БIЗ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН БIРГЕМIЗ!

БIЗ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН БIРГЕМIЗ!

БIЗ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН БIРГЕМIЗ!
ашық дереккөзі

Астанадағы Жастар сарайында «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтiк қозғалысының ұйымдастыруымен «Бiз – журналистермен бiргемiз» атты iс-шара өттi. Астананың шаңырағы көтерiлiп жатқан алғашқы жылдары Елорда тынысын жарқырата көрсетiп, әлемге паш еткен дарынды журналистер Ақселеу Сейдiмбеков, Дүкеш Бәйiмбетов, Мадрид Рысбеков, Рафаэль Жұмабаев, Жомарт Әбдiхалық, Талғат Iлiмжан, Октябрь Әлiбек, Шакизада Құттаяқов, Жұматай Сабыржанов, Владимир Коченев, Талғат Iлiмжан, Бiржан Белғара, Алмас Жолтаевты еске алу кешiне халық көп жиналды.

Аталмыш шараның шымылдығын қозғалыстың тең төрағасы Сәдібек Түгел ашты. Мұнан кейін өмірден өткен журналистер жайлы деректі бейнефильм көрсетіліп, қарымды қалам иелерінің адами қасиеттері, атқарған қызмет жолдары сөз болды.

– Бүгінгі шараның маңызы ерекше деп бағалаймын. Бұрын-соңды мұндай кештің өткенін естіген жоқпын. Сондықтан Жоғарғы Соттың атынан ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын. Бізде баспасөз қызметінің жетекшісі болған Шәкизада Құттаяқов ағамыз жайлы көп айтуға болады. Ол кісі тазалығымен, іскерлік қасиетімен ерекшеленді, – дей келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бұқарамен байланыс және баспасөз бөлімінің бастығы Оксана Петерс.

– Мен көзі көк аспандай Оксана сияқты таза қазақ тілінде әдемі сөйлей алмаспын, бірақ бір-екі ауыз пікір айтуды жөн көріп тұрмын, – деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілі Жекен Қалиев. – «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзге бүгінгі кеш толық жауап берді. Мұның жастар үшін, елдің ынтымағын жарастыра түсу үшін маңызы айрықша. Жазушы Смағұл Рахымбек айтқандай, қырандық қимыл, бекзаттық болмыс деп осыны айтар болар.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі аппаратының жауапты қызметкерлері Серік Қаражан, Жігер Байтілес, Сәуле Досжан, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, «Хабар» агенттігі «Жаңалықтар» бағдарламасының продюсері Еркін Байғабыл, Алматыдан келген «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбай марқұмдардың жақсы қасиеттері жайлы лебіздерін білдірді.

Елордалық дарынды журналистерді еске алу кеші үлкен толғаныс, терең тебіреніс үстінде өтті. Асқақ адамгершіліктің, биік азаматтықтың көк байрағын жоғары көтеретін бір шара болды. Оған «Жастар» сарайының директоры Перизат Ақселеуқызы бастатқан ұйымдастыру-шығармашылық бөлімінің қызметкерлері Құралай Басыбекова, Лилия Фокина, Гүлбағира Нартбаева, Әлия Шамкаировалар және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия-ақпарат» орталығының қызметкерлері елеулі үлес қосты.

Кеш бойы өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Шара соңында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын-сатирик Базарбек Түкібайдың сөзіне жазылған сазгер Құрманәлі Жылқыбайдың «Журналистер» әнінің тұсауы кесілді. Әнді облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Абзал Молдабеков орындады. Бәрінің көкейінде осы бір игі іс жалғасын тапса деген тілек тұрды. Біздің де ойымыз сол.

Бейбiтбек ӘБДIКӘРIМОВ,

журналист

Астана