ЕУРОПА ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУҒА ҚАУҚАРСЫЗ

ЕУРОПА ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУҒА ҚАУҚАРСЫЗ

ЕУРОПА ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУҒА ҚАУҚАРСЫЗ
ашық дереккөзі

Бес жылға созылған дағдарыстан кiм не ұтты? Әлемдi әбiгерге салған қаржылық тапшылық, қарыздық дағдарыс ел экономикасына қалай әсер етпек? Күнi кеше ғана банкрот «ауылының» есiгiн бiр қағып қайтқан қазақстандық кейбiр iрi банктердiң бүгiнгi ахуалы қандай? Мемлекет көмегiнiң арқасында аман қалған олар қаржылық жүйенiң тұрақтылығына керi әсер етпедi ме? Жақын келешекте несие құны арзандай ма? Экономика мен банк саласына қатысты саналуан сұраққа жауап беретiн – kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе мырза.

– Михаил, бюджеттік және қарыздық дағдарыс бүгінде еуроаймақ шеңберінен шығып кетті. Енді бүкіл Еуропалық Одақ дағдарыспен күресуге мәжбүр. Қазақстандық банктерге қазіргі қаржылық, қарыздық қиындықтар қалай әсер етуде?

– Еуропалық нарықтың қазіргі ахуалы мүшкіл. Бұл тез арада шешімін табуы тиіс проблема. Әрқашан «көрпеңе қарай көсіліп», шығындарың мен қиындықтарыңды дер кезінде шешіп алған дұрыс. Қазақстан экономикасына келсек, жағдай сәл басқаша. Сыртқы қарыз көлемі аса көп емес. Кейбір банктер шеттен алған борышын қайта құрылымдап, қарыздан құтылды. Осыған орай банк саласы тұрақты әрі әлемдік нарықтағы мұнай бағасы жоғары. Бүгінде Қазақстандағы жағдай анағұрлым тұрақты да жақсы. Еліміздегі дамуды, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыратын бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске қосылған, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары қалыптасуда.

– Бүкіл әлем дағдарыстармен күресуге кенде емес. Бірақ жағдай ушыққан үстіне ушығып барады. Сіздіңше, мұның себебі неде?

– Біріншіден, «ушыққан үстіне ушығып барады» немесе тәуекелдер деңгейі жоғарылап барады деген сөздер Еуропаға қатысты айтылуы тиіс. Кәрі құрлыққа тән басты қиындық – Греция проблеманы ауыздықтай алмай отыр. Кез келген топ-менеджерден сұрасаңыз, «шығындарды шектеп, жолды жалғастыра беру керек» деген кеңес береді.

– Сонда бар кінәрат Грецияда болғаны ма? Шығындар мәселесінде мүдделілік танытылмай отыр ғой?

– Ең негізгісі, саяси мүдделер көп. Біресе қаржылық, енді бірде сайлаулар сияқты саяси мәселелер киіп кетеді де, шығындарды шектеу жағы назардан тыс қалады. Шешімдердің көпшілігі «бір немесе екі айдан кейін экономикалық ахуал қалай болады?» деген тақырып тұрғысынан шешілмейді. Керісінше, қайта-қайта кейінге шегеріле береді. Еуропалық Одақ өкінішке қарай, қатаң шаралар қабылдауда солқылдақтық танытады. Осының салдарынан мәселе күн тәртібіне шығарылып, тез арада шешілудің орнына үнемі кейінге қалдырыла береді. Есіңізде ме, дағдарыстың алдыңғы жылдары үкімет тарапынан қабылданған шаралар өте қатаң болған еді ғой? Оған қоса Ұлттық валюта 25 пайызға дейін құнсыздандырылды. Иә, бұл бәріне де, барлығына да ықпал етті. Бірақ олар экономиканы тұрақтандыруға қажетті шаралар еді. Қайта-қайта әбігерге түсіп жүргенше бір-ақ рет жасаған дұрыс. Екіншісі, екінші деңгейлі банктерді қайтақұрылымдау мәселесі. Мемлекет тарапынан банктерді қайтақұрылымдауға жұмсалған орасан зор көлемдегі қаражат Қазақстан аумағында қалды, шетке шыққан жоқ. – Дағдарыс сіздің банкіңізге қалай әсер етті? Клиенттер арасында қарыздарын төлей алмай қиналғандары бар ма?

– Егер маған салса, дағдарыс атаулы мүлде болмағанын қалар едім. Өйткені клиент борышын өтей алмай қиналатын әрбір сәт – жағымсыз әрі өте қиын жағдай. Әрі жекелей алып, қайта қарауды талап ететін нәрсе. Дағдарыс болмаса кез келген банкте қазіргіден әлдеқайда аз кездесері анық. Ал басқа қырынан алып қарасақ, дағдарыс дегеніміз – қосымша мүмкіндіктер. Мәселен біздің банк көптеген әрекетті ережелерге қарсы істеуге тырысады. Атап айтқанда, қызметкерлерді жұмыстан қысқартудың орнына қосымша жұмыс күштерін алдық, бөлімшелерді жабудың орнына жаңаларын ашуға ден қойдық. Өзімізге тиесілі брендті инвестициялауды тоқтата тұрудың орнына үздіксіз жаңартып, жаңғыртып отырдық. Қызмет көрсету сапасын одан сайын жақсартып, жаңа өнімдер ұсындық. Осының нәтижесінде клиенттеріміздің бізге деген ықыласы өсті. Демек, дағдарысты жаңаша екпін беретін қосымша мүмкіндік ретінде қарастыруға болады. – Банктің несиелік қоржынының құрылымы қандай?

– Өте қарапайым: заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар. Яғни, 55 пайызға жуығы жеке тұлғалар болса, қалған 45 пайыз заңды тұлғалар еншісінде.

– Бір жыл ішінде тұтынушылық несие көлемі қаншаға артты?

– Былтыр бұл көрсеткіш 50-60 пайызға дейін өсті.

– Басқа банктерге қарай ойыссақ, бәсекелестеріңіз де Сіз сияқты мақтана ала ма қазір? Мәселен, еліміздегі кейбір банктердің қаржылық ахуалы әлі күнге қиын жағдайда қалып отыр.

– Бұл қайта құрылымдаудан кейінгі кейбір кері ықпалдардан. Жағдай жүз пайызға жағымды болмайды ғой кейде. Греция үкіметі мен банктері қайта құрылымдауды осымен неше рет жасады. Алда әлі неше рет жасайтыны белгісіз. Яғни бұл жерде ешқандай күтпеген немесе тосын жайт жоқ. Әрі қиындықтар толығымен ауыздықталған, келеңсіздіктерге енді жол берілмейтініне сенімдімін. Қазақстандық банк жүйесіне келсек, тұрақтылық қамтамасыз етілген. Қаражат жеткілікті, банктердің несиелеу белсенділігі уақыт өткен сайын артып келеді. Бөлшек несие бағытындағы қызығушылық та кейінгі кездері өскен. Алда бәсеке көрігі қыза түседі деп болжап отырмыз. Бүгінде банктер де кешегі дағдарыстан сабақ алып, әр қадамды аңдап басуға бейімделген. Тәуекел мен мүмкіндіктің тепе-теңдігін сақтауға тырысады. Ал мемлекеттің қайтақұрылымдау ретінде бөлген қаржысы ішкі несиелік сұранысты қанағаттандыруға жұмсалуда. Демек бұл – Қазақстан экономикасында түбегейлі өзгеріс не тұрақсыздық орын алмайтындығының кепілі.

– ҚР Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін өзгертуі қазақстандық нарыққа ықпалы қалай болмақ? Несиелер бағасы арзандай ма?

– Қордағы қаражат құны уақыт өте келе сәл арзандайды. Ең бастысы, банктер несиелеуді жалғастырып, қаражаттарын тиімді пайдаланғандары абзал.

– Банктердің ұзақмерзімдік депозиттерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін салымшыларға арналған арнайы депозиттік сертификаттардың енгізілуіне қалай қарайсыз?

– Өз басым депозиттік базамен жұмыс істеуге көмектесетін кез келген тетікті қолдаймын. Бірақ бірінші кезекте клиенттерге негізделген өнімдерді ұсыну қажет. Осы себепті бұл сұрақты тек банктерге ғана емес, клиенттерге де жолдаған дұрыс. Ал сіз 20 жылдық мерзімге арналған депозиттік сертификатты алуға дайынсыз ба? Егер оған жауап бере алсаңыз, сертификатты алуға дайын болсаңыз, яғни сұраныс бар болса, тез арада оны дамыту керек. Егер сертификатты сатып алуға адамдар дайын болмаса, ағарту жұмыстары қолға алынуы тиіс.

– Кедендік Одақ отандық банк саласындағы бәсекелестікке қалай әсер етті?

– Банк саласы тұрғысынан алғанда, Кедендік одақ әзір әсер ете қойған жоқ. Келешекте Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткенде, Кедендік одақ шеңберіндегі ынтымақтастық артқанда, банк саласында бәсекелестік күшейеді. Бұл қарапайым халық үшін өте тиімді. Өйткені қызмет көрсету сапасы жақсарып, есесіне, банктердің қызмет құны арзандайды. Ал қазақстандық банктер өзгелермен иық теңестіру жолында біраз тер төгуге мәжбүр болады.

– Бүгінде компания, банктердің қаржылық қарым-қабілетін таразылайтын халықаралық рейтингтік агенттіктердің саясатына көңілі толмайтындар көбейді. Еуропалық Одақ өздерінің жеке агенттігін құрмақ. Бұл мәселеде Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Шынында да, халықаралық рейтингтік агенттіктердің кәсіби тұрғыда каншалықты дұрыс жұмыс істейтініне сенімсіздік танытатындар қатары өсіп келеді. Өйткені қаржылық дағдарыстарға себеп болған америкалық құнды қағаздар рейтингтік агенттіктер тарапынан бастапқыда ең жоғарғы көрсеткіш – «ААА»-ға бағаланған. Осының салдарынан адамдар өте үлкен шығынға ұшырап, өте көп ақшасынан айрылды. Енді қазір халықаралық рейтингтік агенттіктер мәселесі қайта қарастырылуда. Меніңше, мұның астарында да саяси сарын бар. Агенттіктердің үнемі қыспаққа алуы саясаткерлер мен ивесторларды запы еткендіктен, еуропалық шенеуніктер Еуропалық Одақтың рейтингтік агенттігін құру туралы бастаманы қолға алды.

– Есіңізде ме, дағдарыстың алғашқы жылдары аталған халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстан көрсеткішін де төмендеткен болатын…

– Ия. Енді қазір агенттіктер мәселесі күн тәртібіне шығарылып, жан-жақты талқыға салу көзделуде. Агенттіктердің ықпалы да қазір бәсеңдеген. Сірә, олар уақыт өте келе ұстанатын қағидаларын немесе қабілеттілікті саралайтын тәсілдерін өзгертетін шығар.

– Әлем елдерінің кіндігі бір-біріне байлаулы. Жақсылық та, жамандық та Жер шарына ортақ. Сіздіңше, әлемдік экономиканы кім құтқарады? Шынымен-ақ, Қытай ма?

– Қытайдың мүдделілік танытатын себебі, оның орасан зор көлемдегі қаражат қоры Еуропалық Одақ пен басқа да барлық мемлекеттерге салынған. Қытайда өндірілген өнімдерді негізінен АҚШ пен Батыс пайдаланады ғой. Яғни бір жағынан алғанда, инвестиция салуға қолайлы нысан, екінші жағынан, тұтынушылық сұраныс нысаны. Қытайдың әлемдік экономиканы құтқаруға мүдделі болуы да сондықтан.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ