ТҰЗАҚҚА КIМДЕР ТҮСЕДI?..

ТҰЗАҚҚА КIМДЕР ТҮСЕДI?..

ТҰЗАҚҚА КIМДЕР ТҮСЕДI?..
ашық дереккөзі

Жәнiбек ӘШIМ

Әлемнiң бiрқатар мемлекетiндегi халықтың санын соқтырып, қан қақсатып келген Мавродидiң «МММ-2011» ұйымы Алматыға да келдi. Ақша табудың оңай жолын тауып алған ол бұған дейiн алаяқтық әрекетi үшiн абақтыға тоғытылса да, бастаған iсiн тастайтын емес. Тiптi темiр тордың арғы жағында отырып-ақ интернет арқылы бизнесiн жалғастырған Сергей Мавроди қайтадан бостандықта жүр.

Қарапайым халыққа баюдың жолын өзінше түсіндіріп келген Мавроди «аңқау елге арамза молда» болғандай. Ал аңғал адамдар алаяқтың тұзағына қалай түсіп қалғандарын да білмей қалған сияқты. Қалай екені белгісіз, Мавродидің үстінен қаншама арыз-шағым түссе де, ол құқық қорғау қызметкерлерінен әп-сәтте құтылып кетеді. Енді ол ұйымының бір тармағын Қазақстаннан да ашып, жұрттың ақшасын суша сіміруге кірісіп кетіпті. Қазірдің өзінде Алматы қаласының көшелерінде «МММ-2011» ұйымының жарнамасы жазылған көліктер тұрғындардың назарын өзіне аударуда. Ол ол ма, бұл ұйым көктемде бірқатар спорттық және мәдени шаралардың бас демеушісі де болған көрінеді. Ал осындай жастарға арналған бір концертте қаржы пирамидасының өкілдері үгіт-насихат материалдары мен «МММ» белгісі бедерленген сыйлықтарды тегін таратқан. Сорақысы сол, Жеңіс күні 28 панфиловшылар паркіне жиналған ардагерлерге 5 АҚШ долларынан үлестірген. Демек, аз уақыттың ішінде «пирамиданың» арбауына түскен құрбандар да аз емес көрінеді.

Жақында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Эконо­микалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне кез келген заң­дық әдістермен «МММ- 2011» ұйымының қызметін тоқтатуды тапсырды. Әкім қаржы пирамидасының қызметі қалалықтар үшін қатерлі болу мүмкіндігін айта келе, бұл тұрғыда көбіне әлеуметтік жағынан аз қорғалғандар зардап шегетіндігін де атап өтті. Сондай-ақ Есімов қаржы пирамидаларымен қарсы күресуге заңдық құралдар жетіспеген жағдайда департаментке заңнамаға өзгерту енгізуге ұсыныс білдіру керектігін айтты. Осыған орай, Бостандық ауданының прокуратурасы қалалық Қаржы полициясымен бірлесіп, наурыздан бас­тап «МММ-2011»-дің жұмысына арнайы тексеру жүргізу нәтижесінде ұйымның нағыз ақша табудың көзі екендігін анықтаған. Тіпті, күш құрылымдары бұл ұйым­ның қазақстандық жетекшілеріне қыл­­мыстық іс қозғау баспалдағында тұрғандығын айтып қалды.

Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов қазіргі «МММ» ұйымының ақша тарту амалы 90 жылдарға қарағанда жеңілдеу екенін айтады. Өйткені Мавроди ұйым қандай да бір себеппен жабылып, құрдымға кететін жағдайға тірелген кезде халық тарапынан ешқандай шағым түспейтін жолын қарастырып қойған екен. Біріншіден, қаржы пирамидасы заңды тұлғасыз жұмыс істейді. Екіншіден, халықтың өз қолымен берген ақшасы ешбір келісімсіз, құжатсыз алынады.

Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, «МММ-2011» ұйымының басшысы Сергей Мавроди өзінің қызметіне қарсы тосқауыл қойғысы келген Алматы қаласы әкімін тікелей эфирдегі телесайысқа шақырған көрінеді. Бір қызығы, ұйымның Алматыдағы өкілі «Свобода слова» газетінің тілшісі екен. Ол: «МММ-2011» – қаржылық ұйым емес. Сондықтан да оның қызметі бақылау мен қадағалауға жатпайды. Ал Алматы қаласы әкімінің бұйрығы тиімді емес», – депті өз пікірінде. Бәлкім, Мавроди мырза өз өкілін халықпен тығыз байланыста болатын тілші қауымынан таңдап алғаны бекер емес шығар.

Ал, мамырдың 29-ы күні қаржылық пирамидасының 30-ға жуық салымшысы Мавродиді қорғау үшін Алматы әкімдігінің ғимараты алдына келіпті. Олар қала әкімінің тапсырмасымен жүріп жатқан қаржы полициясы мен прокуратура тарапынан тексерулердің тоқтатылуын талап еткен. Егер билік тарапынан қысым тоқтатылмаса, олар қала алаңына шығуды көздеп отыр.

Бүгінде ғаламторда Сергей Мав­роди құрған «МММ» қаржы пирамидасының жақын арада сәтсіздікке ұшырайтыны туралы пікірлер жиі айтылуда. Алайда, Қазақстанның түкпір-түкпірін жау­лап алған қаржы пирамидасынан мол ақша табамын деушілер көп екен. Қазірдің өзінде Алматыдағы «МММ-2011» ұйымының ортақ қазанына Астана, Жезқазған, Атырау, Қызылорда қалаларынан ақша үздіксіз құйылып жатқан көрінеді. Ол ол ма, тамырын тереңге жайған ұйымның алаяқтары Оңтүстік Қазақстан облысына да жетіпті. Халқы тығыз қоныс тепкен өңірге ауыз салғаны сандаған аңқауды қан қақсатқаны емес пе?! 2011 жылы ашылған ұйымда шамамен 35 млн. адам болса, оның 50 мыңы Қазақстан республикасының азаматтары екен. Соның дені Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары.

Алматы қалалық Қаржы поли­циясының «МММ-2011» ұйымы қыз­метін тоқтатуға қауқары жете ме? Бұған дейін Парламент мәжілісі депутаттары бұл мәселенің ақ-қарасын анықтау жөнінде Премьер-министр Кәрім Мәсімовке сұрау салған. Тіпті Әділет министрі Берік Имашев та «МММ-2011» ұйымының ел аумағында тіркелмей, заңсыз жұмыс істеп жүргендігін айтқан болатын. Демек, қарапайым халықты арбап, қалтасын қағып жүрген қаржы пирамидасының қызметіне тоқсауыл қоюға негіз бар. Мұны бір Алматы қаласы ғана емес, мемлекет болып қолға алу керек сияқты. Айта кету керек, Эстония мемлекеті 1-маусымнан бастап ұйымның сайтын жауып тастайтын болды. Ал біздікі не тұрыс?