ЖОО: ОҚУЛЫҚТАР ОҢЫП ТҰРҒАН ЖОҚ

ЖОО: ОҚУЛЫҚТАР ОҢЫП ТҰРҒАН ЖОҚ

ЖОО:  ОҚУЛЫҚТАР ОҢЫП ТҰРҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі
430

Елiмiзде сапалы оқулық шығару мәселесi күн тәртiбiнен түскен емес. Әдетте бiз көбiнесе мектеп оқулықтарындағы өрескел қателер мен кемшiлiктер туралы жиi айтамыз. Ал жоғары оқу орындарында болашақ мамандар бiлiм алатын оқулықтың халi нешiк? Қазақстанның оқу орындары оқулықпен түгел қамтамасыз етiлген бе? Қазақтiлдi оқулық қолжетiмдi ме?

Міне, осы түйткілді мәселелер Қазақ­стан жоғары оқу орындары оқулықпен қамтамасыз ету жөнінде өткен дәстүрлі VІІ республикалық конференцияда кеңінен талқыға салынды. Конференция жұмысына Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов, ЖОО қауымдастығының өкілдері, ЖОО ректорлары мен жарық көрген оқулықтардың авторлары, аудармашылар мен баспа өкілдері қатысып, біраз жайтқа қанық болды. Алғашқы сөзді алған вице-министр Мұрат Қадесұлы: «Қазақ тілінде оқитын оқушылар мен студенттер жыл сайын артып келеді. Бірақ қазақтілді аудиторияға сай оқулықтарды уақытында шығарып, қамтамасыз етуге үлгере алмай жатырмыз. Несиелік, Болондық процестің өз талаптары бар. Дүниежүзіне тараған шетелдік оқулықтарды қазақ тіліне аударуға талпынып жатырмыз. Ресей де солай етеді. Биыл министрлік оқулық жазуға 200 млн. теңге бөлді. Ал былтыр 137 млн. теңгеге 130 базалық оқулық шығардық», – деді.

Білім және ғылым вице-министрінің айтуынша, оқулық жайында айтылған сынның астарында шындық бар. «Тәуелсіздікке дейін қазақ тілінде оқулықтар шығарылмай келгені рас. Әсіресе, қазақтілді аудиториясы кең Оңтүстік өңір оқулықпен қамтамасыз етілу жағынан артта қалып келеді. Жергілікті ЖОО ректорлары осы мәселені елемей жүр. Соңғы жылдары ЖОО қауымдастығы осы жұмысты қолға алып, 32 базалық оқулық шығарды. Бір мәселе – оқулықтың тиражы аз. Оқу орындары көбінесе өздеріне ғана арнап шығарады. Ал оның сапасы нашар, сараптамадан өтпеген», – дейді вице-министр.

Еліміздегі барлық ЖОО-ның кітапхана қорында шамамен 50 млн. кітап бар. Бір өкініштісі, оның тек 8 млн.-ы ғана, яғни 16 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Жасыратыны жоқ, әлі күнге кеңестік кезеңдегі оқулықтарды талғажау етіп келеміз. Былтыр тұңғыш рет бюджеттен базалық оқулықтар шығаруға 119 млн. теңге бөлініпті. Бұдан былай барлық ЖОО оқулықтарын сараптамадан өткізу қолға алынып, базалық қазақша оқулықтармен қамтамасыз ету шарасына қолдау көрсетіледі. Қазір елімізде 149 жоғары оқу орны бар. Бір өкініштісі, мемлекеттік тапсырысты бар болғаны 27 оқу орнынан 291 автор ғана атсалысқан. Бүгінде бұл оқулықтар еліміздің 95 оқу орнына таратылды. Ал биылға бөлініп отырған 200 млн. теңгеге жоғары оқу орындарына арналған 75 базалық оқулықтар мен шетелдің ең үздік авторларының 15 басылымы аударылмақшы. Ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 36 аудармашы және 27 жоғары оқу орнынан 110 автор қатысуда. Мемлекеттік тілге АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Ресей сияқты елдердің авторларының оқулықтары, нанотехнология, биотехнология, музыка, философия, минералогия, ақпараттық технология, дизайн мен архитектура, т.б. пәндері бойынша аударылатын болады.

Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов шетелдің білікті ғалымдарының еңбектерін аударудың маңыздылығынан бөлек, электронды оқулықты дамыту керектігіне де екпін түсірді. «Министрдің тапсырмасы бойынша, барлық оқу орны мәлімет базасына енгізілді. Былтырғы жылдың қараша айынан бастап оқу орны аралық электронды кітапхана құрылды. Бүгінде бұл базадағы оқулықтар жастар үшін өте тиімді», – деді ол.

Шынында да, қазір еліміздегі ғалым­дарға көп мүмкіндік жасалуда. Мәселен, шетелдің ғалымдары мәліметтер базасына қол жеткізу үшін қалтасынан қомақты ашқа шығарса, біздің ғалымдар бұл құжаттарды тегін пайдаланып жатқан көрінеді.

ЖОО қауымдастығы президенті Рахман Алшанов: «Оқулық жазу қиын. Сараптамаға 800-900 оқулық келді. Сараптама тобы, министрлік қарады. Нәтижесін­де 130 оқулықты таңдап алдық. Ал олардың электронды нұсқасын күн сайын 1500 адам қарайды. Әрине, кемшіліктер бар. Әлі де өңдейтін нәрсе көп. Пайдаланылған әдебиеттерде соңғы жарық көрген шетелдік оқулықтар жоқ. Кейбір терминде сәйкессіздік басым. Бірақ оның бәрі өңделетін, түзелетін шаруалар. Бізге әлі 4 мың оқулық жазу керек. Оның электронды нұсқасын жасап, оқу орындарының ресурс­тарына кіргізу қажет», – деді.

Шара барысында жоғары оқу орында­рының электрондық оқулық­тарының тұсауы кесіліп, оқулық авторлары мен баспа жұмыстарын ұйымдасты­рушылар арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары