«ОЙМАҚТЫНЫҢ ШЕБЕРІ» – САҚЫП АПА

«ОЙМАҚТЫНЫҢ ШЕБЕРІ» – САҚЫП АПА

«ОЙМАҚТЫНЫҢ ШЕБЕРІ» – САҚЫП АПА
ашық дереккөзі
251

Облыс көлемiнде өтетiн түрлi мәдени шаралардың бел ортасында жүретiн осынау ақ апамен жақынырақ танысып, әңгiмелесу көптен берi ойымда жүр едi. Ұлттық нақыштағы киiм киiсi, жүрiс-тұрысы, мiнбелерде сөйлеген сөзi адамды ерекше бiр әсерге бөлейдi. Қазақ халқының тарихта аты қалған ақылды аналарының бiрi секiлдi.

Жолым түсіп, әдейілеп іздеп бардым. Шалбар киіп, шашын қысқартып тастаған қалалық әжелерден болмысы мүлдем бөлек. Сақып Құсайынова Қызылжар ауданының орталығында тұрады. Ол кісі туралы бірнеше мәрте мақалалар жазылып, талай рет деректі фильмдер түсіріліпті. Шынымен де, сүйсінуге, өнеге тұтуға тұрарлық адам. Осындағы «Мақсат» этно-мәдени орталығының жетекшісі, міне, ширек ғасырға жуық уақыт қазақтың қыз-келіншектерін ғана емес, өскелең ұрпақты да рухани тұрғыдан тәрбиелеп келеді. Оның қолынан шыққан бұйымдары көздің жауын алады. «Оймақтының шебері» атанып кеткен Сақып апа ісмер ғана емес, оның болмысынан нағыз қазақ әйелінің бейнесін аңғаруға болатындай.

Дәстүрсіз халық жоқ қой. Ал қазақ халқының әдет-ғұрпы, игі дәстүрі атадан-балаға мирас болып келе жатқан басты құндылығы. Ал сол мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, жастардың бойына сіңіру қажырлы еңбекті талап етпей ме?! Сақып апаның аудан орталығының Мәдениет үйінде орналасқан «Шаңырақ» клубына мектеп оқушылары үздіксіз келіп, ол кісінің қазақ халқының салт-дәстүрі, жол-жоралғысы жайлы айтқан әңгімелерін естуге құмар. Ал мұндай сәттерде Сақып Рақымжанқызы бір марқайып қалады. Әженің әңгімесі балалардың жүрегіне ұлттық құндылықтың бір ұшқынын ұялатса оның өзі зор мәртебе емес пе?! Сақып апа «Мақсат» ұлттық мәдени орталығы құрылғаннан бері жетекшілік жасап келеді. Мұнда Сақып апаның қолөнер бұйымдары, сонымен қатар ата-анасынан қалған жәдігерлер сақталған. Қазақы нақышпен жасалған алаша, кілем, төр көрпе секілді тұрмыстық бұйымдар, үй жабдықтары рет-ретімен қойылған. Әрі талғаммен жасалғаны көрініп-ақ тұр.

Мұндағы оюмен безендірілген кілем тұсындағы үйлену тойының көйлегі келушілердің назарын бірден аударады екен. Бұл қазақша көйлек пен сәукелені ұлы үйленгенде апа өзі тігіп, келініне кигізіпті. Бір айта кететін жайт, Сақып апа қызын ұзатқанда да той көйлегін өзі дайындапты. Ағайын-бауырларының қызық-қуанышында да көздің жауын алатын ұлттық киімдер тігіп береді. Бұл әулеттің тойы басқалардікінен осынысымен ерекшеленеді. Бұл шаңырақтағы той-томалақтарда осылайша қазақ халқының салт-дәстүрі жаңғыртылады.

Сақып апаның қолы ашық, көз майын тауысып жасаған қаншама бұйымдарын сыйға тартқан. Еліміздің Астана, Көкшетау, Қостанай секілді қалаларындағы туыстары мен таныстарының үйлерінде апаның кілем, тұскиіз, алашаларын, көрпешелерін кездестіруге болады. Ол кісінің қолөнері Австрия, Ресей елдерінің тұрғындарын да тамсандырыпты. Жолы түсіп Ресейдегі туыстарына бара қалса, міндетті түрде кілем тоқып, көрпеше жасап ала барады. Жақында жергілікті мектепке өзі тіккен ұлттық киімдерді, басқа да бірнеше тұрмыстық бұйымдарды тарту етті. Осылайша Сақып апаның жәдігерлері мектеп мұражайының төрінен орын алды.

Сақып апа «ісмерлік ананың сүтімен, әкенің қанымен бойыма дарыды», – дейді. Арғы аталары да осал болмаса керек. Бабасы Тыным жоқ-жітікке көмек қолын соза білетін адам болыпты. Ол кісінің қол ашық, қонақжайлығы және әділдігі жайлы бұл әулеттің адамдары мақтанышпен айтады. Әрі кейінгі ұрпаққа осы бір аңызды өнеге қылады. Сөз арасында Сақып Рақымжанқызы биыл 10 сыныпты тәмамдаған Әсел атты немересінің қолы икемді екенін айтты.

45 жасында жұбайынан айрылып, үш баламен жесір қалғанда да тағдырға мойынсұнбаған Сақып апа ойлаған арман-мақсаттарына қол жеткізген бақытты адам. Өнегелі ананың тәлімін көрген балалары да жақсы адамдар, өзі елге сыйлы. Ол кісінің енді бір арманы бар, көзі тірісінде еңбектерін жинақтап, кейінгі жастар үшін бір кітап шығарсам дейді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

Солтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары