ҚОҚЫСҚА БАТҚАН БАЗАР

ҚОҚЫСҚА БАТҚАН БАЗАР

ҚОҚЫСҚА БАТҚАН БАЗАР
ашық дереккөзі
174

Бүкiл түркi әлемiнiң рухани астанасы – киелi Түркiстанның көркi бүгiнде көңiл көншiтпейдi. Қазақтың жүзден астам хандары, батырлары мен билерi жерленген қасиеттi қаламыздың көп жерi жынойнаққа айналып, халық ең көп жиналатын орталық базар маңы, көшелерi күл-қоқыстың «ордасына» айналып бара жатқанын көргенде «барымызды ұқсата алмайтын, көркемiмiздi көрсете алмаймыз-ау» деген көңiлсiз ой басады.

2000 жылғы ұлы той қарсаңында қаланың іші-сырты біраз жаңарып қалғаны ел есінде. «Бұдан былай Түркістанның кейпі адам сенгісіздей болып өзгереді», – деп қызды-қыздымен сол кездегі аудан басшылары бірталай істің басын қайырған болатын. Одан бері талай су ақты, заман өзгерді. Өзеуреген басшылардың кейбірі парақорлықпен ұсталып, енді біреулері «өсіп» кетті. Оның үстіне асығыс-үсігіс жасалған косметикалық әрлеу жұмыстарын да аса сапалы деп айтуға келмейтін еді. Алайда сол жасалған аз-маз игіліктің қызығын халық толық көре алмай отырғанда ел тізгінін ұстап отырған ағайындарға өкпе-назыңды айтпай қалу азаматтыққа жат нәрсе деп түсіну керек.

Аудан бюджетінің қомақты бөлігін құрайтын, Түркістан жұртшылығының өмірінде аса үлкен рөл ойнайтын орталық базар маңы бүгінде ластанып кетті. Базардың кіреберісіне берекесіз қоныстанған сатушылардың жанынан зорға өтсеңіз, ары қарай балшық пен сасыған қоқыс арасына күмп ете қаласыз.

Санитарлық жағдайдың мүлдем сақталмай тұрғаны былай тұрсын, аса қауіпті саналатын оттегі баллондары газ сусынын сататын орында, қайнаған қалың халықтың арасында жатқанын көріп жағамызды ұстадық. Базар аумағы өрт қауіпсіздігінен сақтандырылмағанын жаңағы баллондардың өзі-ақ аңғартып тұр.

– Өрт бола қалса, не істейсіздер, саудагерлерге өтемақы төлеу жағы қалай болмақ? – деп базар директоры Таубай мырзадан сұрағанымызда: «Саудагерлермен келіскенбіз, әркім өзіне жауап береді деп. Сондықтан да тауарлары бүлінген жағдайда біз ешқандай өтемақы төлемейміз», – деген қысқа жауап алдық.

Таубай Шаймерденов,

«Қуаныш» орталық базарының атқарушы директоры:

«Бұл қоқысқа байланысты даудың айтылғанына қанша жыл болды. Әкімшілік тарапынан тындырымды бір әрекет көргеніміз жоқ. Көпшілік халық базар маңының бәрін бізге тиесілі аймақ деп түсінеді. Алайда сыртқы учаскелер біздің меншігімізге жатпайды. Сол себепті ол жерлердің тазалығына, басқа да істеріне біздің қатысымыз жоқ, ол жерлердің тазалығын сақтауды әкімшілік өзі шешуі тиіс. Бейберекет сауда істеп отырған 300-ге жуық кәсіпкерлерге жерді заңдастырып берген соң, жауапкершілікті де өздері алуы керек емес пе?».

Мавзолей кешеніне жақын орналасқан ойын-сауық орындары да елді алаңдататындай жағдайға жете бастаған. Арақ ішіп, қаны қызған кейбір жастардың қорым маңайында жынойнақ әрекеттерге барып жатқанын көргенде ауыр ойға батасың. Әнебір жылы Ахмет Яссауи кесенесінің дәл алдында жезөкшелер жиі бой көрсеткен «Яссы» қонақүйін жергілікті құқық қорғаушылар халық наразылығының өршіп кетуінен қауіптеніп барып, әрең дегенде жапқанын білеміз. Қасиетті жердің маңында әлі де болса мұндай орындардың көп екенін ешкім теріске шығармайды. Қонақүйлер мен сауналарда тәнін сататын бикештер көбеймесе, азая қоймаған. Халықтың күңкілін құлаққа ілмеуге әбден үйренген аудан басшылығы тексеріс жүргізуге қауқарсыздық танытып келеді.

Түркістанда шешуін таппай тұрған мәселенің бірі – саябақ ішінің тым жұпынылығы. 100 мыңнан астам тұрғыны бар қала үшін жалғыз саябақтың болуы, оның өзі лас, ішінде балалар ойнайтын бірде-бір нысанның болмауы қынжылтатын-ақ мәселе. Оның үстіне саябақ аумағы қылмыстық әрекеттер жиі орын алатын мекен көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын саябақ кіреберісіне орнатылған полиция бекетінде бүгінде кезекшілік деген атымен жоқ. Тұрғындар кешқұрым саябақта демалуға шынын айтқанда қорқатынын айтады.

Дәурен ӘБДIРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары