«КӨГІЛДІР ОТЫНҒА» ҚОЛЫМЫЗ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?

«КӨГІЛДІР ОТЫНҒА» ҚОЛЫМЫЗ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?

«КӨГІЛДІР ОТЫНҒА» ҚОЛЫМЫЗ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?
ашық дереккөзі

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылдық округі бар. Бұл округке Алматы қаласының іргесіндегі Түймебаев, Жәпек батыр, Төле би, Жомарт, Көк қайнар елді мекендері қарайды. Бұларда барлығы жиырма екі мыңға жуық халық тұрып жатыр.

2009 жылы Түймебаев ауылына газ құбыры келді. Әуелі сол ауылдағы орыс шіркеуіндегі балалар үйіне газ жеткізілген болатын. Сол бойда бірқатар телеарналар «Ащыбұлақ ауылдық округіне де газ желісі тартылып, тұрғындар газбен қамтамасыз етіле бастады» деп ақпарат таратты. Бұл хабарға бәріміз де қуанған едік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Мектеп, аурухана, әкімшілік нысандары мен қалталы азаматтардың үйлеріне ғана газ желісі тартылды. Міне, содан бері үш жылдан асып барады. Округке қарасты ауылдар үйлеріне көгілдір газ отынын кіргізе алмай отыр. Неге? Оның ең басты себебі газ құбыры көшелерге тұрғындар есебінен тартылады екен. Сол жылы газ құбырын тарататын «АDF stray» ЖШС әр үйден 260000 теңге төлеуді талап етті. Ал қазір бұл кәсіпорын әр отбасынан 300000 теңге талап етіп отыр.

Олардың тұрғындарға қояр 3 түрлі шарты бар. Егер отбасының бұл көрсетілген теңгені бірден төлеуге қалталары көтермесе, әуелі екі ай мерзімге 150000 теңгеден бөліп төлеуге болады. Екінші түрі – сол қаражатты әр тұрғын үй 6 айға бөліп төлеуге болады. Бірақ алты ай мерзімнің үстеме 30 мың теңгесі қосылады. Үшінші түрі – он ай мерзім ішінде төлеу керек. Бірақ мұның да 50 мың үстеме өсімі бар. Сонда он айда әлгі 300000 теңгең 350000 теңге болып шыға келеді. Кәдуілгі коммерциялық банктердің несие бергені секілді. Бұл біреулерге аса қымбат та емес шығар. Ал біз секілді айына 27 мың теңге алатын зейнеткерлердің қолы жете бермейтін қаражат. Бұл топқа жалғыз бас­ты аналарды, мүгедектерді, жұмыссыздарды қосыңыз. Жоғарыдағы ауылдардың 70-80 пайызы осындай жағдайлармен өздері тұрып жатқан көшелерге газ құбырын тарта алмай отыр. Қысқасы 300000 теңге оларға өте ауыр.

Базбіреулер: «Ау, ауылда тұрып жатқан жоқсыңдар ма? Малдарың бар емес пе?»,– деуі мүмкін. Әлгі кәсіпорын қызметкерлері солай деп те айтып жүр ғой. Әр үйде бұрынғыдай мал жоқ. Болса шайлықтарына ғана жарап отырған сауын сиыр ғана. Соның өзін жаятын жер болмай тұр. Өйткені жайылымның бәрі сатылып кеткен. Жем-шөптің бағасы жылда өседі. Былтыр тіптен аспандап кетті. Бір орам шөп 6000 теңге, ал сығымдалған (престелген) шөпті 800 теңгеден сатылды. Жемнің бағасын айтпай-ақ қояйын. Осындай жағдайда қалай мал ұстайсыз? Қыстан ілдалап шығып жатқан жайымыз бар. Арамызда жиырма, отыз қой ұстап отырғандар бар. Алайда олар бірен-саран ғана.

Газ құбырын тарататын кәсіпорындар Үкіметтен тендер ұтып алады екен. Сонда сол тендер оларға не үшін беріледі? Құбырды ауыл шетіне дейін жеткізгені үшін бе? Үстіміздегі жылдың 1 наурызында «Алматы ақшамынан» газет тілшісінің «КазТрансГаз Алматы» АҚ-ның басқарма төрағасы Ақылбай Сапаровпен сұхбатын оқыдық. Оның айтуына қарағанда, нарық жағдайында қалыптасқан өз қызметтерінің тарифтері мен баға деңгейін өздері айқындай алады, барлық шығындар тапсырыс берушінің есебінен жүзеге асырылады екен. Сондай-ақ газдандыру жұмыстарды жүзеге асыратын көптеген компаниялар арнайы тіркелгенін де айта кетіпті. Біздің естуімізше нарық жағдайында бәсекелестер көп болса, бағасы да арзандай түседі деуші еді. Ал бұлар керісінше қымбаттату жағынан бір-бірімен бәсекеге түскен секілді. Олар үш тұрғын үйден бір миллионға жуық ақша түсіреді. Үй арасы бір-ақ тұтам жер. Сонда солардың құны соншалық ақша тұрғаны ма? Осыны ақылға сыйғыза алмай-ақ қойдық біз. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар мұндай бағамен үйлеріне алдағы он жылдықта да газ кіргізе алмасы анық.

Егер газ тарататын кәсіпорындар құбырларды көше-көшелерге жеткізіп берсе, бізге үйге кіргізу жағы оңтайлы болар еді. «Ел құлағы елу» демекші, көрші Түркіменстанда газ құбырын ауылдарға тегін таратады екен. Әлеуеті жағынан біздің республика Түркіменстаннан артық болмаса бір мысқал да кем емес. Үкіметтегілер ауыл тұрғындарының жағдайына тереңірек мән беріп, «ҚазМұнайГаз»-дың газ тарату жұмыстарына өзгерістер ендірсе жөн болар еді.

Ж.ӘБДIҚАЛЫҚОВ,

Еңбек ардагерi