ТҮРКIЛЕР ТУ ТIККЕН ЖЕР

ТҮРКIЛЕР ТУ ТIККЕН ЖЕР

ТҮРКIЛЕР ТУ ТIККЕН ЖЕР
ашық дереккөзі

Салих АЙНУРАЛ,

А.Каййум КЕСИЖИ

Орталық Азия аталып келген Батыс Түркiстан аймағы Кеңестер одағының ыдырауымен бiрге өзiнiң мол табиғи байлығы, шығыс пен батыс арасындағы стратегиялық географиялық орны тұрғысынан жалпы дүниежүзiлiк және аймақтық күштердiң нағыз бәсеке алаңына айналғаны белгiлi. Алайда әңгiменi сәл әрiден бастау керек.

Бүгiнгi әлемдiк саясатта Орта Азия өңiрi деп аталатын Түркiстан мынадай негiзгi үш аймаққа бөлiнедi. Бiрiншiсi, Қытай аумағындағы және қытайлықтардың өздерi Шыңжаң деп атайтын жер көлемi шамамен 1.8 млн. шаршы шақырымды алып жатқан халқының басым көпшiлiгiн ұйғырлар құрайтын 20 млн.-ға жуық халқы бар Шығыс Түркiстан болып табылады. Екiншiсi – бүгiнгi Ауғанстанның солтүстiк өңiрiн қамтитын, бес миллионнан астам өзбек және түркiмен халықтары мекендейтiн, мұнай мен жер асты қазба байлықтарына өте бай өңiр Оңтүстiк Түркiстан деп аталады. Сондай-ақ Иранның Түркiменстанмен шекаралас жерлерi де осы аймаққа жатады. Үшiншi аймақ, 1991 жылдан бастап тәуелсiздiгiн алған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Өзбекстан және Түркiменстан Республикалары орналасқан 4 млн. шаршы шақырымды алып жатқан 65 млн. халық мекендейтiн Батыс Түркiстан деп аталады. Негiзгi қарастыратын мәселемiз осы елдердiң арасындағы ынтымақтастық жөнiндегi мәселе.

1552 жылы орыстар Қазанды жаулап ал­­ғаннан кейiн, ХVIII ғасырда Түркiстан аймақтарына көз тiге бастайды. ХIХ ғасырдың соңында бүкiл Батыс Түркiстан (Орта Азия) жерi орыстардың қол астына өттi. Шикiзат пен нарық iздеген Ресей, сонау Бiрiншi Петр заманынан берi мақта, металл және терi өндiрiсiне Түркiстаннан шикiзат табу жолдарын қарастырды. Орыстар Батыс Түркiстанды жаулап алғаннан кейiн өңiрдiң солтүстiк бөлiгiн «Дала уәләяты», ал оңтүстiк бөлiгiн «Түркiстан уәләяты» деп екi аймаққа бөлген. Осылайша бүгiнгi Қазақстанның басым бөлiгi «Дала уәләятына» кiрсе, ал «Түркiстан уәләяты» қазiргi Өзбекстан, Түркiменстан, Қырғызстан және Қазақстанның оңтүстiк аймақтарын қамтыды. Артынша ХIХ ғасырдың соңғы ширегiнен бастап қарқын ала бастаған орыстандыру саясаты барынша күшiне ендi. Орыстандыру саясатының негiзiн салушы Ильминский (1822-1891) болды. Әсiресе, христиан миссионерi әрi шығыстанушы ретiнде танылған Ильминский Түркiстандағы орыстандыру саясатына зор ықпал еттi. Сондай-ақ, Ильминский өзге ұлттар өз тiлдерiнде христиан дiнiн үйренген жағдайда, орыс халқын өздерiне iштей жақын тұтып, етене жақын араласатындықтарын алға тартты. Ал бұл үшiн әртүрлi белгiлермен таңбаланған орыс әлiпбиiн түркi және басқа да мұсылман қауымдастықтарының тiлдерiне енгiзiп, ортақ түрiк тiлiнiң орнына әр ұлт өз тiлiн ана тiлi ретiнде қабылдауын ұсынған. Сонымен бiрге аймақта ежелгi заманнан берi қолданылып келе жатқан кейбiр түрiкше географиялық атауларды жойып, мағынасын бұрмалап, оның орнына орысша атаулар қолдану жұмыстары басталды. Осының негiзiнде түрiкше сөздердiң (атаулардың) парсыша «истан» қосымшасымен (жалғау) бiрiгуiнен келiп шыққан және « Түркi халықтарының елi» деген мағынаны бiлдiретiн «Түркiстан» атауы да ұмыттырыла бастады. Осыған қарамастан Түркiстан атауы Кеңестiк Ресейдiң алғашқы кезеңдерiне дейiн қолданылып келдi. Тiптi, Кеңес үкiметi «Түркiстан автономды советтiк республикасын» құруға мәжбүр болды. Бiрақ орыстар мұның Орта Азиядағы жергiлiктi түркi халықтарының басын бiрiктiретiн ұран болатындығын ойлап, «түрiк» және «Түркiстан» сөздерiне әсiресе, большевиктер кезеңiнде аяқ астынан ерекше мән бере бастады. 1924 жылы 16 қыркүйек күнi «Түркатком» (Тұр ЦИК, яғни Түркiстандағы большевиктер басқару орталығы)-ның шешiмiмен «Түркiстан» және «Түркi республикасы» атаулары алынып тасталып, оның орнына сол кездегi ғылым кеңiстiгiнде Шығыс Түркiстан, Моңғолия және Тибет аймақтарына қатысты айтылып жүрген «Орта Азия» атауы енгiзiлдi. Осыдан кейiн Түркiстан атауы бiрте-бiрте мемлекеттiк, геосаяси, тарихи, тiптi ғылыми термин қатарынан шығарылып, қолданылмайтын болды. Расында батыс елдерi де Орта Азия атауын өз саясаттарына лайық көрiп, Түркiстан атауының орнына қолдана бастады. Батыстан енген кiрме сөздер мен атауларға қарсы болмаған Түркия да «Орта Азия» атауын қабылдап, бұл сөз осылайша ғылыми әдебиетке ендi. Сайып келгенде, Орта Азия атауын ойланбай орынсыз қолдану әрекетi шамамен бiр ғасыр бұрын орыстар тарапынан басталған түркi халықтарын орыстандыру саясатының бүгiнгi күнге дейiн жалғасуына себеп болып отыр.

Түркiстан атауы шамамен екi мың жылдан берi қолданылып келе жатқан атау. Бұл, осы аймақтың түркi жұртшылығына тән екендiгiн бiлдiредi. Сондықтан да тәуелсiздiгiн алған бүгiнгi бес республиканың ең кем дегенде екi мың жылдық ортақ тарихы бар.

Одақтың (ынтымақтастық) тарихи негiздерi

Түркiстан (Орта Азия) Одағының тарихи негiздерi туралы мәселелер профессор Зәки Валиди Тоғанның «Түрiк-Түркiстан» атты мақаласында жан-жақты түсiндiрiлiп өткен.

Тоғанның пiкiрiнше, Түркiстанның (Орта­­ Азия) жергiлiктi халықтарында мыз­ғымас Отан және мемлекет ұғымы қалып­та­сып, Түркiстанды тарихта өткен феода­лизм негiздерiне сүйене отырып Қазақ, Қо­қан, Бұхара, Хиуа және Түркiмен сияқты хан­­­дықтарға немесе қазiргi сөзбен айтқанда рес­пуб­ликаларға бөлу және мұны тек бөгде шет мем­лекеттiң ғана жасай алатындығы жөнiнде жалпылама ортақ пiкiр болған. Яғни, большевиктер төңкерiсiнен кейiн орыс­тар тарапынан қысым жасалмаған жағдайда да Түркiстанның шекарасын белгiлеу және оны қалай бөлу керектiгi жөнiндегi сол кезеңдегi жергiлiктi халықтардың пiкiрiн бiлу өз кезегiнде маңызы зор мәселе болды. 1918 жылы бұл мәселеге қатысты маңызды жоба жасалды. Бұл жоба бойынша «Дала уәләяттары» да Түркiстан аумағына енiп, бүкiл Батыс Түркiстан (Орта Азия) өз алдына федерация болып, үш ок­руг­ке (аймаққа) бөлiнiп басқарылатын бол­ған. Солардың бiрi «Ташкент округi» едi. Ор­талығы Ташкент қаласы болып, оған Сыр­дария, Ферғана, Самарқан, Бұхара, Закас­пий (Каспийдiң арғы бетi), Хиуа облыстары және Амудария бөлiмшесi кiруге тиiс едi.

Екiншiсi, «Шығыс қазақ округi». Оның орталығы Семей немесе Алматы қаласы болып, оған Семей облысы, Оңтүстiк Алтайдың қазақтар мекендейтiн «Бұқтырма» аймағы, бүкiл Жетiсу облысы, Ақмола, Көкшетау және Омбы (Омск) өңiрлерi кiрдi. Ал үшiншiсi «Батыс қазақ округi». Оның орталығы Орынбор немесе Қазалы қаласы болып, оған Орал облысы, Бөкей Ордасы, Торғай облысы, Маңғыстау (Маңғышлақ) өңiрi, Ақмола облысынан Атбасар, Қызылжар өңiрлерi кiредi. Сондай-ақ сол кездегi Башқұртстан үкiметi де Башқұртстанның бiр бөлiгiн «Башқұрт облысы» деген атпен Түркiстанның «Батыс қазақ округiне» қоспақшы болған. Осы мәселеге қатысты 1918 жылдың қыркүйек айында Самара қаласында хаттамаға қол қойылған.

Осы аталмыш үш округтен құралған бұл алып елдiң жалпы аты «Түркiстан» және оның орталығы Ташкент қаласы болуға ти­iс едi. Тағы да Тоғанның пiкiрiнше, ол кезде Уфадағы Жүсiп Ақшораға осы елдiң, яғ­ни Түркiстанның сыртқы iстерiне жауапты қызмет ұсынылған болатын.

Патшалық Ресейдiң Түркiстанды «Дала уә­ләяты» және «Түркiстан уәләяты» деп екi аймаққа бөлу әрекеттерi патшалық құ­ла­ғаннан кейiн де жалғасын тапты. Атап айт­қан­да, 1917-1918 жылдары Түркiстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың автономиялық ке­зеңiнде солтүстiкте «Алаш Орда», ал оң­түс­тiкте «Түркiстан» автономды үкiметтерi құрылды. Бiрақ сол кездегi ұлт зиялылары осы үкiметтердiң құрылу кезеңiнен бас­тап ұлттық болмысты қорғау мәселесi бүкiл Түркiстан бiр шаңырақ астына бiрiккен кезде ғана iске асатын дүние екендiгiн түсiндi. Сөйтiп Алаш Орда үкiметi құрылып, өздерiнiң Түркiстанның басқа аймақтарымен бiрге екендiктерiн жария ету мақсатында, Түркiстан автономды үкiметiнiң мүшелерi Мұстафа Шоқай мен Мұхаметжан Тынышбайды Алаш Орда үкiметiне де мүше етiп сайлады.

Бұдан кейiн, ежелгi Түркiстан уәләя­тын­дағы қазақтар 1918 жылы Түркiстан қала­сын­да өткен құрылтайдың атынан Алаш Орда үкi­метiне қолдау көрсеткен Арқаның (ұлы дала) қазақтарын «Бiрiккен ұлы Түркiстан» ұра­ны астына жиналуға шақырды. Түркiмендер де 1919 жылы кейбiр шет мем­лекет өкiлдерiнiң Түркiстанның басқа жер­лерiнен өз алдына бөлек бiр хандық құру ту­ралы ұсынысынан түбегейлi бас тарта отырып, Түркiстан одағына (ынтымақтастығы) де­ген сенiмдерiн ашық түрде бiлдiрдi.

Сонымен қатар, Түркiстандық ұлтшыл ком­­мунистер де 1924-25 жылдары Түркiс­тан­ды Кеңестiк республикаларға бөлу ту­ралы Кеңес Одағы коммунистер партия­сы орталығының шешiмiне белсендi түр­де қарсы шықты. Тұрар Рысқұловтың бас­шы­лығымен жұмыс жүргiзген ұлтшыл комму­нис­тер Түркiстандағы түркi-мұсылман қау­ым­дастықтарының кiшкентай ұлттарға айна­лып кетуiнен қауiптенiп, бұл шешiмдi қа­былдамаған. Сондықтан Рысқұлов және оның достары 1920 жылдардың ба­сында Түркiстандағы түркi-мұсылман қауым­дас­тықтарын бiрiктiретiн бiр ғана Түркi Республи­ка­сын құруды ұсынған. Бiрақ олардың бұл ұсы­ныстарын түркi қауымдастықтарының Кеңес Одағының құрамынан бөлiнiп кетуiне жол ашады деген қауiппен Лениннiң өзi қа­был­дамаған.

ХIХ ғасырдың соңынан бастап орыс­тардың Түркiстан атауын алып тас­тау және Орта Азия атауын енгiзу туралы әрекеттерiне қарамастан, бiр топ зиялы қауым өкiлдерi мен бұқара халық Түркiстан атауының өмiр сүруiне ықпал еттi. Тоғанның пiкiрiнше, Түркiстан халқы Кеңес дәуiрiнде өзбек, қазақ, қырғыз, түркiмен және тәжiк жерiнде демократиялық басқару жүйесi құрылатын және «Түркiстан» атауы қайта жанданатын күндi күткен едi. (Togan, 1960, 35)

Одақтың (ынтымақтастық) геостратегиялық негiздерi

Түркiстан немесе Орта Азия өңiрi қа­тар­дағы аймақтардың бiрi емес. Халфорд Макин­дер өзiнiң кiндiк жер теориясында айтып өткенiндей, бұл аймақтың әлемдiк саясат­ты бақылаудағы геостратегиялық маңызы зор. Өйткенi Түркiстан аймағы Шығыс пен Батыстың арасында көпiр қызметiн атқарады. Бұл жалпы алғанда, географиялық байланыс бо­лумен қатар, «саяси» сипатқа да ие. Ал бұл Түр­кiстанның географиялық аймақтар секiлдi мә­дени ықпалдасу жолдарын да қамтитын гео­стратегиялық жағдайына негiзделедi.

Тарихта Кеңес Одағының коммунистiк бас­қару жүйесi Түркiстанның осы ст­ра­те­гия­лық жағдайын пайдалануға әрекет жаса­ды. Кеңестiк басқару жүйесi құрылған кез­ден бастап Түркiстанға (Орта Азия) ай­рық­ша назар аударылды. Өйткенi Түркiстан (Орта Азия) аймағы Кеңес Одағының Азиядағы идеологиялық әрекеттерiне көпiр қызметiн атқаратын мүмкiндiкке ие едi. Түркiстан Лениннiң жеке тапсырмасымен Кеңес Одағының сыртқы саясатында негiзгi элементтердiң бiрi ретiнде пайдаланыла бас­та­ды. Өйткенi Түркiстан арқылы Азияға ықпал етуге болатын едi. КСРО тарағаннан кейiн түркi тiлдес рес­пуб­ликалар өз тәуелсiздiктерiн жариялады. Бiрақ Ресейдi бұл аймақтан бас тартты деу­ге бол­майды. Москва билiгi 1993 жылдан берi Түр­кiстан аймағын қайтадан қолға алуға тыры­сып, бұл жолда маңызды қадамдар жасауда. Ресейдiң бұл аймақпен экономикалық, мәдени және психологиялық тұрғыдан тығыз байланыс орнатуы, олар үшiн кейбiр мүмкiндiктер тудырып отыр. Керiсiнше бұл аймақтағы елдер тәуелсiз мемлекет ретiнде Ресейдiң ықпалын азайтуға тырысып бағуда.

Бiр топ орыс мамандары Ресейдiң Түркiстан аймағындағы ұлттық мүдделерiн мынадай бес топқа топтастырған: 1) Аймақтағы елдермен тығыз ынтымақтастық орната отырып тұрақтылықты қамтамасыз ету; 2) Қытай, Үндiстан және Иран елдерiмен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркiстан арқылы шексiз транзиттiк өту құқықтарына ие болу; 3) Келешекте Ресей экономикасының дамуына қол ұшын беру тұрғысынан Түркiстан (Орта Азия) аймағымен ортақ экономикалық қарым-қатынасты нығайту; 4) Аймақтың геостратегиялық әлеуетiн әскери қажеттiлiктердi қамтамасыз ету үшiн пайдалану; 5) Ресейдiң аймақтағы көшбасшылық рөлiн халықаралық деңгейге шығару.

Жалпы алғанда, Түркiстан (Орта Азия) республикалары географиялық жағдайларына байланысты Ресеймен кейбiр күрделi мәселелердi бiрлесе отырып шешу жолында Қытаймен де байланыс орнатуды жөн санаған. Сенiмдiлiк қалыптастыру мақсатында, 1996 жылы шекаралас бес ел (Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжiкстан) тарапынан құрылған Шанхай ын­тымақтастық Ұйымы да осы мәселе төңi­регiнде қарастырылуы керек. Бұл елдер ешқашан өзара келiсiмге келе алмаған Қытай-Совет арасындағы шекара мәселесiне қатысты келiспеушiлiктердi өздерiне мирас ретiнде алып қалып отыр. Қытай, Кеңес Ода­ғынан Батыс Түркiстанның (Орта Азия) Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға тиiстi жерлерiнен шамамен 2 миллион 200 мың шаршы км. жердiң өздерiне берiлуiн сұраған. Қытай бұл жерлердi Кеңес Одағы тарағаннан кейiн де сұраған. Тәуелсiз Қазақстан, Қырғызстан және Тәжiкстан Респуб­ликалары Кеңестiк дәуiрден келе жатқан шекара мәселесiне қатысты келiспеушiлiктерiн шешу үшiн Қытаймен жаңадан шекара келiсiмдерiн жасап, Тянь-Шань тауының шыңына жақын аймақтардың бiраз бөлiгiн Қытайға берген. Бұл жағдай аталмыш республикаларда наразылықтар тудырып, тiптi Қырғызстанда оппозиция өкiлдерi Президент Асқар Ақаевтың қызметiнен кетуiн талап еттi. Түркiстан (Орта Азия) республикаларының бұл жерлердi қайтару туралы наразылықтары, жалпы ал­ған­да Қытайды аймақтағы әлеуетi жоғары күш ретiнде тану деп қабылданған. Бiрақ мына бiр нәрсе ақиқат, мұндай уақытша iс-шаралармен Түркiстан (Орта Азия) республикалары мен Қытай арасындағы шекара мәселесiне қатысты келiспеушiлiктердi бiттi деп айту қиын. Өйткенi Қытайдың жер сұрау туралы мәселесi ертеректе басталған. Қытай Республикасының бiрiншi мемлекет басшысы Сун Ят-Сен 1923 жылдың 8-ақпанындағы жолдауында Қытай империясының айрылып қалған жерлерiн айтқанда, Түркiстан (Орта Азия) республикаларына тиiстi аймақтарды да атап өткен. Қытай 1964 жылы басылып шыққан «Қазiргi Қытайдың қысқаша тарихы» атты кiтапта Сун Ят-Сеннiң пiкiрлерiне сүйене отырып, Түркiстан (Орта Азия) аймағындағы бiраз жерлердiң өздерiне қайтарылуын талап еткен. Кешегi күнге дейiн қытайлардың пән оқулықтарындағы карталарда қазiргi Батыс Түркiстан (Орта Азия) республикаларына тиiстi бiраз жерлердiң Қытай империясының шекарасына кiретiндiгi көрсетiлiп келедi. Бұл деген сөз, Қытайда жас ұрпақтардың әлi де болса экспансионистiк империялық рухпен тәрбиеленетiндiгiн көрсетедi.

Қысқасы, Ресей болсын, Қытай болсын Түркiстан (Орта Азия) аймағына қатысты ойларынан бас тартқан жоқ. Аймақтың геосаяси жағдайын айқындауда Ресей мен Қытай әлi де болса маңызды роль атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Түркiстан (Орта Азия) республикалары Қытай және Ресей сияқты алпауыт елдерге қарсы тәуелсiздiктерi мен жерлерiн қорғау үшiн ынтымақтастық келiссөздерiн одан сайын нығайтуға тиiстi.

Одақтың (ынтымақтастық) саяси және аймақтық негiздерi

Бүгiнгi бес Түркiстан (Орта Азия) респуб­ли­каларының iшiнде халқының саны жағынан ең үлкенi 30 миллион халқы бар Өзбекстан болып саналады. Түркiстан (Орта Азия) республикалары географиялық жағынан алғанда, Ресей және Қытай сияқты екi алпауыт елдiң арасында орналасқан. Сондықтан 30 миллион халқы бар Өзбекстанның да, 8 миллион халқы бар Тәжiкстанның да Ресей мен Қытайға қарсы ел тұтастығын қорғайтын күш жинауға мүмкiндiгi бар. Расында Ресейдiң ХVIII-ХIХ ғасырларда Түркiстан хандықтарын жаулап алуы бұған дәлел бола алады. Түркiстан хандықтарының арасында өзара бiрлiк пен татулықтың болмауының себебiнен Түркiстан (Орта Азия) өңiрi бiрнеше ғасырдың iшiнде орыстардың отарына айналған. Осы тұрғыдан қарағанда тарихи тәжiрибелерден де қорытынды шығара отырып, Ресей және Қытай экспансионизмiнiң алдын алу үшiн бiр одақ (ынтымақтастық) құрылып, ортақ қауiпсiздiк қамтамасыз етiлуi керек. Өйткенi Түркiстан (Орта Азия) республикаларының экономикалық дағдарыс кезеңiнде қауiпсiздiктерiн жеке-жеке қамтамасыз етулерi қорғанысқа шамадан тыс қаржы жұмсауды талап етедi. Осы тұрғыдан алғанда, ортақ қорғаныс ынтымақтастығын құру – қорғаныс шығындарын азайтады әрi iшкi және сыртқы қорғаныс механизмдерiн күшейтедi. Шын мәнiнде, тәуелсiздiктiң негiзiнде Түркiстан (Орта Азия) Республикаларының одағы (ынтымақтастығы) жатыр. Бұл рес­пуб­ликаларда орыстардың ықпалының азай­ған­дығын айту әлi ерте. Әсiресе, Қазақстанның сол­түстiгiнде тұратын әрi халық санының 30 %-ын құрайтын орыстар, Қазақстанның солтүстiк өңiрiнен оңайлықпен айрылатын түрi жоқ. Тiптi, Солженицын сияқты орыс зиялылары Солтүстiк Қазақстанды Ресей жерi деп көкiгенi мәлiм. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, Қытай бара-бара өз ықпалын арттыруда. Мұндай әрекеттер алдағы уақытта Қытайдың жайылуына және Түркiстан Республикаларына ықпалын арттыруға себеп болады. Расында, Қазақстан мен Қырғызстанда қы­тай­лықтардың саны күн сайын артып келедi. Бү­гiнде Сингапур, Малайзия, Бангладеш, Индо­незия сияқты елдердiң экономикасының ба­сым бөлiгi қытайлық кәсiпкерлердiң қо­лын­да болуы, Қытай экспансионизмiн басқа қырынан көрсетуде. Түркiстан (Орта Азия) Одағының (ын­ты­мақтастығы) құрылуы бұл республикаларды саяси жақтан күшейте түсiп, Ресей мен Қы­тай­дың экспансионистiк әрекеттерiнiң алдын алады. Осы тұрғыдан алғанда, Түркiстан Одағын құру туралы ұсыныс-пiкiрлерге бiрiншi болып қарсы шығатын және осы одақ­тың белсендiлiк танытуына кедергi болатын осы екi ел. 1989 жылы Ферғана алқабында өзбектер мен ахыска түрiктерi, бiр жылдан кейiн өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығыстардың артында КГБ тұр. 1991 жылы Ферғана алқабына iс-сапарға барғанымызда, сол қақтығыстардың iшiнде болған адамдар мұның өздерiне жасалған арандатушылық, опасыздық әрекеттер екендiгiн айтты.

Түркiстан Одағы (ынтымақтастығы) құ­рылмаған жағдайда, келешекте бұл респуб­ли­калардың арасында жер және этникалық проб­лемалар шығуы мүмкiн. Кеңес дәуiрiнде осы республикалар құрылған кезде шекара­лар жасанды (жалған) түрде сызылып, бiле тұра жер проблемалары шығарылған. Мы­салы Тәжiкстан-Өзбекстан шекарасы; Түркi­менс­тан мен Өзбекстан шекарасындағы Әмудария өзенi ағып жатқан аймақ; Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы Арал теңiзiнiң жанындағы аймақтар проблемалы­ аймақтар болып табылады. Негiзiнде 2002 жылы Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшыларының Астана қаласында қол қойған келiсiмiмен келiспеушiлiк тудырып келген шекара аймағындағы жерлердiң бiр бөлiгi Қазақстанға, бiр бөлiгi Өзбекстанға берiлiп, бұл мәселе осымен шешiлгенiмен басқа аймақтар да қолға алынбаса қақтығыс туу қаупi бар. Ферғана оқиғаларын ешқашан ұмытпауымыз керек.

Түркiстан (Орта Азия) республи­ка­ларының су­ проблемалары бар. Бұл республикалардың су қажеттiлiгiн Әмудария және Сырдария өзен­дерi қамтамасыз етiп отыр. Бұл өзендер ал­дымен Қырғызстан мен Тәжiкстаннан өтiп, одан кейiн өзге республикаларға ағып же­тедi. Осыған байланысты су пайдалану мә­се­лесiнде кей кезде проблемалар туындауда. Сондықтан бұл проблемаларды шешуде Түркiстан (Орта Азия) Одағының маңызы өте зор.

Сондай-ақ Түркiстан (Орта Азия) рес­пуб­ликаларының бiрлесе отырып шешетiн ма­ңыз­­ды проблемаларының бiрi Арал теңiзiнiң тар­тылу мәселесi болып табылады. Негiзiнде, Қыр­ғызстан мен Тәжiкстанның Арал теңiзiне еш­қандай қатысы жоқ. Дегенмен Арал теңi­зi­нiң тартылуы өзге үш республикаға әсер ете­тiнi сияқты, Қырғызстан мен Тәжiкстанға да керi әсерiн тигiзiп, егiн шаруашылығын азайтады. Бүгiнгi күнде Арал теңiзiнiң тартылып қалған жерлерiндегi химиялық заттар желмен ауаға тарап, әртүрлi аурулар мен экономикалық шығындарға себеп болып отыр.

Одақтың (ынтымақтастық) әлеуметтiк-экономикалық негiздерi

Түркiстан (Орта Азия) аймағы ежелден­ бе­рi жер асты және жер үстi қазба бай­лық­­тарына ие. Түркiстан (Орта Азия) рес­пуб­ликаларының Кеңес Одағы дәуiрiнде эко­но­микалық маңыздылыққа ие болуында қазба байлықтарының алатын орны ерекше. Кеңес Одағы дәуiрiнде жалпы өнiм кө­ле­мi тұрғысынан Түркiстан (Орта Азия) ай­мағы, Ресей Федерациясы мен Украинадан кейiн үшiншi орынды иелендi. Жалпы алғанда, Кеңес Одағы дәуiрiндегi аймақтағы маңыздылығы жоғары металдарға мыналар жатады: мыс, қорғасын, мырыш, боксит, көмiр, мұнай, темiр, марганец, молибден, вольфрам, хром, алтын, күмiс, фосфор, калий, тұз, асбест, металл құрылыс заттары т.б.

Тәуелсiздiктен кейiн халықаралық концор­ци­умдар мен көп ұлтты фирмалардың қаты­суы­мен Түркiстан аймағында жаңадан бiр­не­ше мұнай және газ кен орындары мен жер ас­ты қазба байлықтары ашылды. Бүгiнгi күнде ай­мақ елдерiнiң iшiнде Қазақстан мұнай және кө­мiр, Түркiменстан газ, Өзбекстан газ және алтын, Тәжiкстан алюминий кен орындарына, Қырғызстан энергия ресурс­та­рына ие. Бұл республикалардың арасында одақтың (ын­ты­мақтастық) құрылуы осы ресурстардың тиiмдi пайдаланылуына жол ашады. Әйтпесе, Орта Шығыстағы мұнай кен ошақтарына ие Араб елдерiнiң жағдайына тап болуымыз­ мүмкiн.

Көрiп отырғанымыздай, Түркiстан (Орта Азия) республикаларының экономикасы шикiзат көздерiне негiзделедi. Индус­трия­ландыру әлi жүзеге аспады. Бұл елдер өзара ынтымақтастық келiссөздерiн жүргiзе отырып, iшкi талапты арттырып, индустрияландыруды жылдамдата алады. Қолдарындағы шикiзат көздерiн назарға ала отырып, салыстырмалы артықшылықтар теориясы шеңберiнде индустрияландыруды жүзеге асыра алады. Мысалы Өзбекстан мен Түркiменстан мақта өндiрушi ел ретiнде тоқыма өнеркәсiбi саласында, Қырғызстан мал шаруашылығы саласында, Тәжiкстан алюминий өндiруден, ал Қазақстан мұнай-химия саласында мамандана алады.

Түркiстан (Орта Азия) республикалары сырт­қы сауда қатынасы мәселесiнде ежелден берi Кеңестiк республикаларға, әсiресе Ресейге тәуелдi болды. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн сыртқы сауда қатынасын бастағанымен бұл жеткiлiктi деңгейде болмай отырғаны жасырын емес. Түркiстан (Орта Азия) республикаларының өзара және Ресеймен арадағы сауда қатынасы әлi ескi Кеңестiк жүйемен жүргiзiлiп отыр. Бұл жағдай сыртқы сауда қатынасы мәселесiнде Түркiстан (Орта Азия) республикаларын тағы да Ресейге тәуелдi етiп отыр. Сондықтан да Түркiстан (Орта Азия) республикаларын ұлттық және аймақтық деңгейде үйлесiмдi сауда саясатын бақылап отыр дей алмаймыз. Түркiстан (Орта Азия) республикалары сыртқы сауда қатынасын үйлестiрмесе, сондай-ақ өзара ынтымақтастық келiссөздерiн жүргiзбесе Ресейге тәуелдi болып қала бередi. Бүгiнгi таңда Түркiстан (Орта Азия) республикаларында халық саны өте төмен. Мысалы шаршы км-ге шаққандағы халық саны Қазақстанда – 5.5, Қырғызстанда – 24.7, Тәжiкстанда – 43.3, Өзбекстанда – 54.5, ал Түркiменстанда – 9.4 құрайды. Сондықтан одақ­тың (ынтымақтастық) құрылуы, индус­трия­ландырумен қатар жұмыс күшiнiң тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз етедi. Жаһандық тұрғыдан алғанда, 4 миллион шаршы км-дi алып жатқан аймаққа 65 млн. халық өте аз. Түркiстан (Орта Азия) республи­ка­ла­ры­ның одақ (ынтымақтастық) құруы, өзге елдермен бәсекелестiк қабiлеттi арттыра түсiп, әлемдiк экономикаға шығуды жеңiлдетедi. Аймақтық ынтымақтастық құрылмай, Түр­кiстан (Орта Азия) республикаларының дамуы мүмкiн емес.

Аймақтық Одақ (ынтымақтастық) құру туралы iс-әрекеттер

Негiзiнде Түркiстан (Орта Азия) рес­пуб­ликаларының мемлекет басшылары одақ құ­рудың маңызды мәселе екендiгiн бiледi. Осы мақсатта тәуелсiздiк алған күннен бастап ортақ одақ (ынтымақтастық) құру жолдарын қарастырып, бiрнеше келiсiмдерге қол қойған. 1991 жылдың 12-желтоқсанында Түр­кi­менстанның астанасы Ашхабад қала­сын­да бас қосқан (Тәжiкстаннан басқа) Түркiстан (Орта Азия) республикаларының мемлекет басшылары теңдей құқыққа ие болу шартымен ТМД-ның мүшелiгiне кiру жөнiнде шешiм қабылдаған. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Одағы секiлдi Орта Азия Одағын құру туралы ұсыныс жасаған. Назарбаев Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып тұрғанда, 1990 жылы 23 шiлдеде Түркiстан (Орта Азия) республикаларының мемлекет басшыларын Алматыға шақырды. Бұл бас қосуға Өзбекстаннан Каримов, Түркiменстаннан Ниязов, Тәжiкстаннан Макхамов және Қырғызстаннан Масалиев қатысып, мәжiлiсте мәдени, ғылыми және аймақтық мәселелер қаралды. Түркiстан (Орта Азия) республикаларының мемлекет басшылары 1992 жылдың сәуiр айында Бiшкек қаласында өткен басқосуда Орта Азия Одағын құру туралы мәселеге тағы да тоқталып өттi. Төрт Түркiстан (Орта Азия) республикаларының (Тәжiкстаннан басқа) мемлекет басшылары арасында өткен кездесулерде, ТМД-ның құрамынан шығу және Түркiстанның (Орта Азия) қайтадан құрылуына қатысты саясаттарды айқындау мәселелерi қаралды. 1993 жылдың қаңтар айында Ташкент қаласында өткен басқосуда маңызды шешiмдер қабылданып, ортақ Орта Азия нарығы құрылды. Европа Одағын үлгi тұтқан мемлекет басшылары, 1) елдер арасында тауар айналымын еркiн жүргiзу; 2) импорттық заттардан алынатын салықтарды стандарттау; 3) кеден және салық тарифтерiн алып тастау; 4) ортақ валюта бiрлiгiне өту мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдады. Бұл жерде Түркiменстанның бейтарап саясат ұстануы және Тәжiкстанның Ресейдiң итермелеуiмен iшкi соғысқа кiруi, 1994 жылы қаңтар айында Қазақстан мен Өзбекстан басшыларын екi түрлi шешiм қабылдауға мәжбүрледi. 1994 жылы 30-сәуiрде Өзбек-Қазақ ынтымақтастығына Қырғызстан да қатысып, бұл келiсiмдерге сәйкес кедендiк бақылау орындарын алып тастау, ортақ экономикалық кеңiстiк құру және әрбiр үш елдiң азаматтарының шекарадан еркiн өтуi жөнiнде шешiм қабылданды.

Түркiстан (Орта Азия) республикала­ры­ мемлекет басшыларының маңызды бас­қо­су­ла­ры­ның бiрi 1998 жылы наурыз айында тағы да Таш­кентте өттi. Бұл басқосуда Қырғызстан, Өз­бекстан және Қазақстан арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастыққа Тәжiкстан да қо­сылды. Сондай-ақ бұл ынтымақтастыққа Түр­кiменстанның да қалаған уақытта кiруi қуа­ныш­пен қабылданатындығы айтылды. Соны­мен қатар аймақтық экономикалық ин­теграцияны жылдамдату үшiн Түркiстан (Орта Азия) республикаларының ұлттық заң­на­маларын бiр-бiрiне жанастыру (жақындату) ба­ғытында жұмыстар жүргiзу жөнiнде шешiм қа­былданды.

Осы келiсiмдерге қарамастан, аталмыш­ мә­селелердi жүзеге асыруда көптеген қиын­дық­тар туындауда. Атап айтқанда жұмыс күшi мен тауар айналымының еркiн жүргiзiлуi мәселесiнде айтарлықтай кедергiлер туындап отыр. Бұл жағдай Түркiстан (Орта Азия) кәсiпкерлерi арасындағы сауда қатынасына керi ықпалын тигiзуде.

Түркiстан (Орта Азия) республикаларын­да аймақтық сауда қатынасының дамуына­ кедергi болып отырған тағы бiр жағдай Ке­ңес­тiк кезеңнен қалған тасымалдау жүйесi болып табылады. Кеңестiк жүйе бойынша бұл республикалардың тас жол, темiр жол және әуе жолы қатынастары Мәскеу арқылы өтетiн болған. Өкiнiшке қарай, Түркiстан (Орта Азия) республикалары әлi бiр-бiрiмен еркiн қатынас жасайтын автомобиль және темiр жолдарын салған жоқ.

«Жаңа үлкен ойын» және Орталық Азия елдерiнiң Одағы

Қазiргi жағдайда аймақтық күштер де, жа­һандық күштер де өз мүдделерi тұр­ғы­сы­нан Түркiстан (Орта Азия) аймағын ес­ке­русiз қалдыра алмайды. Сол себептен бұл аймақтағы өзгерiстер мен дамулар айрықша маңызға ие болып, аймақтық және жаһандық күштер бастаған бүкiл әлемнiң назарын өзiне аударып отыр. Бұл жағдайды кейбiр жазушылар «жаңа үлкен ойын» деп бағалауда. Бұл ойынға қырғи-қабақ соғыс кезеңiнiң көшбасшысы саналатын АҚШ-тан бөлек Ресей, Қытай, Еуропа Одағы, Түркия, Иран, Жапония, Үндiстан, Пәкiстан, Сауд Арабия­сы және Израиль сияқты аймақтық және жаһандық күштер де қатысуда. Бұл елдердiң ортақ мақсаты – Еуразияны қайта құруда жетекшi рөлдi иемдену және осы аймақтағы ре­сурстарды өндiру мен сатудан елеулi үлес алу. Осы мақсатта жаңа саяси қадамдар жасалып, жаңа серiктестiктер мен ұйымдар құ­рылуда. Мысалы Түркия мәдени және этникалық қатынастарына сүйене отырып, бұл аймақпен қарым-қатынасын нығайтуға тырысып жатса, Иран, Ресей және Қытай географиялық, экономикалық және саяси басымдылықтарын пайдалануда. (Bal, 2004, 609)

Алпауыт мемлекеттердiң Түркiстан ай­ма­-ғ­ына ықпал ету жолындағы бақталастығын ай­мақ­тағы елдер де мұқият бақылауда. Мәселен 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына жолдауында осы мәселеге тоқталып өткен Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев Еуропа Одағы секiлдi Орта Азия мемлекеттерiнiң одағын құру жөнiндегi ұсынысын тағы да қайталай отырып, былай дедi:

«Бiздiң алдымызда екi таңдау тұр: бiрi – әлемдiк экономиканың мәңгiлiк шикiзаттық шылауы болып қалу, екiншiсi – тағы бiр империяның келуiн күту немесе Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау.

Мен осының соңғысын ұсынамын. Бұдан былайғы интеграциялануымыз – біздің өңіріміздің тұрақтылығына, прог­рес­ке, экономикалық және әскери-саяси тәу­елсіздікке апаратын жол. Тек осындай жағдайда ғана біздің өңірді әлем құр­меттейтін болады. Тек сонда ғана біз қау­іпсіздікті қамтамасыз етіп, лаңкестік пен­ экстремизмге қарсы пәрменді күрес жүр­гізетін боламыз. Мұндай бірлестік, сайып келгенде, біздің өңірде өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың мүдделеріне толық сай келеді.

…Біздің экономикалық мүдделеріміз де,­ мәдени-тарихи тамырымыз да, ті­лі­міз, дініміз де, экологиялық проблема­ла­рымыз да, керек десеңіз сыртқы қа­терлеріміз де ортақ. Еуропалық Одақ­тың сәулетшілерінің өздері де осындай ал­ғышарттарды армандаған да болар. Біз тығыз экономикалық интеграцияға көшуіміз және ортақ нарық пен ортақ валютаға қарай ілгерілеуіміз керек.

Біз осылай жасағанда ғана өзіміздің әрқашан бірге болуымызды аңсаған арғы ұлы бабаларымызға лайық бола аламыз. Алайда алдымен патшалық им­перия, кейіннен сталиндік ұлттық сая­сат осы бірліктен қорқып, өңірді әкім­шіл-ұлттық аумақтарға бөлшектеп тас­таған еді. Ол кезде «Бөліп ал да, би­лей бер» деген саясат үстемдік етті. Қазір бізге келешек ұрпақтарымыз үшін өңіріміздегі теңқұқылы халықтар жү­руге тиіс жаңа жолды нұсқайтын сәт туды».

ТҮРКІСТАН (ОРТА АЗИЯ) ОДАҒЫНЫҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН КЕДЕРГІЛЕР

Түркістан (Орта Азия) республикалары бүгін қандай салада болсын одақ (ынтымақтастық) құрып, бірігуі керек. Ынтымақтастықтың беретін басымдылықтарын (артықшылық) аймақ азаматтарының сезінуі, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай және Зәки Валиди Тоғанның 1920 жылдардағы Түркістан одағын құру туралы ұсынысын жеңілдете түседі. Бірақ халықаралық мүдделілік тұрғысынан мұндай одақ кейбір мемлекеттерге ұнамайды. Сол себептен одақтың құрылуына кедергі келтіретін көптеген қысымдар жасайды. Мысалға мұндай одақтың құрылуын түрікшілдік әрекет деп тану қысым жасаудың бір тәсілі болып табылады.

Өйткені Шығыс және Батыс Герма­ния­ның немесе Оңтүстік және Солтүстік Йеменнің бірігуін (қосылуын), Еуропа Одағының, NAFTA-ның (Солтүстік америкалық еркін сауда аймағы) құрылуын қалыпты жағдай деп қарап, ал түрік халықтарының одақ құруы қалыпты жағдай ретінде қабылданбауда.

Мұндай одақ Ресейдің бұл­­­ республикаларға ықпалын азайт­атын­дық­тан,­ қарсылық пен қысым алдымен Ресей тарапынан жасалады.

Түркістан (Орта Азия) Одағының құ­ры­­луына кедергі болатын саясаттар қызу жүр­гізілуде. Әсіресе, жүздеген жылдар­ бойы бірге өмір сүріп келе жатқан, тілдері парсы тілі болғанымен аймақтағы елдерден ешқандай айырмашылығы жоқ тәжіктер, Түркістан (Орта Азия) Одағы құрылған жағдайда ұлттық болмыстарын жоғалтатындықтары жайлы пікірді алға тартуда. Дәл осындай пікірлер мен үгіт-насихаттар қырғыздар мен түркімендерге де жүргізілуде. Түркістан (Орта Азия) Одағының құрылуымен қырғыз және түркімендердің өзбектер мен қазақтардың ықпалы астында қалатындығын алға тартуда. Әсіресе бұл одақтың құрылуына кедергі келтіру мақсатында түркімендерге жүргізіліп жатқан үгіт-насихаттардың бірі жақында Орта Азияның Кувейтіне айналатын Түркіменстан, егер бұл одақтың құрамына кіретін болса, өзінің байлықтарын өзге елдермен бөліседі деген пікірге негізделеді. Өкінішке қарай, мұндай үгіт-насихаттар кей-кейде өзінің ықпалын тигізуде. Бүгінгі күнде Түркіменстан аймақтық ынтымақтастық келісімдерінің көпшілігіне қатыспауда.

Бұл одақтың алдында тұрған ең үлкен кедергілердің бірі Түркістан (Орта Азия) республикалары басшыларының сезімталдық әрекеттері болып табылады. Себебі, республикалар арасындағы болмашы ғана келіспеушіліктер шекаралардың жабылуына немесе бір-біріне қажет ресурстардың тоқтауына не болмаса шектеу қойылуына әкеліп соғуда. Мысалға 1994 жылы баға келіспеушілігінің себебінен Өзбекстан Қырғызстанға газ сатуын тоқтатты, ал бұған қарама-қарсы Қырғызстан да Өзбекстаннан өтетін өзендердің суын су қоймаларына шамадан тыс артық жинап, Өзбекстанда су проблемасын тудырды.

Қазақша нұсқалаған

Құлбек ЕРГӨБЕК

Салих Айнурал, доктор, профессор. Гебзе жоғары технология институты, Түркі әлемі ғылыми және технология ынтымақтастық орталығының төрағасы А.Каййум Кесийжи, доцент м.а., Гебзе жоғары технология институты