ШАҒЫН НЕСИЕ ЖӘНЕ ШАТҚАЯҚТАҒАН АУЫЛДАР

ШАҒЫН НЕСИЕ ЖӘНЕ ШАТҚАЯҚТАҒАН АУЫЛДАР

ШАҒЫН НЕСИЕ ЖӘНЕ ШАТҚАЯҚТАҒАН АУЫЛДАР
ашық дереккөзі

Елбасының 2011 жылғы Халыққа Жолдауында шағын несиелер арқылы тұралап қалған ауылшаруашылығын дамыту туралы Үкiметке тапсырма бергенi мәлiм. 2011 жылы шағын несиелеуге қосымша үш миллиард теңге бөлу (20,5 миллион доллар), ал 2015 жылға дейiн бұл қаржыны – 10-15 миллиардқа (68,5 – 102 миллион долларға дейiн) теңгеге жеткiзу көзделген. Ауылшаруашылығындағы кәсiпкерлер 9 пайыз өсiммен төрт жылға дейiн шағын несиеге қол жеткiзе алады. Бiр жылға дейiн жеңiлдiк берiледi, ал оны төлеу кестесi әркiмде әрқалай. Президент Назарбаев ауыл кәсiпкерлерiне берiлетiн несие тек өзiнiң жеке кәсiбiн құру үшiн бөлiну қажеттiгiн мәлiмдеген.

Дегенмен, бұл бағдарламаның тұралап қалған ауылдар мен иен қалған елдi мекендердi сергiтуге қаншалықты себi тиетiнiн айту қиын. Мамандар iшкi көшi-қонды реттеудiң ең басты тетiгi ретiнде әуелi ауылдардың инфрақұрылымдарын қайтадан қолға алып, 20 жыл бойы жөндеу көрмеген су құбырларын, авто жолдарды жөндеп, ауыл мен қалада өмiр сүрудiң айырмашылығын азайтуды ұсынады. Өйткенi ауылдан қалаға ағылатындардың 90 пайызы жастар. Ауылда еңбекке жарамдылардың азайып кетуi, қалада тiркеуi жоқтардың жұмыс iздеп сабылуы – еңбек рыногындағы тепе-теңдiктi бұзады. Сондықтан да ауылдағы тiрлiктi жастар үшiн қызықты етудiң амалын ойластыру керек. Iрi кәсiпорындарды iрi қалаларда емес, шағын елдi мекендер мен ауылдарда ашып, жұмыс күшiн ауылға шоғырландыруды мақсат еткенде ғана тығырықтан шығуға жол табылады дейдi сарапшылар.

Әрине, Үкiмет бұған дейiн ауылшаруашылығын дамыту мақсатында бiрнеше бағдарлама дайындағаны және сол салаға әжептәуiр қаржы бөлiнгенi мәлiм. Мәселен, ҚР ауылды жерлерiн дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы, ҚР ауылшаруашылығы министрлiгiнiң 2009-2010 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, ҚР агроөнеркәсiптiк кешенiн тұрақты дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған iс шаралары кешенi, ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы, т.т. Алайда осы қыруар қаржы дiттеген мақсатқа жетпедi. Құмға сiңген судай құрдымға кеткен қаржының сұрауы да болмады. Екiншiден, аталған бағдарламалар арасында өзара байланыс үзiлген. Бұл ауылшаруашылығындағы қалыптасқан жағдайды түбегейлi өзгертуге қауқарсыз.

Есенгүл Кәпқызы