ҚАТЕРЛІ ДЕРТТІҢ ҚАУПІ ЗОР

ҚАТЕРЛІ ДЕРТТІҢ ҚАУПІ ЗОР

ҚАТЕРЛІ ДЕРТТІҢ ҚАУПІ ЗОР
ашық дереккөзі
362

Тұқым қуалаушылық, гормоналдық тепе-теңдiктiң бұзылуы, темекi тарту, артық салмақ пен дұрыс тамақтанбаудың кесiрiнен жастары егде тартқан ерлер арасында қуық безiнiң қатерлi iсiгiне ұшырағандар саны артып барады.

Қазақстандағы 50 жастан асқан ер адамдар арасында қуық безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны артып барады. Қуық безінің рагі – бүгінде Еуропа мен АҚШ-тың еркектері ең жиі ауыратын дерт. Мың адамның 214-і шалдығатын бұл дерт дүниежүзі бойынша екінші орында тұр. Алматы қаласының Онкологиялық орталығының «Қатерлі ісікке қарсы – бірге» қоғамдық қоры, «Ерлер денсаулығы» Қоғамдық бірлестігімен бірге өткізген дөңгелек үстелде халықты онкологялық аурулардың алдын алу, дертке шалдығу қаупін төмендету, медициналық тұрғыда сауат ашу т.б. мәселелерді көздейді. Аталған шараға ҚР Тұңғыш Президенті Қоры, Алматы қаласының денсаулық сақтау департаменті мен «Санофи» компаниясы қолдау көрсеткен.

Егде жастағыларда көбірек кездесетін еркектердің қуық безі халқы күрт қартайып кеткен дамыған елдерге тән (ресми деректерге сүйенсек, дамыған мемлекеттерде – 15 пайыз). Мәселен Эпидемиологиялық мультиорталықтық зерттеулер тарапынан ұсынылған деректерде 2011 жылы Қазақстанның 9 аймағында жүргізілген зерттеулерде еліміздегі дәрігерлер кеңесіне жүгінетін еркектердің 29,5 пайызынан аталған қатерлі ісік табылатын көрінеді. «Еркектердің денсаулығы» Қоғамдық қоры өкілдерінің айтуынша, 40-49 жасқа дейінгілерге (26%) қарағанда 75 жастан асқандар (76,8%) арасында ПРЖ дертіне шалдыққандар қатары артып келеді.

Алматы қаласының Бас онкологі, медицина ғылымдарының докторы Д.Қайдарова: «ҚР аумағында ПРЖ-мен ауыратындар саны 2010 жылы 5 пайызға жуық болатын. Алматыда ерлерде кездесетін қатерлі ісік арасында бұл дерт бірінші орында тұр. Республикалық орташа көрсеткішпен есептесек, Алматыда екі есеге жоғары. Мәселен Қазақстан бойынша 1000 адамға шаққанда 4,1 пайыз болса, Алматыда 1000 адамға – 7,7 пайыз. 2009 жылдан бері осы аурудан қаза тапқандар саны 2,2 пайызға артқан. Дәрігерлер қауымын ерлердің дертті тым асқындырып алатыны алаңдатады. Өйткені медициналық көмекке жүгінетіндердің 75 пайызында дерт 3-4 деңгейге жеткен. Сонымен қатар 50 жастан төмен еркектер арасында жиі кездесе бастауы да көңілімізге күдік ұялатып отыр», – дейді.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, қуық бездерінің дамуына не әсер ететіні жеткілікті түрде зерттелмеген. Әзірге қатердің үш мәселеге байланыс­ты екені белгілі: жас мөлшері, ұрпақ қуалаушылық, ұлттық негіз. Негізі қуық безі алпыс жастан асқан ер адамдарда жиі кездеседі. Оған қарт кісілер ағзасындағы ішкі және сыртқы факторлардан болатын гормоналдық тепетеңдіктің бұзылуы себеп. Ішкі факторларға генетикалық-ұрпақ қуалаушылық жатады. Азаматтардың әкесінде немесе аталарының бірінде қуық безі болса, бұл дертке шалдығу қаупі кем дегенде екі есеге артады. Егер екі немесе одан да көп туысы ауырған болса, қауіп деңгейі 5-11 есеге дейін көтеріледі. Ал сыртқы факторларға шамадан тыс семіру, темекі тарту, дұрыс тамақтанбау, радиация әсері, зиянкес жәндіктерге пайдаланатын дәрілер жатады. Жер шарының түкпір-түкпіріне кең тараған еркектердің қуық безі Солтүстік Еуропа мен АҚШ-та өте көп кездессе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өте аз кездеседі екен. Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының Урология, андрология және сексопатология кафедрасының меңгерушісі, «Ерлер денсаулығы» ҚБ қауымдастығының төрағасы Б.Шәлекеновтің айтуынша, қуық безінің түрлі дертіне ұшырағандар арасында ауруды ерте мерзімде анықтап, профилактикалық көмек берудің жаңа жолдарын қарастыру жастары егде тартқандардың денсаулығы тым нашарлап бара жатқанымен байланысты. Сондай-ақ, Қазақстандағы ер адамдардың орташа өмір сүру деңгейі де көңіл көншітерліктей емес: «Қуық бездерін емдеу тәсілдері дерттің асқыну деңгейіне байланысты. Қуық бездерінің зарарсыз гиперплазиясы қарт кісілердің зәр шығару жүйесінде жиі кездеседі».

Мамандар қауымы жастары егде тартқан азаматтарға май мен холестерині көп тағамды ішпеуге, есесіне көкөніс пен жеміс-жидекті, әсіресе А, Е, D витаминдеріне бай тағамды көбейтуге кеңес береді. Сонымен қатар темекі шегуден бас тартып, спортпен шұғылдану, белсенді өмір сүруге көшу де дертке шалдығу қаупін едәуір сейілте түспек. Осы орайда «Санофи» компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры Хайсам Шрайте: «2012 жыл – Қазақстандағы Онкология жылы. «Санофи» компаниясының басымдық беретін мақсаттарының бірі – онкологиялық дертке ұшырағандарға қолдау көрсету. Біз барлық күш-жігерімізді қатерлі ісікке қарсы күреске жұмсаймыз. Инновациялық дәрі-дәрмекті ойлап табумен бірге мемлекеттік органдармен ынтымақтаса отырып, әртүрлі әлеуметтік және білім беру бағдарламаларын жүзеге асырамыз. Үстіміздегі жылы компаниямыз еркектердің қуық безін ерте мерзімде инновациялық дәрі-дәрмекке қолжетімділік бағдарламасын жүргізуде. Аталған дәрі соңғы екі жылда бүкіл әлем бойынша табысты түрде қолданылып келеді», – дейді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары