ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН
ашық дереккөзі
369

Үстіміздегі жылдың ақпан айының соңында Латвияда «Орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілсін» деген сауалға орай жалпыхалықтық референдум өткені жұрттың есінде. Бұл сауалға дауыс берушілердің 28,88 пайызы «Иә» десе, 74,8 пайызы «Жоқ» деп қарсылықтарын білдірді. Солай көпшіліктің қарсылығымен орыс тілін жақтаушылар жеңіліске ұшыраған. Республика президенті Андрис Берзиньш оларға мемлекеттік тіл мен Латвияны қорғап дауыс бергендері үшін алғысын білдірді. Бұл жағынан тағдыр-талайымыз бір болған соң біз де латыштардың алпауыт елдің империялық ықпалынан тіл мәселесін түбегейлі шешкен қуанышына ортақтасып, баспасөздерде қолдау білдірген едік.

Тіл – ұлттың жаны мен ары! Намысқой біреу: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Тіл басқалардың алдында – қадір-қасиетің де, абырой, беделің де! Қала берді ұлттық мәртебең! Латыштардың тілге келгенде сол бірлігі бізге де үлгі болса игі еді. Өйткені жазушы Мұхтар Шахановтың жылына бір-ақ рет қала әкімшілігінің рұхсат етуімен өтетін тіл митингісіне зиялы қауым түгел бара бермейді. Тіптен ана тіліміздің арқасында нан тауып, атақ-даңққа бөленіп жүрген ғалымдардың көбі төбе көрсетсе қанекей. Сол жерде олар мемлекеттік тілді қалай тұғырына қондыруға болатыны жөнінде жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтуларына болар еді.

Ал Украинада бұл мәселе басқаша өріс алды. Елдің Жоғары Рада депутаттары мемлекеттік тіл мәселесін қайта қарап, нақты шешімге келе алған жоқ. Оппозициядағы депутаттар орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беруге мүлдем қарсы болды. Пікірталастың соңы кәдуелгі төбелеске айналғанын теледидардан көрдік. Алайда түсінген жанға мұны төбелес деуге келмейді. Бұл ұлттық мүддені империялық өктемшілдіктен қорғау.

Украина славян елдері тобына жатады. Яғни орыс пен украин тілдері бір-біріне өте жақын. Бұл елде 8,5 миллион орыс ұлтының диаспорасы өмір сүріп жатыр. Олардың арасында украиндықтармен аралас некедегілері қаншама.

Тіл мәселесі бұрынғы президент Виктор Юшенконың кезінде де бірнеше рет көтерілген. Бірақ ол дес бермеген соң кейінге ысырылумен болды. Тіптен Ресей басшылығының оны Кедендік одаққа кіруге шақырып, көгілдір отын арқылы тұзаққа түсіргісі келген әрекеттерінен де түк шыққан жоқ. Юшенко: «Егер де Украина Кедендік одаққа кіретін болса, онда ол өзінің саяси тәуелсіздігін мүлдем жоғалтады» деген соң Ресейдің басшылары тіл мәселесінде ештеңе шығара алмайтындарын сезіп, келесі сайлауды күтуге мәжбүр болғаны анық. Кезекті ел президенттік сайлауда Аймақтар партиясы атынан Виктор Федорович Янукович пен нәзік жанды Юлия Тимошенко бәсекеге түскенін жұрт жақсы біледі. Януковичтің шешесі орыс болғандықтан Ресей басшылығы соның президент болуына мүдделі еді. Өйткені ол сайлау алды бағдарламасында екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, орыс тілі мәселесін оң шешуге үлкен маңыз берген. Ал Тимошенко ұлттық мүдде тұрғысынан келді. Алғашқыда оны жақтаушылар Януковичке қарағанда көп те болатын. Алайда ол сайлаудан екі ай бұрын ел президенті бола қалған жағдайда балабақша мен мектептен бастап барлық мекемелер таза украин тіліне көшетіндігін хабарласымен-ақ, аралас некедегілер одан бірден бас тартты. Сайлау нәтижесінде Янукович 48,97 дауыспен жеңіске жетіп, ел президенті атанды. Дегенмен ол өзінің Ресеймен арадағы қарым-қатынас мәселесін толық жүзеге асыра алмай келеді. Солардың бірі әрі бірегейі – мемлекеттік тіл мәселесі.

Бізде де мемлекеттік тіл – Қазақ тілі. Ата заңда солай деп жазылған. Өкінішке қарай, жиырма жылдан бері тілімізді тұғырына қондыра алмай келеміз. Үкіметтегілер асықпау керектігін алға тартып: «Тілді балабақша мен мектептен бас­тау керек» дейді. Жалпы бізде мемлекеттік тіл Кеңестер өкіметі құрылғаннан жиырмасыншы жылдардың ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланған. Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатов сол кездегі Үкімет басшыларының бірі Мыңбайұлы Жалау жолдасқа жазған «Қазақ тілінің мұңы» атты базына хатында былай дейді.

«…Мен не көрмедім? Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орыс­ты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды. Өліде үшбақы болғыр Абайға өкпем жоқ. Тіріде маған ара түсушілер аз болды.

…Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Жаны жәндам кеткір миссионерлердің, молдалардың, тілмаштардың қолжаулығы болудан құтылдым ғой деп ойлаушы едім. Оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ, не керегі бар, босқа қуанған екенмін…

…«Қазақыландыру» бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазды да, міне сені қазақыландырдық дейді. Жақын арада Қазалы дейтін қалада «кәператип күні» деген бір күн болып, жұрттың бәрі желігіп көшеге шықты. Ұялғаным-ай, кірерге тесік таба алмадым. Қолдарындағы қызыл туында сондағы жазғаны мынау: «Арзан тауара де дебенге һәм ауылдарға арзан астыт жұмыскерлер кетубі жақсу. Назаққанда амал билелдік жеккуле-к пл! Жоғарелатуна керек канун есамклдің арзандауыға тауарлерде өсемен жегере уктабр іңқлаб». Міне, жұртым, мені Қазалының «қазақыландырғандағысы» осы! Жасаған-ай, о мұндай да қазақыландыру болады екен! Енді қайтемін? Бұл мұңымды кімге айтамын, кімге шағамын!.. Менің ойлап-ойлап тапқаным – Жалау жолдас, сен болдың. Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Сен нағыз қазақтың бел баласы едің. Сен адырайған адай едің. Мұңымды мен жалғыз-ақ саған шағамын. Өзге кәмессиялардың көбіне сенбеймін. Олардан да жақсылық көріп жүргенім жоқ. Газаетке арнаған сөздерін сусылдатыр орысша жазады да шала-шарпы тілмаштарына аудартып жанымды шығара жаздайды. «Тасты жапалаққа ұрса да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрса да жапалақ өледі» дегендей бәз баяғы менің сорым.

Жалаужан, мен саған жалынам, «Ауыл тілін» шығарамын, газетім нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегенде ішім елжіреп кетеді. Мұныңа тілектеспін. Сенің не керегіңе мен дайынмын. Бірақ мені қорға, таза сақта, көрінген тілмаштарыңа тағы да қор қылма. Әсіресе, Қазалы сықылдылардың «қазақыландырғанынан» қорға. Азар коменес болып кетсең де ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой не жазығым бар, ая мені!»

Міржақыптың осы хатынан бері қанша заман өтті. Не өзгерді? Тасбақа аяңмен қазақтар көп қоныстанған облыстардағы кейбір мекемелердің босағасынан аттағаны болмаса, сол «Баз-баяғы, Байқошқардың таяғы» кейіпінде қалып отыр. Тіліміздің ұлтты асыраудан қалғаны, жарымжан жарнамамен кім көрінгенге қорлату. Иә, ауыз толтырып айтарлықтай өзгерген ештеңе жоқ. Міржақыптың Мыңбайұлына «мені қорға, мені ая» деп отырғаны мемлекеттік тілімізді қорға деп отырғаны ғой. Оның бұл сөзін бүгінгі Үкімет басшыларының ана тілінен мақұрым кейбіреулері түсінсе қанеки. Міржақып айтпақшы біле білсе өздерінің ата-бабаларының тілі ғой. Ендеше неге оны қорғап, өз тұғырына қондыруға бар ынта-ықыластарын салмасқа. Олар үшін өткен жиырма жыл аз уақыт па? Тіл мәселесінде бізден басқа посткеңестік елдер көштерін түзеп алды ғой. Тілге құрмет – Елге құрмет! Қазақ тілі ел мен елді жақындастыратын, бауырластыратын тіл екенін дәлелдейтін уақыт жеткен жоқ па?

***

Алда әлем күткен ХХ жазғы Олимпиада! Ол Ұлыбритания астанасы Лондонда өтеді. Бұл әлемдік додада спорттың 24 түрінен Қазақстан намысын 102 спортшы қорғайды. Өткен Бейжін Олимпиадасынды 2 алтын, 4 күміс, 7 қола олжалап, жалпы командалық есепте 29-шы орынға табан тіреген едік. Ал Лондон Олимпиадасында ше? Қандай болжамдар бар? ҚР Спорт және денешынықтыру ісі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев жуырда ғана Талдықорғанда ауыр атлетикадан өткен ел чемпионатында: «Лондон Олимпиадасында кемі үш алтын алуымыз керек. Ал жалпы медаль саны он үштен кем болмайды деп ойлаймын. Сонда біз жалпыкомандалық есепте екінші не үшінші ондықтан ойып тұрып орын аламыз», – деген еді. Лайым айтқаны келсін. Бәлкім арық айтып семіз шығармыз да. Әсіресе біздің алтыннан үміт артып отырған спорт түрлері – ауыр атлетика мен бокс. Талдықорғанда өткен сол ауыр атлетикадан ел біріншілігінде Олимпиадаға баратын жеңімпаздар анықталды. Ерлер арасынан 56 келі салмақта жұлқа көтеруден 132, серпе көтеруден 160 келіні бағындырған Арли Чонтен, 62 келі салмақта Фархат Харки жұлқа көтеруден 137, серпе көтеруден 180 келіні, 94 келі салмақта Илья Ильин жұлқа көтеруден 180, серпе көтеруден 230 келені еңсерсе, осы салмақта Алмас Өтешов жұлқа көтеруден 180 және серпеден 225 келіні бағындырды. Ал 85 келі салмақта Владимир Кузнецов, 94 келі салмақта Владимир Седов, аса ауыр салмақта Сергей Истомин тапсырыс берген зілтемірлерін көтере алмай жарыстан тысқары қалған.

Қыздар арасында 53 келі салмақта Зүлфия Чиншанло жұлқа көтеруден 115, серпе көтеруден 145 келіні бағындырса, 63 келі салмақта Мая Манеза жұлқа көтеруден 115, серпеден 145 келіні көтерді. Сондай-ақ 69 келі салмақта Анна Нұрмұхамбетова жұлқудан 121, серпеден 145 келі, 75 келі салмақта Светлана Подобедова жұлқа көтеруден 125, серпеден 165 келені еңсеріп, Олимпиадаға жолдама алды. Аса ауыр салмақта Мария Грабовецкая қос сайыс­та 305 келі зілтемір көтеріп, резервтік құрамға енді.

Қазақстан жанкүйерлерінің негізгі үміті боксшыларымызда. 49 келі салмақтағы Біржан Жақыпов, 52 келі салмақтағы Ілияс Сүлейменов, 56 келідегі Қанат Әбутәліпов, 60 келідегі Ержан Мүсәпіров, 64 келідегі Данияр Елеусінов, 69 келідегі Серік Сәпиев,75 келідегі Данабек Сужанов, 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов осынау байрақты жарыста бірі болмаса бірі алтын, күміс, қоладан алқа тағып, Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды тұманды Альбион көгінде асқақтататынына сеніміміз зор. Өйткені олардың дайындықтарына Үкімет тарапынан зор көңіл бөлініп, жоғары деңгейде болды.

Халықаралық Олимпиада комитеті биыл жарысқа үш салмақ бойынша қыздар боксын ендіріп отыр. Еліміздің намысын 60 келі салмақта Сайда Хасенова қорғайтын болады. Осыған дейін халықаралық жарыстарда ел жанкүйерлерін тамаша жеңістерімен қуантып келген Сайда бұл байрақты жарыста да алтыннан алқа тағатын үміті бар екенін баспасөз мәжілісінде ашып айтқан.

Өткен аптада «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Спорт және денешынықтыру ісі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Лондон қаласында өтетін Олимпиада мен ХІV Параолимпиада ойындарында «Самұрық-Қазынаның» еліміздің ұлттық құрамасының ресми әріптесі болатындығы туралы меморандумға қол қойды. Өмірзақ Шөкеев: «Біз еліміздегі ең ірі бизнес құрылым ретінде әрдайым ұлттық спортқа өзіміздің үлесімізді қосып келеміз. Жыл сайын 13-14 спорт түрін қаржыландырамыз. Сол үшін 8-9 миллиард теңгедей қаржы бөлінуде. Ал ұлттық құраманың Лондон Олимпиадасына барып-келу шығындарын көтеру үшін «Самұрық-Қазына» қоры өзінің бюджетінен 900 миллион теңгедей қаржы бөліп, ресми әріптес болуға келісіп отыр»,– деді. Талғат Ермегияев өз кезегінде Өмірзақ Шөкеевке спортшыларға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіре келіп: «Біздің ұлттық құраманы қолдап, қаржы бөліп отырғаныңызға алғысымды айтамын»,– деді. Сондай-ақ ол журналистер сұрақтарына орай бұл Олимпиадада Кувейттегідей Әнұран төңірегіндегі келеңсіздіктердің болмайтындығын, спорт­шы­лардың Әнұранды жатқа білетіндіктері жөнінде арнайы комиссияға сынақ тапсыратындарын мәлімдеді.

Лондон Олимпиадасының ашылу салтанаты кезінде Қазақстанның Көк байрағын грек-рим күресінен халықаралық жарыстардың жеңімпазы Нұрмахан Тінәлиев көтеріп шығатын болады. Салмағы 118 келі жерлесіміз осы Олимпиада да топ жаратынына сенім білдіруде.

***

– Қайда асықтыңыз?

– «Күзгі жапырақтар» басталатын уақыт болып қалды.

Телефон қоңырауы безек қақты. Теледидар алдында отырған жан тұтқаны көтеріп:

– Егер шұғыл шаруаңыз болмаса, «Әуе. Жер. Ғашық.» телесериалынан кейін хабарлассақ,– деп өтініш жасады.

Соңғы он жыл бедерінде еліміздегі бірқатар телеарналарды түрік сериалдары жаулап алған. Соларды тамашалау үшін кешкісін жұмыстан кейін үйлеріне қарай асыққандарды көріп таңырқайсың. Сонда түрік телесериалдары несімен тартымды?

Сериалдар күрделі оқиғаларға құрыл­ған. Көрермендер: «Апырай, енді не болар екен?» деп келесі сериясын асыға күтеді. Ең бастысы әр киносында басты және қосалқы рөлдерді әртүрлі әртістер орындайды. Олардың орындау шеберлігі өте табиғи. Көрермендерді сендіре алады. Сондай-ақ Америка киногерлерінің жұртты жалықтыратын әрі жирендіретін боевиктеріндей емес, мұнда таза өмір көріністері, адамдар тағдыры шынайы көрсетілген.

Жалпы, түрік сериалдары сексенінші жыл­дардың ортасынан бастап шетел­дік­тердің назарына ілікті. Соған дейін жұрт Мексика, Бразилия телесериалдарын қызыға тамашалайтын. Олар сериалдарында өздерінің ұлттық болмыстарын, тұрмыс- тіршіліктерін, жақсы-жаман әдеттерін, жалпы ұлттық мінез-құлықтарын ашып көрсетуден көпшіліктің жүрегін жаулап алғаны белгілі. Соны дер кезінде түсінген түрік киногерлері де өздерінің ұлттық болмыстарын басқаларға ашып көрсету арқылы көрермендер ықыласына бөленіп отыр.

Әлі есімде. Өткен ғасырдың жетпісінші жыл­дарының бел ортасында түрік кино­гер­лері академик-жазушы Шыңғыс Айт­ма­т­овтың «Шынарым менің, шырайлым менің» хикаяты бойынша екі сериалды кино түсірген еді. Сол фильмді Айтматов­ Фрунзеден (қазіргі Бішкек) Алматыға алып келіп, «Целинный» кинотеатрында­ көрермендерге ұсынды. Рөлдерді түрік әр­тістері шығармадағыдай сомдағанын көріп, шеберліктеріне сүйсінгеніміз рас. Алайда ол кезде заман басқа, заң басқа еді. Кері тартқан кеңестік идеологияның әсерінен түріктерді түбі бір бауырымыз деп санамағанымыз ащы да болса шындық. Сондықтан сол фильм көпшілікке қанша ұнаса да, мерзімдік баспасөздерде тиісті пікірлер айтылмай қалды. Солар түсірген «Шынарым менің, шырайлым менің» фильмін еліміздің киноэкрандарына қайта алып келсе, көрермендер қызығушылығын туғызары анық.

Қазіргі түрік телесериалдарын көріп оты­рып, өзіміздің телесериалдармен салыс­­тырарымыз хақ. Шынын айту керек, «Пе­рекресток», «Жаным» көрермендер көңі­­лінен шыға алмады. Бұл сериалдар­ құ­рылымында табиғилықтан гөрі жасан­ды­лық басым. Әртістердің рөлдерді орындау шеберліктері төмен. Сондықтан көрер­мен­дерді қызықтыра алмайды. Біздің әртістерге түрік әріптестеріндей шеберлік шыңына жету үшін көп еңбектенуді, талмай ізденуді қажет ететіндігі сезіліп тұрады. Өкінішке қарай, бізде таныла бастаған әртістердің тұрмыс-тіршілік қамымен тойларда асаба болып, ақша табуды басты мақсат етіп жүргенін көресің. Ал шын өнерді таза берілгендер ғана асқақтата алады деген қағидаға жүгінсек, бұл көңіл қуанта қоймайды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары