ЗҰЛМАТ

XX ғасырда қазақ халқының басына төнген қатер, исі қазақтан ұрпақтың қалу қалмауы деген мәселе өткен тарихта осыншама күрт қойылмаған шығар. Қазақ халқының жерін бірте-бірте тартып алып, Америкадағы үндістер тәрізді тастақ пен шөлге қамап, құртуды ойлаған шовинистік саясат патша құлаған соң тоқталдыға санап, дала жұрты аз уақыт еркін демалып серпілгендей еді. Өз мұңын өзі жоқтап, мәдениетін көтеріп, ел болуға тырысып жатқан.

Оның ел болғанын көре алмады қаскөй жау. 1925 жылы қазақ даласын билеуге жіберілген Голощекин «Кіші октябрь» дегенді ойлап тапты. Компартияның билетін бүркенген қара ниет патша жасай алмаған істі асқан зұлымдықпен ұйымдастыра білді. «Кіші октябрь» тек қазақ елін қыруға шебер ұйымдастырылған шара еді.

Казкрайкомның кезінде аса құпия саналған 1930 жылғы 19 қаңтардағы қаулысында «что мероприятия… в районах сплошной коллективизации казахского населения не совсем достаточны и должна быть усилены» делініп, қазақы кооперативті – қазақ қоғамының негізін қиратуды тездетуді талап етеді. Осы қаулыда тас-талқан болған ауылды үлкен-үлкен колхоз жасау үшін қуып әкелу керектігі айтылған. Жүздеген шақырым жерден босқынға ұшыраған жұртқа көмек жоқтығын «что бюджетами как краевым, так и местным не предусмотрены специальные средства на оседание» деп ашық айтылып, оны ұйымдастыру аты бар заты жоқ әлде бір мекемелерге тапсырылған, яғни «не болса, ол болсын» дегенді анық ұғуға болады.

Қазақ жұртын мұндай талауға салуға қарсының бәрі халық жауы болып есептелді. «Көшпелі ел XX ғасырда өмір сүруге тиіс емес» деген теориямен қаруланған неше түрлі баскесерлер мылтығын шошаңдатып дала кезіп, елге зорлық-зомбылық жасаумен болды. Олардың тірегі тым мықты еді. 20-жылдардың екінші жартысында-ақ, Голощекин келгеннен соң бір-екі жылдан кейін, момын елдің қаны судай төгіле бастады.

«Ұрыларды атамыз» деген сылтаумен әрі «контралар ауыл-ауылды аралап жүр, солармен күресеміз» деп ел ішіне қарулы отрядтар шыға бастады. Соның бірі Шет ауданын мекен етуші іргелі рудың бірі – Шуаш ауылын қамап, жеті кісісін атып кетті. Оққа ұшқандардың ішінде атақты Жанқұтты шешеннің немересі Тәтібек ұлы Шәкен, Сейітқали, Сейітқамал, Аққасқа дегендер бар. Бір ауылдың ер азаматын қырып кетуге Аққасқа жөнді қонақ асын бермеді деу, «ұрыны атады екен» деген қорқыныштан Кәкіштің тұра қашуы сылтау болған. Қашып кеткен кісі «контра», ауыл сонымен сыбайлас деп есептелген. Сол жолы Үрпек Адайда 40 адамның атылғанын Ескей жыршы айтып, құлаққа сіңірген. Әміржан Омаровтың айтуынша, соның ішінде Сарымнан Жаманбек Мекібасов, Сейітбек, Сейітқазы дегендер бар.

Дала жұртын дүрелеп, асып-атып, ойына келгенін істеген отряд патша үкіметіне бағынбай өткен дала көкжалы Боранқұлға у бергізсе, Майшора-Тәжібай ауылын таң ата қоршап, пулеметпен атқылаған. Ауылдан ақбоз атқа мінген жалғыз-ақ адам қашып шыға алған да, қалғаны мерт болған.

Қырғынның лебін күні бұрын сезген Шәмшид пен Өскенбай бір қыз, бір келіншекті ертіп сонау Көкшетау жақтан шығып, Абыздың қара талын мекен еткен . Соларға еріп осы елдің Шәріп деген жігіті де оңтүстік жаққа кетпек болған. Бұлардың сыбысын білген 40 солдат ауылды басып қалып, бір бозбаланы торғайдай шырылдатып сабап, қашқындардың жатағын көрсетуге мәжбүр еткен. Солдаттар оққа ұшқан Шәріптің басын найзаға іліп әкеліп, момын елдің зәресін ұшырған.

1930 жылы Шет ауданында әр үйге 100-ден 500 басқа дейін мал салығы түскен. Ал 1931 жылы халық басына түскен қасіреттен естен танғандай еді. Шет ауданы халқының қолында қалған 80 мың бас ірі қараға 120 мың бас мал тапсыру жөнінде салық түсті. Әуелде салық мал басына түсіп, жұртты біржола сыпырса, кейін «тоннамен» түсетін болды. Айта кетерлік бір сөз, бұл етті апарар жер, сақтар орын жоқ екенін біле тұра Голощекин тобы осыны істеді. 1932 жылы халық қырылып жатқанда бұрынғы Нілді руднигінде 100 (жүз) мың тонна ет өртелді. Иістеніп, борсыған мыңдаған тонна етті жою Спаск, Бұрмада жүргізілді.

1931 жылы елге аштық кіре бастады. «Нұрлы болашаққа» жетпейтініне, құритынына кезі жеткен ел ішінде толқу болғаны шындық. Мұндай қатер төнгенде үнсіз мүлгіген ұлттың жер бетінде өмір сүруге хақысы жоқ дер едім. Қасқыр да ұрпағын сақтау үшін жанталасып кісіге шабады, ал қазақ елі өзін сақтау үшін толқыса несі айып.

Міне, осы кезде Шет ауданының ГПУ бастығы боп, ел арасына Шишов деген атпен белгілі, Н.Сычев тағайындалды. Сол Шишовты Шетке аттандырып тұрып оперсектор бастығы Бак «билер мен дінбасылар, ақындар сөзін тыңдаған, халқы бас имейтін» ауданға барғанда аяусыз болуын, ойланбауын талап еткенін архив сақтаған. Сонымен Шишов барған жерін қанға бояуға міндетті болған. Шала сауатты Шишовқа осы да жеткілікті еді. Ол қанды ісіне аяусыз кірісіп берді.

Қазкрайкомның 1931 жылы 25 мамырдағы Ерназаровтың баяндамасы бойынша аса құпия резолюциясында «в Абралинского и Шубартауском, Кубыском и Каркаралинском районах… напряженное положение… продолжает оставаться» деп көрсетілген.

Ол құпия шешімге қоса «еще поднять темпы скота загатовок» деген сөзін оқығанда аяушылықтың шегі болмайтынына көз жетіп, Голощекин бастаған билеушілердің зұлымдығынан біржола түңілесің.

Ашаршылық жаппай кіре бастаған, қырылатынына көзі жеткен ел резолюцияда көрсетілген аудандарда ғана емес, қазақ жерінің түкпір-түкпірінде толқу жасаған. Көтерілген елдің бір орталығы Созақ болса, Арқа елі де қарап жатпады. Осы күнгі Жеңіс совхозының маңында құрылған бір аудан қазағы тік көтеріліп, оңтүстікке қашып кетті. Оньің тірі қалғаны қазір Сарысу ауданын құрап отыр.

Арқадағы Боқты тауына бекініп, өзінше қарсылық көрсеткен ел ай бойы берілмей, үстінен ұшқан қос қанат «кукрузник» самолетті атып түсірген.

Нұра ауданы жағында көтерілген жұрттың басында болған Әлсен қажы қолға түсіп, жендеттер қол-аяғынан ұстап жерге ұрғылағанда да «иә, мен қазақтың ханымын» деген сөзінен танбай кеткен. Ел үшін азаппен жанын қиған осындай ерлерге ұрпақ мәңгі бас иеді.

Ақтоғай ауданында тақымына ат тигендер аудан орталығынан шауып өтіп, белсенділердің зәресін алған. Қалған топ жаяу-жалпы жақындай берген. ГПУ Маклошин қарулы отрядты екіге бөліп, таяқтан басқа қаруы жоқ топты оқпен қарсы алуға дайындалған. Жаяу-жалпы наразы топтың алдында, осы топтағы жалғыз қару – шалғы ұстаған Көшкін руынан шыққан Керкей деген жігітті Маклошин табан асты атқан. Екінші отряд та оқ жаудырған. Оқтың бірі РайПО бастығы Омар Адамбайды жаралаған. Мұндайды күтпеген наразы жұрт бет-бетімен қашып, қолға түскені аяусыз жазаланған.

Толқудың аса бір ширыққан жері Жезді, Қарсақпай маңы. Осы жолдардың авторы Ұлытау ауданы, Ешкіөлмес ГРП-сінде болған кезінде Ысқақ қария осы уақиға туралы аса өкінішті әңгіме қозғаған еді. Бұл фактілер қазір архивте де бар. Толқудың басында әжептәуір оқыған Жұмағазы деген кісі болды. Ахмет ұста да басты рөлдегі кісінің бірі. Көтерілген жұрттың «талабын орындаймыз» деп қолға түсіріп, Жұмағазы бастаған бес адамды атқан. Содан көтерілісті інісі Қабжан бастап, қыс бойы Бетбақтың бойында ұрысқан. Осы толқу барысында жүздеген адам (сол ақсақалдың айтуы бойынша бес жүз адам) атылып, мыңдағаны сотталып кеткен.

Осындай оқиғалардың Жаңаарқа жерінде де болғанын 1961 жылы Қарағанды облыстық архивінен көрдім. Сол толқуларды басу үшін көршілес аудандардан отряд құрылған екен. Сонау Шыңғыстаудағы толқуды жазалау үшін Шет ауданынан он шақты адам жіберілген. Олардың үшеуі қазір бізге белгілі: Адабек, Мұқыжан дегендер.

Голощекиннің «Кіші октябрь» идеясымен жігерленген сол кездегі крайком секратарының бірі Голюдов деген коллективизацияны қарқынды жүргізу үшін әр жерде топ-тобымен кісі атып тастау керек деген ұран да көтерген. Ашығып қырылған ашынған халық Голюдовтар үшін енді мылтық сынайтын ермекке айналды.

Топ-тобымен кісі атудан Шет ауданы да құралақан емес. Соның салдарынан халық санының қалай кемігенін мына цифрлардан көруге болады. 1926 жылы Шет жерінде 48311 қазақ болса, 1932 жылдың басында 36568 адам қалған, яғни халық саны сол екі ортада 11743 адамға азайған. Сонан 1933 жылы 5021 адам ғана тірі қалғанын архив документтерімен дәлелдеп шықтық.

Тобымен кісі ату Шет ауданының әуелгі орталығы Қызылеспе маңында болған. Созақ оқиғасын естіп отырған жұртқа Боқтыдағы жағдайды көрген Шәріпов Орман деген келіп, көзбен көргенін айтқан екен. Ашығып та, ашынып та отырған ел 39 бөшке бензинді өртеп жіберіп, мұратына жеткендей боп отырған. Онан соң қанқұйлы белсенді Бабжанов Исаны ұстаған. Қаны біргеге аяушылық ететін ел оны ұрып-соқпаған да.

Көтерілген ел арасында Марғазы мұғалімнің беделі үстем екен. Ол кісі «зорлық-зомбылық, аштық белсенділердің ісі, мұны жоғарғы жақ білмейді, толқу жасап, қиын жағдайымызды білдірейік» деген бағыт ұстаған. Сол кезде айдалып бара жатқан, ішінде Тәсібек пен Ысқақ молла бар топтың соңынан келіні Сақай қуып жетіп, көтеріліс туралы хат берген. Айдалғандар екі милицияны байлап тастап, Ысқақ молладан басқасы кері қашқан. Ысқақ молла: «Жақсылық адамның алдынан келер болар, соңымнан жеткен хабарда бір шикілік болар», – деп ілеспей қалыпты.

Осы оқиғаны көзімен көрген, өзі бізге куәлік қолхат берген Зекен Бәкіровтің айтуынша, жазалаушы отряд Тоқтабек көңіндегі мал қораға жетпіске жақын адамды қамап, азаптаған. Соның бір тобын атуға алып шыққан. Ол кезде комсомол Зекен ақсақалды тау басына қарауылға қойған екен. Ажарбектің келіншегі Сақай мен қайнысы Нұрлан екеуін тұттай жалаңаш шешіндіріп, штыкпен түйрелеп, еріксіз құшақтастырып қойған. Сонан соң еріккен белсенділер «сендерге оқ та шығын» деп, тізіп қойып атқан. Белсенділер ішінде ауатком төрағасы Қарағанды Тойбеков, Көдебек, Сарымсақ, М.Әмірин деген райком, комсомол секретары Құсайын есімді селпо сатушысы бар еді.

Тізілген жұрттың алдында тұрған жігіт үңірейген мылтық үрейіне шыдай алмай есінен танып, қайта-қайта құлай берген. Сонда Тәсібек:

– Мына шірік ажалды да жөндеп қарсы ала алмады ғой, – деп, оқ өтіне өзі келіп тұрған.

Оқиғаның бел ішіндегі қызыл отау соты Омар Тайбек ГПУ-дің өкілі Шишов өзіне мылтық кезеп, «ат аналарды, өйтпесең сен де жаусың» дегенін, өзінің әдейі мылтықты далаға атқанын осы жолдар авторына айтқан еді. Иә, ол кезде кісі аттырып, қолын қанға бояп, әркімді өзінің сенімді адамы ету Шишовтардың ыңғайлы тәсілі болса керек.

Жалаңаш құшақтасқан Нұрлан мен Сақайды бір оқпен атып құлатып, қансырап әлі тірі жатқан келіншектің төсін кесіп алып, күйеуі Ажарбектің үстіне тастаған Бабжановтың ісі жан түршігерлік.

Осы оқиғада қолға түскен Шойынбекті бір белсенді өзі жеке атпақ болып алып шығады. Винтовканың жеті оғының біреуі де атылмай, кешінде Тоқтабек көңіне қайта әкеп қамаған. Түнде ескі қораның түкпіріндегі бос кірпішті суырып Шойынбек жалаңаш, жалаң аяқ жаяу қашып, ақыры Алматыға жетіп, Қарсыбектің Ғайнолласына осы сұмдықты баяндаған. Ғайнолла астанада мәселе көтеріп, бұл сұмдықты зорға тоқтатқан.

Осы жолдардың авторы 1989 жылы 11 қазан күні зұлымдықты көзімен көрген Зекен ақсақалмен бірге Найзакескенде шейіт болғандардың жеткен жерін тауып, суретке түсіріп, тағзым етіп қайтты. Тау арасындағы терең сайда мәйіттердің басына шыққан қурайды жел тербейді. Ал сенің көңілің қобалжып, тамағыңды өксік тіреп, не үшін деп еріксіз күбірлейсің.

Шет ауданының орталығы орналасқан маңдағы қанды Қаратөбедегі адамдарды ату 1931 жылдың август айының орта кезінде өтті. Атылған адамдардың саны жиырмадан асады. Негізі Иманжолбарыс ауылының азаматтарын түгелдей көрсетуші де, тау арасындағы әлдебір ту мен бір бет қағазды тауып беруші де Төлеубай белсенді. Түлкілінің бетіндегі аударылып жатқан тасты көрсетіп: «Ішім сезіп тұр. Ана тастың асты тегін емес», – деп, өзі қолымен қойысқан қойманың үстінен Шишов бастаған ГПУ адамдарын түсірген.

Төлеубай сұмның жазықсыз көзі жойылған азаматтардың әйелдеріне жасаған қиянатын, бала-шағасына көрсеткен зорлық-зомбылығын ел күні бүгінге дейін түршігіп еске алады. Халық қарғысына ұшыраған онан тұқым қалмағаны да елдің көз жасы тегін кетпегені сияқты.

Ымырт жабылған шақта тұтқындарды осы күнгі Ақсу бөлімшесінен түйеге мінгестіріп алып шыққан. Дәржібайдың Қасені деген кісі «түсе қашайық, бәрібір өлдік» депті. Сонда елге сыйлы Талпақтың Ахметжаны: «Артымызды ойлайық, біз қашып құтылғанмен бала-шағамызды қырады бұл иттер. Құдай не салса да, өзіміз көрейік», – деп тоқтам айтқан. Ахметжанның соңғы тілегі намазын оқу екен. Сәждеге бас ұрып отырған Ақаңды Семененко атқан. Жаралы ақсақал құлай қоймапты да, осы елдің бір есалаңы қылышпен шауып өлтіріпті. Морозов деген «вам пули жалко» деп талайын бір оқпен жайпаған. Сол кезде қызметке жаңа ілініп жүрген жігітті соңына ерте шыққан Шишов оның қолына мылтық беріп, шекесіне тапаншасын тіреп қойып: «Ат, әйтпесе…», – деп санай бастаған. Есі шыққан жігіт мылтық дауысымен бірге есінен тана құлаған. Әлдебіреулер «қан іш, есіңді жиясың» деп аузына қан жаққан екен. Сол жігіт (ол да зорлықтың құрбаны, сол себепті атын атамадық) соғысқа кетерде «Мен қан жаладым, қан майданнан қайтпаспын» деген екен, соғыста жоқ болып кетті. Ермек іздеген белсенділердің бірі Ақбота Түсіпбекті қолын байлап, жалғыз өзін Аюлыға апарып атқан. Жараланған Ақпанның Құдышы біраздан кейін есін жиып, өзен жарын жағалай қашып шыққан. Жаралы Құдыш ұзай алмаған. Ертеңіне іздеушілер оны Данияр бейітінің қараған арасынан тауып, қуалап жүріп атқан. Қарт ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Жұматай Құтжанов берген куәлік қолхатында: «Түнде гүрсілдеген мылтық дауысы естіліп жатты, «кісі атты» деп ертеңіне үлкендер біліп келуге жіберген. Өзеннің күнге қарап тұрған биік кемерінің астына атыпты. Су қызыл ала қан. Біз балық аулаған болып бардық. Бізді мылтықты салт атты адам «кетіңдер» деп қуды. Оның милиция формасы бар еді», – деп жазды. Жұмекең 1931 жылы 14 жаста екен. Жұмекең сол оқиғаларды жақсы білетін Имағанбетов Төсбай деген ақсақалмен көп дәмдес болып, бұл жағдайды тәтпіштей сұраған. Төсбай ақсақал атылғандардың жатқан жерін жұрт біліп қалуы себепті, өзеннің атылғандардың үстіне құлатылған жары аршылып, біраз мәйітті осы күні біз ат шаптырып, той жасап жүрген Табан төбенің терістік жақ ішіне көмдіргенін, өзінің соған қатысқанын айтқан. Жұматай ақсақал сол күні Дәржібайдың Қасені, Талпақтың Ахметжаны, Иман-Жолбарыстан Елубай, Аманбек, Шүленбайдың Тиышбек, Жексенбегі атылғанын еске алса, Жұмабай Тәкенов Ақпанның Құдышы, Ақбота Түсіпбек, Сандыбай тұқымынан Сәдуақастың шейіт болғанын айтады. Ықсанов Мұқаш қария мәйіттер ішінде Тінекенің Қазанғабы, Қарақойлы Адайдың Ахметі, Шегірлі ұлы Қарсабек, Балта Құдайбергенұлы Қайырберлі, Бабас ақындар бар екенін құлаққа құйды. Сол жылы Әбди күйшінің де опат болғанын Жүніс Ыбышұлынан сан мәрте естідік. Күн өткен сайын тежеусіз уақыттың көлеңкесінде қалып бара жатқан 1932 жылдың қырғын аштығы «неге, неге» деген сауалды қайта-қайта туғызып, қолдан жасаған трагедияны түсіндіруді қажет етеді. Көз көргендерден жиналған естеліктерді оқығанда, сол бір қайғыны қайта бастан кешкендейсің, түршігесің. Е.Мұхамеджанұлы белсенділердің бар малды сыпырып алғанын, шұбырған елдің жолшыбай қырылғанын, жүруге жарамай қалған бойжеткен қыз алдында жанып тұрған отқа құларман боп теңселіп отырғанын жазса, К.Жанасылов Бетқайыңдағы қорадан адам сүйегін кейін күреп шығаруға тура келгенін, Сарыөзекте шашылған мүрде талай жылдар шөп шаптырмағанын айтады. Қарт ұстаз С.Әбдрайымов Бөгілінің 1930 жылдары 150 үйінен әр түтінде бірер адамы ғана бар 37 үй қалғанын, Қайша шешей екі үй тола қаттап жиналған өлікті ұраға көмдірген совхоздың директоры Соловьевтің тірі қалғандарды қапқа салып, суға лақтыртқанын айтқанда, жауыздықтың шегі жоғына еріксіз иланасың. Қарт ұстаз Қ.Ыбырайтегі босқан елмен бірге Сібір асып кеткенін, Қ.Аяпбергенұлы адамзат басына бермес аштықта кісінің кісіні жегенін жазған. Өткеннің кегін қууға қарсымын. Біреу «Нұрлы болашақ» дегенге алданды. Кейбірін ГПУ-КГП өзіне еріксіз зорлап жұмыс істетті. Надандықтың баққұмар, дәреже құмарлығы да кенде қалған жоқ. Бірақ соның барлығы да біздің де, басқа елдің де түрлі-түрлі архивтерінде сақтаулы. Әркім бұл жалғандағы өзінің ісі мен сөзі үшін Құдай мен келер ұрпақтың алдында жауапты. Ақырғы сарапшылар да осылар. Тегінде «Геноцид» аталып жүрген бұл аштыққа бірден-бір кінәлі адам «Қу-жақ атанған Голощекин. Жалғыз әмірші осыны істегенде айналасы қайда болды деген сұрақ еріксіз келеді. Ендеше оның айналасы да қылмыскерлер. Сол тұстың өзінде коммунизмнің улы идеясын жамылған жауыздар ел билігін қолға алған. Голощекиннің айтқанына жұрттың бәрі көне берді десек әруақ алдында кінәлі болармыз. Сол кәмпеске басталған 1928 жылы Шет ауданының елдің бүтіндігін көксеген азаматтары Көпжан Бәйменұлы, Тұңғышбек Дәлмағанбетұлы бастап Қойкел өзені жағасында коммунистердің жасырын жиналысын өткізіп, байларды тәркілеуге бермеске серт беріскен. «Қызылтауизм» деген айдар тағылған бұл азаматтар, кезінде қуғынға түскені анық.

Бұл аштық қалай болды деген ой талайды мазалаған. Қанша едік? Қаншамыз қырылдық? Кешегі үлкендер білгенін айтуға батпай, жүзін жасыратын. Әкем Ыбыштың Жүнісі бұл мәселе туралы 1990 жылы ғана тіс жарды. Ол кісінің айтуына қарағанда, Шет ауданында аштық алдында 54 мың адам болған. «Біз сан жағынан Қарқаралыдан ілгері едік»дейді. Ал, қой басы 700 мың, жылқы 60 мың шамасында болса керек. 60-жылдардың соңында саяси лагерьде біраз жыл дәрігер көрмей, жөндеуді тілеген денсаулығымды байқатып, Қарағанды аурухана кезегінде отырып, Қарқаралыдан келген Теміржан Қайыров деген кісімен кездестім. (Ұрпақтары болса менімен хабарласуын тілер едім). Ол кісі 1932-33 жылдары Шетте пошта бастығы болып істеген екен. Әңгіме жүйесін 32-жылдың мәселесіне бұрып, суыртпақтап сұрай бастадым. Аштық өтіп, 1933 жылы үкімет тірі қалғанның есебін алуға жұмсапты. Сонда Шет ауданында екі не үш адамнан тұратын түтін саны 298 үй, жетім бала, жесір қатынды жеке отбасы деп санағанда 309 түңлік болғанын айтқанда Темекең көзіне жас алды. Өмірден таяқ жеп қалған басым бұл фактіні өзім ғана оқи алатын етіп ұзақ жылдар тығып ұстауыма тура келді. 1988 жылы Шет ауданының құрылғанына 60 жылдығы қарсаңында баяндамада елдің басынан өткен қиындықты айтуға тырыстық. Сонда райкомның белді бір қызметкері 1930 жылы Шет ауданының халқының саны ері – 7116, әйелі – 6658 адам дегенді архивтен әкелді. Барлығы 13772 ғана адам. Бұған сенбеуге тура келді. Себебі ғалым М.С.Мұқановтың «Этнический состав и расселения казахов среднего жуза» деген кітабында 1824 жылғы санақта:

Қояншытағай: 1632 ер, 2176 әйел.

Кәрсөн-Керней: 3243 ер, 4324 әйел.

Әлтеке-Сарым: 3144 ер, 4192 әйел.

Барлығы : 18711

адам екені анық көрсетілген. Қарағанды архивінің бастығы не іздеп келгенімді естісімен суық қабақ танытып, ондай материалдың жоқтығын айтып салған. Партархив, КРБ-нің архиві деген жабық. Сонда да «Госархивтен» жүзге жуық папканы алып, әлденеше күн сарсылғам. Ақыры іздегенімді өліп-талып таптым. Бұл мәлімет таблица толтырған адамның көз жасына жуылған. Әбден сарғайған қағаздың өртеніп кетуі де ықтимал еді. Сақталуына бірінші себеп – «мал басы туралы мәлімет» делінуі, екіншісі, латын әрпімен жазылуы сияқты. Әлденеше күн сарғая іздеп отырған менің өзім аттап өтіп барып, «ең болмаса мал санын алайын» деп қайта оралдым. Жылаған баланың өксігіне, еңіреген үлкеннің көз жасына толы осы бір мәлімет-таблицаны жұртшылыққа толық ұсынып, таныстырғанды жөн санадым.

Мәлімет (Шет ауданының 1930-31-32-33 жылдардағы мал басы):

Атсыз бір тармақ : онда 24 жылқы, 12 түйе көрсетілген. Сол графада адам саны жоқ. Ол басқаруда жүрген белсенділер, милиция, сот, прокурор, мұғалім т.б. болса керек.

Ал мұнан кейін табылған тағы бір деректе 1926 жылы Шет ауданының қазағы 48311 адам екені айтылған. Сонан 1930 жылға дейін кәмпескелеп қудалап, 36568 адамға дейін азайтылған.

Сөйтіп 1932 жылдың басында Шеттегі 36568 қазақтан, 1933 жылы 5021 адамы ғана тірі қалған.197832 бас малдан 1768 басы ғана бар. 1928 жылы кәмпескеден кейін мал басының 10-15 есе азайып кеткенін үлкендердің бәрі айтады. Сол азайған 197832 бастың 1933 жылы жұрнағы ғана қалыпты.

1930 жылы бай-құлақ саны 76 болса, 1931 жылы 325,1932 жылы 400 боп шыға келіп, тап жауын құрту жоспары асыра орындалып, елдің жаппай қуғын-сүргінге түскені көзге ұрып тұр. Әр үйге 150-ден 500 басқа дейін мал тапсыру салығы түсіп, барынан жұрдай боп, күзді күнгі шыбындай боп қырылып жатқанда аудан бойынша егін егуді 12 күнде бітіруді, бесжылдықты төрт жылда орындауды жопарлап, ұрандап жатқанына сау адамның миы жетуі мүмкін емес.

1930 жыл құжаттарында Шет ауданы халқының саны дұрыс есептелмей, кем көрсетіліп отырғаны өте жиі айтылады. Тіпті басшыларына сөгіс те берілген. Мұны фонд №1, опись №1, дело №10, көруге болады. Бұл жағдай әрі қарай зерттеуді қажет етті. Архив статистикасы 1926 жылы Шет ауданында 48311 адам болғанын дәлелдеп отыр. Сонымен осыншама елден 1933 жылы 5021 адам қалғаны шырқыраған шындық. Шетке көршілес аудандар халқының басына түскен қызыл тозақтың тауқыметі де кем емес. Сол Қарағанды архивіндегі Р-2, оп 1:4 «материалы о работе 1-ого окружного съезда советов Каркаралинского округа, население Каркаралинского округа 1934 на 11» деген материалда мына факті көрсетілген:

Қу (Егіндібұлақ) ауданында – 3545 адам

Шет ауданында – 6467 адам

Жаңаарқа ауданында – 5960 адам

Қоңырат ауданында – 8111 адам

Қарқаралы ауданында – 10564 адам

Баянауыл ауданында – 10504 адам

Зұлматтан кейінгі өткен жылда аудан халқы бір, не екі мыңға өсіп қалған.Оның көбі иесіз жерге ие боп қалу үшін келген орыс немесе басқа келімсектер, совхоздарды нығайту үшін жіберілген еуропалықтар еді. Біраз адамдар аштықтан бас сауғалап тірі қалып, енді қайта оралғандар болатын. Шет халқы 5021 адамнан 6497 кісіге өскен. Қарқаралы, Баянауылда соның өзінде 10 жарым мың адам ғана. Аштан қырылғандардың жаппай жерленген жерін табу бүгінгі ұрпақтың ісі. Шетте аудан орталығының төменгі тұсында, Бақай бәйбішенің зиратының жанына жерленген 400-ге тарта адамның мүрдесі жатыр. 70-жылдары бұл зұлматты елдің есінен шығарып жіберу үшін сол жерге автобаза салынып, жыпырлаған қабірдің үстінен машина жүргізіп қойды. Қазір ол жерді қоршап, қорғауға алған боп жатырмыз. Сол сияқты ГПУ-дің ескі үйінің артындағы сайға да көп адам жерленген. Бұл жерде атылғандар да болса керек. 60-жылдардың орта кезінде ол жерді егін екпесе де, қасақана жыртып тастады. Осы күнгі көп бейіттің дәл ортасында бір шұңқырға 525 адамды көмгенін Ыбыштың Жүнісі, Құтжантегі Жұматай, Шәукей Жұқанұлы ақсақалдар бүгіндері көрсетіп отыр. Осы күнгі сауда қоғамының (РайПО) кеңсесі 1932 жылы детдом болған. Сол жердің іргесіндегі үй орнындай шұңқыр 1955-56 жылдарға дейін өлген балалардың сүйегіне толы болатын. «Просторный» совхозының маңына осы ғасырдың басында келген Лакман деген неміс қазақтармен қатты достасып кеткен. Ол кісі 1933 жылы талай таныс адамның, не оның отбасының қай жерде аштан қырылғанын айтып, сүйектерін тауып, өзі жерлескен екен. Осы күнгі Жарық станциясында темір жол тартамыз деп жұмыскер ретінде көп қазақты жинаған. Жағдай ауырлағанда басшылар жұмыскерлерді тастап, тайып отырған. Осы жерде 200 ден аса адам өлгенін Ә.Маясарұлы айтып отыр. М.Күзгібеков 30 жылдардың бас кезінде Жаңаарқада қызмет еткен.Сол кісі ауданның ескі орталығы тұрған Аппаз өзенінің бойындағы кірпіш күйген жерде, М.Ағыбаевтың үйінен 200 қадамдай жерге 200-ге жуық адамды бір ұраға көмгендерін айтады. «Дружба» совхозындағы қарт ұстаз Зәрубай Тәжитов Жиын деген жердегі мешіт маңында қырылғандарды жазда қалай көмгендердің көзі тірі куәсі. Қазақтың аштан қырылуы 1932 жылмен біткен жоқ. Ол 50-ші жылға дейін созылып келді. Зейнеткер Нұрмұханов Төлеутай 1948 жылы Сәтбаев (Никольск) қаласында ФЗО-да болғанын, өзін еріксіз жетім деп салып жібергенін айта келіп, сол ФЗО-да қазақ жетімдерінің февраль, март, апрельде 60-тан астам баласының аштан өлгенін хабар етеді. Ол осы жерден Байқожаның Смағұлының қызы Күленмен бірге кеткенін, сол қыз асын Төлеутайға беріп асырап, өзі аштан өлгенін бізге жеткізген. Ел ашығып жатқанда үкімет құлақ естімеген қылмыс істеді. Жылқыны маңқа деп жаппай атып, тартып алынған малдың етін тау-тау қылып үйді, белсенділер «ет планы» деп үй-үйді тінтіп, ең соңғы талшық азығын тартып алды. Тау-тау ет 1932 жылдың жазында сасыды. Тіпті сасыған еттерді де аштарға бермеді. Сөйтіп бір ғана Нілдіде 100 мың тонна ет өртелді. Мұндай жағдай Бұрма, Спаскіде де болған еді. Халық аштан қырылып жатқанда ел басына кездейсоқ келген көрсоқыр басшылар той тойлап жүрді. Шет ауданының ауатком төрағасы Қуанышев үкімет жәрдемін әкелуді де ұйымдастырмай, күнде мас болып, детдомдағы орыс бикешімен әуей боп жүрді. Ауданның партия басшысы М.Байбоқышев жұмысын тастап қашып кетті. Сөйтіп, прокурор, милиция бастығы дегендер іс түзсіз жоғалды. Аштық тым ұзаққа созылды. 1932 жылы шыңына жеткен аштық 1933-34 жылдары да жалғасып жатты. Архив (фонд 5, опис №1) 1934 жылы Шет совхозының жұмыскері М.Мұқабаевтың нан сұрағаны үшін сабалғанын айтады. Өзегі талып, көзі аштықтан қарауытқан оның бала-шағасы үшін нан сұрауға құқы да болмаған.

Осы күнгі өскен елдің көбі зұлмат қырғынын ұмытқандай, не шала білетіндей. Ол қалай деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы да архивте жатыр. Р2/1/211/ отчеты, а, я/советов перед избирателями за 1936 г/о.

Сөйтіп еркін сайлау есін жиғызбай, басқа-көзге төпелеп, әр ауылдың естиярын Сібірге ала жөнелді. Бұл дауыл алдындағы дайындық еді. Халықты «кімдер тәртіпке шақыруға» көмектесті, оны ел де, архив те біледі. Мұнан соңғы оқиғалардың «геройларының» аты-жөні де жазулы, сақтаулы, тек тірі жүргендері кешірім сұрай білулері керек. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, «стукач-салпаң құлақ» дегендер өз істегендерін өле-өлгенше жасырып қалуға ұмтылды. Ұмыттыруға күш салды. Міне, осы сұрапылдар халықтың жадын «ұмыттырғандай» еді. Бірақ ел ұмытпапты.

1930 жылғы зұлмат кешегі Совет елінің талай жерінде болған-ақ шығар. Бірақ қазақ халқындай орасан ойранға ұшыраған, халқының 70-80 пайызы қырылған жағдай ешбір республикада болған емес. Бұл нағыз геноцид еді. Бүгінгі тірі ұрпақ ажалдың аузынан қалғандар. Алла қазақ халқының алдын оңдасын.

Кәмел ЖҮНIСТЕГI,

жазушы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button