ХАДИС ПЕН ҚАЗАҚЫ СЕЗІМ ҚАНАТТАС

ХАДИС ПЕН ҚАЗАҚЫ СЕЗІМ ҚАНАТТАС

ХАДИС ПЕН ҚАЗАҚЫ СЕЗІМ ҚАНАТТАС
ашық дереккөзі
421

«Түркiстан» газетiнiң өткен санында жарияланған «ХАДИСТЕН ХАБАРЫҢЫЗ БАР МА?» атты (авторы Еркiн КҮЗЕМБАЕВ,«Бақалы» мешiтiнiң имамы) мақала көп ой салды. Құран Кәрiм мен Сахифа Хадистер туралы жан-жақты мәлiметтер берiлген. Оларға әлдеқалай пiкiр айтудың қажетi жоқ деп ойлаймыз. Бәрi де түсiнiктi…

Қазақ халқы мемлекет ретiнде XV ғасырларда пайда болғанымен, осы мемлекеттi құраған негiзгi үлкен тайпалардың (Қаңлы, Жалайыр, Албан, Дулат, Суан, Қоңырат, Арғын, Найман, Керей т.б.) тарихы бiздiң заманымызға дейiнгi уақыттардан бастау алады. Ол кезде бұл тайпалар өздерiнiң сенiмдерi, салт-дәстүрлерi бойынша өмiр сүрген едi. Қазiргi кезде бұл сенiмдер «пұтқа табынушылар» (жаһиллиат) дәуiрi деп аталып, санаттан шығып қалды. Әйтсе де қазақ даласына Ислам дiнi тарай бастаған шақта, осы ескi сенiмдер жаңа дiнмен ассимиляцияға түсiп, нәтижесiнде «қазақшылық» деп аталған сенiм қалыптасты. Қазақтың салт-дәстүрiн зерттеген ғалымдар, осы сенiмнiң сарқыншағын күнi бүгiнге дейiн жетiп отырған ырым-тыйым мен салт-дәстүрлерiмiзден жазбай таниды. Яғни халқымыз Құран мен Хадиске мойынсұна отырып, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан өз сенiмiн күл-қоқысқа лақтырып тастаған жоқ. Осы сенiмнен күш алып қазақ халқы XVIII ғасырда өз жерiн қалмақ-жоңғар шапқыншылығынан қорғап қалды. Әйтсе де ХХ ғасырдың басында орнаған Кеңес Үкiметiнiң ықпалымен, салт-дәстүр, ырым-тыйымдарымыздан көз жаздық. Бiрақ елiмiз өз тәуелсiздiгiне ие болған тұста, дiни сенiм бостандығына ерiк берiлiп, өшкенiмiз жанғандай болған едi. Бiрақ…

Елiмiз өз тәуелсiздiгiн атап өтуге дайындалып жатқан кезде, яғни 1991 жылғы 13 желтоқсан күнi Алматы орталық мешiтiн басып алып, муфтиiмiз Рәтбек қажы Нысанбайұлын соққыға жыққан «Алаш» партиясының өкiлдерi мен белгiлi бiр мүддесi бар дiни топты – түрмеге жабумен iс бiттi деп ойладық. Сол кезде жүйелi түрде iс-шаралар жүргiзiлмей, аз ғана топты елеп-ескермеушiлiк, бүгiнгi күнгi қатыгез лаңкестiктерге алып келгенiн мойындауымыз қажет. Мешiттердiң саны мыңнан асқанымен – барлық қазақ имандылықтан нәр алып, тыныш өмiр сүрiп жатпағанын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр. Әсiресе, Тараз қаласындағы өткен жылғы зұлматтан кейiн, билiк басындағы шенеунiктер «ұйқысынан оянып» бұл тығырықтан шығатын әртүрлi ұсыныстар айта бастады. Елбасының саяси iстер бойынша кеңесшiсi Е.Ертiсбаев мырза сол оқиғадан кейiн «қоғамымыздың күнделiктi тұрмысына ұмыт қалған баяғы атеизмдi қайта ендiрейiк» деген ұран тастап та үлгердi. Қайталап айтамыз, бiзге дәл қазiргi кезде атеизм емес, қазақ халқының көкейiне тез қонатын және жылдам нәтиже беретiн басқа жол керек. Несiн жасырайық, бiздi осы мақаланы жазуға итермелеген де осы «атеизмдi қайта ендiру ұраны шынымен де жүзеге асып кетпесiн» деген алаңдаушылық болып отыр.

Мемлекетiмiз сонау 1992 жылдан берi сөреде шаң басып жатқан «Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы» заңды 2011 жылы ерте күзде асығыс түрде толықтырып, қаталдау етiп қабылдауы қоғамымызға керiсiнше әсер еткен сияқты. Соңғы уақыттарда құқық қорғау органдары бiлек сыбана кiрiсiп, ай сайын «исламистер» ордасын тауып, кейбiр жерде тiптi «уаһһабшылардың сақалдарын күзеп», ай сайын әдiл сотта әлгiлерге ауыр жазалар кесiп, түрмелерге тоғытып жатса да, бұл саладағы iс алға баспаған сияқты. Күнi кеше Ақтөбе қаласында болған қанды сойқанға да «исламдық содырлардың» қатысы бар деген хабарлар бой көрсетiп қалды. Бiздiң бiлуiмiзше күш көрсетiп, қорқытып-үркiтiп адамды (әсiресе ислам жолындағыларды) сенiмiнен айыру тек қарсылықты күшейте бередi деген ойдамыз. Бұл жерде басқа жол ұстану керек деп санаймыз.

Мұндайда ең бiрiншi ойға келетiнi, сонау көне сақ, түркi қағанаттарынан бас­тау алып, тамыр жайып өркендеген бүгiнгi қазақ халқы Ислам дiнi келгенге дейiн де, өзiне тән түрде қалыптасқан мәдениетi, тiлi мен дiлiнiң арқасында адамдық болмысын жоғалтпай, бейбiт өмiр сүрген халық болғаны. Қазақ халқының тұрмысында қалыптасқан жәдiгерлердi ең баста қасиеттi «жетi» санына ырымдап бөлгенiмiзбен, бүгiнгi күнi оның ауқымы 9 тарауға бөлiнетiнi көрiнiп тұр:

1) «Жетi жарғы»; 2) Тiл; 3) Дiл; 4) Иман-сенiм; 5) Шежiре; 6) Отбасы; 7) Салт-дәстүр; 8) Әдеп пен әдет-ғұрып; 9) Ырым-тыйым

Осыған байланысты қазақты қазақ еткен – қазақы сенiмге негiзделiп, тоғыз саладан құралса да, бiр-бiрiмен тығыз байланысты жоғарыдағы 9 ұғымды кешендi түрде қолға алу жемiсiн бередi деген ойдамыз. Кешегi Кеңес үкiметi жетпiс жылдан аса мойнымызға бұғау салып, құлағымызға тығын тығып, сол құндылықтарымызды санамыздан өшiрiп «мәңгүрттiк» дертке душар еттi. Ол аз болғандай, тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiзген 20 жыл бойына тек қазақтың тiлi ғана айтыс-тартысқа түсiп, қазақы сенiмдi дамыту шаралары мүлде ұмыт қалды. Осы салада жинап-тергендерiмдi өңдеп жазу барысында, ескi заманда елiмiздi бiртұтас етiп, бiздi жоймақ болған жау-дұшпандарымыздың өзiн тарих бетiнен өшiрiп жiберген құдiреттi күшiмiздiң (ұлттық идеологиямыздың) тамыры осы «қазақы сенiм» деп аталатын ата бабалар жолында жатқанына бiржолата көзiм жеттi. Бүгiнде тек тамтықтары ғана қалған жоғарыдағы жәдiгерлерде бәрi де мидай араласып, күрiшi мен күрмегiн бөлiп алу мүмкiн еместей халге жеткенiн атап өткiмiз келедi.

Баспасөз беттерiнде салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы қалыптасқан мәдениетi зор халықпыз деп ауыз толтырып айтқанымызбен, жеме-жемге келгенде, ел жадында сақталып қалған жәдiгерлердiң жұқа кiтапты әзер толтыратын халде екенiне, басқаның көзi жетпесе де, өзiмнiң көзiм жеттi. Әрине мемлекет қолдап, ел болып атсалысса –том-томдаған асылдарымызды қалпына келтiруге де болады.

Бiздiң қазақы сенiмiмiздiң тамыры бiздер ойлағаннан да әрi тереңде жатыр. Әсiрелеп айтқанда, ол әрбiр қазақтың санасының астында. Анда-санда «дежа вю» сияқты әсер етiп, iзiм-қайым жоқ болып кетедi. Әсiресе, қазақ халқының ырымдары мен тыйымдары бөлiгiн құрастыру кезiнде, осыған көзiмiз жеттi. Рухымызға, жанымызға жақын жәдiгерлердiң негiзiне отқа-суға, аспан шырақтарына табынумен тiкелей қатысы бар күйде, бiрте-бiрте зороастризм, буддизм, шаманизм, суфизм баспалдақтарымен көтерiлетiн бiз айтып отырған «қазақы сенiмдер», әуелгi кезде қоғамдық өмiрiмiзде мүдделер шиеленiсуiн тудыратынын да болжап отырмыз. XVI-XVII ғғ. шамасында Қазақ Ордасында ислам дiнi бiржолата орныққаннан кейiн, тегi түркiстандық Қожа Ахмет Йассауи жазған «Диуани Хикмет» негiзiнде қалыптасқан (Хазiрет Сұлтан) халықтық тарихат пен 11 софылық негiзге сүйенетiн Бұхаралық «Бахуиддин Нақышпандия» (хазiретi Әбу Бәкiр) тарихатының арасында мүдделер шиеленiсi туындаған болатын. Яғни қара халық «Хазiрет Сұлтанды» ұнатса, хандарымыз «Нақышпандия» тарихатын ұнатқан едi. Әсiресе, тұңғыш рет Есiмханның ағасы Тәуекел хан Нақышпандия тарихатынан бет бұрғанда, дiни ахуал тура қазiргiдей шиеленiске түсiп, ақыр соңы Тәуекел ханның дұшпан қолынан қайтыс болуымен аяқталғаны тарихтан белгiлi. Қазiргi халiмiз тура сол жайды еске салады. Елiмiзде ұзақ дәуiрлер бойы қалыптасқан ежелгi от-пұтқа табынушылық, орта ғасырлық софылық тарихат және бүгiнгi күнi ресми танылып отырған Әбу Ханифа мазхабының шариғаты мен жаһандану құбылысының арқасында елiмiзге жетiп үлгерген қалған үш мазһабтың (Ханбали, Малики, Шафиғи) радикалды топтары бетпе-бет келдi. Қоғамымыздағы дiн төңiрегiндегi шарт-шұрт найзағай осының әсерiнен болып жатыр.

Бұл жерде мемлекетiмiздiң «ауыр қолы» бiлместiкпен Әбу Ханифа мазхабын әлгi үш мазхабпен бiрге бiрiгiп тұншықтырса, одан кейiнгi 10-15 жылда қазақ елiнiң қоғамы қан құсып, түгелдей дерлiк өзгеруге мәжбүр болатыны айтпаса да түсiнiктi. Сондықтан бұғанасы әлi бекiп үлгермеген Әбу Ханифа мазхабына – қазақы ескi сенiмдi қорықпай көмекке жiберуге болады.

Әрине, әлi күнге дейiн жұрнақтары тұрмысымызда сақталып қалған кейбiр ырым-тыйымдарымыздың жеке баптары – тiптi осы ең бейбiтшiл деген Әбу Ханифа мазхабының шариғаттарына қайшы келетiн тұстары да бар. Сөйтсе де әу бастан – әлем елдерiмен өзара тығыз байланыста бола отырып, өзiндiк ерекшелiктерiн жоғалтпай, одан әрi өркендеу тармағын таңдаған халқымыздың көкейiне Әбу Ханифа мазхабының шариғаты жақын келедi және ол тек қана қазақы сенiммен ғана бiр үстел басында отырып, келiссөздер жүргiзе алады. Қате тұжырымдасақ, бiр Аллаһ өзi кешiрсiн, бiрақ қазiргi жаһандану заманында көне заманда жазылған тiлi түсiнiксiз қасиеттi кiтаптан гөрi, бүгiнгi күнмен үндесiп жатқан ескi салт-жораларға деген сұраныстың артқанын христиан әлемiнде шiркеуге барушылардың саны күрт кемiген (есесiне секталар саны күрт артқан) мысалынан көре аламыз.

Мақаланың басынан бастап айтып отырған – қазақы сенiм дегенiмiз не? Қазақы сенiм – дiн де, ағым да емес. Бар болғаны ұрпақтан-ұрпаққа ауызша өтiп таралған халық даналықтары. Ол әлдекiмнiң нұсқауымен емес – жүрек, түйсiк және далалық санамен жазылған белгiлi бiр авторы жоқ ұжымдық еңбек. Осыған байланысты, сонау 1990 жылдардан берi шыққан түрлi кiтапшалардың деректерiн ел мүддесi үшiн жинастырып, бiр кiтап етiп топтағаныма сол кiтапша авторлары ренжи қоймас деп ойлаймын. Дұрыс пайдалана бiлсек, осы қазақы сенiмнiң Әбу Ханифа мазхабының шариғатын толықтыра алатын артықшылығын ұтымды пайдалануға болады. Себебi, қазақы сенiм VII ғасырдағы араб тарихынан хабары бола отырып,түркi тарихымен үндесiп-астасып, әрдайым жаңаланып жазылып отырған ғаламат қызық дүние болып табылады.

Құран Кәрiм әдеби кiтап емес, ол Аллаһтың тарапынан ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы түскен ғажайып дiни кiтап. Оның iшiнде өз заманынан 1500 жыл озып кеткен ғаламат шындықтар бар. Тек өкiнiшке қарай, сол ақиқаттарды оқып, сусындағаннан көрi, аңғал қазақ оны ақ шүберекке түйiп, төрiне iлiп қойғаннан әрi аса алмай жатыр. Осы кемшiлiгiмiздi бiлетiн дұшпандарымыз Исламның атын жамылып, мысқалдап кiрiп, миымызды улап, бұрын қазақы мейiрiмдiлiк пен қайырымдылық, рақымдылық пен адамгершiлiктiң алқабы болған тың танаптарға – зұлымдық пен қатыгездiктiң дәндерiн 20 жылға жуық егумен болды. Бүгiнгi күнi көрiп отырғанымыз сол алқаптан өсiп шыққан зияны мол алғашқы жемiстер. Уақыт өткен сайын, қолға алынып жатқан шаралар дұрыс нәтиже бермесе, ол жемiстер молая бередi ме деген күдiгiмiз де жоқ емес.

Десе де күнделiктi өмiрiмiзге атеизмнiң өзегi қурап қалған дәнiн қайта егiп, текке уақыт кетiргенше, тамыры әлi суала қоймаған қазақтың санасына – қазақы сенiм негiзiндегi салт-дәстүрлер мен әдет ғұрыптарды жинақтап, жүйелеп, соның дәнiн егу ертерек жемiс бередi деп сенемiз. Мысалы, дәл қазiр бiрнеше қазақты көшеде тоқтатып алып «бұл дүниеде неден қорқасыңдар?» деп сұрасаңыз, олар: «бiрi өлiмнен, бiрi қатерлi аурудан, бiрi жын-перi, шайтаннан, бiрi кедейлiктен, бiрi ұрпақсыз өтуден және т.т. қорқамыз» деп жауап беретiнiн бiлемiн. Олардың iшiнде «осы нәрселердiң бәрiн жаратқан бiр Аллаһ Тағаладан қорқамын» деп жауап беретiн қазақ iлуде бiреу болары даусыз. Демек бұдан шығатын қорытынды, мемлекетiмiзде, қоғамымызда өзара үндестiк пен жүйелi ырғақ болуы үшiн патшадан пақырға дейiн не керiсiнше пақырдан патшаға дейiн, олардың жай ғана пенде екендiктерiн естерiне салып, бiлдiрiп жүретiн бiр сес керек. Ол сестi – осы қазақы сенiмнен көрдiм. Жоғарыда санамалап көрсеткен тоғыз тарау жәдiгер қазiргiдей шашау-шашау болмай, бiр жұдырық болып бiрiктiрiлсе, қазақ жастарының санасына бiрден сiңетiн және жоғарыдағыдай лаңкестiктерге қарсы керемет дәрi болары сөзсiз.

Бұл ұсыныс ҚР Бiлiм және ғылым министрiлiгiмен 2010-2011 оқу жылынан бастап балабақшалар, жалпы бiлiм беру мекемелерi және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгiзiлген «Өзiн-өзi тану» пәнiнiң аясымен үндесiп тұрғандықтан, басқа сенiмдегi азаматтардың мүдделерiмен шиеленiске түспей, елiмiздiң рухани саланы қамтитын заңдарына қайшы келмейдi. Соңғы уақытта, ешкiм зорлап-қыстамаса да, жастарымыздың интернет сайт форумдарында қазақтың ескi салт жораларын естерiне түсiрiп, бiрiн-бiрi толықтырып отырған пiкiрталастарын оқығаннан кейiн, қазақы сенiмдi тек бiлiм ордаларында ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерiнде, интернет порталдарында, қала бердi күнделiктi өмiрiмiздiң барлық салаларында насихаттауға болатыны айқындалғандай. Күллi қоғамымыз болып, осы идеяны толықтырып, қырсық шалған кезеңнен аман-есен өтуiмiзге бiр Аллаһ жәрдем берсiн!

Қалдархан ҚАМБАР

Серіктес жаңалықтары