ҚОҒАМДА ӘДІЛЕТТІЛІК НЕГЕ ЖОҚ?

ҚОҒАМДА ӘДІЛЕТТІЛІК НЕГЕ ЖОҚ?

ҚОҒАМДА ӘДІЛЕТТІЛІК НЕГЕ ЖОҚ?
ашық дереккөзі
363

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Шындық детекторы» атты спектакльдің премьерасы өтті. Спектакль Баққожа Мұқайдың «Дүние кезек» пьесасының желісімен сахналанды. Трагикомедияның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов.

Адамның барлығы да қамшының сабындай қысқа ғұмырда жақсы өмір сүргісі келеді. Спектакль биік орынтаққа ұмтылған адамдар жөнінде.

Жоғары лауазымды орынға сайлану үшін конкурсқа түскен әріптестер Жайсаң Базаров, Ботан Сарманов, Бану Қоқанова, Асхат Шарифуллин және Сайран Райымов арасындағы тартысты бәсеке нағыз шытырманға айналады. Бұл бәсекеде «жеңімпазды» анықтайтын шындық детекторы. Ол ешқандай тамыр-таныстық дегенді білмейді.

Әріптестер арасындағы жасы үлкені – Ботан Сарманов. Ол әйелі Нүрияның сөзінен еш аса алмаса, ал Жайсаң Базаров өзін жоғары бағалайтын, өзгелерден ақылын артық санайтын жан. Асхат Шарифуллин де әйелі Сәнияның айдауымен жүреді. Бәсекеге түскен ерлер арасындағы жалғыз әйел Бану Қоқанова шындық детекторының сынына мүлдем қарсы. Өтірік жала жабылып, нақақтан нақақ алты жыл темір торда отырған Сайран Райымов әділетті қоғам құруға талпынады. Ол батыл, сондықтан Сайран Райымов ашынып, барлығының «былықтарын» әшкере қылады.

Үнемі жоғарыдағы «жәкелеріне» пара беріп, абыройлары асып жүрген шенділер шындық детекторының сынағынан қатты қорқады. Темір аппарат жемқорлардың барлық қылмыстарын жария қылатыны белгілі. Осы аппараттың сынағынан құтылу үшін одақ құрып, бірлеспек болады. Дегенмен таққа талас болып жатқан ортада ауызбіршілік қайдан болсын?! Барлығының көздегендері бір орын емес пе? Сол орынға жету үшін бір-бірінің аяғынан шалып қалуға тырысады. Шындық детекторын да пара алатын жемқор, оның артында да бір адам тұр деген болжам жасайды әлгілер.

Уақыты жетіп, қара темірдің қиын сынағына түскен Жайсаң Базаров та, Бану Қоқанова да, Асхат Шарифуллин де сынақтан сүрінеді. Араларындағы жасы үлкен Ботан Сарманов қулығын асырып, шындық детекторының сынынан құтылып кетеді. Әділеттің жалауын желбіретемін деп жазықсыз жапа шеккен Сайран Райымов қана сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске жетеді. Әйткенмен, қуанышы ұзаққа бармаған Сайран Райымов қапыда тиген оқтың құрбаны болады. Қойылым қоғамда әділеттіліктің жоқ екенін дәлелдеп көрсетеді. Қоғамда барлығын шындық детекторының сынына салар болсақ, әділеттің ақ туы желбіреген болар ма еді, кім білсін?

Әсел ӘНУАРБЕК,

ҚазҰУ-нiң студентi

Серіктес жаңалықтары