«ХАЛЫҚТЫҚ IРО – ХАЛЫҚҚА ТИIМДI»

«ХАЛЫҚТЫҚ IРО – ХАЛЫҚҚА ТИIМДI»

«ХАЛЫҚТЫҚ  IРО – ХАЛЫҚҚА ТИIМДI»
ашық дереккөзі

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Халықтың игiлiгiне қызмет етуi тиiс мемлекеттiк бағдарламаның тиiмдiлiгiн азаматтарға түсiндiру шарасы басталды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтің қатысуымен Алматы қаласының әкімдік қызметкерлері және ҚР Қаржы ассоциациясы мүшелері арасында «Халықтық ІРО» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі бойынша арнайы отырыс өтті. ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары А.Ескендіров, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Бишімбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары М.Құдышев, «Қазақстан қор биржасы» АҚ вице-президенті А.Цалюк т.б. мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері атсалысқан бұл шарада құнды қағаздар нарығындағы бүгінгі ахуал, халықтың қор нарығына қатысуы, олардың «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін компанияларға тиесілі құнды қағаздарды сатып алу және жүзеге асыру жолдары жан-жақты түсіндірілді. «Мемлекет басшысы «Халықтық ІРО» бағдарламасының басты міндеті ретінде Қазақстанның қарапайым азаматтарына отандық ірі компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігі мен одан түскен пайдадағы үлесті алу жолдарын түсіндіруді тапсырды. Сондай-ақ, бағдарламаға әлеуметтік әділеттілік бастамасы, азаматтарды ел экономикасын дамытуға үлес қосуға тарту негіз болады» дей келе, түсіндіру шарасының басты мақсаты қаржылық алаңдағы тағы бір тиімді құрал туралы хабардар ету екендігін жеткізді: «Еліміздегі ірі мемлекеттік ұлттық компаниялардың акциясын иемдену – қолдағы қаражатты кепілді түрде дербестендіру. Бүгінде Қазақстанда экономикалық өсім байқалады. Сатып алатын акциялардың бағалары қазір тиімді. Қазақстан экономикасының өсуін біз сіздермен бірге күтудеміз. Сіздер бағдарламаға неғұрлым ұзақ қатысқан сайын табатын пайдаларыңыз көп болмақ. Бірақ бағдарламадан кез келген уақытта шығуға мүмкіндіктеріңіз бар».

«Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарына отандық бұқаралық ақпарат құралдарының да қосатын үлесі көп екені белгілі. Жуырда еліміздегі БАҚ басшылары, бас редакторлары мен қызметкерлерін жинаған Қайрат Келімбетов бағдарламаға 400-ге жуық компания арасынан іріктеліп алынғанын, сенімді құқықтық база құрылғанын, осы мақсатта Қазақстанның алты заңына өзгертулер енгізілгенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Қор биржасы мен Қазпоштаның инфрақұрылымын оңтайландыру жұмыстары мәресіне жетіп қалған, ал трансфер-агенттік және брокерлік қызмет көрсететін Қазпошта Қазақстанның барлық аймағындағы тұрғындарды бағдарламаға тартуға қабілетті. «Халықтық ІРО»-ға кіретін компаниялардың корпоративтік басқару жүйесін қайта құру жұмыстары да әлемдік тәжірибеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Оны жүзеге асыруға дайындық жұмыстарына әлемдік тәжірибедегі «Халықтық ІРО»-ның сәтті үлгілерімен қоса, сәтсіздікке ұшырағандарын да назардан тыс қалдырмай, зерттеу арқылы іске асырылуда. Кездесуге қатысушылар бұл жұмыста тұрғындарға ақпараттық-ағартушылық қызмет көрсетудің, «Халықтық ІРО»-ның мәні мен мағынасын, қор нарығының негіздерін, акцияларға салым салудың мүмкіншіліктері мен тәуекелдерін және акционерлердің құқықтары мен оларды қорғаудың тетіктерін үйретудің маңыздылығына тоқталды.