ПОРТУГАЛИЯ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛІ

ПОРТУГАЛИЯ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛІ

ПОРТУГАЛИЯ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛІ
ашық дереккөзі

Қазақстан мен Португалия арасындағы экономикалық қарым-қатынас шеңберiнде атқарылатын шаруа көп. Осы орайда жуырда португалиялық кәсiпкерлер Қазақстанға арнайы iссапармен келмек.

Отандық экономиканы дербес­тендіруге мүдделі Қазақ билігі көп­векторлы сыртқы саясатты тиімді жүргізе отырып, әлем елдерімен экономикалық байланыстарды да­мытуды көздейді. Осы орайда өткізілген Лиссабондағы қа­зақстандық-португалиялық сырт­қысаясатаралық кеңесте ҚР Сырт­қы істер министрінің орынбасары Алексей Волков басқарған қазақстандық делегация іскерлік танытып екіжақты экономикалық, мәдени-гуманитарлық және сая­си қарым-қатынасты дамыту, сонымен қатар халықаралық ұйым шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқы­ланды. Қазақстандық делегация келіссөздер барысында EXPO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізуге байланысты ұсыныста еліміздің кандидатурасын қолдау мәселесіне баса көңіл аударды.

Кездесуде сонымен қатар Пор­тугалияның сыртқы істер министрі Паулу Порташтың Қазақ­станға ресми жұмыс сапарының дайындығы да сөз болды. Португалия Ішкі саясат бойынша СІМ-нің бас директоры Руи Мачейр Қазақстанның ішкі саяси бастамалары туралы оң пікірін білдіре келіп, Қазақстан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Португалықтар әлемдік саяси сахнадағы кез келген мәселеде елімізді әрқашан қолдауға дайын екендігін білдіре келе, екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа мүдделілік танытты.Қазақстандық делегация ресми кездесу барысында португал тіліне аударылған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауын таратты. Сыртқысаясатаралық кеңес шеңберінде Португалиядағы ҚР-ның төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов португалдық компаниялармен бірқатар кездесу өткізіп, Қазақстанға жасалатын бизнес-делегация сапарының дайындығына байланысты мәселелерді талқылады.

Еуропаның батысында орна­ласқан Португалия – индус­триалдық-аграрлық мемлекет. Халқының саны – 10,6 млн. адам (2007 жылғы дерек). Португалия – тек португал тілі ғана ресми мемлекеттік тіл саналатын жалғыз мемлекет. Португал тілінде Жер шарының 3 құрлығы: Еуразия, Африка мен Оңтүстік Американың 200 млн.-нан астам тұрғыны сөйлейді. Мұнда ең мықты дамыған салалар – тігін өнеркәсібі (мақта және жүн), шарап жасау, зәйтүн майын өндіру, балық консервілері т.б. Қара және түрлі-түсті металлургия, машина құрылысы, химия, мұнай өңдеу, шыны-керамикалық өндірісі де экономиканың басты салалары қатарында. Ауыл шаруашылығында жеміс-жидектер мен зәйтүн ағашы көптеп отырғызылып, шарап өнер­кәсібіне ден қойылған. Португалияда шығарылатын шараптар Еуропалық Қауымдастыққа мүше елдерге тасымалданады. Негізі мұнда орман шаруашылығының рөлі күшті. Өйткені территориясының бестен бірі бөлігі – орман алқабы. Оның 50 пайыздан астамы емен ағаштарының үлесінде. Ал мал ша­руашылығында ірі қара, қой және шошқа шаруашылығын кеңейту қолға алынған. Балық шаруашылығы да ел экспортының қомақты бөлігін қамтиды. Сонымен қатар Португалия­да туризм саласы жақсы дамыған. Негізі бұл елге еуропалықтар ғана емес, Жер шарының түкпір-түкпірінен ағылатын шетелдік қонақтар құ­мар. Ресми деректерге сүйенсек, португалиялықтар жеріне жыл сайын 10 млн.-ға жуық турист келеді екен. Табиғаты әсем, жағажайлар мен ұлттық бақтарға бай Португалияда сарайлар, ғибадатханалар, шіркеулер мен басқа да тарихи ескерткіштер көп. Көптеген сәулет пен тарихи құндылықтар UNESCO тарапынан әлемдік мұралар тізіміне енгізілген.1990 жылдан бастап, ел Конституциясына енгізілген өзгерістерге байланысты жекешелендіру туралы заң қабылданып, елдегі мемлекеттік үлесі басым ком­пания­лар мен кәсіпорындар жеке­меншікке өтті. Осыған орай, мемлекеттің экономикадағы рет­теушілік рөлі бәсеңдеді. Бұл Пор­тугалия азаматтарының отандық кәсіпорындарға инвестиция салуына және қаржы нарығының дамуына жағдай жасады. Бүгін­де португалиялықтардан Қазақстан­ның үйренері көп. Өйткені экономи­калық саясаты экономиканы дербес­тендіруге, модернизациялауға бағытталған бұл елдің қол жеткізген жетістігі көп. Мәселен салық реформасынан кейін салықтық-бюджеттік сала мем­ле­кеттік кіріс көлемін арттырып, бюджеттік тапшылықты ЖІӨ-нің 5 пайызынан (1996 ж.) 2,4 пайызға (2003 ж.) дейін қысқартты. Ақша-несие саласында бюджеттік-қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қа­тысты шаралар жүзеге асырылып, бюджеттік кіріс 45 млрд. долларға жетті. Аталған мерзім ішінде инфляция деңгейі 7,8 пайыздан 3,1 пайызға төмендеді. 2007 жылғы әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс Португалияға да кері әсер еткені белгілі. Былтыр Еуропалық Одақ, Еуропалық Орталық Банк пен Халықаралық Қаржы Ұйымына көп көлемде көмек алды.

Нұрахмет ҚУАТ