КӨК ТУДЫ АМАНАТТАҒАН АЗАМАТ

Жақында Алматы қаласындағы Студенттер сарайында әншi-сазгер, ақын, ҚР мәдениет қайраткерi Ермұрат Зейiпханды еске алуға арналған «Көк туым әнiм» атты тамаша ән кешi өттi. 1700 адамға арналған сарайда ине шаншар жер жоқ, зал толы көрермен сiлтiдей тынып, кейде дүркiрете қол соғып, көздерiн жасқа шылап отырғанының куәсi болдық.

Осы концертті ұйымдастырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Қорғаныс министрлігінің орталық ансамбліне, атсалысқан барлық жанашыр жандарға алғысымыз шексіз. Ермұрат Зейіпханұлы былтыр дәл осы маусым айының 21-і күні аяқастынан қайтыс болған. 45 жас, дер шағында. Артында «Өзіңе арнадым», «Бұ дүние», «Үш буырылым», «Сыбызғы сарыны» атты жыр-жинақтарымен бірге жүзге тарта әндері қалды. Кеште сол әндерінің бестен бір парасын ғана тыңдадық, тыңдай отырып көзіміздің жеткені Ермұраттың Отанға, елге, жерге арнаған әндері өте көп екен. Ән болғанда қандай әндер? Туып өскен жеріңді, сүйікті Отаныңды жырлаған, тау мен тасыңды қаз-қалпында көз алдыңа әкеліп, қадір-қасиетімен көрсетіп берген құдіретті сөз, әсем әуен. Еркін Шүкіман орындаған «Дүние ғапыл», Рамазан Стамғазиев орындаған «Тәңіртау-тәңірімді» жыламай тыңдай алмадық. Қайран Ермұрат «Көзімнің ақ пен қарасы – Қазақстан», «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» – деп әнге қосыпты, бұдан артық не айтуға болады. Алланың берген дарынын, қысқа ғұмырын қасиетті Отанды, Қазақстанын жырлауға арнапты.

Ал осы тамаша туындылардың ішінде Ермұраттың жұлдызын жарқыратқан, мәңгілікке өшпейтін бір әні – «Көк тудың желбірегені». Кеште бұл әнді әйгілі әнші Майра Мұхаметқызының орындауында тыңдадық, тыңдадық та тебірендік. Қанымыз тулап, көңіліміз шалқыды, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, өзімізді қас батырдай сезіндік. Сөз бен әуеннің үйлесімінен көңіліміздің көк туын желбіреттік. Артына өшпес ән қалдырған, ән емес, ән-ұран қалдырған Ермұратқа деген сағынышымызды басып, басымызды идік.

Ашығын айту керек: «Көк тудың желбірегені» әніне артықша қуат беріп, айбынын асырып тұрған оның сөзі, тілге жеңіл, жүрекке жылы, әнге сұранып-ақ тұрған сөз. Осы орайда, өлең авторы ақиық ақын Алмас Ақметбекұлына да ризашылығымды білдіремін, Алмекең өмірде Ермұрат інісінің рухани ұстазы бола білді, қос таланттың шығармашылық бірлестігінен тамаша туындылар жарық көрді, көк туды жырлаған ақынға қалай құрмет көрсетсек те жарасады.

Концерттен кейін тарихшы Мәмбет Қойгелді ағамыз: «жаңа мен Ермұрат бауырымыздың әндерін тыңдап отырып, Ермұрат Отанын, Қазақ елін шексіз сүйген, үлкен жүректі жігіт екен, мен Отанды Ермұратша сүйе алдым ба, қадір-қасиетін Ермұраттай сезіне алдым ба деген ойға қалдым», – деп ағынан жарылды.

Ақын Ермұрат Мұстафа Шоқайға арнаған «Мұстафа мұраты» деген өлеңінде: Тілеумен туған ел,

Тәуелсіз күніңді-ай.

Армандап өттім-ау,

Жанарым жұмылмай.

Ұрпағым бүгінгі,

Ести ме үнімді.

Тұрса екен мәңгіге,

Көк туым жығылмай — деп жырлады, өз мұратын Алаш ардагерінің биік мұратымен ұштастырып, өзі шексіз сүйген «Көк туының» желбіреуін кейінгі ұрпаққа мәңгілік аманаттады. Бақыл бол бауырым, қара жер, көк аспан, қазақ елі барда «көк туың» жығылмас!

Базарәлі ӘРІПҰЛЫ

Алматы қаласы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button