АНДРИС БЕРЗИНЬШТІҢ ЕРЕКШЕ АЛҒЫСЫ

АНДРИС БЕРЗИНЬШТІҢ ЕРЕКШЕ АЛҒЫСЫ

АНДРИС БЕРЗИНЬШТІҢ ЕРЕКШЕ АЛҒЫСЫ
ашық дереккөзі

Латвияда өткiзiлген жалпыхалықтық референдум нәтижесiнде орыс тiлi Латвияда «екiншi мемлекеттiк тiл» мәртебесiн иеленуден қағылды. Орыс тiлiне қарсы дауыс берген халықтың басым бөлiгi латыш тiлiн сақтап, қорғау керек деген ұстанымда. Дәл осы қағида Қазақстандағы тiл мәселесiнде жаңсақ пiкiрде жүрген кей отандасқа, әсiресе «өз қағынан өзi жерiгендерге» сабақ болса игi.

Бүгінде орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары Латвиядағы референдумда бұрынғы КСРО азаматы болып табылатын 15 пайыз халықтың дауыс беру құқығынан айрылғанын, орыс тілінің тағдыры шешілген науқанда Ресейдің бақылаушылар қатарында болмағанын жарыса хабарлауда. Апта басында Ресейдің Сыртқы істер министрлігі «референдум барысында Латвия өзінің халықаралық міндеттерін өтемеді. Біз латвиялық биліктен түсіндірме жасауды талап еттік» деп мәлімдеді. Алайда жалпыхалықтық референдумды ұйымдастырушылар Латвиядағы орыстілді азшылықтың проблемасы жария түрде шешілгеніне сенімді. Ал Латвия президенті Андрис Берзиньш референдум соңында орыс тіліне қарсы дауыс берген отандастарына алғыс білдірді: «Мемлекеттік тіл мен Латвияны қорғап, дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Латыш тілі мен латыштарға тән ұлттық құндылықтар тек Латвияда ғана өмір сүреді. Латыш тілі осы елдің нағыз патриоттарын бір арнаға тоғыстырады».

Орыс тілін саяси арандатушылықтың құралына айналдыруға тырысқандар да болған. Мұны ашық айтқан латыштардың президенті: «Референдум барысында жағдайдың ширыққанына қарамастан салқынқандылық пен сабырлылық таныта білгендерге, арандатушылыққа ұрынбағандарға, өшпенділік өртіне елікпегендерге мың алғыс. Сонымен қатар біз референдуммен барлық шаруаның бітпейтінін түсінуіміз керек. Осы елде өмір сүргісі келетіндер өзара түсіністік пен сыйластықты негізге ала отырып, күдікшілдік пен секемденгіштікті, реніш пен өкпені қалай жоюға болатыны туралы пікір­таласты тез арада бастауымыз керек. Әйтпесе экстремистік көзқарастағы кейбір адамдар қоғамға іріткі салуы мүмкін. Мұндай келеңсіздік бұған дейін болған», – деді.«Орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілсін» деген сауалға дауыс берушілердің 24,88 пайызы «Иә» десе, 74,8 пайызы «Жоқ» деп қарсы шықты. Сонымен, көптен бері латыш қоғамында дау тудырып келген орыс тілінің мәсе­лесі ашық талқыға салынғанмен, көпшілік тарапынан қолдау таппады. Керісінше, латыштардың кейбірі «Бұл мәселені референдумға шығарудың өзі – намысқа тиетін нәрсе. Референдум өткізу – Ресейдің Латвияға саяси тұрғыда ықпал етуге тырысуының нәтижесі» деп наразылық танытты. Соңғы жылдары КСРО кезінде орасан зор ықпалға ие болған орыс тілі әлсіреп бара жатыр. Тілді ықпал ету құралы деп білетін Кремль қолдан келер қайранның бәрін жасап бағуда. Мысалы РФ президентi Путин 2007 жылды орыс тiлiнiң жылы ретiнде жариялады. Өйткені посткеңестiк кеңiстiктегi орыс тiлi ауқымының тарыла бастауы оның саяси ықпалының кемуiне әсер етпек. Ресейге алыс, жақын шет елдерден ағылатын туристер ағынының бәсеңдеуiне, орыстардың тарихы мен мәдениетiне деген қызығушылықтың кемуiне әкеп соғуда. Бүгiнгi таңда қалтасы қалыңдар балаларын орыстың жерiне емес, Еуропа мен Америкаға аттандырады. Әрi кезiнде КСРО құрамында болған елдердi уысынан шығарғысы келмейтiн кеңестiк империядан «жұққан» ұр да жық саясатты ұстанатын «ағалық» ауруы тағы бар. Тарихи деректерге жүгiнсек, ХIХ ғасырдың басында, яғни 1900 жылы орыс тiлiн бiлетiндердiң саны 150 миллион екен. Олардың басым бөлiгi Ресей империясының тұрғындары болған. Арада 90 жыл өткенде әлем бойынша орыс тiлiн еркiн меңгергендер саны 350 млн.-ға бiр-ақ көтерiлiптi. Әрине, орыс тiлiнiң дәуренi ұзаққа созылмады. Өйткенi КСРО ыдырап, 15 одақтас республикалар тәуелсiздiгiн жариялаған кезде жылдар бойы кеңестiк империя езгiсiнде болып келген елдердiң бодандық бұғауын салған Ресейден, орыс тiлiнен iргесiн ажыратуға тырысқаны белгiлi. Осының нәтижесiнде бүгiнде Балтық жағалауы елдерiнiң барлығы да (Литва, Латвия, Эстония) кезiнде кеңiрдектен алған орыс тiлiн шет тiлдердiң қатарына қосса, Әзiрбайжан, Грузия, Армения да қалыспады. Тәжiкстан, Түркiменстан мен Молдова орыстардың тiлiн «ұлтаралық қатынас құралы» деп белгiледі. Ал Украина елдегi «аз ұлттардың тiлi» ретiнде таныды. Есесiне, қазақтар мен қырғыздар «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» орыс тiлiн заң жүзiнде «ресми тiл» деген мәртебемен «жарылқады». Ал қашанда кремльдiк саясаттың ығына қарай жығылуға бейiм белорустар бауырластарының тiлiнен «мемлекеттiк» мәртебенi аямады. Қазiргi таңда орыс тiлiн 163 миллионнан астам адам ана тiлiм деп бiледi. Оның 163,8 миллионы – ресейлiктер, 26,4 млн.-ы ТМД аумағындағылар мен Балтық жағалауы елдерiндегiлер және 7,4 миллионы алыс шет елдердiң азаматтары. Сонымен қатар бүкiл әлем бойынша 114 млн. адам Пушкиннiң тiлiн екiншi немесе шет тiлi ретiнде меңгерген. Ресей: «Егер осы қарқынмен кете берсе, 2025 жылға қарай орыс тiлiн бiлетiндердiң саны өткен ғасырдағы көр­сеткiшке (150 млн.) дейiн төмендемек. Ал ТМД елдерiн мекендейтiндер орысша сөйлеу қабiлетiнен айрылмақ» – деп дабыл қағуда. Орыстардың бұлайша аттандауы тегiн емес. Себебi, қазiрдiң өзiнде Балтық жағалауы елдерiндегi 15 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң небары 17 пайызы ғана орысша сауатты. Латыштар үшін аса маңызды саналған бұл саяси науқан аяқталар сәтте дауыс берушілердің 70 пайызы өз құқығын пайдаланғаны анықталды. Ал 300 мыңы КСРО ыдырағаннан кейін Латвияның азаматтығын алмағандықтан, референдумға қатыстырылған жоқ. Жалпы орыс тілі мемлекеттік мәртебе алу үшін 770 мың сайлаушы жақтап дауыс беруі тиіс болатын. Саяси шараға ел сыртында жүрген Латвия азаматтары да тартылды. Олар сайлау учаскелері немесе пошта арқылы дауыс берген. Ал Рига қаласының мэрі әлеуметтік желіде «Рефрендумда 273, 347 мың адам «Иә» деп дауыс берді. Бұл өте үлкен көрсеткіш және сіздердің мүдделеріңізді соңына дейін аянбай қорғаймын» деп жазыпты. Оның бұлайша ағынан жарылған себебі, Ригада орыстілділер көп шоғырланған. Көшелерде адамдар латыш және орыс тілінде сөйлессе, жазулар осы екі тілде бірдей көрсетілген. Дәл Қазақстандағы секілді. Жалғыз айырмашылығы – латыштардың Рига қаласы ғана қостілді болса, бізде барлық қала – қостілді. Өкінішке қарай, әрине…Былтыр латыш үкіметі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында орыстілді мектептердегі тәлім берудің 60 пайызын латыш тілінде өткізу жайлы бастама көтерді. Бұған елдегі кейбір саяси күштер, әсіресе оппозиция өкілдері үзілді-кесілді қарсылық танытқан. «За родной язык» («Ана тілі үшін») қозғалысының өкілдері биліктің бұл бастамасын «намысына тию» деп бағалаған. Ал олардың қарсыластары – «Visu Latvijai!» «Бәрі де Латвия үшін!» партиясының көсемі Райвис Дзинтарс: «Латвия орыс тілін екінші мемлекеттік тілі ретінде мойындай алмайды. Өйткені орыс тілінде сөйлейтіндер миллиондап саналса, латыш тіліне керісінше, жоғалып кету қаупі төніп тұр», – деді. Латыш патриотының дәл осы ұстанымы қандастарымыздың көпшілігінің бойынан табыла бермейтіні өкінішті. Әйтпесе мемлекеттік тілі өз жерінде өгейдің күйін кешкен Қазақ қоғамында да дәл осындай саяси белсенділік керек-ақ. «Латвияның не үшін қалыптастырылғанын және оның басқалардан қандай ерекшелігі неде екенін түсінуіміз қажет. Латвия – ұлттық мәдениетімізді және ана тілімізді сақтап қалуға және дамытуға мүмкіндік беретін жалғыз мемлекет» деген Дзинтарс дәл осы қағида Латвияда тұратын барлық азаматқа (ұлты мен ұлысы – маңызды емес) ортақ болуы тиіс деген ой айтады. Оның тілге қатысты айтқан қаупі де негізсіз емес. Өйткені 1917 жылы ресми деректер бойынша, КСРО аумағында 200-ге жуық тiл болған. Бастапқыда 170-ке, кейiнiрек 130-ға дейiн азайған осы тiлдердiң 70-i Жер бетiнен із-түзсіз жоғалып кеткен. Отбасылық қатынас құралына айналған шор, саха, хакас, нанай, Қырым татарлары мен тува халықтары тiлдерiнiң бүгiнгi халi тым мүшкiл. Бұл федеративтiк мемлекет саналатын Ресейдегi жағдай. Тек орыс тiлi ғана үстемдiк құрған Ресейде өзге ұлт өкiлдерi туған тiлдерiне мемлекеттiк мәртебе сұраған емес. Ал унитарлық ел – Қазақстанда бұра тартатындар көп. Айрандай ұйып отырған елдi iркiттей iрiтуге тырысатын, Қазақстанның мемлекеттік тілі – Қазақ тіліне қарсы мақсатты түрде жұмыс жасайтын кейбiреулердің заңды түрде жазасын алмайтыны өкінішті.

Меніңше, Қазақстан үшін латыш­тардың мемлекеттік тіл жолындағы күресі мен саяси белсенділігі де – құптарлық жайт. Өйткені ата-бабасының кіндік қаны Қазақ елінде туған өзге ұлт пен ұлыс Қазақстанның мемлекеттік тілін білгеннен, жетік меңгергеннен ештеңе жоғалтпайды. Керісінше Туған Жерге деген өздерінің құрмет пен сыйластық сезімін білдіріп, өзгелерге сыйлы болары анық. Ол үшін Президентке әр Жолдауында мемлекеттік тілді дамыту туралы арнайы нұсқау берудің қажеті жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ