ОЗУ МА, ТОЗУ МА?

ОЗУ МА, ТОЗУ МА?

ОЗУ МА, ТОЗУ МА?
ашық дереккөзі

Ресей саяси реформа жасауға кірісті, бірақ…

Ресейдiң қазiргi премьерi Путин Президент сайлауында жеңiске жетiсiмен РФ Мемлекеттiк Думасы саяси партиялардың тiркелуiн жеңiлдететiн және Федерация субьектiлерiнiң губернаторларын сайлауға мүмкiндiк беретiн заң жобаларын қарауға кiрiсiп кеттi. Бұл заң жобасын Мемлекеттiк Думаға қазiргi президент Дмитрий Медведев өз қолымен тапсырған. Мемлекеттiк Дума 23 наурызда оның үшiншi оқылымында мақұлдап үлгердi, ал 28 наурызда заң жобасы Федералдық кеңесте қаралады. Бүгiн мақұлданса Президенттiң қол қоюына жiберiледi. Сарапшылар Федеральдық кеңестiң аталған заң жобасын Мемлекеттiк Дума секiлдi бiр ауыздан мақұлдайтынына сенiмдi. Заң 10 сәуiрге дейiн, яғни Путиннiң инауграциясынан бұрын күшiне енбек.

САЯСИ ЖҮЙЕНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТЕ МЕ?

Дмитрий Медведев жыл сайынғы дәс­түрлі Жолдауында партияларды тіркеу проце­­дурасын жеңілдету, губернаторларды сайлау және сайлауға қатысу үшін жина­ла­тын қолдардың санын азайту керектігі жайында мәлімдеме жасаған. Сол күннің ертеңінде Мемлекеттік Думаға үш бірдей конституциялық заң жобасы ұсынылды. Олар «Ресей Федерациясының президентін сайлау туралы», «Ресей Федерациясының Федеральдық жиынының Мемлекеттік Думасының депутаттарын сайлау туралы», «Ресей Федерациясы азаматтарының референдумға қатысу құқығы мен сайлау құқығының негізгі кепілдері туралы» заң жобалары. Президент өзі ұсынып отыр­ған заң жобасында Ресей Федерациясы бойынша 500 адам жинаған қоғамдық ұйым партия ретінде тіркеле алады. Ал бұған дейінгі заң жобасында партия ретінде тіркелуі үшін 45 мың адамның қолын жинау қажет болған. Партияның аймақтық бөлімшелеріндегі мүшелерінің саны шектелмейді, ол партия жарғысымен анықталуы мүмкін. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, РФ субьектілерінің тең жарымынан 450 адамның, қалған өңірлерінен – 200 адамның қолын жинау қажет. Сонымен қатар, саяси партияларды оның аймақтық бөлімшелерінде мүшелерінің саны жетпегендігі үшін жабуға тыйым салынады.

Алдағы сайлау нәтижелері бойынша, парламенттен орын тимеген саяси партия­лар сайлаушылар қолын жинаудан босатылады. Бұған дейін Парламенттен орын тимеген партиялар сайлауға қатысу үшін 150 000 адамның қолын жинауға мәжбүр болған. Партия атынан ұсынылған үміткер үшін қол жинау – жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайлауын өткізу мерзімінде және қоғамдық бірлестіктер үшін ғана міндетті.

Дегенмен Ресей Федерациясының ая­қ­ас­тынан мұндай реформаларды жүргізуіне не түрткі болғанын ешкім дәп басып айтып бере алмайды. Оппозициялық партия өкілдері Путиннің бұл саясатының артында қандай да бір қитұрқы әрекет бар екенін айтады. Өйткені губернаторлыққа үміткерлер тек саяси партиялар атынан ұсынылады. Думадағы оппозициялық фракция өкілдері партияның тіркеу үшін жинайтын қол саны – 40 мыңнан 500-ге дейін құлдырауы елдегі қазіргі саяси жүйені бұзады деген пікірде. Өйткені бұл клон-партиялардың көбеюіне жол ашады деген олар. Ал Думаға сайлана алмаған оппозиция өкілдерінің пікірі мүлдем басқаша. Тіркелмеген «Другая Россия» партиясының лидері Лимонов бұл заң жобасын «саяси сатанизм» деп бағалаған. «Бұдан былай билік насекомдарға жол ашады да, оппозицияның шаруасы осымен бітеді» деген ол өз блогында. «Левый фронт» партиясының лидері Сергей Удальцев бұл заң жобасында оппозицияның пікірі ескерілмегендігін айтады. «Реформа толыққанды жүргізілмейтіндіктен, қазіргі биліктің мүддесі тұрғысынан қызмет етеді» деген пікірде ол. Депутат коммунист Сергей Решульский: «Билік сайлаушыларды адастыруы үшін, әдейі жалған партияларды құратын болады. Және оларды өздері басқарып отырады» деген.

Аталған заң жобасы Думада екінші оқы­лымда қабылданып жатқан мерзімде, Әділет министрлігінде 69 партия тіркеуін өтінген өтініш түсіргендігін жазады «Российская газета».

АҚШ-тағы ВМФ колледжінің профессо­ры Николас Гвоздевтің пікірі бойынша, Ресей электоратына саяси реформа жайында уәде берудің негізгі себебі сайлау қарсаңындағы саяси митингілердің нә­ти­жесі деген ой түйеді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ТӘЖІРИБЕСІН ҚАЙТАЛАЙ МА?

Қазақстанның саяси құрылымы не­гі­зі­нен Ресей саясатымен үндесіп жатады. Ресейде жасалған әрбір қадам Қазақстанда қайталанатынын ескерсек, әлеуметтік шерулер жиілеп кеткен Қазақстан билігі бұндай қадамға баруы мүмкін бе? Біз осы жайында бір-екі саясаттанушының пікірін білген едік:

Амангелді Айталы, саясаттанушы, «Ақ жол» партиясының мүшесі:

РЕСЕЙДІҢ ҚАЗІРГІ БИЛІГІ ҰЗАҚҚА БАРМАЙДЫ

– Қазақстанда Ресейге еліктеп, саяси реформа болады деп айта алмаймын. Себебі Ресейде соңғы сайлаулардан кейін, саяси процесс басқа бір белеске көтерілді. Өз мүддесін, өз құқығын қорғайтын адамдар көбейді. Сондықтан Ресейде үлкен революциялар болуы мүмкін. Менің ойымша, Путин енді алты жыл Ресейді басқара алмайды. Бір-екі жылдан кейін ел арасында оған қарсы наразылық акциялары күшейеді. Менің ойымша, Ресейде жеңіл-желпі губернаторларды сайлау, саяси партияларды тіркеу процесін жеңілдету ғана емес, күрделірек өзгерістер болады. Себебі орыс халқының менталитеті белгілі бір жағдайда көтеріліске бейім. Бұл өзі 15-20 жылда қайталанып тұрады. 1991 жылдан кейін тағы да бір үлкен өзгеріс болуы мүмкін және болады.

– Бізде саяси реформалардың болмауы әлсіз оппозицияның салдары емес пе? Ресейде сайлау кезінде оппозиция қызу жұмыстар жүргізді.

– Саяси жүйелерді шетелдік сарапшылардың тестілеуі бойынша, бізде алдағы уақытта күрделі саяси өзгерістер болмайды. Бұл болжауды германиялық ғалымдар айтты. Сондықтан саяси партияларды тіркеу ісін жеңілдетуге, әкімдерді сайлауға Қазақстан бармайды. Біріншіден әділ сайлауға көшу керек. Біз әлі күнге дейін Президентіміздің рейтингісін, саяси партиялардың рейтингісін білмейміз. Барлығы жоғарыдан жасалған нұсқау бойынша жасалады. Сол себепті де, оппозиция да, саяси партиялар да әлсіз. Мен «Нұр Отанды» өте мықты партия деп айта алмаймын. Сондықтан Ресейдегідей өзгеріс бізде болмайды. Батыс зерттеушілері бізге ұйқыдағы ел деп баға береді. Мен оларды қолдаймын.

Жанұзақ Әкім, саясаттанушы:

БҰНЫҢ БӘРІ УАҚЫТША НӘРСЕ

– Бізде әзірге ондай өзгеріс бола қоймас. Ол үшін біздегі оппозиция Ресейдегідей табанды әрі мықты болуы керек. Ал губернаторларды сайлау – әкімдерді сайлау деген сөз. Оны Президент әкімшілігі қалай шешеді, мәселе солай жүзеге асады. Ресей біріншіден автономиялық субьектілердің автономиясын жойып жіберді. Екіншіден, одақтас республикалардың президенттік лауазымын жойды. Енді Башқұртстан, Татарстан, Бурятия сияқты республикаларын бұрынғыдай президент басқармайды, республика басшысы басқарады. Демек олар авторитарлық режимді пайдаланып біраз нәрсені жүзеге асырды. Енді оппозиция қысымға алып, демократиялық талаптар қойғаннан кейін жаңа қадамдар жасауға мәжбүр болып отыр. Бірақ бұның өзі уақытша. Путин билік басына орныққанша, осылай халықты алдап отыр. Ол инауграциясын жасап, билікке отырғаннан кейін басқаша сайрауы мүмкін.

Есенгүл Кәпқызы