БОЛАШАҚ МУЗЫКАНТТАРДЫҢ ДА МҰҢЫ КӨП

БОЛАШАҚ МУЗЫКАНТТАРДЫҢ ДА МҰҢЫ КӨП

БОЛАШАҚ МУЗЫКАНТТАРДЫҢ ДА МҰҢЫ КӨП
ашық дереккөзі

Музыка мамандығын игерушiлердiң барлығы теориялық пәндердi өтедi. Бұл теория пәндерiнiң бағдарламасы әр мамандықтың спецификасына орай жоспарланады. Бағдарламаның жоспары жеңiл тақырыптардан басталып, бiрте-бiрте күрделенгенiне қарамастан «Сольфеджио», «Теория», «Гармония» пәндерiн меңгеру студенттерге қиынға түседi, кейде тап осы пәндердiң салдарынан оқуды тастап кететiндерi де бар. Оның түрлi себеп-салдары да жоқ емес. Бұл мәселе ең алдымен мемлекеттiк тiл мәселесiне келiп тiреледi.

Кеңес дәуірінде, тәуелсіздікті алғаннан кейін де бұл пәндер көп жылдар бойы орыс тілінде жүргізіліп келді. Ұлттық аспаптар бойынша ауылдан келген балалар оқиды, тіпті қалада өскен балалар болған жағдайда да қазақ мектебінің оқушылары келіп оқиды. Олардың теориялық пәндерді түсінбеуіне бірден-бір себеп те сол – орыс тілі. Ауылдан келген ұяң балалардың басқа ұлт өкілдерінен сабақ тыңдауы, жаңа орта, жаңа контингент, орта білім беру жүйесінде естімеген жаңа пәндер (Музыка сауаты, Сольфеджио, Теория, Гармония және т.б.), жаңа терминдер, жаңа мұғалім жасөспірімдердің білім алуға құштарлығын тежейтін факторлардың бірі болып саналады. Осыған байланысты мысал келтіретін болсақ, М.П.Сәбитова деген мықты теоретикте оқитын Қызылордадан келген студент «Музыка теориясы» пәнінде топтауды дұрыс шығармаған екен. Сонда ұзақтықтарды дұрыс топтастырмаған студентке мұғалім «надо дробить» деп айтады, сөйтсе екі жыл өткеннен кейін студент «дробить» деген не десем, ұзақтықты ыдырату керек екен ғой» деп енді түсінгенін айтады. «Топтау» тақырыбы күрделі болғандықтан қазақ мұғалімдерінде оқитын студенттердің де қиналатын кездері көп.

Соңғы кездері бұл пәндерді қазақ тілінде бе­ретін жас мамандардың қатары көбеюде. Бірақ олардың педагогикалық қызметінде алғашқы уақытта тәжірибенің аздығы байқалса, екіншіден әдістемелік-құралдар мен оқулықтардың жеткіліксіздігі дәстүрлі орындаушыларды қалыптастыруда қиындықтар тудыруда. Қазіргі уақытта саусақпен санарлықтай оқулық бар, бірақ олар өкінішке қарай, оқу үрдісінде жүзеге аспайды, сабақты мемлекеттік тілде жүргізетін мұғалімдердің өзі қазақ тіліндегі оқулықтарға қарағанда «Теориядан» Л.Э.Красинская, В.Ф.Уткин, И.В.Способин, Б.К.Алексеев, А.Н.Мясоедовтың еңбектерін, «Гармониядан» И.Дубовский (Бригадный), Е.Абызованың еңбектерін пайдаланғанды қош көреді. Себебі қазақ тіліндегі оқулықтар тікелей аударма түрінде берілген, тіпті кейде терминдердің аудармасы бір-біріне сәйкес келмейді. Жалпы тақырыпты оқушыларға немесе студенттерге түсіндіргенде қазақша кітапты орысшаға аудару барысында оның нақты мазмұнын жоғалтып алатын кездер де жетерлік. Осыдан кейін орыс тіліндегі кітапқа сүйенгенді қалаймыз.

Бұқаралық ақпарат құралдарында 1997 жылдан бері дәстүрлі орындаушылардың қалыптасуына жоғарыда айтылған пәндер зиян келтіретіні жиі айтылуда. Қазақтың әнші, күйші, жыршыларына ортақ мәселе ретінде қозғаған музыкатанушылардың пікірінше, шығыс аспаптарында оқитындардың Еуропа музыкасының теориясын, яғни Еуропа сауатын игеруі, теориялық білімді тәжірибеден алшақтатып, шығармашылығының дамуына кедергі келтіреді делінген. Сондай-ақ, ұлттық және еуропалық репертуардың орындалуы және теорияның меңгерілуі немқұрайлы қарауға итермелейтіндігін: «Обучение игре на восточных инструментах совмещается с изу­чением в основном европейской теории музыки, иначе говоря, европейской грамматики. Отрыв теоретических знаний от практики игры не структурирует сознание, лишает его способности к творческому развитию, а с другой стороны, толкает студента к формальному изучению самой европейской теории и поверхностной трактовке европейского и национального репертуара» (Мухамбетова А.И. «Культурологические парадигмы конца века и система образования музыкантов-народников // Құрманғазы және ғасырлар тоғысындағы дәстүрлі музыка». Халықаралық конференцияның материалдары. – Алматы: «Дайк-Пресс», 1998.) – деп, еуропалық теорияның орнына «Этносольфеджио» пәнінің енгізілуі туралы сөз қозғалған. «Этносольфеджио» пәні дәстүрлі орындаушыларға қажет және барлық арнаулы музыка білім беру жүйесінде жүргізілуі тиіс, бірақ ол музыканың теориялық негіздерінсіз меңгерілуі қалай жүзеге аспақшы? Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 2011 жылы 21 қазанда «ХХІ ғасырдағы музыкалық білім: заманауи кезеңі және болашағы» атты кітап көрмесінің шеңберінде өткен кеңейтілген кеңесте «Халық аспаптар факультетінің» студенттеріне «Сольфеджио», «Гармония», «Теория» пәндерін жеңілдетілген түрде өту керектігі туралы сөз қозғалған. Осыған қарап бұл пәндердің олардың маман ретінде қалыптасуына пайдасы бар ма немесе бұл пәндер оқу үрдісіне зиян келтіретін пәндер ме, өмір бойы музыка мамандығында оқыған адам сауатсыз болу керек пе деген сұрақтар бірінен-бірі шығып жатады. Оны «физматта» физика, геометрия сабағын жеңілдетіп өту керек деген мәселемен теңестіруге болады. Дәстүрлі орындаушыларды қалыптастырудағы үлесімізді ойластырудың орнына, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы білім мен ғылымға деген ұмтылысын жойып, қолымыздағы бар нәрсені құрту тәсілін насихаттап жатырмыз. Қазіргі кезде студенттерге «Гармония» пәні не үшін керек деп сұрасаң, олардың көбі есеп шығару үшін деп жауап қайтарады. Көптеген студенттер теориялық пәндер олардың сауатты музыка маманы болу үшін керек екенін әлі күнге дейін түсінбей жүр. Қазақтың белгілі тұлғалары М.Төлебаев, Ғ.А.Жұбанова, Н.Тілендиев, Қ.Ахмедияров, Е.Серкебаев әлемдік танымалдылықты осы музыкалық сауаттылығының арқасында алды емес пе?! Мәселен Новосибирск консерваториясының қабылдау комиссиясы орындаушыларды кез келген жерінен тоқтатып, қандай аккорд немесе қандай интервал, қандай тәсіл екенін сұрап, талапкердің білім деңгейін тексереді. Альфред Корто «О фортепианном искусстве» (Москва, 1965) атты еңбегінде студенттеріне анкета толтыруды талап еткенін жазған. Онда студенттер орындайтын шығарманың композиторы, оның ұлты, шығу тарихы мен себебі, туындының құрылымы, тоналдік жоспары, музыкалық сипаттамасы (гармониялық талдау, туысқан тоналдіктер, интервалдар құрылымы), мінездемесі мен мазмұны, эстетикалық және техникалық түсініктеме тараптары бойынша жауап берген. Осыдан кейін теория пәндерінің пайдасы жоқ деп қалай айтамыз? Орындаушылардың сауатсыздығынан музыкалық шығармалардың жеткізілу деңгейі кенжелеп тұрады. Оның төңірегінде музыкалық тіл құралдарын жеткілікті деңгейде білмейтіндігіміз де үлкен өкі­ніш. Олардың сауатын ашып, орындаушы ретінде қалыптастыруда мамандықтан беретін ұстазбен қатар, теория пәндерінің оқытушысы үлкен рөл атқаратыны белгілі. Теориялық пәндер болмысынан күрделі болғандықтан оның игерілуі көптеген қиындықтарға әкеледі. Сондай-ақ, студенттердің барлығы бірдей емес екенін ескерсек, кейбір орындаушылардың бойында дарындылық басым болса, кейбіреуінің бойында аз болуы әбден мүмкін. Кезінде Н.Тілендиев: «Жақсы музыкант болу үшін 10% дарындылық жеткілікті, ал 90% еңбек» − деген. Яғни студенттердің бұл пәндерге қызығушылығын арттыру қажет.

Жалпы теория пәнінің ұстаздары дәстүрлі музыка тілінде сөйлейтін орындаушыларға өз сөзін түсінуге, сауатты және көркем-музыкалық ішкі мәдениетін дамытуға, бәсекелестікке қабілетті орындаушылардың қалыптасуына үлес қоса алады. Ал оны жүзеге асыратын мықты, жан-жақты педагог-кадрларды да­йындау бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Алматы қаласындағы оқу орындарына шолу жасап, кадр мәселесіне келетін болсақ «Музыкатану», «Музыка теориясы» бөліміне қазақ тілін жетік білетін студенттер аз қабылданады. Басым бөлігі басқа ұлт өкілдері. Бүгін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Музыка теориясы» бөлімінде 1-4 курс бойынша 11 студенттің екеуі ғана қазақ, ал А.Жұбанов атындағы РҚМММИ «Музыка теориясы» бөлімінде 3 оқушы бар, оның өзінде олар қосымша мамандық ретінде таңдап, шетелдердегі ЖОО-ға түсу мақсатында білімін тереңдетуде. Құрманғазы атындағы ҚҰК 1-4 курсқа дейін 20 студент бар, соның 9-і қазақ, 11-і басқа ұлт өкілдері. Осыған қарап қазақ ұлт-аспаптар бөлімінің студенттерін, яғни дәстүрлі орындаушыларды кім оқытады деп әрі-сәрі ойға берілесің. Дарынды студенттерге орындаушылығымен қатар, теория бөлімінде білім алуға мүмкіндік берілуі керек, сонда білім сапасы көтеріледі деп сенеміз.

Қорыта айтқанда, теориялық пәндер арқылы орындаушылардың музыкалық сауаты ашылатыны байқалады. Оның негізінде олардың эмоционалдық, танымдық дамуы өседі, музыкалық тілдің мазмұнын ұғынуға әкеледі. Ал музыканың негізінде эмоциямен қатар, ауқымды ой, идея және бейнелердің әлемі жатыр. Орындаушылардың эмоциясын, қызығушылығын, дүниетанымын, талғамын қалыптастыру арқылы музыка мәдениетінің негізін дамытамыз. Музыка мәдениетінің өзегінде теориялық пәндерден алынған ептілік, іскерлік, дағдылық, білім арқылы келетін орындаушылықтың, композиторлықтың, музыкалық-педагогиканың, тыңдармандардың бастамасы жатыр.

Айнұр ҚАЗТУҒАНОВА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерi