НӘРЕСТЕЛЕР неге шетінейді?

НӘРЕСТЕЛЕР неге шетінейді?

НӘРЕСТЕЛЕР неге шетінейді?
ашық дереккөзі
282

Оңтүстік Қазақстанда екі айда 169 шарана шетінеген

Тiршiлiкке мән берiп, өмiрдiң сәнiн келтiретiн – Ана. Ал әрбiр ана балаларымен бақытты. Сондықтан ана мен бала өлiмiне қатысты көрсеткiштердi барынша төмендетуге бүкiл әлем мүдделi. Өкiнiшке қарай, бiздiң елдегi осы мәселеге орай берiлетiн ресми және бейресми деректер арасында алшақтық бар.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, «Қуан, сәби» атты республикалық шара ұйымдастырылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, UNICEF сияқты басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен өткізілген акция нәрестелерді күтуге және бағуға байланысты ақпараттық-білім беру құралын табыстай отырып, жас ата-аналардың бала күтімі мен тәрбиесіндегі маңызды жайттарды түсіндіруді мақсат етті. Аталған шара бүкіл еліміз бойынша «Қорғаймыз, өйткені жақсы көреміз» деген ұранмен жалғасын табуда.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін созылатын «Қуан, сәби» акциясы шеңберінде 3 жасқа дейінгі бала күтіміне қатысты кеңінен ақпарат беретін кітапшалардың 250 мыңға жуық данасы таратылмақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және UNICEF сарапшыларының медицина саласы мен әлемдік бала дамуы мәселелеріне қатысты жасаған соны ғылыми зерттеулерге сүйенетін бұл кітапша жаңа босанған әрбір анаға табысталады. Мамандардың айтуынша, ата-аналарға, әсіресе жас отбасыларға кітапшаның көмегі мол. Мәліметтер қарапайым сөздермен жазылғандықтан, оны кез келген жастағы кез келген маман оңай түсінеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова кітапшаны алғаш рет Астанадағы №3 перзентханада 1 маусым күні нәрестелі болған аналарға тапсырған екен. Вице-министр Ерік Байжүнісовтің мәлімдеуінше, отандық денсаулық сақтау саласының қызметін көрсететін көрсеткіштердің бірі – ана мен бала өліміне қатысты көрсеткіш: «Соңғы бес жылдың ішінде біз ана өлімін екі есеге, сәби өлімін көрсеткішін 25 пайызға төмендеттік. 2015 жылға межеленген бұл деңгейге біз 2011 жылы қол жеткіздік».

Еуропалық Одақ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еліміздегі ана мен бала денсаулығын жақсартуға 4,5 млн. еуро көлемінде қаржылай көмек берді. Қаражаттың 1,2 млн. еуросы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бөлінбек. Аталған жоба шеңберінде қазақстандық дәрігерлердің кәсіби біліктілік деңгейін көтеру, семинарлар өткізу, медицина саласына заманауи жаңа технологиялар енгізу жоспарланып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2012 жылғы ақпанның басында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, Қазақстанда бала өлімі 6 пайызға төмендепті. Бұл туралы жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ұйымдастырылған жиында Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті ана мен баланы қорғау басқармасының бастығы Мағрипа Ембергенова хабарлады: «Бала өлімі 6 пайызға қысқарды. Бұл көрсеткіш әрбір 1000 нәрестенің 14,9 пайызын құрайды. Былтыр әр мың баланың 15,8 пайызы шетінеп кететін».

Қазақстан Үкіметі «Елімізде ана мен бала өлімі азайды» деп жар салып жатқанымен, тәуелсіз сарапшылар тарапынан берілетін мәліметтер кереғар. Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры және Қазақстанның штаттан тыс Бас акушер-гинекологы Талғат Құдайбергенов сәби өлімінің азаюына қатысты, егер 2010 жылы дүниеге келген әр мың нәрестенің 16,5-і шетінегені тіркелсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 14,9 болыпты деп мәлімет келтіреді. Сонымен қатар, ол «Қазақстан 2008 жылдан бастап бала туу қағидаларының жаңа өлшеміне көшті. Содан бері Қазақстанда кем дегенде 22 апта жүктіліктен кейін туған және салмағы 500 грамнан асқан сәбилердің шетінеуін бала өлімі деп есептейді» дейді. Алайда Қызылорданың «Жастар мәселелері орталығы» атты қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Баян Егізбаева: «Шындығына келгенде, ауыл әйелдері Талғат Құдайбергенов айтқан, су жаңа перинаталды орталықтар мен перзентханаларға қойылған неше түрлі медициналық құрал-жабдықтардың көлеңкесін де көрмейді. Ал Қазақстан халқының жартысы, көбінесе қазақ әйелдері осы ауылдық жерлерде тұрады», – дейді. Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Балжан Исабекованың айтуынша, облыс бойынша 2012 жылдың алғашқы екі айында (қаңтар, ақпан) 169 нәресте шетінеп кеткен. Ажалға сәбилер салмағының аздығы, туабітті дерттердің ауырлығы себеп болған. Кейбір шарана жарық дүние есігін жарты немесе бір келі салмақпен ашады екен. Алақандай ғана тіршілік иесінің өмір үшін күресі кейде сәтсіз болады. Бүгінде аяғы ауыр аналар арасында қаны аздық, бүйрек аурулары, йод жетіспеушілігі сияқты басқа да аурулар жиі кездесетіні тағы бар.

Алматыдағы «Аман-саулық» ҚҚ жетекшісі Бақыт Түменова Қазақстанда ана өлімінің «шынайы көрсеткіштері жасырылуы мүмкін» деген пікірде. Ол денсаулық сақтау министрлігіне «Қазақстанда бала туатын жастағы әйелдердің өлім қаупі аса жоғары болып тұрғанда, неге аяқ астынан жас босанған аналардың өлімі азая қалды? Жас әйелдердің өлім-жітімі жайлы мәліметте босану үстінде немесе бала босанған соң қайтыс болған әйелдердің саны неге белгісіз?» деген сияқты басқа да сұрақтар жолдады: «2010 жылы Ақмола облысында қайтыс болған 21 мен 34 жас аралығындағы 116 әйелдің ішінде бір де бір әйел жүкті немесе босанған кезінде қайтыс болмапты, ал Қарағанды облысы бойынша ажал құшқан 278 әйелдің тек біреуі ғана босану кезінде көз жұмған». Бақыт Түменова ханымның бұл уәжіне құзырлы органдар тарапынан әзірге жауап берілген жоқ. Өкінішке қарай, ана мен бала өліміне қатысты ресми және бейресми деректер арасындағы алшақтық та азаймай отыр.

Күмiс АЙТАНҚЫЗЫ,

ҚазҰУ-нiң студентi

Серіктес жаңалықтары