АШТЫҚ ТУРАЛЫ ҚЫРҒЫЗДАН ЕСТІДІМ...
АШТЫҚ ТУРАЛЫ ҚЫРҒЫЗДАН ЕСТІДІМ...
Шыны керек, қазақ ұлтының өткен ғасырдағы басынан кешiрген сұмдық қайғы-қасiретi туралы өзге ұлт өкiлiнiң аузынан естiгенiң қиын екен. Сенерiңдi де, сенбесiңдi де бiлмейсiң. Сенейiн десең, сол кезде пышақтың қырындай болып шыққан, аптасына бiр рет қана оқытылатын «Қазақ КСРО тарихында» бәрi «керемет», бәрi «тамаша». Қазақ ұлты тек социализмнiң арқасында ғана мүлдем құрып кетуден аман қалыпты-мыс. Сенбейiн десең, шындықтың түсi – суық, дәмi – кермек. Сонымен…
…1979 жылы 17 наурыздан 11 сәуірге дейін, Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласындағы «Көгілдір Ыстықкөл» атты санаторийінде әрі емделіп, әрі демалғаным бар. Сол кездің өзінде Бүкілодақтық мәнге ие санаторийдің келбетін суреттеуге тіл жетпейді. Табиғатының өзі тұрған бір жұмақ. Суы мөп-мөлдір көл, мұнартқан тау шыңдары, сыңсыған орман…
Санаторияның 500 орындық асханасы болды. Бір үстелде төрт адам тамақтанамыз. Қырғыздың қарты, оның кемпірі, мен және Тәшкеннен келген орыс майор. Қауқылдасатын көбіне үшеуміз. Майор жылдам тамағын ішеді де, тайып тұрады. Шалдың есімі – Камчыбек, кемпірі – Алтынай болса керек. Олар қырғыз тілінде сөйлейді, мен қазақша үн қатамын. Әйтеуір, бір-бірімізді еркін түсінеміз. Есімде қалғаны: «чоң», «эле» және басқа сөздері…
Қазір қайдам, сол жылдары қырғыздың қазаққа ықыласы ерекше. Тіпті қырғыздың жерінде қазақ көп тұрады екен. Ежелден ауылы-аралас, қойы-қоралас, бауырлас ұлттар үшін бұл таңсық та болмас. Тек…
Арада екі-үш күн өтті. Көлдің жағасында бір топ қазақ жігіттері қайыққа кезекке тұрған едік (сол жылдары қайықты есіп, көл жағалауында жарты сағат серуендеу 50 тиын тұрады). Жағада орындықта саяқ отырған ол мені көріп, қасына шақырды. Жанына жетіп бардым.
– Уақытың бар ма? Әңгіме тыңдайсың ба? – деді.
– Бар. Құлағым сізде.
– Онда, құлақ сал. Тек менен естігеніңді екінің біріне айта көрме. Ұмытпасам, 1930-1931 жыл болуы керек. Бұдан бұрын қазақ қырында түрлі көтеріліс болып, боорларымыздың басына күн туғанын еміс-еміс естігенбіз. Көктем шыға, таудың арғы жағындағы қазақ ауылдарын жаппай аштық жайлап, адамның қынадай қырылып жатқаны туралы суық хабар жетті. Бізде сендердегідей жүгенсіздік бола қойған жоқ. Халық қит етсе, тау асып, Қытайға қашатын. Сонымен бір күні ауыл ақсақалдары ер-азаматтар мен жігіт-бозбалаларды жинап: «Қазақпен баяғыдан тума елміз. Олар қырылып жатқанда, қимылсыз қалғанымыз жөн болмас. Жасырын барып, тірі қалғандарын осында жеткізейік» деді. Айтылды-болды. Түн қараңғылығын пайдаланып, жақын жердегі екі қазақ айылына жеттік. Ондағы көргенімді сен сұрама, мен айтпаймын. Байғұстар орнынан да тұра алмайды. Содан о дүниелік болғандарын жедел жерлеп, тірі қалғандарын арқалап, атқа, есекке салып, тау асырдық. Кейбіреулері жете алмай, жолда жан тәсілім етті. Екі ауылдан отыз-қырық ер-азаматы, қатын-қалашы, жігіт-қызы, бала-шағасы бар қазақтарды әкелдік. Келгеннен кейін де аштық өтіп кеткен балалардың көбі жан тапсырды. Аш адамға бірден тойып, тамақ ішуге болмайды екен. Талайлар қазандағы ет пісер-піспестен асқа жабысып, күйіп қала жаздады. Ұрлап ішіп, тамақ өзегіне түсіп кеткендердің талайын көрдім… – деді де, қария кемсеңдеп барып, көзіне жас алды…Содан кейін әңгімеміз жалғасқан жоқ. Қырғыз қария мен кейуана санаулы күндерден соң, емделу мерзімі біткен соң, үйлеріне аттанды…
Рас, 1964 жылы сол кездегі Кеңес Одағының тасыр мінез басшысы Н.Хрущевті тағынан алып тастағанда, үлкен нағашымыз, соғыс ардагері Әпен Текебаевтың өкінгені есімде. Қарындасы, жас ұстаз:
– Дұрыс болған. Сталинді қоймай жамандап еді. Өзіне керегі сол! – дегенде, нағашымыз: – Сталин құрысын! 1928-1932 жылдары қанша қазақты аштан өлтірді. Хрущев әйтеуір ешкімді атып, қырып-жойған жоқ, – деп ашуланған. Әрі қарай әңгіме өз-өзінен тына қалды. Онда тоғыз жастағы баламыз, «аштық» деген ұғымның өзін түсінбек түгілі, сөздің мағынасына да парқымыз жете қоймайтын. Біз есейгенше, нағашымыз да өмірден озды. Міне, сол әңгіме мен қырғыз шалының баяндауын салыстыра отырып, сонау жылдары ұлтымыздың тарихында естен кетпес бір сойқанның болып өткенін ішіміз сезді. Ал оның қайғылы ақиқатына арада он жыл өткен соң барып, көзіміз жетті…
Неге екені белгісіз, қазіргі қазақтың біразының, әсіресе өзге мектепте оқығандардың тарихи жады тым қысқа. Ұлтымыздың айтулы күндеріне келгенде немесе құны сұраусыз кеткен боздақтарды еске түсіру, азалауға қатысты енжарлығы мен сүлесоқтығы басым. Әншейінде сонау Эстониядағы соғыс кезінен қалған ескерткіштердің орнын ауыстырып жатқанда, кейбір халық қалаулылары өре тұра келіп, өздерінің «алаңдаушылығын» білдіреді. Егеменді елдің ішкі ісіне араласады. Неге?..
Орал қаласы