ДАНАЛАР ДӘРІС АЛҒАН КІТАП

ДАНАЛАР ДӘРІС АЛҒАН КІТАП

ДАНАЛАР ДӘРІС АЛҒАН КІТАП
ашық дереккөзі

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының қолжазба қорында басқа жерлерде кездесе бермейтін, мәні мен маңызы, құндылығы айрықша көптеген мұралар сақталған. Бұлардың басым бөлігі рухани мәдениетке байланысты болып келеді. Ілім-білімнің тұнық қайнар бұлағынан сусындап, туған жұртын тура жолға бұруды көксеген данышпандардың көз майын тауысып жазған дүниелерінің бүгінгі таңда қажеттілігі өте зор болып отыр. Елдігіміздің еңсесін түзеп, егемендіктің көшін көлікті ету үшін, ең алдымен, дәстүрлі дүниетанымымызды нығайтып, дәстүр мен қазіргі уақыт арасына алтын сабақтастық орнату күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналып отыр.

Сөзіміздің басында айтылғандай, халық қамын ойлаған бабалардың жүрек сырымен жазған қолжазбаларын ақтара отырып, ондағы шынайы ой-пікірлерге, өрнекті жолдарға, келелі өсиеттерге куә болдық. Солардың ішіндегі кез келген жанды ғибратты сөздерімен, тәмсілдерімен баурап алатын «Ахуал қияметтің» орны ерекше.

Бұл қолжазба кітаптың көлемі 300 беттен астам. Кітап негізінен діни-рухани мәндегі жайттарды қамтитын оқиғалар тізбегінен, ауқымды жырлардан құралған. Оған текстологиялық сипаттама жасай кететін болсақ, өткен ғасырдың 30-жылдары қағазға түскен бұл қолжазба қадімше араб қарпімен таңбаланып, ақ парақтың бетіне жазылған. Қолжазбаның барлық беттеріне беттің сандары берілген. Ал бұл жәдігердің мазмұны жайлы сөз өрбітсек, қолжазба ең бірінші «Ықылас» сүресінің қасиетін айшықтап келтірумен басталады. Әлбетте, төгіліп тұрған, қиыннан қиысып тұратын ұйқас жоқ, десек те, қазақтың қарапайым қара өлеңіне тән ерекшелікпен көне шағатай тілінің тілдік-дыбыстық жүйесі тамаша үйлесім тауып, ойдың бұралаңсыз дәл жетуін қадағалаған. Оқыған кезде оқырманды сүйсіндіретін ең басты нәрсе, ойдың күмәнсіз, бұлдырсыз, қысқа да нұсқа жеткізілуі.

Қолжазбаға арқау болған жайттардың барлығы қырық төрт фасылға, яғни қырық төрт бөлімге бөлінген. Олардың әрқайсысында айтылатын мәселелер әртүр­лі оқиғаларды қамтиды. Қырық төрт бөлімнен кейін әр тарауға жеке-жеке тақырыпша қойылып, жалғасып кете берген. Мұнда көркем тілмен «Пайғамбардың нұр шырағының жаралуы», «Періштелердің жаралуы», «Жан тайпасының жаралғаны», «Адам пайғамбардың топырақтан жаратылуы», «Адамның әулетінен мисақ антын алғаны туралы» хикаялар Құранға және пайғамбар хадистеріне сай шындықпен баяндалады.

«Ахуал қиямет» қолжазбасы бұрын, яғни 2006 жылы жеке кітап болып басылып, «Алаш» баспасынан жарық көрген еді. Кітапқа жазған алғысөзінде аталмыш баспаның директоры Д.Әшімханов оның Ілияс Сүлейменов есімді кісіге тиесілі екендігін, өйткені қолжазбаны сол кісінің баласының әкеліп баспаға бергендігін тілге тиек етеді. Алайда қордағы қолжазбалар негізінде жүргізілген зерттеулер барысында «Ахуал қиямет» қолжазбасының бірнеше ақындардың жеке туындысы ретінде жарық көргендігін аңғардық. Мәселен бұл қолжазба Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының отыз томдық шығармалар жинағының арасында ұшырасады. Сонымен қатар Арқа өңірінде өткен атақты дін ғұламасы, «Сармолда» деген есімге ие болған Балмағамбет Балқыбайұлының таңдамалы жинағының ІІ томына «Хадис-назым» деген атпен енген көп жырлардың «Ахуал қиямет» қолжазбасымен дәлме-дәл келетіні белгілі. Және жақын арада Сарыағаш елді мекенінен табылған қолжазбаны да суретке түсіріп алып, салыстырып байқағанда, қордағы жәдігермен сай келетіндігін көрдік. Ал шығыстанушы ғалым Т.Қыдыр «Ахуал қиямет» қолжазбасының Шәді Жәңгірұлының шығармасы екендігін айтқан болатын. Бұл да жаны бар пікір. Өйткені қолжазбаның екінші бөліміндегі пайғамбардың нұр шырағының жаралуын сипаттап бастаған кездегі:

Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын

Жаратты пайғамбардың Алла нұрын, – деген екі жол Шәді шығармашылығын зерттеуде де кеңінен қарастырылып жүр.

Халық арасында қолжазба күйінде сақталған нұсқаларын және бірнеше автордың қаламына тиесілі болып, баспадан жарық көрген кітаптарды салыстыра отырып, біз мынандай қорытындыға келдік: «Ахуал қиямет» қолжазбасы ерте кезде «Көкілташ», «Мир-араб», «Қарнақ», «Тактакул» және т.б. Қазақстанның және Орта Азияның қай жерінде медресе болса, солардың барлығында міндетті пән ретінде оқытылған дәріс кітабы болған. Мәшһүр Жүсіп те, Балмағамбет Балқыбайұлы да, Шәді Жәңгірұлы да, Ілияс Сүлейменұлы және т.б. көптеген шайырлар, ақын-жыраулар медреседен тәлім алғандықтан, осы дәріс кітабын түгелдей басынан аяғына дейін жүрекке тоқып жаттап алып, ел-жұртқа тәрбие беруші құрал ретінде пайдаланған. Соның сарынымен өздері де өлең шығарып, халықты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Соның арқасында қаншама кемел азаматтардың қалыптасуына себеп болған. Кейінірек жаттаған кітапты ұмытып қалмас үшін әрқайсысы қағазға түсіріп, келер ұрпаққа аманаттап кеткен. Олардың барлығы еліміз тәуелсіздік алған соң, жинақталып, тасқа басылып шығып жатыр. «Асыл пышақтың қын түбінде жатпайтынына», міне, «Ахуал қиямет» қолжазбасының қаншама жылдар өтсе де, жойылып кетпей, жаңбырдан кейінгі көк өскіндей қайтадан қолға тие бастағаны дәлел.

Бұл – қазақ халқының қайтадан рухани өрлеуді бастан кешіріп, тәрбиелі, елдің қамын ойлайтын азаматтардың көбеюінің кепілі. Бұдан басқа да асыл жәдігерлеріміздің табылатынына осыдан кейін сеніміміз ұлғая түседі. Енді бір мәселе, осы мұралардың барлығын тәжірибе жүзінде пайдаланып, халыққа тағылым беру ісінде бұрынғыдай кеңінен қолдану қажет деп білеміз.

Мұхит ТӨЛЕГЕН

Түркістан қаласы