ҮМIТ пен КҮДIК

ҮМIТ пен КҮДIК

ҮМIТ пен  КҮДIК
ашық дереккөзі

Соңғы кезде Қазақстан қоғамында қазақ мәселесiне қатысты пiкiрталас қайта өрши түстi. 20 жыл бойы шешiлмей келе жатқан мемлекеттiк тiл мәселесi бүгiнде қайтадан әңгiме арқауына айналғандай. Баррикаданың бiр жағында – орыстiлдi, өз қағынан жерiнген, ұлтына, тiлiне тас атудан намыстанбайтын бiр топ болса, екiншi жағында – қазақтың намысын жыртқан, елдiң ертеңi үшiн аянбай күресуге бел буғандар.

«ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӨНІНДЕ 10 МӘСЕЛЕ»

Айталық, жақында «Время» газетінде Данияр Ашимбаевтың (ол қазақ тілін де, мемлекеттілігін де еш уақытта мойындамайтындықтан аты-жөнін өзі жазғандай Әшімбаев емес, Ашимбаев деп алып отырмыз) «Казахи за независимость не боролись» және Қанат Қабдырахмановтың «Государствообразующая нация – это нонсенс» атты мақалалары жарық көрген. Қазақтың тілі мен мәдениетінен мақұрым, әрі оны өз Отан­ында үйренуге құлықсыз космополиттік идеямен қаруланған аты қазақ, затын өздері де білмейтін бұл адамдардың мақалаларынан қазаққа қарсылық атойлайтыны анық.

Бұнымен қоса, өткен аптада қазақтың бір топ саясаттанушылары қазақ қоғамына тағы да Үндеу жариялады. Үндеу «Қазақ тілі жөнінде 10 мәселе және басқалар» деп аталады. Үндеуге жеті адам қол қойған. Олар: Айдос Сарым, Қасым Аманжолов, Мұхит Асанбаев, Қуат Домбай, Расул Жұмалы, Талғат Мамырайымов, Мұхтар Тайжан. Үндеу авторларының бірінші сауалы – әлі күнге жауабы табылмай жүрген мемлекеттік тіл мәселесі. «Неге орыс тілі іс жүзінде мемлекеттік тіл рөлін атқарады да, қазақ тілі дағдарысқа ұшырап отыр? Әлемнің түкпір-түкпірінен келген оралмандар 20 жыл ішінде қоғамның толық мүшесі бола алмай отыр. Олар қызметте өсе алмайды, жақсы төленетін жұмыстарға орналаса алмайды, адамзатқа қажетті жағдайда өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тілді жақсы білетін адамдар орыс тілін еркін меңгере алмағандықтан өз елінде екінші сортты адамға айналып отыр» деген олар алда атқарылар істің ұшан-теңіз екенін тағы да елдің есіне салады. «Неге Үкімет мүшелері, министрдің орынбасарлары, басқа да мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін меңгергені жайында емтихан тапсырмайды? Неге Үкімет қоғамдық қызметкерлердің (әкімгер, консьержи, қоғамдық көліктің жүргізушілері, таксистер мен официанттар, сатушылар) мемлекеттік тілді білуін қадағалайтын заңдық негіз жасамайды?». Сонымен қатар, бүгінде мораторий жарияланған ономастикалық атауларды өзгертуге қатысты да өз ойларын ашық мәлімдеген. Әлі күнге дейін Қазақстанда орыс отаршылдарының атымен аталатын көшелердің, ауылдардың, елдімекендердің және облыс орталықтарының көп екендігі сөз етіледі. Мәселен Қазақстанда осы күнге дейін Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск, Фурманов, Голощекин, Ленин атындағы атаулардан аяқ алып жүргісіз. Ең сорақысы сол, мұндай орынсыз атаулардан іргелес Ресейдің өзі де бас тартып, талай қалалары мен елді мекендерінің, көшелерінің атын баяғыда-ақ өзгерткені мәлім. Ал біз әлі күнге екі шоқып бір қарап жүрміз.

Бұл Үндеуге алғашқылардың бірі боп үн қосқан ресейлік www.regnum.ru сайты. Олар мақала атын «Национальная интеллигенция Казахстана требует переименования республики в Qazaqstan» деп атапты. Ал www.ferghana.ru сайты Үндеу авторларының бірі Мұхтар Тайжанмен осы Үндеуге қатысты арнайы сұхбат өткізген. Мұхтар Тайжан елдегі саяси-экономикалық ахуалмен қоса ұлттық ахуалды да сипаттайды. «Қазақстан тұрғындары әлеуметтік тұрғыдан және тілдік тұрғыдан бөлінген. Аса байлар мен аса кедейлер бар және қазақтілділер мен орыстілділер бірін-бірі түсінгісі келмейді. Тек қана орыс тілінде сөйлеушілер, қазақ тілінде не айтылып жатқанын түсінгісі келмейді және ол тілдегі ақпаратты оқымайды. Қазақтілділер орыс тіліндегі ақпаратты түсінбейді. Олар әртүрлі тілдік және идеологиялық, ақпараттық кеңістікте өмір сүреді. Еліміздің оңтүстігінде көшелердің атауы тарихи өткенімізді жаңғыртып батырлардың атымен аталса, солтүстік қалаларда көшелер әлі күнге дейін Ленин, Крупская, Кутузовтардың атымен аталады». Тілші саясаттанушыға «Қазақстандағы ұлтшылдар қазақ тілінің қысымға ұшырап отырғанын мәлімдесе, Ресейдегі орыс ұлтшылдары орыс тілінің жағдайына алаңдаушылық білдіреді» деген сауал тастаған екен. Мұхтар Тайжан Қазақстандағы қазақ тілінің ахуалы мен Ресейдегі орыс тілінің ахуалы салыстыруға келмейтінін айтады. Ресейде «Мемлектетік тіл туралы» заң бар. Ресей басшылары орыс тілінде ғана сөйлейді, халықаралық кездесулерді орыс тілінде өткізе алады. Ал қазақ билігі 20 жылда қазақша сөйлеген емес, ең өкініштісі – азаматтарымызды мемлекеттік тілде сөйлеуге үйрете алмауымыз. Қазақстанда өмір бақи тұрып, қазақша сөйлемей өтуге болады» депті белгілі сая-саттанушы. Тілшінің «Қазақстандағы – ұлты қазақтар ғана негізгі ұлт болып санала ма, жоқ онда туып өскендердің барлығы негізгі ұлтқа жата ма?» деген сауалын М. Тайжан: «Әрине, мәселе елдегі ұлт өкілдерін бөліп-жаруға немесе оларды қысымға ұшыратуға орай болып отырған жоқ, тек барлығы мемлекеттік тілді игеруі тиіс. Мәселе – осы тұрғыдан қойылып отыр. Әрі қазақ елінің құндылықтары, мүддесі ескерілуі тиіс. Біз Тәуелсіздік Декларациясын қабылдаған сәтте, Қазақстан Республикасы қазақ ұлтының өзін-өзі жеке ұлт ретінде тануы нәтижесінде пайда болды және бұл рес­публика оның мәдени, экономикалық дамуына мүмкіндік жасайды деп жазғанбыз. Алайда қазір неге ол туралы айтпаймыз?» деп өрбітеді. Әрине, тілші елдегі өзге ұлт өкілдерінің мүддесін қорғауға тырысып баққаны байқалады. Алайда тарихи әділдіктің қазақ мемлекеттігін құру жолында – қазақ құндылықтарын ұлықтау екендігін мойындайды.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАШАН ҚАБЫЛДАНАДЫ?

«Темірқазық» пікірсайыс клубында бас қосқан ұлт патриоттары «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын талқылады. Былтыр шілдеде «Алаш үні» қоғамдық ұйымдар одағы комитетінің басшылығымен жұмыс тобы құрылған. ҚР Конституциясының №93 бабы бойынша «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдауға болады. Алайда билік қоғамдық ұйым өкілдерінің бұл бастамасына қолдау танытпай отыр. Аталған заң жобасы Президент әкімшілігіне, Мәжіліс және Сенатқа, Мәдениет министрлігіне жолданған. «Алаш үні» қоғамдық қозғалыстар одағының төрағасы Совет-Хан Ғаббасов аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына жіберілгенін мәлімдей отырып, олардан да ешқандай реакция болмай отырғанын жеткізген.

Жұмыс тобының жетекшісі Дос Көшім «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасында 7 түрлі ерекшелік бар екенін айтады.

«1. Заң жобасында қандай да бір тіл мемлекеттік тіл деңгейінде тең дәрежеде қолданылмауы керек делінген. 2. Заң жобасы бойынша, күні бүгінге дейін жазылып, айтылып келген көптеген проблемаларды шешу жолдары мен тетіктері қарастырылған. 3. Орыс тілін өзге этнос тілдерінен бөліп қарастырмау және оның дәрежесін мемлекеттік тілмен теңестірмеу. 4. Мемлекеттік тілді қалыптастыру – міндетті түрде, өзге тілдерді – қажеттілікке орай. 5. Мемлекеттік тілді елдің барлық азаматтары білуге тиіс. Бұл ереже конс­титуцияда айтылмағанымен, Ұлт бірлігі доктринасында бар. 6. Заң жобасы халықаралық стандарттарға сай, мемлекеттік тілге қатысты барлық тіл туралы мәселелер халықаралық тілдік заңнама негізінде жасалған. 7. Заң жобасын жасау барысында біз қандай да бір пунктерін қатайтуды немесе жұмсартуды жөн көрмедік», – деді ол бұл туралы.

Пікірталас клубына қатысушылар заң жобасын Парламент бірауыздан мақұлдайды деген үмітте. Алайда бұл маңызды жоба да елеп-ескерусіз қалар деген күдіктерін жасырмайды.

Есенгүл Кәпқызы