Қазбек ТӨЛЕБАЕВ: СКРИНИНГ БАҒДАРЛАМАЛАРДАН

Қазбек ТӨЛЕБАЕВ: СКРИНИНГ БАҒДАРЛАМАЛАРДАН

Қазбек ТӨЛЕБАЕВ: СКРИНИНГ БАҒДАРЛАМАЛАРДАН
ашық дереккөзі

сырт айналатындар аз емес

Елімізде медицина мамандарын дайындайтын С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін білмейтін адам жоқ. Қазіргі кезде көптеген ауруханалар мен емханаларда тапжылмай қызмет атқарып жүрген мамандар да осы қара шаңырақтың түлектері. Осы оқу ордасынан түлеп ұшқан талай білікті мамандар қазақ медицинасының мақтанышына айналғаны да аян. Алайда, соңғы кезде қоғамда ақ халатты жандарға деген құрмет төмендеп кеткен сияқты. Біз медицина саласында жұртты алаңдатып отырған мәселелер жөнінде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қазбек Ағабылұлы Төлебаевпен кеңірек әңгімелескен едік.

– Қазбек аға, бұрын-соңды онкологиялық аурулар туралы деректерді көп ести бермейтін едік. Қазір елімізде қатерлі ісікке шалдығатындардың саны артып барады. Әсіресе, республикамыздың түкпір-түкпірінде бұл мәселенің өршіп тұрғаны соншалық, онколог-мамандар да жетіспейді екен…

– Қазір біз жалпы медицина, стамотология, фармация, медициналық алдын алу ісі, мейірбике ісі, менеджмент бойынша мамандар дайындаймыз. Оқу орны мамандарды оқытып шығарғанда, оған «онколог» деген біліктілік бермейді. Студенттер интернатура, сосын резидентура оқиды. Алдымен студенттер білімін бакалавриат арқылы жетілдіреді, сосын интернатурада дамытады. Интернатураны бітіргеннен кейін олар акушер-гинеколог, педиатр, хирург, терапевт, жалпы тәжірибелі дәрігер болып шығады. Әрі қарай терең әрі арнайы дамытам десе, резидентурада білім алуы керек. Жалпы хирург, жалпы терапевт сияқты мамандық иелері білімін жетілдіре келе ең сирек кездесетін «онколог» мамандығына ие болады. Яғни, онколог болам десе, әлі төрт жыл оқиды. Шән мәнінде, онколог-маман қажеттілік туындаған кезде ғана көмекке келеді.

– Сонда оқу орны онколог-мамандарды санаулы ғана дайындап жатыр ма?

– Қазіргі жағдайды осыдан жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алмайсыз. Дүниежүзінде солай. Ілгері даму бар. Бүгінде аурудың алдын алып, ерте диагноз қойып, скринингтік бағдарламалар жасау қолға алынып келеді. Оған Үкіметтен қыруар ақша да бөлінді. Бұл бағдарламалардың көмегі әжептәуір тиюде. Қалай десек те, бізде адами фактор өте жоғары. Сондықтан да науқасты алдымен терапевт немесе жалпы тәжірибелі дәрігер қарайды. Егер науқас өзін мазалап жүрген жайттар болса немесе күмәні туындаса, онда онколог-маманның көмегіне жүгінеді. Бір өкінішті жайт, скринингтік бағдарлама халыққа арналса да, оған көбісі келмейді. Жалпы, медицинада әйел адамдардан гөрі ер азаматтар өз денсаулығына салғырт қарайды екен. Бұл дәлелденген нәрсе.

– Бұрын ауылды жерлерде шағын болса да, медициналық пункттер жұмыс істейтін еді. Қазір бұл да жоқ. Жалпы, шалғайдағы елді мекендерде тұратын халықтың медицинаға қолы жетімді емес қой…

– Тәуелсіздік алған жылдары дәрігерлік пункттердің көбі жабылып қалды. Бірақ бұл мәселені Үкімет, Денсаулық сақтау министрлігі бірте-бірте қолға алып, қайта ашылуда. Ауылдық жерлерге арнайы «Денсаулық» теміржол және автопойызын жіберіп жатыр. Мұнда адам ағзасының барлық мүшесін тексеретін мамандар және қажетті құрал-жабдықтар бар. Иә, бүгінде әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігі өршіп тұр. Бұл дерт тіпті жасарып кеткен. Скрининг бағдарламалары жүргізілсе де, бізге әлі де қаншама маммолог-маман, қаражат жағынан көмек керек. Сондықтан әрбір адам денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс. Оның үстіне қазір жатыр мойны ісік аурулары да көп. 2013 жылдан бастап Қазақстанда жатыр аузы қатерлі дертінің алдын алу мақсатында Онкологиялық жәрдем бағдарламасы бойынша 9-11 жастағы қыз балаларға екпе жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл бағдарлама аурудың алдын алуға бағытталғандықтан, онда 9-11 жастағы қыз балаларға екпе жасау қарастырылған. Мұндай жұмыстар әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Еуропаның 22 елінде, АҚШ-та, Канадада және Африканың 7 елінде жүргізіледі екен. Осы бағытта түсіндіру жұмыстары басталады. Ешкім баласына жамандық ойламайды. Әркімнің баласы өзіне жіптіктей. Сондықтан да халық бұған түсіністікпен қарау керек. Бұл «қызыңыз жеңіл жүрісті» деген сөз емес. Мысалы, бүгінде аса көңіл бөлініп отырған жатыр мойны ісігі Құдай сақтасын, кез келген 35-40 жастан кейінгі әйелде кездесуі мүмкін. Оның бар-жоғы білінбейді де. Міне, мұның алдын алу үшін әлгіндей бағдарламаларға қатысу керек. «Оның біздің қызымызға не керегі бар?» деген немқұрайлылық болмауы қажет.

– Елімізде «Саламатты Қазақстан», «Онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» бағдарламасы қабылданды. Оған қыруар қаржы да бөлінді. Бірақ бағдарлама діттеген жеріне жете ме?

– «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы былтыр ғана басталды. Оның алдында 2005-2010 жылдарға арналған бағдарлама жүзеге асты. Әрине, осы бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде біраз алға ілгерілеушілік байқалады. Оны бәрі де айтып жүр. Елбасы да бұл жұмысқа оң баға берді. Біз әлі медицинаның қолжетімділігі мен сапасы жағынан дамыған елдердің қатарына қосылмаған шығармыз. Бірақ жыл сайын оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз ғой. Осыдан біраз жыл бұрын ана мен бала өлімінің көрсеткіші жоғары еді, қазір түсті. Адамның орташа өмір сүруі ұзарып келеді. Қазір 69 жасқа көтерілді. Негізінен дамыған елдерде мемлекеттік бағдарлама 15-20 жылдан кейін ғана нәтижесін береді. Демек, бәрі уақыт еншісінде.

– Жаңа өз пікіріңізде бала өлімі азайды дедіңіз. Әрине, бұған сенгіміз келеді. Бірақ та қазір медицина қызметкерлерінің салғырттығынан бала өлімі туралы деректер көп. Жақында ғана бір медбике жаңа туған нәрестеге клизма жасап, басқа ағзаларын зақымдап алыпты. Қас пен көздің арасында бір отбасы қан жұтып, сап-сау сәбиінен айрылып қалды. Міне, дәл осыған ұқсас фактілердің жиі кездесетіні жасырын емес…

– Мұндай қателіктер бар. Кездесіп жатады. Оны жоққа шығара алмаймын. Статитикалық мәліметті қарасаңыз, дүниежүзінде дәрігерлерден кетіп жатқан кемшілік көп. Адамдық фактор деп айтқаным сол. Дәрігер де адам. Осы мақсатта шетелде «Дәрігерлердің қателігінен сақтандыру» арнайы қоры жұмыс істейді. Өйткені, оларда бәрі заң жүзінде, сот барысында шешіледі.

– Осындай қорды біздің елде де ашу керек шығар. Қалай ойлайсыз?

– Оның да өз уақыты келеді.

– Бірақ бізде қателік дәрігерлердің тарапынан кетіп жатса да, оларды жауапкершілікке тарту деректері көп емес сияқты…

– Негізі денсаулық саласынан бірдеңе шықса, дереу жайылып кетеді. Бұрын осындай деректің бәрі айтыла бермейтін. Қазір ақпарат ашық. Бүгін болған жағдайды сол мезетте хабарлап үлгереді. Бір оқиға бүкіл халықтың құлағына жетуде. Әрине, адамның өлімі отбасы, туған-туыстары үшін үлкен қайғы-қасірет. Әр жағдайдың обьективті және субъективті факторлары бар. Олардың бәрі сараптама арқылы анықталады. Дәрігер шын мәнінде, қаншама науқастың өмірін арашалап, аман алып қалушы. Сол міндетін абыроймен атқарып жүргендері көп. Әр уақытта дәрігерді кінәлап, тек қана қара жағын ғана көруге болмайды ғой. Әрине «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, өз ісіне салғырт қарайтындар бар. Бірақ көп емес.

– Дегенмен, қоғамда дәрігер мамандығының беделі түсіп кеткенін мойындайсыз ғой.

– Халық қашан да медицина сапасына қанағаттанбайды. 100 пайыз халықтың көңілі медицинаға ғана емес, банк саласына да, білім жүйесіне де қанағаттанбайды. Бұл мүмкін емес. Әрине, қателіктер бар. Қателік барлық секторда бар. Қоғам баса назар аударатын екі-үш сала бар: біріншісі – денсаулық сақтаудағы адам өлімі. Екіншісі – әлеуметтік жағдай, үшіншісі – сот жүйесі. Осы салалардағы болып жатқан күнделікті оқиға-деректер бірден танылады. Ал соның ішінде дәрігерлер арасында әңгіме көп. Екіншіден, қоғам дамыған сайын адамның да тұтыну қабілеті артады. Өзіңіз айтыңызшы, қазіргі мен осыдан жиырма жыл бұрынғы жағдайды салыстырғанда айырмашылық бар ма? Әрине, бар. Қаншама құрал-жабдық сатып алынды, науқастарға тегін дәрі-дәрмек беріліп жатыр. Демек, қоғам ілгері жылжыған сайын халықтың да тұтыну қабілеті арта түседі. Бұл дүниежүзіндегі тәжірибе. Біздің тұтыну қабілетіміз басқа, американдықтардікі басқа. Бұл ортаға, қоғамның дамуына байланысты. Біз сондықтан да мәселенің бәрін шешіп тастаймыз дей алмаймыз. Бүгін мына мәселені шештік пе, ертең халық нені қажет етеді, соны алдын ала білуіміз керек. Сондықтан да кемшіліксіз дүние болмайды.

– Сіз құрал-жабдықтардың сатып алынып жатқандығын айтып қалдыңыз. Бірақ сол құрал-жабдықтарды қолдана білетін мамандар жоқтың қасы, сондықтан да шаң басып тұр деген әңгімені де жиі естиміз. Сонда медициналық оқу орнындағы студенттер, болашақ мамандар бұл қондырғылармен жұмыс істеуді үйренбей ме?

– Мұны да жоққа шығара алмаймын. Көптеген ауруханаларда дәрігер жаңа қондырғылармен емін-еркін жұмыс істейді демеймін. Студенттерге мейлінше көрсетуге, оны қалай қолдануды үйретуге тырысамыз. Біздің кафедралар үлкен-үлкен барлық ауруханаларда, институттарда бар. Олар жаңадан келіп жатқан құрал-жабдықтардың бәрін көреді. Дәрігердің дағдысын жақсарту үшін арнайы интернатурада оқиды. Олардың бәрін қалада ұстап қалмаймыз, керісінше аймақтарға жібереміз. Өйткені қалада дәрігер көп. Сондықтан да ауруды көре алмайды. Ал жас мамандарды білікті дәрігерлер қасынан тастамай, үйретсе, сонда ғана ол ауданның, облыстың деңгейіндегі жақсы маманға айналады. Соңғы екі-үш жылда осы үрдіс бойынша маман дайындап жатқан жайымыз бар.

Соңғы бір жыл ішінде университетте­ тәжірибелік дағды орталығын құрдық. Онда студенттерге тәжірибелік дағдыны үйретіп ғана қоймай, сынақ өткіземіз. Біз сынақ кезінде тәуелсіз сарапшы шақырып, студенттің науқаспен қалай жұмыс істеуіне қарап баға береміз. Студент науқасты қалай тексерді, қалай сөйлесті, жылы қабақ танытты ма, қандай сұрақ қойды, науқастың сөзін соңына дейін тыңдады ма, бәрін қадағалаймыз. Онсыз да қазір «дәрігерлер науқасты дұрыс қабылдамайды» деген пікірден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Расында да, кейбір дәрігерлер науқастың бетіне де қарамайды, қағазын толтырады да, қолына ұстата салады. Негізі жылы қабақпен қарсы алып, жылы сөз сөйлесе, бұл да науқасқа көмек болады. Өзі де ауруын уайымдап тұрған адамға дөрекі сөйлесең, жағдайы ушығып кетеді. Адам қай кезде ашуланшақ болады? Науқастың әлеуметтік жағдайы төмен шығар, бәлкім оған психологиялық көмек қажет болар. Міне, осы жағын ескеру қажет. Қазір емханаларда әлеуметтік мамандар мен арнайы психологтар жұмыс істеуде. Олар мәселені қалай шешу керектігін, өзін мұндай жағдайда қалай ұстау қажеттігін айтады. Осының бәрін келешек мамандардың құлағына құйып келеміз. Университетте ашылған арнайы коммуникативтік дағды орталығы науқаспен қалай қарым-қатынас жасауды үйретеді. Сенің пациентпен қалай сөйлескеніңді төрт жақты камерамен әдейі жазып алады. Сосын оны топпен талқыға салып, дұрыс айтылды ма, жоқ па, бәрін сараптайды. Немесе науқасқа қайғылы жағдайды қалай жеткізу керек? Оның да жолдары бар.

– Көбінесе жас мамандар интернатура бойынша біліктілігін шетелде көтеріп келеді екен. Ал олар сосын жекеменшік емхана, ауруханаларда, яғни жалақысы көп мекемелерге орналасады. Меніңше, ауылға барып жатқаны некен-саяқ…

– Иә, ол рас. Жалақы аз. Оқу орнын жаңадан тәмамдаған дәрігер 25-30 мың теңгемен бастайды. Ол қалай күнін көреді? Екіншіден, Кеңес одағы кезінде мамандарды ауылға жіберетін. Қазір ол жоқ. Бірақ ауылдық квота арқылы оқуға түсіп, үш жылға келісім-шартпен жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Ал өз ақшасына оқыған маман қайда жұмыс істеймін десе де, өзі біледі.

– Соңғы жылдары педиатрия мамандығының жабылуы туралы қоғамда екіұдай пікірлер болды. Балалар хирургы Камал Ормантаев та бұл мәселеге үн қосып, баспасөзге талай сұхбат берген еді.

– Осындай әңгіме болды. Оны былай түсіндірер едім. Шетелде нағыз маман болу үшін он бес жылға дейін оқиды. Ал педиатрия жөнінде айтатын болсам, Кеңес одағы кезінде педиатрлар көп еді. Керісінше, бала өлімі де көп болды. Қайта қазір бұл көрсеткішті бірталай түсірдік. Ал енді қазір педиатр жетпейді деп жатырмыз. Мысалы көп жерлерде педиатр мамандығының орнына жалпы тәжірибелі дәрігерлер істеп жүр. Біз педиатрларды талапкер кезінен бастап үгіттей бастаймыз. Студент алдымен жалпы білім алады да, екінші курстан бастап өз бағытын, мамандығын таңдайды. Педиатр болғысы келсе, қосымша сабағында осыған басымдық беріледі. Ал егер хирург болам десе, хирург саласының қыр-сырын меңгереді. Екіншіден, студент бес жыл оқыса да, оны акушер-гинеколог, педиатр, т.б. деп атамаймыз. Ол – бакалавр. Сосын екі жылдық интернатурада оқиды. Сол кезде ғана жас маманның таңдауына қарай педиатрияны, хирургияны, акушер-гинекологияны бөлек-бөлек терең оқытамыз. Одан кейін олар тағы да екі жыл резидентурада білімін жетілдіреді. Сондықтан ол маман – нағыз маман болып шығады. Қазір учаскелік терапевт пен педиатрдың қалай қызмет атқаратынын білеміз. Негізі шетелде педиатр – арнайы әрі қымбат мамандық. Қазіргі кезде учаскелік дәрігер алдына барған науқастың 25-35 пайызын ғана шешеді екен. Ал шетелде нағыз мамандар 80-90 пайызға дейін аурудың мәселесін шешеді. Біз де соған жетуіміз керек.

– Кезінде Ресей де педиатр факультетін жабу туралы ұсыныс жасаса да, қайтарып алыпты. Бұған не дейсіз?

– Бұл кәдімгі саяси келіспеушіліктен болған нәрсе. Әйтпесе олар педиатрия факультетін жапқысы келді, бірақ бұрынғы академиктері келіспеді. Бұрынғы терапевтер мен педиатрлар адамның ағзасын толық білмейді. Кішкентай балада қандай, ересек балада қандай, тіпті қартайған кісіде қалай дамитынын жіті білуі қажет. Өйткені ағза мүшесі, ауруды емдеу жас ерекшелігіне қарай өзгеріп кетеді. Ал біздегі педиатрлар баланың нәресте кезін ғана білсе, арғы жағынан хабары жоқ. Сондықтан да қазіргі біз дайындап жатқан жалпы тәжірибелі дәрігерлер туылмаған сәбиден бастап қарияның мәселесін, ағзасының ерекшелігін, бәрін біледі.

– Қазір ақ халаттыларға талап жоға­ры. Сөйте тұра көптеген медицина қыз­мет­керлерінің салғырт-салақтығы оларға деген сенімді де жоғалтып жатқандай. Сіздіңше қалай?

– Бізде 60 мың дәрігер жұмыс істейді. Соның алтауы қателік жіберсе, бәрі біліксіз деп шығады. Ол дұрыс емес.

– Студенттерді, жас мамандарды ерте тәжірибеге араластыру үшін арнайы университеттік емханалар жұмыс істеуі керек шығар…

– Біртіндеп ашылып келеді. Болашақта арнайы клиникалар салу жоспарда бар. Әрине, университеттік емханалардың болғаны дұрыс. Сонда біздің студенттер кәдуілгі мамандар сияқты араласып-құраласып жұмыс істейтін болады. Ал студенттерді ауруханаларға жіберсек, дәрігерлер ауруды көрсетіп, түсіндіргісі келмейді. Көп жағдайда науқастың бөлмесіне кіргізбейді, қалай сөйлесу керектігін айтпайды. Ондай студентке ештеңе дарымайды. Сондықтан да бүгінгі дәрігер кешегі студент емес пе? Олардың басынан да осы жағдай өтті. Білгенін үйретіп, жастарды баулуы керек қой.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ