АБАЙ ТУРАЛЫ ПЬЕСАДА АБАЙ ЖОҚ...
АБАЙ ТУРАЛЫ ПЬЕСАДА АБАЙ ЖОҚ...
Өнер саясатқа тәуелдi емес. Бұлай болмаса, оның шынайылығына, тазалығына күмән бар. Өнер саясаттан тәуелсiз болғандықтан да, жалтақ болмауы керек. Өйткенi өнер – мың күндiк, ал саясат – бiр күндiк.
Ал жер басып жүрген әр пенденiң iшкi есебi, өз саясаты болатыны анық.
Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклін көргеннен соң көрермен екіұшты сезімде қалары сөзсіз. Бір жағынан алғанда, пьеса Абай, Құнанбай, Ұлт болашағы сынды қазаққа қастерлі ұғымдарды қозғайтын сияқты, екінші жағынан алғанда, осынау қастерлі ұғымдардың бәрі бір қойылым бойында сапырылысып, шатасып, түп мағынасынан ажырап қалғандай.
Басынан бастайық. Абайдың сөзін тақырыпқа шығарған қойылымда Абай бейнесі жоқ. Әрине, Абай (рөлін сомдаған Б.Айтжанов) атты кейіпкер бар, бірақ ол қазақтың атақты, арқалы ақыны, өз заманының салиқалы, салмақты қайраткері емес, ішіндегі жалын оты әлі басылмаған, сөзі ойының алдында жүрген, тіл мен жаққа сүйенген адам. Елінің төбе биі болған, ұлт сөзін ұстаған Абайдың сахналық бейнесін көре алмай, пұшайман болғанымыз соншалық, екі актылы пьесаның соңына қарай еңсеміз түсті. Оның орнына екі акты бойына сахнаның ана басы мен мына басына зыр жүгіріп жүрген, қолындағы қамшысын, қамшысы жоқ болса, екі қолын сермеген, біресе ашуға, біресе сарыуайымға бой алдырған кәдіулгі көптің бірі жүрді Абай атанып.
Құнанбай мен Абай арасындағы әке мен бала теке-тіресінің өзі бүгінгі заманғы шала сауатты, теріс тәрбиелі тілазар ұл мен атақ-даңқты ұлт пен ұрпақ мүддесінен жоғары қойған үстем мінез әке арасындағы бітпес дау түрінде ғана көрсетілгені қынжылтты.
Сол қойылымдағы Құнанбайдың (рөлін сомдаған О.Кенебай) аты Құнанбай болмаса, заты басқа көрінді. Діні – бұрыс, сөзі – қиыс, пейілі – тар кейіпкер шықты сахнаға. Дінінің бұрыс болатыны – Құран оқып отырып, өзі үй-іші шаруасының қамын сұрап қойғаны, алайда үстіне кісі кіріп келгенде, алаңсыз Құранын оқып отырғандай күй танытып, көпке дейін келген адамның сәлемін алмай қоюы.
Сөзі қиыс болатыны – өзіне көпшік қойған Оразбай мен Күнтудың жарамсақ жылтыр сөздерін ұйып тыңдап, басқа сөзді құлаққа ілмейтіндігінде.
Пейілі тар болатыны – Абайға қарата айтылған «ел дегенің мына Оразбай мен Күнту! Не елмен боласың, не елден кетесің!» деген сөздерінен байқаса керек.
Ең сорақысы, Иран-Ғайып Құнанбайды – Құдайға айналдырғысы келеді. «Құнанбай Құдай емес деп кім айтты?!» деген сөзді Оразбай мен Күнтудың аузына салған автор осы репликамен-ақ қазақ әдебиетіндегі Құнанбай қажы бейнесін қаралады. Одан да сорақысы, Құнанбай қажы бұл қойылымда өзін Құдайға теңегендерге «Тәйт!» демейді, керісінше, айта түссін дегендей, үнсіз құптап, ыммен жақтайды.
Сонда автор Құнанбайды Құдайға теңеу арқылы нені көздеп отыр? Онсыз да имансыздықтың түр-түрі қоғамды іштен іріткен заманда Иран-Ғайып оған тағы бір дертті қолдан неге жұқтырмақ? Әлде «кедей бай болсам, бай Құдай болсам» дейді деген сөзді меңзегені ме? Олай болғанда да, бұл шолақ ойдан туған шешім.
Құнанбай – қазақтың ардақты, асыл тұлғаларының бірі. Белгілі ғалым, зерттеуші Тұрсын Жұртбай Құнанбай өмірін зерттеп, оның бізге Әуезовтен таныс бейнесіндегі советтік кезеңде қалыптасқан кейбір қайшылықтардың себебін ашық көрсетіп берді. Оның Қодар мен Қамқаға тас атқызып өлтіруі де, шектен тыс зұлымдығы да – Абай образын асқақтату үшін амалсыз жасалған көркемдік тәсіл екенін дәлелдеді.
Ендеше, советтік стеоротиптен әрең дегенде аршып алған Құнанбай қажының жарқын бейнесін Иран-Ғайып қайтадан былғамақ па?
Не үшін? Кім үшін?
Пьесадағы көрермен көңіліне жақын болуы тиіс кейіпкердің бірі – Әйгерім (рөлін сомдаған К.Тұрғынбекқызы) еді. Бірақ автор Абайдың сүйікті жары, Әуезов сомдаған әнші әрі сері көңіл Әйгерімді қазақтың қарапайым қызғаншақ келіншегі етіп қана сомдауға шабыты жеткендей. Дөкір әке зұлымдығы бір жақтан, азғын ағайын озбырлығы екінші жақтан Абайды қос бүйірден соққаны аз сияқты, қызғаншақ әйелі беттен алып, Абай – не әкеге, не сүйікті жарға, не жанашыр ағайын-туысқа жарымаған бейшарадай есеңгіреген қалыпта жүреді де қояды пьеса бойында.
Тұрмыстық кикілжіңнен көз ашпаған Абай ұлттың мұңын қай уақытта ойлап, халықтың қамы үшін қай уақытта әрекет еткен деген ойда қаласың қойылымнан соң. Бірақ авторды бұл мәселе толғандырмаса керек. Оның басты мақсаты орындалды – «Мен ішпеген у бар ма?» спектакліндегі Абай ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан замандас ақынға көбірек ұқсайды…
Студент