Оралда синтетикалық есірткі таратқан 19 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктіні тінту кезінде 22 зип-пакетке оралған ақ ұнтақ тәрізді затты тапқан. Пакеттер фольгаға оралған. Сондай-ақ полицейлер жақын маңдағы аумақты тексеру барысында үш түрлі жасырын орыннан тағы 3 пакет тапты.
Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат синтетикалық есірткі санатына жататын альфа-PVP екені анықталды. Жалпы салмағы — 14,97 грамм.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оның барысында тыйым салынған заттың жеткізілу арналары мен өзге де қатысы бар тұлғалар анықталады.