ЕКІ БАСТЫ САМҰРЫҚТАН ШЫҚҚАН ШЫРҒАЛАҢ

ЕКІ БАСТЫ САМҰРЫҚТАН ШЫҚҚАН ШЫРҒАЛАҢ

ЕКІ БАСТЫ САМҰРЫҚТАН ШЫҚҚАН ШЫРҒАЛАҢ
ашық дереккөзі

Менің алдымда: «Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы». Үкітай Байжомартов. Алматы. «Жібек жолы». 2012» деген кітап жатыр. Қазақшасы мен орысшасы мұқабаның ішінде екен. Кітаптың тақырыбы қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз жандар болғандықтан және оның авторы өзім комсомол күнімнен танитын, сонымен бірге Ақтөбенің облыстық «Коммунизм жолы» газетінің қызметкері кезінде мақсаттас, пікірлес болған күндерімді еске түсіргендіктен, бұл шығарманың әшейін дүние еместігін бірден ұқтым.

Кемеңгер Абай істің сапасы оның аяқталуынан емес, басталуынан байқалады деп тұжырымдаған ғой. Маған бұл кітаптың басталуынан-ақ аяқ алысы ұнап қалды. Өйкені бірінші жолдан-ақ адам тағдыры оқырманды жетелей жөнеледі екен.

Әрине, Үкітай Байжомартов әдебиетті, көркемөнерді соншалық сүйгенмен, бала жасынан айналысқан кәнігі жазушы емес. Соған қарамастан алған тақырыбынан әсте ауытқымай, Смағұл атты Отан соғысына қатысушы жауынгердің сәл нәрседен жазықты болып, Колымаға айдалуы, оның «итжеккенде» өткен өмірі қарапайым оқырманды сиқырлап алғандай, кітапты әбден оқып тауысқанша бір босатпай, жетелей береді. Оның себебі – бос сөз емес, өмір, жанды бейненің әрекеті оқырманның көз алдында жүріп отырады. Мұнда кейбір кәнігі жазушыларда болатын оқиғаны ойдан өрбіту атымен жоқ. Бізде өздерін профессионал жазушымын деп есептеп, қолдаушылары «классик» атандырып жүргендердің бір науқасы – үйінің төбесіне қарап отырып жазу болып келеді. Көптеген жазушылардың шығармаларына редакторлық еткен кездерімде талай сора­қылықтарға тап болып, кейде осындай ескертпем үшін жаманатты болғаным бар-ды. Үкітайдың мына шығармасын мен қарапайым оқырманның қызыға әрі сүйсіне оқитынына сенемін. Себебі мұндағы өмір қарапайым әрі шынайы, табиғи. Автор мұны қапысыз тапқан.

Смағұл соғыстан ораларда елге барғанда базарлық ретінде ұсыну үшін бет бедерінде екі басты самұрық бейнеленген түймелердің бірнешеуін көріп қызығады да, оның екі-үшеуін шинеліне қадап, бірнешеуін қалтасына салып алады. Бәленің басы сол «базарлықтан» шығатынын қайдан білсін. Бір қызығы, екі басты самұрық бейнеленген түйме неміс жеріне қайдан, не үшін келді, кім апарды – оның бәрі шала сауатты Смағұлға жұмбақ және оған ол басын қатырмайды. Ал екі басты самұрық бұрынғы Рим империясының, Патшалық Ресейдің ІІІ-ші Иван тұсынан бергі гербі болатын. Большевиктер ондай гербті өте жек көрсе де өздері патшалық Ресейдің отарлаушылық саясатын жүргізіп, соны астыртын дамытып жатқанмен, Смағұлды соттау үшін дәлел де, себеп те осы оқиғадан басталған. Сол екі басты самұрық бейнеленген түймені жергілікті милиционер Жартыбай қалай бірден аңдаған десейші! Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» сауатсыз біреудің түрмеден қашқан оған «дәукіметіңді көрсет»деп жармасып, оны оқи алмаса да шұқшия үңілгенің жазушы еді ғой. Мына Жартыбай да соның кері, қырағы-ақ, Смағұлды бірден «диверсант» деп атайды. Сол атауды аудандағылар да өзгерте алмай, сотсыз жазаға тартқан. Ол Сталиннің заманы. Соғыста қаруы болмай, оғы таусылып немесе қоршауда қалып тұтқынға түскендерді соғыс біткесін аяусыз жазалап, түрмеге жауып жатқан кез. Смағұлды сол дүрмекпен айдау жазасына кесіп, қызыл вагонға қамайды да, поляр шеңберіндегі мұзды мекенге аттандырады. Автордың айтуы бойынша, оның туған жері Талдықорғанның Ақсуы. Ата-бабасы тұрған, ата-анасы туған құтты қонысы. Өмірде болған, кітапта баяндалатын оқиғалардың бәрін басынан өткерген азамат. Мансаппен, біреуге қиянат жасаумен ісі жоқ, кәдімгі момын қазақтың бірі. Әйтсе де малша оттап, күйсегеннен бөтенді білмейтін мәңгүрт емес. Ұлтын сүйеді. Қазақтың дәстүр-салтын, тұрмысын құрметтеп, мақтан етеді. Кітап оқырманға осы қасиетімен құнды және бағалы.

Үкітай талай кітаптың авторы болмаса да көп ізденген. Жазу үстінде оқырманның қай жағынан шығам деп сасқалақтамай, тура қазақтың жалпақ тілімен оқырманның оқиға желісіне жетелей берген.

Мені бір сүйсінткен нәрсе – оқиғаның реті келген жерінде немесе екі-үш кейіпкердің бір-бірімен қатынасы кезіндегі диалогтарда қазақтың халықтық мақал-мәтелдерін шебер қолдануы.

Түрмедегі сотталушылар ғана емес, түрме бастығының қатын-баласы да өкпе науқасына ұшырауы қымызбен емделу үшін бие сауатын қазақтарды іздеу Смағұлды Сібірді жайлап жатқан Әшім Кәдірбайұлы ақсақалмен жолықтыруы, осылайша жігіттің тағдырына ғұмырлық өзгеріс әкелуі де нанымды.

Әшім отызыншы жылдар басында байларды тәркілеу кезінде Сібірге қарай көшкен Адай руының ақылды қарты екен. Кезінде 14 отбасын бастап қоныс аударған. Әшім қарт уақыт өте келе қазақтардың өте сирек қоныстанғаны жастардың үйленіп отбасын құруға кедергі екенін түсініп, уайым шегеді. Сол уайым түбінде Әшімнің немере қызы Фатима мен Смағұл көңіл қосады. Бұған жігіт жағынан құда боп келетін түрменің бастығы Евгений Свиридов деген орыс пен Әшімнің құдалық достығы бір жағынан ұлтаралық татулықты көрсетсе, екінші жағынан адам баласы қайда жүрсе де бақытты болуға ұмтылатындығына куә. Автор бұл ұмтылысты сыпайылық пен ұлттық әдет-ғұрып арнасынан шықпай, ұтымды көрсеткен.

Бір құптарлығы, осы құдалық адам сирек қоныстанған солтүстікте жақсы адамдардың достығы мен ыстық ықыластары қандай болмасын қиындықты жеңуге боларына мысал ретінде құнды. Кітап авторының бір табысы – оның қазақ халқының ән-жырын үнемі орынды жерінде қолдануы. Көптеген халық әндерінің бүгінгі таңда сирек айтылатын мәтіндері қыз бен жігіттің танысуы мен қалыңдық ойнауы, той-думан кезінде дұрыс берілген. Бұл кітапты оқыған жандар осынау ән мәтіндерін бүгінгі үйлену, қыз ұзату тойларында пайдаланса, одан ұтылмайды дер едім. Смағұлды Свиридовтың бие сауатын Әшім ауылына жұмсауы, жігіттің Әшім қарттың немересі Фатимамен танысуы, Свиридовтың Смағұл үшін құдалыққа келуі – шығарманың ең сәтті, оқырманды тебірентерлік оқиғаға толы беттері деуге керек. Оқиғаның осылай табиғи өрілуі оны жазып отырған адамның бұрын жазушылықпен айналыспаған кісі екенін де ұмыттырып жібереді. Егер осы кітап авторы алдағы уақытта да таңдап алған тақырыбына қалам сілтесе, өзінің осынау азды-көпті тәжірибесімен қатар реалистік прозаны оқу арқылы алған өнегесін қолданса жетер еді. Қазір кейбір қазақ жазушылары батысқа еліктеп, реализмнен жерініп жүр. Модернизм, постмодернизм және де басқа көптеген ағымдарға еліктеу белең алуда. Ал меніңше, қазақ жазушылары атам заманнан бермен қазақ ертегілерін, аңыздарын көп естіп, көп оқығандығына бақса, осынау шынайы әдістің өзі оларды талай қырдан асырарына күмән жоқ. Біздің оқырмандар әсіре жаңашылдықты онша қабылдамайды.Шындығында жазғаның жалпыға түсінікті болғанға не жетсін.

«Абай жолында» Құнанбай Абайға сен мал да, құс та іше беретін жайдақ қарасуға ұқсайсың деп кінәраттайды. Сонда Абай жалпы ел сусындайтын ағын судай болғаным абзал емес пе: Егер мен қолында құралы жоқ адам су іше алмайтын шыңырау құдықтағы су болсам, жалпы халыққа қандай пайдам бар депті дейді. Сол айтқандай, жазушының тілі қарапайым, түсінікті болғаны абзал дейміз.Жас кезімізде біз тұрғыластар «Мың бір түн» хикаясын оқыдық. Осы кітапта поэзия да, проза да шебер өрнектелген. Батыс жұртында ол хикая шыққан тұста бұған тең әдеби құндылық болмағаны белгілі. Ал гректің Гомерінен мұраға қалды делініп жүрген «Одиссея», «Иллиада» дастандары шығыстың ерте дүниелік әдеби мұрасына шендесе алмайды. Мен Үкітайдың жазбасын нағыз шығыстық дәстүрге еліктеген екен десем, көне шығыс қазаққа етене туыс дегенді еске алғаным ғой. Олар қалдырған мұралардан әлі де үлгі-өнеге алуға болады. Енді осы кітаптың басты кейіп­кер­лерінің образдарына келсек, қазақтың ұлттық дәстүріне өте жақын. Автор оларды даралайын деп ойламаған да шығар, алайда тақырыптың шынайылығы, шындықтың Үкітай есінде үнемі сақталып, ойлаған сайын тебірентіп жүруі олардың тағдырын жаза бастағанда сөздері мен мінездері, жүріс-тұрыстары көз алдына елестеп отырған сияқты. Сол себепті Фатима мен Смағұлдың, Әшімнің тағы да көптеген кейіпкерлердің образы шындық қалпында есте қалады. Бұл – осы кітапты жазуға он шақты жыл уақытым кетті деген Үктайдың еңбегінің зая кетпегені.

Енді бір айтар қағида – дәл осы кі­таптағы оқиға драмаға сұранып тұр­ғандай… Кей жерінде детективті жанр­дың ұшқыны да бар.

Жалпы алғанда, мен Үкітай Байжо­мар­товтың бұл туындысын сәтімен туған дүние деп есептеймін. Жазар көбейсін, қалам мұқалмасын деймін замандасқа.

Құрал ТОҚМЫРЗИН,

жазушы