АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДЕГI АРБАСУ

АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДЕГI АРБАСУ

АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДЕГI АРБАСУ
ашық дереккөзі

Осыдан жиырма жыл бұрын Алматыда қазақ мектептерiнде 8 мыңдай ғана бала оқыса, бүгiнгi таңда олардың саны 70 мыңнан асқан. Бiлiм және ғылым министрлiгi де қазақ балаларының 85 пайызы қазақ мектебiнде бiлiм алатындығын айтады. Тәубе дейiк, баласының тiлiн қазақ тiлiнде шығарып, қазақ тiлiнде түс көруге тәрбиелеп жатқан қазақы отбасылар жылдан жылға көбейiп келедi. Сондықтан да қалада таза мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мектептерге деген сұраныстың артуы да заңдылық.

Алматы қаласының Бiлiм басқармасының бастығы Рахат Шимашева газетiмiзге берген сұхбатында («Алматы ғылым, бiлiм орталығы болып қала бередi», «Түркiстан», №45, 10 қараша, 2011 ж.) ата-аналар тарапынан қазақ мектептерiн ашуға байланысты талап-тiлектердiң көптiгiне екпiн түсiрген болатын. Ол: «Бiз ата-анадан түскен өтiнiшке қарай, жаңа оқу жылындағы бала санына байланысты қазақ мектебi қанша, орыс мектебi қанша болу керектiгiн қарастырамыз. Ал қазақ мектептерiндегi бала саны күрт өсiп жатыр. Әсiресе Әуезов пен Алатау ауданында бала саны өте көп. №176 мектептiң өзi 1200 балаға арналса, қазiр онда 1940 оқушы бiлiм алуда. 640 орынға арналған №157 мектепте 1,5 мыңға жуық оқушы отыр. №123 мектеп 1200 орындыққа лайықталса, мұнда қазiр 2 мыңнан аса бала бар. Басқа ауданның қазақ мектептерiнде де бала саны өте көп. Осыған орай бiртiндеп қазақ тiлiнде оқытатын мектептерде жетiспейтiн оқушы орнын азайту мақсатында аудандық оқу бөлiмдерiне тапсырма берiп, орыс мектептерiнде қазақ сыныптарын ашу, ал аралас мектептi таза қазақ тiлiне көшiру мәселесi қойылды. Яғни 2010-2011 оқу жылында 13 орыс мектебiнде 1-шi қазақ сыныптарын аштық. Бүгiнгi күнi қалада 50 қазақ, 63 орыс мектебi бар» деп жауап бергенде, әлi де болса орыс мектептерiнiң басым екендiгiне көз жеткiзiп едiк. Бiлiм басқармасының бастығы сондай-ақ соңғы бес жылда қазақ тiлiнде оқитын оқушылар саны 9443-ке артқанын, ал орыс тiлiнде оқитын оқушылардың 13714-ке кемiгенiн айта келе, 2010 жылмен салыстырғанда орыс тiлiнде оқитын бала саны 1 мыңға азайып, керiсiнше қазақ мектебiндегi бала саны 2 мыңға көбейгенiн тәптiштеп айтып берген-дi. Демек, бұдан қазақ тiлiне деген сұраныстың едәуiр артқанын аңғарамыз.

Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты №13 мектеп-гимназиясының да қазақ мектебiне айналады делiнiп жүргенiне аз болған жоқ. Осы мектептiң мұғалiмдерi де бұған дейiн «2010-2011 оқу жылында 10-сыныбында орыс сыныбы жоқ. Алла бұйырса, жаңа оқу жылынан бастап таза қазақ мектебi болатын түрiмiз бар. Сол үшiн қазақтiлдi сыныптарға бала жинап жатырмыз» деген жүрекжарды қуанышымен бөлiскен едi. Ал қашан да қазақ тiлiне қарсы қиқудың басында жүретiн «Время» газетi орыстiлдi ата-аналар шағымын сылтауратып, аталмыш мектептiң биылдан бастап орыс сыныптарына 1-сынып оқушыларын қабылдамайтындығын және бұл арқылы мектептi қазақтiлдi жасайын деп жатқандығы туралы мақала жариялады. Жанға батқан жерi – қазақ тiлiне қазақтың өзi қарсы болып тұр. Әсiресе ата-ана Әсел Байымбетованың «мектеп орыс тiлiндегi оқулықтарға тапсырыс берген жоқ. Бiрақ мектептiң қазақ тiлiнде бiлiм беру жүйесiне көшетiндiгi туралы ешқандай ресми бұйрықты естiмедiк. Алайда ата-аналарға «басқа мектепке барыңдар!» деп тiкелей айтып жатыр. Демек бұл директордың бастамасы. Мен қазақпын, бiрақ менiң балаларым орыс тiлiнде сөйлейдi, сондықтан да оларды орыстiлдi мектепте оқытуға тиiспiн» деп кеуде соғуы талайлардың шамына тиген. Сорақысы сол, «баламды орыс тiлiнде бiлiм беретiн 1-сыныпқа қабылдамай жатыр» деп даурыққан ата-аналардан сескенген мектеп директоры: «Жаңа Әуезов ауданындағы басшылармен сөйлестiм, бұл мәселе әлi шешiлген жоқ. Балаларды 1-сыныпқа қабылдау маусым айынан басталады. Оған дейiн құжаттарыңызды жинай берiңiздер. Бiрақ та басшылық бiрiншi және оныншы сыныпқа оқушыларды әзiрге қабылдамау туралы айтқан. Ал қолыма мектептi қазақ тiлiне көшiру туралы ресми құжат түссе, оны да көрсетермiн» дептi ақталып. Ал ата-аналар болса: «Бұл шағын аудандағы жалғыз мектеп. Мектеп әу баста орыс, содан кейiн аралас мектеп болды. Ал ендi бiздiң баламыз басқа мектепке оқуға мәжбүр болуда», – деп дүрсе қоя берiптi. Өкiнiштiсi сол, орыстiлдi ата-аналар өре түрегелген бетте мектеп директоры бұл мәселенi Бiлiм басқармасының жиналысында көтеретiндiгiн айтып, артынша «орыс сыныптарының 1-сыныбына оқушы қабылдау оң нәтижесiн тапты, алаңдайтын ештеңе жоқ» деп жауап берсе, Бiлiм басқармасының бастығы Р.Шимашева: «Қазiр шын мәнiнде №13 мектеп-гимназия­сын бiртiндеп қазақ мектебiне айналдыру мәселесi қарастырылуда. Ал мектептiң орыс тiлiнде бiлiм беретiн бастауыш сыныптарына оқушы қабылдау жәйi мамыр айына дейiн шешiледi», – дептi.

Сонда аралас мектептi қазақ мектебiне айналдыру мәселесi тағы да жылы жабылып қала ма? Неге бiз басқа ұлт өкiлдерiнiң пiкiрiне ғана құлақ асуымыз керек? Олардың конституциялық құқы бұзылмасын деп бе-зек қағамыз, ал қазақ сыныптарына сыймай жатқан қаракөздер қайтпек? Ал артынып-тартынып пәленбай шақырым жердегi қазақ мектебiнде бiлiм алып жүрген қазақ балаларының құқын неге ойламаймыз? Қазақ балаларында ешқандай құқық жоқ па?!

Әлбетте, орыстiлдi басылымдардың бi­ра­зы орыс тiлiн қару етiп қазаққа қарсы қолдануды әдетке айналдырып алған. Сайттарында қоғамдық пiкiр тудырып, у-шу шығаруға әуес. Мұндағы пiкiрлердiң өзi әр түрлi ойдан хабар бередi. Мәселен интернет сайтында бiр пiкiр бiлдiрушi: «Орыстiлдi мектептерде бiлiм беру сапалы екенiн бәрi бiледi. Сол себептен де көптеген қалалық қазақтар баласын орыстiлдi мектепке бередi» деп көлгiрсидi. Ал нағыз шындықтан бейхабар жұрт бұған имандай сенiп қалатыны да аян. Ал былтыр Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов мырза өзiнiң есебiнде дәл осылай ойлайтындардың аузын мына көрсеткiштер арқылы жапқан болатын. «Қазақ тiлiнде бiлiм беру сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да жетiлiп келедi. Биыл «Алтын белгi» алған түлектердiң 69,7 пайызы қазақ мектептерiн тәмамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделi орын алып, өз бiлiмдерiн әлемдiк бәсекеде таныта бiлгендердiң 73 пайызы – қазақ мектебiнiң оқушылары. Биылғы Ұлттық бiрыңғай тестiлеу бойынша орташа көрсеткiш – 87 балл болды. Қазақтiлдi шәкiрттердiң орташа көрсеткiшi орыс мектептерiне қарағанда екi баллға жоғары болды. Тiптi Алматыдағы 53 жоғары оқу орнындағы 186 мыңнан астам студенттiң жартысынан астамы ана тiлiмiзде оқиды. Демек «Қазақ мектептерiнiң бiлiм деңгейi төмен» деген бiр кездерi қалыптасқан қағиданың бүгiнгi таңда түбiрiнен өзгергенiн көруге болады», – дедi. Бұдан кейiн қазақ мектептерiнiң сапасы, қазақ балаларының бiлiмi нашар деп айтуға ауыз бармайды!

Бiз №13 мектеп-гимназиясының директорына хабарласып, өз тарапымыздан қолдау бiлдiргiмiз келген. Әуелгiде алғысын бiлдiрiп, мәселенiң мән-жайын ашып айтып беруге келiсiп едi, алайда орыстiлдi басылым мен орыстiлдi ата-аналардың ауызша ұсынысынан кейiн екiұшты ой түйген мектеп директоры «Қазiр ғана Прокуратурадан келе жатырмын. Бұл мәселенi жазбай-ақ қойыңыздаршы. Ештеңе де керек емес», – деп бастапқы пiкiрiн өзгертiп үлгерiптi. Бiздiң ойымызша мектеп директоры Нұржамал Дүйсенбекова алған бетiнен қайтып қалғанға ұқсайды. Әйтпесе бұл мәселенi бүкiл қазақтiлдi ақпарат құралдары бiрiгiп көтерсе, шулап жүрген аз ғана топ ойланар едi. Бiрақ бiз солардан имене беремiз, имене беремiз.

Грузия: «Орыс тiлiнiң керегi жоқ!»

Бiз аралас мектептердi таза қазақ тiлiне көшiруге келгенде тартыншақтап, бәзбiреулердiң ығына жығылып жүргенде, Грузия мемлекетi сөзден iске көшкенi мәлiм. Биыл тау елiнде қыркүйектен бастап орта бiлiм беретiн мектептерде орыс тiлiнде бiлiм беру жүйесi жойылуы мүмкiн.

Жергiлiктi ақпарат құралдарының айтуынша, Бiлiм және ағарту министрлiгi қазiрдiң өзiнде мектеп директорларына орыс сыныптарына оқушы қабылдауды қысқарту туралы ауызша бұйрық берiп үлгерген көрiнедi.

Айта кетерлiгi сол, Грузия билiгi бұл iстi ың-шыңсыз ғана қолға алған. Егер жергiлiктi орыс ұлтының өкiлдерi қандай да бiр уәж айтатын болса, олар «Бұл көпшiлiктiң тiлегi. Кез келген ата-ана баласының мемлекеттiк тiлде бiлiм алғанын қалайды» дегендi айтудан тайынбайды. Тiптi Грузияның Бiлiм және ағарту министрлiгi заңға сәйкес, қандай тiлде бiлiм берудi мектептiң өзi шешедi, ал министрлiк оларға бұйрық беруге қақысы жоқ екендiгiн де баса айтуда. Әңгiме бiлiм беру жүйесi орыс тiлiнде жүргiзiлетiн мемлекеттiк бiлiм ұялары туралы болып отыр. Қазiргi кезде Тбилисиде мұндай мектептер екеу-ақ болса, ал орыс ұлтының өкiлдерi мен орыстiлдiлер көп тұратын Батумиде үш мектеп бар. Ал осыдан төрт жыл бұрын Грузияда тек орыс тiлiнде бiлiм беретiн 40 мектеп болған. Көрдiңiз бе?! Небәрi төрт жылдың iшiнде 40 мектептiң 35-iн ұлттық мектепке айналдырудың өзi нағыз табандылық емес пе?! Кейбiр үкiметтiк емес ұйымдарының пiкiрiнше, Грузияның орыс мектептерiн жабуға Ресей Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Мәскеуден тым болмаса грузин тiлiнде бiлiм беретiн бiр мектептiң ашпауы түрткi болыпты-мыс. «Өйткенi Грузиядағы орыстар секiлдi Мәскеуде де этникалық грузиндер тұрады. Бiрақ та Ресейдiң астанасында грузин тiлiнде оқытатын бiрде бiр мектеп жоқ. Кейбiр мектепте грузин тiлi тек жеке пән ретiнде ғана оқытылады», – дейдi.

Әрине, бiздегiдей жергiлiктi мемлекеттiң саясатына, тiлiне қарсы шығатындар Грузияда да жетiп артылады. Бiрақ олар мұндайға «Ит үредi, керуен көшедi» деген ұғыммен қарайтын сияқты. Мәселен сарапшылар Грузияның бұл қадамының дұрыс емес екендiгiн айтып, жанталаса әрекет етуде. Тiлтанушы ғалым Каха Габуния: «Егер Ресей еуропалық ұйымдарға шағым түсiрсе, еуропалық нормаға сәйкес, адамның құқы мен мүмкiндiгiне қол сұғуға болмайды. Бiз қанша жерден Ресейдегi грузин ұлтының грузин тiлiнде оқуға құқы жоқ десек те, еуропалық ұйымдар бұған «Ресейдегi грузиндердiң туған тiлiнде бiлiм алуына ешқашан құқы болған емес» деп жауап беруi мүмкiн, ал Грузиядағы орыстарға келсек, олар әрқашан да, тiптi күнi бүгiнге дейiн де орыс тiлiнде бiлiм алу мүмкiндiгiне ие болып келедi», – дептi.

Грузияда да Кеңес кезiнде балаларын орыс мектептерiне беру сән болған. Ал қазiр мұнда орыс мектептерiне деген сұраныс күрт төмендеп кеткен. Жергiлiктi халық елде мемлекеттiк тiл – грузин тiлi екенiн, оны бiлмесең жұмысқа орналасу мүмкiн еместiгiн санасына мейлiнше сiңiрген. Ал орыс мектептерiнiң қысқаруы былтырдан бас­тап шетелден келген 1 мың 500 ағылшын тiлi оқытушысының жұмыс iстеуiне жол ашты. Шетелдiк педагогтар «Оқы және Грузиямен бiрге оқы» бағдарламасы аясында ағылшын тiлiн 1-сыныптан бастап оқытуға кiрiсiп кеттi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ