АСТАНА ФОРУМЫ АЛДЫНДАҒЫ ЖИЫН

АСТАНА ФОРУМЫ АЛДЫНДАҒЫ ЖИЫН

АСТАНА ФОРУМЫ АЛДЫНДАҒЫ ЖИЫН
ашық дереккөзі

Бүгiн Елордада V Астана экономикалық форумына дайындық барысы жайында баспасөз конференциясы өтедi. Мамырдың 22-24 аралығында Астана қаласында өтетiн бұл форумға 80 елден 5000-нан астам қатысушы келмекшi.

Форумдағы ашық пікір алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев және 5 мемлекеттің басшылары, 6 мемлекеттің бұрынғы президенттері, 6 экс-премьер-министр, 25 қазіргі және бұрынғы министрлер, сондай-ақ трансұлттық компаниялар мен бизнестің 40 жетекшілері, Нобель сыйлығының 12 лауреаты және әлемге танымал саясатшылар, экономика және ғылым өкілдері қатысады.

Астана экономикалық форумы 2008 жылдан бері беделді ғалымдар, саясаткерлер мен бизнесмендер жиналатын сұхбат алаңы болып келеді. Нобель сыйлығының лауреаттары, президенттер, премьер-министрлер мен трансұлттық компаниялардың басшылары экономика және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

Джон Нэш – экономика бойынша Нобель сыйлығының 1994 жылғы лауреаты Астанадағы форумның маңыздылығын былай бағалап отыр: «Маңыздылығы бойынша Астана экономикалық форумы Давоста өткізілетін кездесумен теңдес. Дүниежүзінің жетекші экономика сарапшыларын біріктіре отырып, Қазақстан тағы да тиімді диалог алаңына айналды. Менің ойымша, бүгінде Қазақстан басқа Орта Азия елдеріне дамудың үлгісі болып табылады».

Баспасөз мәслихатында ҒЕЭКҚ Атқару органының төрағасы М. Қарымсақов, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қ.Тілеушин, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ Басқарма төрағасы А. Құлсейітов, «Астана – жаңа қала» АЭА басқармасының бастығы М. Маселов, ҒЕЭКҚ ғылыми жетекшісі А. Есентүгелов V Астана экономикалық форумы барысында өтетін негізгі шаралар туралы айтып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап береді.

Базарбек ТҮКIБАЙ

Астана