МӘНЖҮР ТІЛІНІҢ МАМАНЫ

МӘНЖҮР ТІЛІНІҢ МАМАНЫ

МӘНЖҮР  ТІЛІНІҢ МАМАНЫ
ашық дереккөзі

>«Менің елімнің тарихы отаршылдардың қолымен жазылған» деп Жавахарлал Неру айтқандай, қазақ елінің тарихы да отаршылдардың көзімен жазылып келгендігі аян. Тәуелсіздіктен кейін қазақ тарихының отаршылдар бұрмалаған кілтең тұстарын жөнге келтіріп, ашық қалған ақтаңдақтарын толтыру мақсатында “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асып жатқандығы белгілі.Ұлттық Ғылым академиясының Шығыстану институты аталған бағдарламаны қолға алған тұста Бақыт Еженханұлын жұмысқа шақырған болатын. Біздің мемлекеттік тарихымыз бен елдік қарым-қатынас тарихымыздың ұзына бойындағы әрбір тарихи кезеңдеріне куә болатын, көненің көзіндей көптеген тарихи деректер мен дәйектер қытай мұрағаттарында сақталып қалғандығы белгілі. Мамандардың айтуына қарағанда, дүние жүзіндегі ең бай қорлардың бірінен саналатын Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының қорында он миллиондай тарихи құжат сақтаулы жатыр екен. Осындай дүлей дүниенің ішінен қазақ тарихына қатысты деректемелерді табу және оны аударып, жүйелеп, ғылыми айналымға түсіру екінің бірінің колынан келе беретін, атүсті шаруа емес. Өйткені бұл құжаттардың барлығы көне қытай тілінде немесе мәнжүр тілінде, болмаса шағатай тілінде, не болмаса тот-моңғол тілінде, тіптен парсы, тибет тілдерінде жазылып, сақталған. Қы­тайдың көне әдеби тіл-жазуын екінің бірі танып, түсіне бермейтіндігі тағы бар. Оны басқа халықтарды былай қойғанда, қытайлардың өздері де түсіне бермейді. Ол қазір қолданыстан қалған әдеби тіл-жазу. Мына жұмысты қолға алып, жаңағы мол мұрағатты қазақ тарихының кәдесіне жарату үшін сол тілді білуің керек. Ал мәнжүр тілі қазір өлген тіл. Оның тіл-жазуын қолданып отырған ешқандай халық жоқ. Қытайды үш ғасыр билеген мәнжүрлердің патшалығы 1911 жылы қытайлардың тарапынан төңкерілген соң, өздері де арада бір ғасырға жетпейтін уақыттың ішінде қытайға сіңісіп, жұтылып, қытайланып, құрып жоғалды. Қазір олардың бірлі-жарым көнекөз ғалым, мамандары болмаса, былайғы мәнжүрлер өздерінің тілінен де, жазуынан да әлдеқашан айырылып болған. «Қазақ тарихына қатысты қытай деректемелері» деген тақырыптағы “Мәдени мұра”бағдарламасының аясында жүзеге асырылуға тиіс аса ауқымды жобаны қолға алған кезде Бақыт Еженханұлының алдында міне, осы мәселелер көлденең тұрған болатын. Қытайдың көне әдеби тіл-жазуын танып-түсінетін екі қазақ бар болса, оның біреуі Еженханұлы екендігін қаперлеріңізге сала кеткен жөн. Көне қытай тіліндегі мұрағаттарды аударып, жүйелеп, кәдеге жаратуға Еженханұлының қарым-қабілеті жетер-ақ, ал мына өліп жатқан мәнжүр тілін қайтпек керек. Ол тілде жазылған аса құнды тарихи мұрағаттарды қазақ тарихының кәдесіне қалай асыруға болады. Бұл құжаттарды танып, түсінетін маман тарихшы қытайдағы қазақтарда да, Қазақстандағы тарихшылар арасында да жоқ болып шықты. Баяғы сонау патшалық кездегі орыстың қытайтанушылары Н.Я. Бичурин, С.Малов тағы сол сияқты ғалымдардың аударған деректемелерін Кеңес ғалымдары неше қабат аударып-төңкеріп, әлдеқашан ақжемін шығарған. Одан басқа қолға ілінер тың дерек жоқ. Қысылшаң сәтте Еженханұлы әлдеқашан өлген мәнжүр тілін үйренуге бел байлайды. Отандық тарихтың көсегесін көгертіп, ашық қалған ақтаңдақ тұсын толықтырар тарихи кезеңнің күнде туыла бермейтіндігін жан жүрегімен сезіне отырып, алдына үлкен мақсат қойған отаншыл ғалым айналасы бірер жылдың шамасында күнді-түнге жалғай жүріп, мәнжүр тілі мен жазуын ақыры үйреніп шығады. Үйреніп қана қойған жоқ, жаңағы мол мұрағатты шетінен танып-тауып, аударып, зерттеу нысанасына айландырып, ғылыми айналымға түсіре бастайды.

Көзіқарақты жұртқа тарихтан белгілі болар, қытай тарихшылары да, жалпы иісі қытай елі де қазақтар бізге бодан болған, бағынышты болған дегенді айтып та, жазып та келгені белгілі. Оны айтушылар дәлел ретінде Абылай ханның Еженханға (Цяньлун патшаға) саған бодан болып бағынып, қарашаң болып мойынұсынамыз деп жазған хаты бар дегенді көлденең тартатын еді. «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» деп Сара айтқандай, әлгі хатты көлденең тартып астамсығандарға біздің тарихшыларымыз да, саясаткерлеріміз де қарсы уәж айта алмай, көзімен жер шұқи беретін. Хатта: «Абылайхан өзім және балаларым, қазақтың барша бұқарасы ұлы патша сізге бойсұнып, сіздің мәңгі бодан, қарашы құлыңыз болайық деп талап қойған болатын деп кергуші еді әлгі хатты көлденең тартушылар. Хаттың мәтінін де көзге шұқи көрсетіп, сөзбе-сөз сілтемелер жасап отыратын. Қытай деректемелерін қолға алған кезде, тарихшы ретінде Еженханұлының ең бір шұқшия қараған тұсы да осы хаттың әртүрлі нұсқасы болды. Соларды тауып, салыстыра зерттеу жүргізді. Өйткені он сегізінші ғасырдағы қазақ-қытай қарым-қатынасын жақсы білетін ғалымға аталмыш кезеңде қытайдың бодандығына барып мойынын сұғатындай Абылай ханның басына қаралы күннің туып тұрмағандығы белгілі болатын. Осында қалайда бір шикілік болмаса не қылсын. Асылында, Абылай хан мәнжүр-қытайдан барынша тәуелсіз, олардың ықпалынан барынша аулақ болу саясатын ұстанған азаткер көсем екендігі тарихтан белгілі. Қазақ елінің бақытына қарай Бақыт Еженханұлы ол хаттың Тот-моңғыл тіліндегі, мәнжүр тіліндегі, көне қытай тіліндегі аудармаларын мұрағаттан тауып, қолымен ұстап, көзімен көреді: “Алаш жұртын азаттыққа алып шыққан ұлы ханының қолы тиген осы хатты қолыма ұстаған кезде, бүкіл жан-дүниемді ыстық бір ағыс шарпып өтіп, көзіме жас толып кетті”, – дейді Бақаң осы бір тарихи сәтті еске алған тұста. Бақыт осы хаттың әлденеше аудармасын түпнұсқадан салыстыра отырып зерттегенде, әлгі жаһанға жар салып жүрген хаттағы “бодандық”, “құлдық” туралы айтылған сөз қисынсыз, жалған болып шығады. Абылай ханның Шин патшасына хат жазғандығы рас, хатты олардың тапсырып алғандығы да рас. Мәселе хатты аударған кезде отаршыл озбырлар хатта айтылмаған “саған бодан болам, құл болам” деген сөздерді жат ниетпен хат мәтініне жапсырып жіберген болып шықты. Ғалым осы туралы жазған көлемді зерттеу мақаласында: “Осыған байланысты айтқымыз келетіні: біздің жоғарыдағы талдауымызда көрсеткендей, аталмыш «Абылайдың хатының» қытай тіліндегі нұсқасы өз кезінде өңделіп, өзгеріске ұшыраған сенімсіз құжат, сондықтан бұл құжатты негіз етіп жасалған тарихи тұжырымдамалар да жалған” деп жазған болатын олжалы болған отаншыл ғалым. Ал, осы күнге дейін осы хатты дәйек ете отырып қаншама тарихи тұжырымдар жасалып, қаншама еңбектердің жазылғандығы, қазақтың елдік тарихына қаншама көлеңке түсіп, еңсемізді басып келгендігі белгілі.

Абылай ханның осы хатының түпнұсқалық мазмұнының ашылуы болсын, басқада жаңадан табылып жатқан құжаттардың сыпаттауы болсын, Қазақ елінің Шиің патшалығына кіріптар бодан болмай, тең дәрежелі елдік тұрғыда тұрып қарым-қатынас жасағандығы әрбір құжат сайын көрініс тауып жатыр. Жоңғарлар жойылғаннан кейін, Шин патшалығы қазақ елінің қарулы күшімен бетпе-бет келіп, қазақ қылышының қаһарын байқағаннан кейін, бейбіт мәмілеге қарай бет бұрғандығы, осыдан кейін екі елдің бітімге келгендігі, бір-біріне елшілер жіберіп, саяси-дипломатиялық қарым-қатынасқа түскендігі де құжат сайын көрініс тауып отырады. Тарихи құжаттардың бір парасы Жоңғарлар жойылғаннан кейін қазақтардың бұрынғы жоңғар ілкінде қалған ежелгі атамекендеріне қайта оралуы туралы, олардың өріс-қоныстарын айқындайтын, жер-су, өзен-көлдерін көрсететін карталар мен географиялық мағлұматтар түрінде кездесіп, дәйектеліп отырады. Міне, осы құжаттардың барлығы қазақ елінің сол тұста тәуелсіз ел ретінде өмір сүргендігін, Шин патшалығы мен терезесі тең ел ретінде де дипломатиялық қарым-қатынас жасағандығын айғақтайды.

Еженханұлы бастаған ғалымдар тобы (Сұңғатайұлы, Ошанұлы қатарлы) қытай мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты қытай тіліндегі 500-ден астам, шағатай тіліндегі 60-тан астам, ойрат тіліндегі 40-тан аса, сондай-ақ мәнжүр тіліндегі 3000-нан астам мұрағаттық құжаттарды тауып, оларды қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға түсіріп жатыр. Қазірде бұл аса құнды тарихи құжаттар көп томдық жинақтар түрінде жаряланып үлгірді. Әлі де ондаған томдық құжаттар жинағы қазақ тіліне аударылып, жүйеленіп жарыққа шығуын күтуде.

Бұл құжаттар Қазақ хандығы мен Шин патшалығының қарым-қатынастарының тарихын сипаттайды. Бұнда қазақтың хандары мен сұлтандары Абылай ханның, Әбілмәмбет ханның, Әбілпейіз сұлтанның, Болат ханның, Әділ сұлтанның, Бопының, Көгедайдың және басқалардың Шин патшасының билеу­шілеріне, патшаларына жазған ресми хаттары бар. Әртүрлі мазмұнда жазылған бұл хаттардың саны қазірде 100-ден астам екендігі анықталып отыр. Бұл хатнамалар қазақ елінің мемлекеттік тарихы үшін аса маңызды деректемелер екендігі даусыз. Ендігі бір пара құжаттарда қазақ-қытай сау­да қарым-қатынастары туралы. Абылай хан, Әбілмәмбет, Қабанбай сынды қазақ көсемдерінің осы екі жақтылы сауданы жүзеге асыруда атқарған рөлдері көрініс тапқан. Бұнда Шин патшалығының сауда-саттықта ұстанған баға саясаты мен сауда-саттықты жүзеге асырудағы әдіс-амалдары жазылып қалдырылған. Сонымен қатар, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат, қазақ-ресей қарым- қатынастары туралы да аса құнды тарихи құжаттар табылып отыр. Табылған, танылған мұрағаттар бұлармен ғана шектеліп қалмайды, қазақ-мәнжүр дипломатиялық байланыстары туралы құжаттар, қазақ халқының жан саны туралы да мәліметтік құжаттар кездесіп отырады. Бақыт Еженханұлының анықтауы бойынша қытайдың бірінші тарихи мұрағатының өзінде Қазақ тарихына қатысты жалпы саны 4000 дана шамасында құжаттар сақтаулы екен. Бұл қазақ тарихына қатысты соңғы кезде қолға түскен аса құнды да, қомақты мұрағаттық деректемелер, тарихымызға қосылған үлкен олжа, ашылған жаңа бет деп қарауымыз ләзім!

Бақыт Еженханұлы «Қазақ хан­дығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» атты жинаққа жазған кіріспесінде: «Қытай-танушыларға мә­лім, бұл мұрағат құжаттар ғылыми айна­лымға енгізілмей тұрғанда XVlll-XlX ғасырлардағы Орталық Азия туралы Цин патшалық деректемелерін ғалымдар негізінен «Цин патшаларының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне арналған орда естеліктері», «Патшаның жарлық-нұсқаулары»… «Шыңжаң туралы қысқаша шолу»… секілді ресми немесе жеке тарихи-географиялық шығармалардан алады. Жұртқа біршама мәлім болып келген бұл еңбектерде көптеген құнды мағлұматтар бар екені рас, алайда бұл материалдар екінші қол деректеме болып есептелінеді. Аталмыш кітаптардың жазылу мақсаты, авторлардың ұстанымы және олардың тарихи материалдарды танып-білу қабілеттері әртүрлі болған, сондықтан олардағы көрсетілген, тарихи деректердің барлығы бірдей толыққанды және обьективті бола бермейді. Ал, мұрағат құжаттары, әсіресе бұрын жұрттың назарын аударып үлгірмеген, енді-енді ғылыми айналымға кіре бастаған Орталық Азия тарихына байланысты Шин мұрағат құжаттарының тарихи құндылығы жоғарыдағы аталған ең негізгі Шин әдебиеті деп есептелініп келген тарихи немесе тарихи-географиялық еңбектердің тарихи құндылығынан бір саты жоғары тұрады”- деп көрсеткен болатын. Міне, бұдан қолға түсіп жатқан тарихи құжаттардың қаншалықты құнды деректемелер екендігін бағамдап отырған боларсыз.

Бақыт Еженханұлы ағылшын тілін де жетік меңгерген ғалым екендігін жоғарыда айтып өттік, сондықтан қа­зақ тарихына қатысты тарихи деректеме­лерді тек қана қытай мұ­ра­ғаттарынан іздеумен шектеліп қал­май, басқа да өркениетті Еуропа жұртының бай тарихи мұрағаттарынан іздеу керек екендігін алдына мақсат етіп қойған еді. Сондай ізгі тілекке сай Ұлттық Ғылым академиясының Шығыстану институтының жетекшісі Меруерт Әбусейітова ханымның тікелей жетекшілігімен Бақыт Еженханұлы Париж, Лондон қатарлы шаһарларда болып, ондағы әйгілі мұражай, мұрағаттарда отырып, ол жақтан да қазақ тарихына қатысты аса құнды тарихи құжаттарды, карталарды, қазақ даласы мен қазақ халқы туралы жазылған ерте кездегі естеліктер мен саяхатнамаларды тауып келген болатын. Олардың да қазақ тарихына жаңа бет болып қосылып, ғылыми айналымға түсуі алдағы күннің еншісінде деп білеміз. Бақыт Еженханұлы байырғы Шығыс Түркістанның Құмыл аймағында дүниеге келген. Әкесі өз заманында сол аймақтың уәлиі болған. Бақыттың жан-жақтылы білім алуына, ғылым жолына түсіп, кемелді азамат болып қалыптасуына көреген әкенің көмегі аз болған жоқ, әрине. Бақыт мектепті қытай тілінде оқыды. Осы алғырлық пен таланттың арқасы ғой: Бақыт қытайдағы екі миллионға жуық қазақтардың арасынан тұңғыш рет ғылым докторлығын небәрі 28 жасында қорғаған азамат.

Бақыт Еженханұлы тарихтың қай тұсын зерттесе де, қазаққа жанастырып, қазаққа байланыстыра ой жүгіртіп отырады. Қай тақырып, қай құндылық болсын ол қазақтың елдігіне, жері мен жетесіне қаншалықты қатысты екендігін дәлелдеуге тырысады. Оның тарихшылар да, былайғы жұрт та біле бермейтін қазақ тарихына қатысты таныған, тапқан, ашқан деректері мен дәйектері ұшан-теңіз. Олардың барлығын қолданысқа түсіріп, тарихшылардың қолдарына ұстатты. Оларды саралап, сұрыптап, бір ізге түсіру, зерттеу нысанасына айландырып, бір жүйеге келтіру, оның ұзақ жылдық қажырлы еңбегінің негізгі өзегіне айланған.

Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

Қазақстан

Жазушылар

одағының мүшесi