ЖАНДЫ АУЫРТҚАН ЖЕЛТОҚСАН

ЖАНДЫ АУЫРТҚАН ЖЕЛТОҚСАН

ЖАНДЫ АУЫРТҚАН ЖЕЛТОҚСАН
ашық дереккөзі

Биыл тек Қазақ елін ғана емес, өз кезеңіндегі Кеңестер Одағының аумағында да айтулы оқиғаға айналған Желтоқсан оқиғасына жиырма бес жыл толып отыр. Қазақ халқының ұлт азаттығы үшін болған соңғы көтерілістің бірі ретінде ғана емес, Кеңестер Одағындай мызғымас алып империяның да іргесін шайқалтып жіберген осынау тарихи оқиғаның көркем әдебиеттің нысанына айналуы заңды құбылыс болатын.

Оған арналған тартымды туындылардың ішінде Т.Сәукетаевтың «Қилы тағдыр» («Ай қараңғысы» 1998), «Желқайық» (2011), Н.Қуантайұлының «Қараөзек» (2002), Мир Шайырдың (ақын Мырзағали Іңірбаевтың) «О, Данышпан дүние» атты романдары бар. Солардың арасынан бұрын әдеби сынның назарына іліге алмай жатқан Ә.Ыбырайымұлының «Ұяластар» романы мен Ө.Ахметтің «Желтоқсан ызғары» хикаятының мазмұнына ептеп тоқталып кетсек дейміз.

Өтпелі кезеңнің тұрмыстық-әлеуметтік қана емес, морльдық қиыншылықтарын да суреттейтін Ә.Ыбырайымұлының романында 1986 жылы бүкіл дүниежүзін шулатқан Желтоқсан оқиғасын суреттейтін тараулар да бар. Бұған қатысты нақты көріністер атышулы оқиға орын алған Алматы қаласындағы Брежнев атындағы алаңда өтіп жатады. Оқырман алдына көлденеңдеп шыға келетін негізгі факторлар әркім әртүрлі баға беріп келген бұл оқиға әуелі неден басталды, ұлтжанды жастардың бастарын біріктіріп, Кеңес дәуірінде болуға тиісті емес саяси акцияны қалай жүзеге асырды деген мәселелер. Ауылдан келген қарапайым жас­тарды наразылық шеруін өткізуге итермелеген қандай күш деген мәселе де назардан шет қалмай, жазушы оған өзінің көркемдік версиясын ұсынады.

Өз ұлтының келешегі үшін олардың шеттерінен шейіт болатын тұстарын суреттеген эпизодтарды жайбарақат оқудың өзі қиын. Бұрын онша айтылмай келген желтоқсаншылардың жаппай қазаға ұшырауын суреттейтін эпизодтар оқырман сезімі түршігерлік деңгейде. Бұндай трагедиялық ахуалдың орын алуына бірінші себеп – көтерілісті басу үшін әкелінген әскерлер мен олардың командирлерінің қазаққа деген өлшеусіз өшпенділігі болса, екіншіден сырттай момақан да қарапайым көрінетін қазақ ұландарының қайсарлығы.

Командирдің әмірін мүлтіксіз орындап, жастарды шетінен өлтіріп жатқан жауынгерлердің мейлінше қатыгездігін суреттеу барысында психологиялық талдауға баса мән беріледі. Мұның ар жағында отарлаушы ұлт орыстардың да қазақ сияқты бұратана ұлтты жек көру сезімі жатқаны да көрініп қалып отырады..

« – Жетпіс жыл бойы мойынымызға мінгізіп отырмыз, дандайсыған!

Маржалар бел алып, автобустың ішін кернеп барады. Орыс атаулының бәрі қазаққа жирене қарайтындай..» [1, 330-б].

« – Аяқтары сыңғырлардың бәрі Брежнев алаңына барған. Неге сол жерде қырылып қалмайды!

– Айтпаңыз, күндерін көре алмай жүріп, бас көтергендері несін алған?!

– Шетінен аямай жазаға тартса екен!» [1, 331-б].

Қаламгерлер көп бара бермейтін осынау ащы шындықты көрсету үшін жазушы Желтоқсанның қанды оқиғасын еш мәймөңкесіз натуралистік деңгейде көрсете білген. Бағзы бір шығармалар үшін натурализм көркемдік талаптар тұрғысынан кемшілік болып табылса, Ә.Ыбырайымұлының аталған романында бұл фактологиялық деңгейде орынды рөл атқарып тұр.

Билік органдары тарапынан орын алған адам құқықтарының аяққа тапталуы, жүгенсіздікке баруы, қатардағы әскери адамдарды былай қойғанда, олардың командирі, еңгезердей полковниктің өзі жас қызды күрзідей жұдырығымен сілейте сабауы – сол замандарда құлаққашты болып кеткен «Совет адамы» деген үлгілі стандартқа мүлде қарама-қарсы сипаттағы факторлар. Жастарды қаланың сыртына алып шығып, шеттерінен бастарын сапер күректерімен қақ айырып, жұрт көзінен таса жерде білгендерін істеп жатқандар да осындай үлгідегі Совет жауынгерлері. Алаңға барған студент, бас кейіпкер Жапардың көзімен берілетін бұл суреттердің барлығы да шын мәніндегі қанқұйлылық көріністері.

Әдебиетіміздің қоржынында Желтоқсан тақырыбына арналған шығармалардың бұл күнге дейін едәуір қордаланып қалғанын айта кету керек. Олардың кейбірінің аңдат­пасында Желтоқсан тақырыбы көтерілгені ай­тылғанымен, сюжеттік желісін қуалап оқи бастасаң, оқиғаға тікелей қатысты де­тальдардың тапшылығы көзге атойлап­ тұрады немесе тақырыпты желеу етіп, жанама нәрселерді термелеп кету нышаны байқалып қалады. Әділбек Ыбы­райымұлының «Ұяластар» романында әңгімені тақырып төңірегінде ғана өрбітіп, алыстан орағыту деген жоқ, басқа жанама детальдарды былай қойып, автор ең алдымен Желтоқсан оқиғасының негізгі жарасын ашып көрсетуге ден қояды. Жазушының бірден алаңда болған оқиғаларды іріктей суреттеуі, оның ең трагедиялы тұстарын қажетті штрихтармен қазбалауға тырысуы, Кеңес дәуірінде мейлінше белең алып тұрған отаршылдық жүйенің қатыгездігін, сол жүйенің жемісі болып табылатын орыс шовинистерінің қазаққа деген теріс пиғылын батыл түрде ашып көрсетуі, міне, осындай тұжырым жасауға жетелейді.

Тағы айта кетерлігі – романның кейіп­кер­лері әлдеқандай қомақты әлеуметтік немесе келелі тарихи мәселелерді шешу жолында емес, жеке бастық деңгейдегі проблемалардың шылауында жүреді. Өздері құрбаны болып жат­қан сыбайлас жемқорлықпен күресуге де дәрменсіз, қолдары қысқа жандардың оған мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан аталған шығарма кеңестік дәуірдегі әдеби шығармаларда өзіндік мұрат ретінде танылатын социалистік реализм талаптарына жауап беруді мақсат етіп қоймаған.

«Ұяластар» – жалпы уақыт шындығын дәл­ көрсете алуымен өзгешеленетін шығар­ма­лардың қатарында.

Қазақ халқының тарихында қасіретті оқи­­ғалардың қатарынан табылған бұл оқиға көптеген шығармаларда тікелей суреттелген. Өтен Ахмет өзінің «Желтоқсан ызғары» деп аталатын хикаятында бұл мәселеге басқаша қырынан келген. Сюжеттік желілер қарт шахтер Асаудың тағдырының төңірегінде құрылған. Оқиғаның көркем кеңістігі Желтоқсан оқиғасы орын алған Алматы қаласы, ондағы Брежнев атындағы алаң емес, Қарағанды қаласы.

Ардагер жұмыскердің кенже қызы Айжан мен оның құрбы жігіті, шахтер Қайсар облыстық партия комитетінің алдына жиналған жастарға қосылып, Конституция бойынша Қазақстан өзін-өзі билеуі керек деп айтқан сөзіне бола жергілікті өкімет тарапынан қуғынға ұшырайды. Бұларды құтқарып қалуға тиісті басты тұлға – еңбек ардагері Асаудың өзі. Осынау азаматтық әрі ұлттық парызын жақсы сезінген кейіпкер шахтаның бастығы, өзінің ескі досы Юрий Николаевич Соколовскийге барып, жас шахтерға араша түспек болады. Бірақ ол әрекеті керісінше сипатқа ие болып, шахта бастығы ескі досын кідіртпей зейнеткерлікке шығару жөнінде бұйрық бергізеді. Ал учаске бастығы қызметін атқарып, Сергейге айналып кеткен қазақ жігіті Сымбат бастық орыстың көлеңкесінен ығып, Қайсарды шахтаға жолатуды былай қойып, мүлде бездіріп жіберген.

Жазушы Желтоқсан оқиғасының кімнің кім екенін ашып бергенін ашық суреттейді. Оқырманды қатты ойландыратын жайт – екеуі бір-бірін бозбала кездерінен білетін, шахтаның ең төменгі жұмысынан бастап, қатар істеп келе жатқан, күйкі тіршілікте пендешілік ым-жымдары бір, өзара әбден сеніскен еңбек ардагерлері Асау мен Юрийдің арасына неліктен сызат түсті деген мәселе. Кейіпкерлер болмысы мен азаматтық позицияларына талдау жасай келе, бұған берілетін жауаптың жалғыз-ақ екенін байқаймыз.

Пікірлері де, көзқарастары мен мінез-құлықтары да ұштасып келе жатқан кәрі достардың өмірлік ұстанымдары ұлттық мәселе алдыға шыққан кезде ғана екі түрлі арнаға түсіп кетеді. Шахта бастығы Соколковскийге ұнамай қалғаны – ескі досы Асаудың өз халқының мүддесін ойлағандығы, бір сәт ойлап кеткендігі ғана. Желтоқсан кезінде өз көзқарасын білдіргендігі үшін қудаланып жатқан қазақтың қарапайым шахтер жігітіне неге арашаға түседі? Орыс бастықтың түсін суытып, көзқарасын кілт өзгертіп жіберген де осы жайт. Сол үшін де өмір бойғы достық арқауын бір-ақ сәтте ойланбастан үзіп тас­тайды.

Осы эпизод арқылы кейіпкердің шови­нис­тік сиқы айпарадай айқын көрінеді. Бүгінгі күні қол астындағы қазақтарға теріс қарап, бірінші кезекте империалистік идеологияны жүзеге асырып жатқан осы Юрий Николаевич кім еді? Хикаятта бұған берілген жауап нақты.

Бұл персонажбен Асау осыдан отыз шақты жыл бұрын шағын станцияның басында бір келеңсіз оқиғаның үстінде танысқан еді. Темір жол бойында шырылдап тұрған балауса қыздың сумкасын біреу тартып әкетіпті. Сөйтсе ол Ресей жақтан қаңғып келе жатқан бір жасөспірім болып шығады. Кекшілдігі де, қатыгездігі де шамалы жергілікті мейірбан қазақтар жаңағы қылмыскер жасқа кешіріммен қарап, керісінше, келешекте нәпақа табуына ақыл-кеңес беріп, жөн сілтейді. Сөйтіп ол үлкен қала Қарағандыға келіп, шахтаға жұмысқа орналасады, білім алып, жұмыс бабында өсе келе, бір шахтаның бастығы лауазымына дейін көтеріледі. Міне, тағдыры осылай қалыптасқан Юрий Николаевичтың енді Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақтарға шекесінен қарап, осқырынып шыға келуін шындықтан алыс дей аламыз ба? Ондай өзгеріп шыға келген басқа ұлт өкілдерінің тарихтың бетбұрысқа толы шешімтал кездерінде кездесіп қалуы ұлтаралық мәселедегі типтік құбылыс болатын.

Жұмыстан қуылып жатқан Қайсар болса бір кезде осы Юрий сумкасын тартып әкеткен балауса қыздың, бүгінгі көп балалы ананың кенже баласы. Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастың бұлайша қалыптасуында да символикалық мән бар. Ресейден келген орыстың қаңғыбасы бір замандарда шешесіне күш көрсетіп, қылмыстық қадамға барса, бүгінгі күні енді оның баласына қысым жасап отыр. Демек, осынау үштік қарым-қатынасы арқылы орыс үстемдігі әлі де созылып, күшейіп келе жатыр деген көркем тұжырымның ишарасын танып-түсіну қиын емес.

Рас, шығармада негізгі ойды көркемдік шарттарымен иіп жеткізіп жатпай-ақ, тікелей айтып тастауға ыңғайлы публицистикалық сарындар да ұшырасады. «Сымбат-Сергейді қойшы, ойлағаны өз басының қамы да. Облыс пен кеніштің бар тұтқасын қолдарына ұстаған орыс ағайынның ығын еспесе, өспейтінін біледі… Орысша тәрбиеленіп, орысша оқып, жалтақ өскен сорлы ұрпақ азаттықтың жолы өз халқына қызмет етуде емес, керісінше өз халқының ұлттық ерекшеліктерін жою деп ойлайтын болса, одан не үміт, не қайыр» [2, 18-бет]. Ашық мәтінмен айтылған осы тұжырым – аталған хикаяттың идеялық кредоларының бірі.

Осы талдаулардан байқалып отырғандай, Желтоқсан тақырыбы көркем прозада бір­шама игерілгені анық. Көркемдік талаптарына сай жазылған дүниелерде қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғаның шынайылыққа жақын суреттері, құрбандардың тағдырлары бар.

Аталған шығармалар әдебиетке деген көзқарас ептеп салқындап кеткен бүгінгі жиырма бірінші ғасыр оқырмандарының эстетикалық талғамдарын қанағаттандырып қана қоймай, сол талғамды бұзып алмауға да қызмет ете алатын деңгейде. Оқырмандардың болашақ ұрпағына кезең шындығын боямасыз өз қалпында жеткізуге қауқарлы хикаяттардың бағаланатын кездері әлі алда болмақ.

Нұрдәулет АҚЫШ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері