«ЖҰПАРГҮЛДІ ШАБУЫЛ» ҚАЗАҚЫ PR-ДЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСА МА?

«ЖҰПАРГҮЛДІ ШАБУЫЛ» ҚАЗАҚЫ PR-ДЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСА МА?

«ЖҰПАРГҮЛДІ ШАБУЫЛ» ҚАЗАҚЫ PR-ДЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСА МА?
ашық дереккөзі
498

Биылғы Халықаралық студенттер PR-конференциясы тағы да «Сиреневый прорыв» деп аталды. «PR-шы» клубының алғашқы президентi Майраш Тәйкенова бұл атаудың тарихын ерекше жағдайлармен байланыстырды. «Қазақша PR» секциясының спикерi, белгiлi саясаттанушы Айдос Сарым «сирень» сөзiнiң қазақы аудитория үшiн ешқандай мағынасы жоқтығын айтты. Танымал тележурналист Бағдат Қожахметов «Сиреневый прорыв» тiркесiнiң «жұпаргүлдi шабуыл» деген аудармасын ойлап тауып, аудиторияны ду күлдiрдi.

Қалай дегенмен де, оныншы рет өткізіліп отырған конференциядағы алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақша PR» секциясын көрген қазақтілді студенттердің қуанышында шек болмады. «PR-шы», «Қазақша PR». Бұл тіркестер қазақы PR-дың ауылынан алыс жатыр. Тіл жаңа шыққан баладай. Былдыр-былдыр етеді. Соған да шүкір. PR-ды әркім әрқалай түсінеді. «Атың шықпаса, жер өрте» демекші, жаман атым шықса да ол менің имиджім дейтіндер табылады. «PR дегеніміз – жарнама» дейді екінші біреулер. PR бізде бұрын да болған, ол Кеңестер Одағы кезеңіндегі үгіт-насихат, бүгін тек атауы өзгерген дейді үшіншілері. Асыра дәріптелген нәрсені «өзіне PR жасапты» дейді өнер «жұлдыздары».

Тәуелсіздікпен бірге келген «қоғаммен байланыс» ұғымының принциптері де, функциялары да тек қоғамдық мүддені көздейтіндігін алайда ешкім айтпайды. Паблик рилейшнз (PR) – қоғамдық мүддені көздеп, шынайы, пайдалы ақпарат береді.

Қоғамдағы көлеңкелі түйткілдер, әлеуметтік қарама-қайшылықтар, қарапайым халық пен коммерциялық мекеменің арасындағы кикілжің қоғаммен байланысты өз деңгейінде жолға қоймағандықтан пайда болады. Дағдарыс жағдайындағы PR-да «менеджменттен кеткен қателік» деген дағдарыстың түрі бар. Елді мекеннің ортасынан ойып тұрып орын алып, зиянды қалдықтармен ауаны ластап, халықтың денсаулығына орасан зиян келтіріп отырған өнеркәсіп орындары туралы бұл. Яғни әу бастан өндірістік ғимарат салынатын орын дұрыс таңдалмаған. PR-да «корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» деген ұғым бар. Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, қарапайым халықты жарылқау арқылы имиджін қалыптастырады. Бұл – мекеменің көзқарасындағы түсінік. Ал шындап келгенде, әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамай, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген компанияның беделі өседі. Яғни оның имиджін қалыптастыратын қоғам. Қазіргі таңда Қазақстан PR-нарығындағы өзекті мәселе – қазақтілді сарапшылардың аздығы. Осыдан келіп қазақ тіліндегі сапасыз, тілді қорлап, намысыңды қоздыратын жарымжан жарнамалық өнімдер пайда болады.

Қазақстанда журналистика мен PR-дың нарықтағы қарым-қатынасы да қарама-қайшылыққа толы екендігі шындық. Басты себебі – нарықтың өзі жете дамымаған, әр саланың қызметкерлері журналистика, PR, жарнаманың ара-жігін ажырата бермейді. Жарнама қандай да жолмен оқырманды қызықтырып, жарнамаланған тауарды сатып алып, қызметті пайдалануға психологиялық тұрғыдан ықпал ететін ақылы қызмет. Ал PR-материал оқырманға әлеуметтік мән-маңызымен пайдалы ақпарат береді әрі өзінің көкейкестілігімен ақысыз жариялануға сұранып тұрады.

Баспасөз беттерінен PR-материалдарын жиі кездестіреміз. Көпшілігі қазақы стильден ауылы алыс, сіреспе аударма. Қазақтілді газеттердің барлығы дерлік «материалдың жариялану ақысы төленген» деген белгінің қолданылатындығын жазғанымен, «ақшаның иісі мүңкіп тұрған» PR-материалдардан бұл белгі кездесе қоймайды. Көптеген мекемелердің PR-мамандары баспасөзге арналған материалдарды өз деңгейінде жаза алмайды, компаниялар өткізген маңызды іс-шаралардан гөрі көлемді жарнамалық материалдар басым. PR-материалдарды жариялаудағы басылымдардың көпшілігіне тән кемшіліктерге жарнама мен PR-материалдарды айыра алмағандықтан, PR-материалдардың жарнамалық сипат алуын, ақылы PR-материалдың жарнама құқында емес, редакциялық материал түрінде берілуін, ақылы материалдарға «ақысы төленді» деген белгінің қойылмауын, жарнамалық сипаттағы материалдардың орыс тілінен сауатсыз аударылып, мәнді ақпараттың жанына орналастырылуын, тәуелсіз, сары басылымдардағы жарнама, PR-материалдардың тілі мен стилінің сын көтермейтіндігін жатқызуға болады.

БАҚ-пен байланыс жасайтын PR-департаменті мен PR-маманына тән кемшіліктер де баршылық. Ең алдымен олар БАҚ қажеттілігін ескере бермейді. Бұқаралық ақпарат құралдарына ақпаратты жедел түрде бермейді. Ақпараттың басым бөлігі жабық әрі қажетсіз ақпарат көп.

PR мен журналистика нарығының дамуына кедергі келтіретін кемшіліктерді болдырмас үшін журналистер компания, жеке тұлға туралы ақылы материалдардан гөрі, оқырмандардың талап-тілегіне сай маңызды материал жариялағаны, редакциялық материал мен тапсырыспен жазылған материалды айыра білгені жөн. Қалай десек те қазақ тілі дамымай, қазақы PR-дың дамымасы айдан анық.

Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,

филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары