ҮКІЛІ ДОМБЫРАМЫЗДЫ ӨЗГЕРТКЕННЕН НЕ ҰТАМЫЗ?

ҮКІЛІ ДОМБЫРАМЫЗДЫ ӨЗГЕРТКЕННЕН НЕ ҰТАМЫЗ?

ҮКІЛІ ДОМБЫРАМЫЗДЫ ӨЗГЕРТКЕННЕН НЕ ҰТАМЫЗ?
ашық дереккөзі

Адамзат пайда болғалы бері, оның қолымен жасалған мұра ұлан-ғайыр. Бірақ ежелден қалыптасқан дүниенің мұртын бұзуға неге құмармыз?

Мысалы ауаны ластауға болады. Ауаны ластасаң заң бойынша саған айыппұл салады, халықтық дәстүрді ластасаң айыппұл салатын заң жоқ. Болашақта мыңдаған жылдар қалыптасқан дәстүрлерді қатаң сақтайтын арнайы заң қажет. Атом бомбасы жарылса, сол жердегі мал-жануарлар бес немесе он аяқты болып тууы мүмкін. Ал қазір әркім қолына ұстап, қызық көріп жүрген екі мойынды, алты ішекті домбыраны жасаған шебер адамның басында қандай атом бомбасы жарылды екен?

Ата-бабамыз алты мың жыл бұрын-ақ киелі домбыраның таңбасын тасқа таңбалап сала білді. Біз мыңдаған жылдар бұрын ата-бабамыздан қалған дәстүрлі қоңыр үнді домбырамыздан «әдептің» де бастау алатынын жақсы ұғынуымыз қажет. Жануардан адамның айырмашылығы оның ар-ұяты мен әдебінің барлығында. Егер адам тек «әдетпен» жүрсе онда малдан айырмашылығы қайсы? Қазіргі әлемдегі жаңа инновациялық технология жасап жатқан өркениетті елдер адамзаттық әдептен айрылып қалғанын біле ме екен. Қазақ халқының әдебін сақтайтын ұлттық қоңыр үнді дәстүрлі домбырамыз.

Бізде рухани базаны нығайтатын бірнеше мектептер мен жоғары оқу орындары баршылық. Бірақ мәселе көпшілік қауымның руханиятты қалай қабылдап, қалай түсінуінде емес пе? Ал дәстүрлі мұраларымызды орынсыз өзгертуіміз білім мен тәрбиедегі дағдарысты көрсетіп тұр. Егер біз жұмысымызды осылай жалғастыра берсек, өркениетіміз құлдырауы мүмкін. Мұны әрбір қазақ баласы түсінуі тиіс. Уақыт ағымы адамның мәдениет пен өнердің сақтаушысы болуын талап етеді. Өнердегі көзбояушылық бұрындары да болған, қазірде де бар және болашақта да болады. Бүгінгі өнердегі көзбояушылық тіпті масқара, көзге шыққан сүйелдей көрініп тұр. Біздегі өнердің құны мен салмағын жеңілдетіп жүргендерді рухани құндылығымыздың тамырына білдірмей балта шабушылар деп ұғынуымыз қажет. Сондықтан қоғам болып, халық болып өнердегі, өмірдегі, жалпы ағымдағы көзбояушылыққа жол бермей, шын асылдарды осы жасандылықтан ажырата білуіміз керек. Ал бүгінгі мәдениеттегі, өнердегі шалажансар дүниелердің пайда болуына келсек, бұның түпкі мәні адамдардың таяз ойлап, өзінің қабілетін асыра бағалауынан деп ойлаймыз. Сөздері қазақша болғанмен, әуені көңілсіз, ыңырсып сыңсып тұратын, бір сөзбен айтқанда «second hend» -тық (американдық бағыттағы қолданыста болған) әндерге құ­мар. Құрманғазы, Дәулеткерей, Қа­занғаптардың күйлері мен Абайдың философиясын білмеген мұндай жас­тар, еш уақытта Бетховеннің, Бахтың, Моцарттың композицияларын, Микеланджелоның туындыларын түсіне алмайды. Түсінген күннің өзінде жан-тәнімен сезіне білмейді. Мұндай жағдайдан жастарды құтқару керек. Көшпенді халықтың, яғни біздің рухани заңдылықтарымыз мүлдем басқаша.

Педагогиканың басты міндет­терінің бірі – тәрбие мақсаттарының жалпы адамзаттық құндылықтарды басшылыққа алу, рухани қырларынан жетілген адами даму мұраттарын жасау болып табылады. Ал жалпы әлемдік құндылықтар болып саналатын қайырымдылық, ізгілік, достық, сүйіспеншілік, еркіндік педагогикада үнемі адамгершілік өлшемдері болып саналады. Адамзат даму тарихындағы этикалық құндылықтар адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық тәрізділердің дамуы мен қай кезең үшін де мәнділіктерін жоймаған. Бұл ізгілік пен зұлымдық диалектикасына сәйкес адам болмысының мәнді мағынада құрылу үшін өз ұрпағын осы бағытта тәрбиелеудегі басты ұстанымдар адамгершілік, ақыл-ой, еңбек тәрбиесіне баулуынан туындайды.

Адамгершілік пен рухани құндылықтар тығыз байланыс­ты. Егер де адамның бойында рухани құндылықтар асыл қасиеттері болмаса, ол адамды адамгершілігі бар адам деп айта алмаймыз. Ұлттық құндылықтардың маңыздылығын әрбір адам өз бойында дамытуы арқылы сезіне алады. Өйткені ол құндылықтар жүйесі адами дүние танымының негізгі іргетасы – әлемге деген көзқарасының қайнар көзі болып есептелінеді. Соңғы жетпіс жыл аралығында адамзат өмірінде сан ғасырлар бойы қалыптасқан сана-сезімнен, наным-сенімнен адалану, мінез-құлықпен іс-әрекет мазмұнын мансұқтау, мәңгүрттену бағытында тәрбиеленген ұрпақ өмір сүрді.

Адамзаттың мәдени мұрасын сақтап қалу дегеніміздің өзі, біздің дәуір мен кейінгі ұрпақтардың өмірлік маңызды ici болып саналады, ол ұлт болашағы үшін өрлей түсуі қажет. Мәдени мұра мәселесі – мемлекеттік мәдени саясатта мықтап орын алады. Бүгінгі заманның қойып отырған талабы, жас ұрпақты жаңа технологиялардың соңғы үлгілерін жақсы меңгеріп, ұлттық рухани құндылықтарды солар арқылы насихаттау, сол көшке ілесе білуге мойынсұну дер едім. Қазақ халқы өзінің бай мәдениетін, өнерін, ғасырдан ғасырға асырған мұрасын жоғары ұстанғаны дұрыс. Рухани материалдық тепе-теңдікте өмір сүретін, ұшқыр ой, терең сезім, көркем тілдің иесі қазақ баласы үшін «second hend» — тық нұсқаға ұмтылу жараса қоймас.

Жұмагелдi НӘЖIМЕДЕНОВ,

философия ғылымының кандидаты,

домбырашы