ҚЫМБАТШЫЛЫҚ: ФАКТОРЛАР МЕН СЕБЕПТЕР

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ: ФАКТОРЛАР МЕН СЕБЕПТЕР

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ: ФАКТОРЛАР МЕН СЕБЕПТЕР
ашық дереккөзі

Шетелдік тауардың құны жоғары болатыны екі бастан белгілі. Бәрін айт та бірін айт, қазақ еліндегі азық-түлдік нарқы өскен үстіне өсіп барады. Оны ел-жұрт та, үкімет те біліп отыр. Демек шындықты жасырудың да қисыны келмейді. Күн сайын өрістеп бара жатқан қымбатшылық пен инфляцияны Ұлттық Банк қанша сылап-сипағанымен тежеу де қиын сияқты.

Өзімізді өзіміз алдарқататын тағы бір ақиқат мынау: қымбатшылық пен дағдарыс жалғыз Қазақстанның емес, бүкіл әлемнің жанын қинаған проблема. Оған Еуроаймақтағы ақиқаттар куә. Дүние жүзіне қарата айтар болсақ, өткен сәуір айының соңында Бүкіләлемдік банк берген мәліметтерге сәйкес, дүниежүзі бойынша, азық-түлік бағасы 8 пайызға өскен. Банк мамандары мұны мұнай нарқының көтерілуімен және өткен қыстағы ғаламшардың әр қиырындағы күрделі ауа райы жағдайымен байланыстырады. Банк берген деректерге қарағанда, азық-түлік бағасы жылдың алғашқы үш айынан бастап өскен көрінеді. 2011 жылдың ақпан айында әлемдік азық-түлік нарқының бұрын-соңды ешкім естіп көрмеген деңгейге жеткені де белгілі. Ал бүгінгі сегіз пайыздық меже сол деңгейден небәрі алты-ақ пайызға төмен. Демек, азық-түлік қымбатшылығы дүниежүзі бойынша күрделі күйінде қалып отыр деген сөз.
АЛ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?
 

Қазақстандағы азық-түлік бағасын да оңтайлы деуге ауыз бармайды. Бүгінгі Қазақстан базарларындағы көтеріңкі бағаның басты факторы есебінде елдің шетелдік тауарларға тәуелділігі айтылуда.

Ел-жұрттан бүгіп қалуға болмайтын тағы да бір ақиқат бар. Азық-түлік бағасының қымбатшылығы өз алдына, біз кедейшілік жөнінен де әлем елдерінің арасында алдыңғы орындардың бірінде екенбіз. Елдегі баға бағамын қарастырғанда стратегиялық маңызы бар ірі мегаполистермен қоса, аймақтардағы ахуал қоса сарапталынады. Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу агенттігі берген деректерге сенсек, аймақтардағы баға ірі қалаларға қарағанда біршама имандылау сияқты. Өткен жылдың мамырында Астанада өткен экономикалық форумда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік нарқының көтерілуінің басты себептерінің бірі есебінде шикізат пен энергоресурстар құнының көтерілуін атап көрсетті. Ақиқатына келер болсақ, 2011 жылы Қазақстан Республикасы азық-түлік бағасының көтерілу қарқыны бойынша Еуропаның 33 елі арасында төртінші орынды иемденген. «Еуропа елдерінің азық-түлік бағасының өсуі жөніндегі рейтингіндегі» Қазақстанның көрсеткіштері былайша жалғасады. 2010 жылдың желтоқсанынан 2011 жылдың желтоқсанына дейінгі Қазақстандағы баға индексі 109,6 пайыз, тұтыну нарқының индексі 107,4 пайыз болған. Бұл орайда біздің алдымызда ТМД елдерінің алдында Беларусь мемлекеті ғана тұр. Ал экономикасы анағұрлым әлсіздеу Молдовадағы жағдай бізден біршама тәуір көрінеді. Сондай-ақ Бүкіләлемдік банк берген деректерге қарағанда, дағдарысты елемей, азық-түлік нарқын төмендеткен елдер де бар көрінеді. Бұл орайда алдымен өз елдеріндегі азық-түлік нарқын 0,2 пайызға арзандата білген Норвегияны атауға болады. Ал Швеция былтырғы баға бағамын сол қалпында ұстап отыр. Халықаралық сарап орталықтары берген деректерге сәйкес, Қазақстан ет және ет өнімдері бағасының көтерілуі жөнінде де Еуропа елдері арасында алдыңғы орындардың бірінде. Атап айтқанда, былтырғымен салыстырғада қой еті – 31,3, сиыр еті – 23,9, шошқа еті – 5,5, құс еті – 1,1 пайызға қымбаттаған.
МҰНАЙ – ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ «ҚҰДАЙЫ»
 

Жалпыға мәшһүр бір қағида бар. Азық-түлік бағасының көтерілуіне тікелей әсер ететін басты фактордың бірі мұнай нарқының тұрақсыздығына байланысты. 2011 жылы әлем бойынша мұнай өнімдеріне деген сұраныс қатты өскен. Былтыр тарихта алғаш рет мұнайдың әлем бойынша тұтынылуы күніне 90 миллион баррельге жетті. Болжамға сәйкес, дүние жүзі бойынша биыл күніне 89,9 миллион баррель мұнай тұтынылуға тиіс. Осының өзі-ақ азық-түлік нарқына тікелей әсер ететін мұнай тұтыну қорының күн санап артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ 2012 жылы мұнай бағасы онан әрі көтеріле түседі деген болжам да бар. Мәселен, негізі ресейлік экспорттан тұратын жоғары сапалы мұнайдың орташа бағамы жылдың алғашқы айында 109,8 доллар болды. Ол 2011 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17 пайызға көп.

Мұнай бағамының, соған сәйкес азық-түлік нарқының өзгеруіне тікелей әсер ететін тағы да бір фактор – табиғи катаклизмдер. Планета бұл орайда да небір оқиғаларды бастан кешуде. Өткен 2011 жылы Жаңа Зеландия қуатты циклонның астында қалды. Қытайда соңғы онжылдықта болмаған алапат құрғақшылық болып, 2,2 миллион адам су тапшылығына ұрынды. Бразилиядағы Рио де Жанейро штатында су тасқынынан қыруар адам жапа шекті. Жапонияда алапат жер сілкінісі болды. Әлемдік сақтандыру компаниялары берген деректерге қарағанда, 2011 жылы әлемдік экономика табиғи катаклизмдерден 350 миллиард доллар көлемінде жапа шеккен. Сақтандырушылардың Жапонияда, Таиландта, АҚШ-та және Жаңа Зеландияда болған табиғи апаттардың төлемі үшін 108 миллиард доллар көлемінде өтем жасауына тура келген. Жеме-жемге келгенде осының бәрі әлемдік экономикалық дағдарысты қоюлатып, азық-түлік нарқының қымбаттауына әкеліп соқтырып отыр.
ЖҮГЕНСІЗ ИНФЛЯЦИЯНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
 

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы жақында инфляцияға байланысты жұрт күтпеген тосын бір жайтты мәлімдеді.

– Егер Иран төңірегінде әлдебір оқиға жүзеге аса қалса, мұнайдың 1 баррелінің құны 200 долларға дейін шарықтайды. Біздің елдегі жанар және жағармайдың бағасының өсуіне дәл осы оқиғаның әсер етуі де мүмкін. Әлбетте мұндайда инфляция көлемі де артпақ немесе алдағы жаз құрғақ болса да азық-түлік тауарларының құны күрт өседі. Ақиқатында осының бәрі біздің мұнай экспортерлері, астық саудагерлері үшін тиімді. Алайда, ол да инфляцияның өсімін тежей алмайды, – деп тәптіштеді Марченко мырза. Дей тұрғанмен, Ұлттық банк қандай жағдайда да жылдық инфляция көлемін 6-8 %-дан артық болмайды деп болжап отыр. Ықтимал азық-түлі нарқының көтерілу тенденциясына байланысты қандай шаралар қарастырылып отыр дегенге келейік. Ақиқатында тұтыну рыногының мемлкет тарапынан қадағалануы, басқарылуы күмәнділеу тәрізді. Сарапшылардың айтуы бойынша азық-түлік тауарлары бағасының өсімі біздің экономикаға жасалынатын инфляциялық қысымның басты тетігі болып қала бермек. Оған әсер ететін екі бірдей фактор бар делінеді. Алдымен, біздің тұтыну рыногының экспорттаушыларына ыңғайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ елдің ішіндегі тұтынушылық сұранымның өсуіне жағдай жасау керек. Сондай-ақ болжамдар ауқымында Ұлттық банктің инфляцияны тежеуіне кедергі келтіретін факторлар да жеткілікті. Мәселен, елдегі несиелеу жүйесі ең алдымен сыртқы факторларға тәуелді. Оның үстіне ірі тасымалдаушы компаниялардан бастап, жеке адамдарға дейінгі экономиканың барлық субъектілерінің кірістері тұрақты түрде жоғары болып отыр. Мәселен, бюджет секторындағы жалақы 30, ал жеке сектордағы жалақы ел бойынша 20 %-ға өскен. Бұған қоса азық-түлік тауарларының құнын бақылауда ұстау тетігі әлсіз. Ал негізгі тұтынылатын азық-түлік тауарлары инфляция деңгейін нақтылайтын негізгі тетіктердің бірі болып саналады. Оған 14-20 %-дың арасында болып отырған өнеркәсіптегі баға индексінің өсімін қоссақ, үкіметтің инфляцияға байланысты болжамдарының жүзеге аса қоюы да неғайбыл.
АЗЫҚ-ТҮЛІК НЕДЕН ҚЫМБАТТАЙДЫ?
 

Ал енді 2012 жылғы азық-түлік бағасы неден өсіп отыр дегенге келелік. Алдымен айтарымыз ет, түрлі дәндер, жеміс пен көкөніс бағасының өскені байқалады. Тек үстіміздегі жылдың алғашқы айында ғана ет 1,4 %-ға, ал жеміс пен көкініс 1,1 %-ға қымбаттаған. Орташа есеппен алып қарастырғанда, қаңтар айынан бері азық-түлік тауарларының 0,5 %-ға қымбаттағаны белгілі болып отыр. Сарапшылардың пайымынша, тасымал мен электр қуаты үшін жұмсалатын шығын өнімдер бағасының қымбаттауына да тікелей әсер етуде. Мәселен, нан пісіру үшін жұмсалатын электр қуатының жалпы қуат мөлшеріне шаққандағы мөлшері 6 %-дай. Демек, электр қуатының тұтынылуының бағаға тигізер әсері шамалы деген сөз. Сондай-ақ азық-түлік бағасының көтерілуіне байланысты кәсіпкерлер тарапынан да түрлі алаяқтық әрекеттерге жол берілуде. Атап айтқанда, электр қуатын пайдалану құны 10 %-ға қымбаттаса, олар да осы жайтты алға тартып, өз өнімдерінің құнын тура сондай 10 % көтереді. Бұл жерде электр қуатының тұтыну мөлшерінің бағаға бәлендей әсер етпейтіні есепке алынбайды. Азық-түлік бағасының көтерілуінің басты себебі, қайткен күнде де, алдымен шетелдік тауарлардың Қазақстан рыногындағы басымдығына байланысты. Қазір Қазақстандағы азық-түлік импортының мөлшері 40 пен 60 %-дың аралығында. Әзірге шетелдік тауарға тәуелділік бәсеңсір емес. Бұл жерден қандай қорытынды шығаруға болады? Ақиқатында, ең бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарларының бағасын түсіру үшін, немесе бір деңгейде ұстау үшін отандық азық-түлік өндірісіне басымдық беру керек. Қазіргі Қазақстандағы азық-түлік бағасына байланысты ақиқаттар дәл осындай қисынды тұжырым жасауға мәжбүрлейді.

Өмiрзақ МҰҚАЙ