 млн.-ға жетті. Әр сертификатта оның құны көрсетілген. Олар емделетін елді таңдайды, мүгедек балалар қоғамы кімнің Қытайға, кімнің Ресейге баратынын, ал кімнің Қазақстанда қалатынын біледі», – деді Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина баспасөз мәслихатында. Астана күні құр тойланып қана қойған жоқ, мерекеден түскен қаржылар күдерін үзіп отырған науқас балалардың көңіліне үміт отын жақты. Аталмыш акцияның арқасында Богдан Пеньков, Аружан Оразбекова, Аяжан Камбинова, Ксения Рогожкина, Рамазан Есмағамбетов, Далия Сурова, Раиса Зеленая, Ажар Әлжанова, Өмірзақ Амангелді Ресейге ем алуға бара алады. Тағы бір қыз, Емилия Шаповалова Украинаға аттанады. Ал Қытай еліне емделуге Рания Маханова, Дархан Нұрғали, Арман Сағынтай, Мансұр Смағұлов, Фидан Қанбарова, Дархан Төлепбаев, Айша Садық, Мөлдір Сайытбек, Ақнұр Жекен, Валерия Хан жолдама алды. Ал қалған бесеуі Амандық Алпамыс, Айгүл Атабаева, Тоғжан Әнуарбек, Айнұр Төлеген және Эвелина Фасхутдинова сияқты бүлдіршіндеріміз Қазақстанда ем қабылдайтын болады. «Ата-аналар атынан мүмкіндіктері шектеулі балалардың еміне көрсетілген көмек үшін зор алғыс білдіргім келеді. Сіздің қолдауларыңыздың арқасында балалардың ем алып, толық сауығып кетуге үміт пайда болды. Бұл бірегей әлеуметтік жоба игі дәстүрге айналып, қайырымдылық ісінің нағыз үлгісін көрсетті», – деген алғысын жеткізді. «Астана қаласының мүгедек-балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қамқа Жасанова. Балалар үшін жасалған шараның бәрі игілікті дүние екені рас. Өйткені ұлттың келешегі балалардың қолында. Бүгінгі күні Астанада 1,5 мыңға тарта мүгедек бала бар. Олардың денсаулықтарын түзеу үшін барлық жағдай жасалынуда. «Бізде қалада оңалту орталықтары бар, тірек-қимыл мүшелері зақымданған балалар үшін арнайы балабақша ашылды. Жұмыс нәтижелері көрінуде. Біздің басты бағытымыз – қарапайым балаларға жағдай жасау ғана емес, мүмкіндіктері шектеулі балаларға да жәрдем көрсету болып табылады», – дейді қалалық білім бастығы. Астананың мерекесінің осындай акцияға ұласуы – қала жұртшылығының ыстық ілтипатына ие болды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары