САЯСАТКЕРДІҢ УӘЖІ ӨЗГЕРСЕ...

САЯСАТКЕРДІҢ УӘЖІ ӨЗГЕРСЕ...

САЯСАТКЕРДІҢ УӘЖІ ӨЗГЕРСЕ...
ашық дереккөзі

Жақында батыл пiкiр айтатын оппозиционер, бүгiнде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның серiктестiгiнiң жетекшiсi Нұрлан Ерiмбетовтiң «Мегаполис» газетiне берген сұхбатын оқып шықтық. Күнi кеше ғана өзiндiк пiкiр айта алатын айтқыштардың басын «Айтпарк» пiкiрсайыс клубында қосып жүрген саясаткердiң жаңа қызметке қолы жеткен соң, айтқандары қоғамдық қызығушылық тудырары айтпаса да түсiнiктi.

«Әлеуметтік араздықты қоздыр­ғандарды айыптау – дұрыс» («Наказывать за разжигание социальной розни – это правильно») атты тақырыптағы сұхбаттың біраз жерін сызып оқыдық. Мәселен былтыр желтоқсан айында болған Жаңаөзен оқиғасы туралы журналистің сұрағына: «Кеңестік кезеңде де, тәуелсіз Қазақстанда да қан төгілген қақтығыстар аз болған жоқ. Бірақ олар ережеге сәйкес, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал Жаңаөзен осы екіжүзділіктен құтылуға мәжбүр етті… Кеше ғана біз кеудемізді соғып «Оралман – біздің бауырымыз» дедік. Алайда бүгінде оралмандарға бөтен адамдай қараймыз», – деп жауап беріпті. Әрине, оралмандарды жатырқап жүрген қарапайым халық емес, билік тізгінін ұстаған ше­неуніктердің өзі емес пе? Тіпті Жаңа­өзен оқиғасынан соң әншейінде халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспайтын атқамінерлер оқиға орнына шұғыл түрде жеткен. Сол кезде кейбір шенеуніктің аузынан «Бұл өңірге оралмандарды қоныстандыруды тоқтату керек» деген сөздің де аңдаусызда шығып кеткенін ақпарат құралдарынан естідік. Сонда өзіміздің қандас-бауыр­ларды тарихи Отанына көшіріп әкелу кейбіреулерге ұнамайтыны анық аң­ғарылды. Өкініштісі сол, Ерімбетов мырза, оралмандарға жат адамдай қарап жүрген қарапайым халық емес, шенді-шекпенділердің өзі!

Біз «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның серіктестігінің же­текшісі Нұрлан Ерімбетовке ха­бар­­ласып, пікірін білген едік.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ:

БІЗДІҢ ОППОЗИЦИЯНЫ ҚҰРТАТЫН – КӨРЕ АЛМАУШЫЛЫҚ

– Сіз бұған дейін билікке қарсы пікір айтатындардың қатарында едіңіз. Қазір қай бағытта жүрсіз?

– Біріншіден, сіз айтып отырған сұхбатқа келсек, Козлов болсын, Атабаев болсын, Мамай болсын, мен оларға баға берген жоқпын. Атабаев, Козловтарды сыйлаймын, білемін. Оны сіз дұрыс түсініңіз. Ол жерде олардың кінәлі екенін айтқан жоқпын. Бірақ тағдыр солай шешкен шығар. Әсте мен олардың сотталуы жөнінде емес, айыпталуы жөнінде айттым. Ең бірінші тәжірибе кездейсоқ жайларда кездеседі. Оны біз анық білуіміз керек. Осындай қақтығыстарда жаңа бір идеялар, жаңа бір ережелер пайда болады. Сондықтан бұл жерде оларды ешқандай кінәлайтын жағдайым да жоқ. Моральдық және адамгершілік тұрғыдан да баға бере алмаймын. Сондықтан мен ол пікірді Ресейдің саясаттанушыларынан аударып бердім. Нақты мысалда Прохоров секілді тура кінәлау керек екендігін айтып, өз пікірімді білдірдім. Біздің ұлттық патриоттарымызға сол сөзді айтқан мен. Біз өкінішке қарай, өзара бір-бірімізді кінәлап, бір-бірімізді көре алмай, қолдамай жүреміз. Ал бізді сырттан келгендер немесе бәзбіреулер сырттан тө­мендеткенде үндемей қаламыз. Қайда қалды ағалардың бәрі? Неге үндемейді, әлде қорқады ма? Әрине, жергілікті бір саясаткер, депутат болу, сенатор болу оңай. Ал бірақ мемлекеттің басшыларына, бірінші адамдарына қарсы сөйлеу этикалық тұрғыдан ыңғайсыз. Ол біріншіден. Өкінішке қарай, осы мәселені айта алмай жүр едік қой, осыны басшыларымыз көру керек еді, есту керек еді ғой деп ешкім айтпайды. Неге? Алыста 3 мың шақырымда жатқан еліміздің ішкі өміріне тікелей провокация жасалып отырғанына батыл баға бере алмаймыз? Неге бірде бір партия, бірде бір қозғалыс арнайы мәлімдеме жасамады? Ешкім мәлімдеме жасаған жоқ. Осы оқиғаға қатысты мәселе «Самұрық-Қазына» жанынан құрылған «Эксперт» клубының алғашқы отырысында бір-ақ рет көтерілді. Оған сол кездегі «Самұрық-Қазынаның» басшысы Тимур Құлыбаев, Болат Әбілов, Маржан Асфендиярова, Жаңаөзеннің басшылары, депутаттар қатысты. Өкінішке қарай, сол әңгіме Үкімет тарапынан, мәжіліс, сенат тарапынан жалғасын таппады. Олар қатардағы жәй адамдар емес қой. Олар елдің, қоғамның басшылары. «Қазақ, қазақ» деп айқайлап жүрген партиялар қайда жүр? «Нұр Отаннан» бастап қатардағы «Алғаға» дейін қайда қалды? Мәселе осында. Не партия, не ұйым жоқ.

– Өзіңізді мемлекеттік шенеунік емеспін депсіз. Бірақ оппозиционер де емессіз ғой. Солай ма?

– Мен мемлекеттік қызметкер емеспін. Бұл тек «Самұрық-Қазына» жанынан әлеуметтік қақтығыстарды алдын алу үшін құрылған құрылым. Ол мына Жаңаөзендегі сияқты түйт­кілдердің қайталанбауы үшін құ­рылған. Бұл ешқандай да мемле­кет­тік қызмет емес. Біз қандай да бір қаржылық ағындарды басқарып, тендер өткізбейміз. Бізде ештеңе жоқ, бізде тек жұмыс істеуге деген ынта-ықылас ғана бар. Өзім бұрынғыдай «Айтпарк­те» түрлі қоғам өкілдерінен алатын сұхбатымды жалғастыра беремін.

Ал Жаңаөзенде, не болмаса басқа жерде болатын мәселені білмей отыр дейсіз бе? Көбісі біліп отыр. Облыс, аудан, компания басшылары бәрін біліп отыр. Бірақ ешқайсысы жауап­кершілігіне алғысы келмейді. Ертең менің қолыма осындай деректер түс­се, біз жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселенің алдын аламыз. Егер тікелей басшылары кінәлі болса, шара қолданып, оны сіздер арқылы айқайлап айтамыз. Бұл жерде қатып қалған еш нәрсе жоқ.

– Бұл қызмет сіздің пікірді ашық айтатын турашыл қасиетіңізге нұқсан келтірмей ме?

– Әрине. Шынын айту керек, биліктің де алға басушылығы бар. Оған құрылып отырған осы бастаманы айтуға болады. Біздегі оппозиционерлер «бізді пайдаланбайды, бізді тыңдамайды» дейді. Қайта осы құрылымның ашылуы үлкен бастама шығар. Неге мұны қолдамасқа? Оппозициядағы жігіттер «Осы серіктестікке Нұрлан деген бауырымыз барыпты, біз де пікірімізді қосайық» деп неге айтпайды? Жоқ, керісінше көре алмайды. «Нұрлан – сатылды! Нұрлан – билікке кетті. Нұрлан – Ертісбаевтың «бұлбұлы» болды» деп жүр. Бәрін естіп жүрмін мен. Бұл әңгіменің кімнен шығып отырғанын да білем. Біздің оппозицияны құртатын көре алмаушылық. Қазақты да осы қасиет құртып жүр. «Осы бір бауырымыз кішкентай ықпал жасайтын жерге барып жатыр екен, көмек берейік!» деп біреуі хабарласқан жоқ. Тым болмаса, «Нұрлан, бауырым құтты болсын! Бізден қандай көмек керек. Бізде мынандай мәлімет бар. Сенің соны зерттеуге мүмкіндігің бар ғой» демей ме? Жоқ, бәрі үнсіз отыр. Бәріне қақтығыс керек. Соның арқасында өзінің атын шығару керек. Мәселе сонда. Әлеуметтік жауапкершілігі болса, неге хабарласпайды? Әлде, телефонымды білмей ме? Бірақ бәрі күтіп отыр. Ертең бір жерде атыс-соғыс болса, Назарбаевқа, билікке қарсы шығуға керемет болады деп отыр. Ол жақта қаншама адамның таяқ жейтіні, қаншама адамның зардап шегетіні бәрібір оларға. Оның алдын алу қызық емес.

– Тағы бір пікіріңізде: «Бұрын қазақстандықтардың көпшілігі жанармай бағасына соншалықты мән бермейтін. Әлбетте, олардың көлігі болмаса, бұл мәселе қызықтырып қайтсін? Ал қазір барлығы: «Жанармай қымбат!» деп айқайлайды. Бұл оларды не үшін толғандырып отыр? Өйткені қазір кейбір отбасында үш көліктен бар» депсіз. Қайта қоғамның байығанына қуану керек емес пе, қалай ойлайсыз?

– Жоқ, мәселе мұнда емес. Адамдар неғұрлым жақсы өмір сүрсе, мынандай протесттік көңіл соғұрлым өсе береді. Осыдан үш жыл бұрын посткеңестік мемлекеттерде әлеуметтік зерттеу жасалды. Сонда Қазақстанда 67 пайыз халық өзінің өмірін керемет деп бағалапты. Ресейде 45, Балтық жағалауы елдерінде 30 пайыз. Ал жақсы тұрады деген Еуропаның көбісі «жағдайымыз нашар» депті. Адамның жағдайы жақсарса, сол тұсқа наразылық ауады. «Аппетит приходит во время еды» деген сияқты. Қазақтың тұрмысы өсті. Енді оған жағдай жасау керек. Әрине, ауылдағы ағайындардың жағдайын білмейді деп отырсыз ба? Білемін. Оны да айтып жүрмін. Ауылда әке-шеше «үйімді қалай тастап кетем» деп отыр. Бәрін айтып жүрмін. Не істеймін? Мені осындай адам ретінде қабылдаңыздар енді.

Бір қызығы, әлеуметтанушылар ел-елді аралап: «Жағ­дайыңыз қалай?» деп сұрайды ғой. Ал оған қазақтардың 67 пайызы «жақсы» депті. Бірақ әлеу­меттанушыларға: «Сендер сауатсыз­сыңдар. Қазаққа барып «Жағдайың қалай?» деп кім сұрайды?» деп ашып айттым. Әлеуметтік сауалда «Жағдайың қалай?» деген сұрақ бар. Оның жауабы: жақсы, нашар, жағдайым жоқ. Ешбір қазақ «жағдайым нашар» деп айтпайды. «Құдайға шүкір, айналайын, жақсы ғой» дейді. Ал сендер соны түртіп аласыңдар да, билікке «67 пайызы жақсы өмір сүреді деп айтасыңдар» дедім. Солай ғой. Ал басқа елдің тұрғындары жағдайы жақсы болса да «нашар» дейді. Қазақ олай айтпайды. Шын мәнінде, үйінде екі баласы жұмыссыз, екі қызы күйеуден екі баламен ажырасып келген. Бірақ оны айтпайды ешқашан. Сондықтан да «неге сендер сұрақтарыңды Еуропадағыдай тікелей қоясыңдар? Қазаққа қазақша қою керек. Оларға сауалды басқаша беру керек. Сонда олар ашылады» дедім. Ал біз шетелдің әдет-ғұрыптарын тықпалаймыз кеп. Ол дұрыс емес.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ