АЛАШ ДИХАНДАРЫНЫҢ АЩЫ ТЕРІ

АЛАШ ДИХАНДАРЫНЫҢ АЩЫ ТЕРІ

АЛАШ ДИХАНДАРЫНЫҢ АЩЫ ТЕРІ
ашық дереккөзі
188

Кедендiк одақ (КО), бiрыңғай эко­но­микалық кеңiстiк (БЭК) мәселелерi туралы әлемдiк ғалымдар да, журналистер де көп жазып жүр. Бұл – мәселенiң өте маңызды екенiн көрсетсе керек. Тiптi, қандай да болмасын жаңалыққа «елең» ете қалатын, жапа-тармағай қосыла кететiн ТМД елдерi басшыларының өзi бұл мәселеге «екi шұқып, бiр қара» принципiн ұстанып отырғаны жасырын емес. Демек «КО-ға, БЭК-ке кiру керек пе, кiре қалғанда не ұтамыз, неден ұтыламыз» деген әрбiр қоғам мүшесi жан-жақты таразы талқысына салуға тиiс осы жайт бiздi де ойландыратын мәселе. «Жаңа одаққа бiрiгу – тәуелсiздiктен айрылу» деген сияқты пiкiрлер де аракiдiк кездесiп қалады. Тереңiрек ойлансақ, жаңа одаққа бiрiгу – тәуелсiздiктi нығайту деген сөз. Бұл бастаманы Қазақстан ұсынып, Ресей мен Беларусьтiң «қолдауының» өзiне 20 жылдай уақыт өтiп те кетiптi.

Украина президенті ойланып-толғанып, Кедендік одаққа кірмейтінін ашып айтты. Оған Еуроодақпен еркін сауда одағын құру тиімді. Әрі Украина Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып алған.

Қазақстан бидайының даңқы әлемге жайылғаны даусыз. Аса ауыр климаттық жағдайда еңбек ететін дихандарымыз мақтануға тұрарлық. Елімізде астық өндірудің түбегейлі тоқырамауы да солардың еңбегі. Бірақ болашақта қалай дамимыз? Бұл оңай сұрақ емес.

Әрбір мемлекет үшін Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік айтарлықтай пайда әкелумен қатар ауыл шаруашылығын дамытуда белгілі бір тәуекелдерге баруға итермелейді. Әсіресе, осындай тәуекелге Қазақстан аграрлық секторы алдымен ұрынбақ. Оның негізгі себептеріне ауылшаруашылық дақылдарын өсірудегі табиғи шектеулер жатады: климаттың құрғақтығы, топырақ құнарлығының төмендігі, үлкен құмды массивтердің болуы. Осының бәрі ауылшаруашылық дақылдарының төмен өнімділігіне, өндірістің төмен интенсивтілігіне алып келеді. Қазіргі кезеңде Кедендік одақ елдерінің аграрлық секторындағы негізгі міндеттері – рынокта бәсекеге қабілеттілікке жету, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір бұл елдердің ауыл шаруашылығында көп укладты экономика қалыптасты, шаруашылық жүргізу мен меншіктің әртүрлі формалары бой көрсетті. Дегенмен шаруашылық жүргізу формаларының қалыптасуы мен құрылымы бұл елдерде әртүрлі болып шықты. Ресей мен Беларусьта ірі ұжымдық шаруашылық құрылымдары дамыған, ал Қазақстанда шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, шаруашылық серіктестіктер түріндегі орта және шағын ауылшаруашылық тауар өндірушілер басым. Аграрлық секторда шағын тауарлы өндірістің көбірек болуы, басқа да себептермен қатар, сала тиімділігінің төмендеуіне алып келді.

Мысалы Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемдері мен сату және кәсіпорындар рентабельділігі, олардың соңғы жылдары өсу үрдісіне қарамастан, реформаға дейінгі деңгейден едәуір төмен. Көкөніс және бақша өнімдері ғана 1990 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсіп отыр.

Ірі тауарлы өндірістің орта және шағын бизнес бағытына қарай түрленуі егістік алқаптар өнімділігінің едәуір төмендеуіне алып келді. Тек ауа райының қолайлы жағдайларында ғана ауылшаруашылық дақылдарының жекелеген түрлерінің өнімділігі артқанын көреміз. Оған мысал Қазақстандағы 2011 жыл бола алады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда ауыл шаруашылығы салаларының өнімділігі төмендеп отыр, кәсіпорындардағы шаруашылық жүргізу жүйесінің деңгейі төмен, айналым қаражаттары жетіспейді, тиімділігі жоғары технологиялар жүргізу мүмкіндігі жоқ.

Қазақстан тарихи түрде астық, ет өндіруге және оларды шетке шығаруға маманданып келеді. Астық өндірісі нарықтық жағдайда айтарлықтар өзгеріске ұшырады.

Осы жылдарда, біріншіден, дәнді дақылдар егістігі 30 пайызға қысқарғанын атап көрсеткен дұрыс. Оның негізгі себебі дәнді дақылдар егістігінде мал жемі мен жарма дақылдарының азаюында. Олардың азайғанын мал мен құс басының төмендеуінен және олардың шағын натуральды шаруашылықтарда орналасуынан, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі мемлекет аралық байланыстардың бұзылуынан деп түсінген дұрыс.

Екіншіден, астық бидай экспорты оның географиясының кеңеюімен және көлемінің артуымен байланысты. Мысалы 2010 ж. 2,4 млн.тонна астық бидай ТМД елдерінің рыноктарына және 2,6 млн.тонна – алыс шетелдерге жеткізілген.

Үшіншіден, дәнді дақылдар егістігінің оңтайлы құрылымы бұзылды. Дәнді егістер танабындағы бидайдың үлесі өзінің дағдарысты мөлшеріне – 85,8 пайызға жетті. Бұл топырақ құнарлығына, дәнді дақылдар өнімділігіне теріс әсер етіп отыр. Оның үстіне бидай өнімділігінде ауытқулық жоғары – 7,3 тен 13,0 ц/га. Ал жаздық бидайдың өнімділігі Ресейден 20-40 пайызға төмен.

Оған қосымша, малдар мен құстарды құрама жеммен (концентрат жемшөппен) қамтамасыз ету төмендеді. Статистикалық деректерге қарағанда, құрғақшылық жылдарында мал азығы дәнінің жетіспеушілігі 1,7 млн. тоннаға дейін жеткен.

Соған қарамастан астық өндірісінде 1 га дәнді дақылдар егістігіне жұмсалатын шығындардың өсу үрдісі байқалады. Бұл, әрине, техниканың, тұқымдық материал­дардың, тыңайтқыштар мен жанар-жағар май бағасының өсуі салдарынан болып отыр. Демек, қалыптасқан бағалар теңсіздігін, дамыған елдердегі сияқты мемлекеттік реттеу қажет екені даусыз.

Қазақстанда астық өндірісін дамытудағы қалыптасқан үрдістер мен ерекшеліктер астықтың өзіндік құнында, оның сапасында, сату бағасы мен бәсекеге қабілеттілігінде көрініс тауып отыр.

2009-2010 жылдары қазақстандық бидай, бағасы бойынша ресейлік бидаймен бәсекелесе алмады, бәсекеге қабілеттілік индексі 0,84-0,86 төңірегінде. Қара бидай мен қарақұмықтың жағдайы да осылай. Мал азығын – арпа, сұлы және дәнді жүгері жөнінде ғана қазақ дихандары ресейлік әріптестерімен толық бәсекелесе алады деу­ге негіз бар.

Өзінің экспорттық операцияларында Қазақстан әлемдік рынок тұрақсыздығына жиі тап болуда, бұл жағдай экспорттың көлеміне әсер етуде. Мысалы астық эспорты әр жылдары 2,0-ден 6,5 млн.тоннаға дейін ауытқып отырады. 2010 ж. елімізде өндірілген астықтың шетке шығарылуы 40%-пайыздан артқан және Қазақстан негізгі астық экспорттаушылардың алғашқы ондығына енген.

Біздегі астық экспортының негізін бидай құрайды, оның үлесіне барлық экспорттың 90 пайызға жуығы келеді. Бидай іс жүзінде барлық ТМД елдеріне шығарылады. Дегенмен экспорттың бұл түрі де тұрақты емес. Мысалға қазір КО-ға қатынасушы елдер рыногына астық жеткізу де қысқарып отыр: бұл рыноктың қазақстандық бидай үшін сұранысы соңғы 10 жылда 35 есеге дейін төмендеді.

Біздегі астық өндірісі құрылымы мен құрғақшылықтың табиғи циклі іс жүзінде ұқсас екенін ескерсек, онда Ресеймен бидай саудасын кеңейтеміз деп есептеу дұрыс емес. Сонда да болса, РФ-да дәнді дақылдар егістіктерінің үлесі 61пайыз, ал Қазақстанда 76 пайыз екенін айта кетуіміз тиіс. Оған қосымша дәнді дақылдар құрылымы Ресейде әртүрлі – бидай тек 60,3% ғана (бізде – 85,8%), мал азығы болып саналатын дәнді дақылдар – 31,3% (бізде 12,7%).

Беларусь республикасына келсек, олар іс жүзінде дәнді дақылдармен ішкі қажеттіліктерін өздері қамтамасыз етіп отыр (9 млн. тонна өндіреді). Бірақ нан пісіру үшін жоғары сапалы дән қоспасы талап етілетіні белгілі. Сондықтан оларға сырттан сапалы бидай сатып алуға тура келеді. Дегенмен Қазақстан бидайын тұрақты сатып ала бермейді.

Бидайдың тауарлы тасқыны, жалпы алғанда алыс шетелдерге өсіп келеді. Астық рыногындағы ең ірі әріптес Иран болып саналады. Бірақ ол өзінің сұранысын жаңа азық-түлік бағдарламасымен байланыстырып отыр, демек біздің өзара қарым-қатынасымыз да айтарлықтай ауытқуға түседі. Түркия жағынан соңғы уақытта сұраныс өсіп келеді, ал Еуропалық бағытта Италия рыногы тұрақты болып қалып отыр.

Бізге жақын орналасқан кейбір елдер (Тәжікстан, Өзбекстан) сұраныстарын бидай ұнына қайта бағдарлап отырғанын айтпай кетуге болмайды. Соңғы жылдарда ұн экспорты 8 есеге өсті, соның арқасында республика осы өнім бойынша әлемдегі жетекші елге айналды.

Қазақстан астық рыногы қатал бәсеке жағдайында дамитын болып отыр. Ең күшті бәсекелестер бидай экспорттаудан жоғары көрсеткішке жеткен Ресей мен Украина болып табылады.

Дәнді дақылдардың негізгі егістіктері солтүстік өңірде орналасуы (78,5%) және солтүстік пен батыс өңірлердегі бидай егістігінің молықтырылғандығы кейбір ұйымдық мәселелерді шешудің қажет екенін аңғартады: Солтүстік өңірдің астық егістігі танабында бидайды оңтайлы деңгейге – 68-70%-ға түсіру керек (қазіргі уақытта ол – 78,2%); бұл проблеманы Қостанай, Ақмола облыстарындағы бидай үлесін төмендету есебінен шешу қажет, ал Батыс өңірде, бидай өндірісі мен өнімділігі тұрақты болмағандықтан оның егістігін қысқарту қажет.

Кедендік одақтағы бірыңғай эконо­микалық кеңістікті дамыту жағдайында қатты бидай, қара бидай, арпа, қарақұмық және дәнді жүгері талап етілуде (жұмсақ бидай артығымен өндірілуде). Сондықтан одақ елдерінде, дәнді дақылдарды өсірудің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, мақсатқа сай бірыңғай астық саясатын дайындау қажет. Элиталық тұқым шаруашылығын дамыту бағытында және оны аудандастыру бойынша бірлескен жоба жүргізудің маңызы зор. Ал экспортқа бағдарланған дәнді дақылдардың мамандандырылған тауарлы аймақтарын қалыптастыру қалай болмақ? Ауылшаруашылық техникасын, минерал тыңайтқыштар және т.б. жеткізу бойынша интеграциялық байланыстарды кеңейте түсу әрі астық өндірудегі аймақтық жүйелерді енгізуді қолға алу қажет.

Ғ.КАЛИЕВ,

ҚР ауылшаруашылық ғылымдары Академиясының Президенті

Ж.ШАРАҚЫМБАЙҰЛЫ, ауылшаруашылығы ғылымдарының

кандидаты, профессор

Серіктес жаңалықтары